Аңдатпа
Бұл мақалада қазақ тілін өзгетілді топтарда оқыту әдістемесінде жаттығу әдісінің атқаратын орны және рөлі, қазақша дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдыларын қалыптастырудың әдіс-тәсілдері, өзіне таныс емес тілдің грамматикалық құрылысын игеру, ойын еркін жеткізу, басқалардың сөйлеуін түсіну, жеткілікті дәрежеде сөздік қорын меңгерту және қазақша сөйлеуге жаттықтыру, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы туралы атап көрсетілген.
Өзгетілді аудиторияларда қазақ тілі пәнін оқыту мен меңгертуде дәстүрлі және инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызы зор. Оқытушы оларды өз пәнінің ерекшелігіне студенттің жасы мен білім дәрежесіне, қабілет мүмкіндігіне қарай қолданады. Мысалы, баяндау, әңгімелесу, кітаппен жұмыс істеу, программалап оқыту, жаттығу әдістердің қай-қайсысы болса да, тіл үйренушінің психикасының барлық компонентіне бірдей эсер ете алмайды. Бұл әдістердің әрқайсысы белгілі бір міндеттерді атқарады. Олардың бірі ой дамуына ықпал етсе, екішісі белсенді іс-әрекетке үйретеді, енді бірі дағды мен іскерлік қабілетті қалыптастырса, үшіншісі өздігінен білім алуға баулиды. Оқыту процесінде қолданылатын методикалық әдіс-тәсілдердің бәрі өзара байланысты. Сондықтан, оқытушы әрбір әдістің мүмкіндігін ескеріп, оны творчестволықпен оқыта отырып ,тәрбиелеу мақсатына пайдалана білуі керек.Өзгетілді топтарда қазақ тілін оқытудың толып жатқан қиындықтары бар. Бірақ, бұл жауапкершілігі де, маңызы да үлкен пәнді барынша қызғылықты, тартымдыоқыту - әр оқытушының ізденісін, тәжірибесін қажет етеді. Осындай сан қилы әдістемелік амалдар мен әдістердің ішінде жаттығу әдісінің атқаратын қызметі орасан зор.
Жаттығу әдісі - педагогикада оқушының іскерлігі мен дағдысын қалыптастырып, қайрат-жігерін дамытуға бағытталған оқыту әдісі. Бұл әдіс арқылы оқушы алған білімін тәжірибеде қолданып, білімін тереңдетіп, оның шығармашылық қабілеті дамытылады. Оқушы оқу материалдарын сапалы түсініп, игергеннен кейін, әуелі сол материалға байланысты қарапайым, одан кейін бірте-бірте күрделі жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Оқу, үйрену, ұғынғанын тәжірибеде қолдану, іскерлікке дағдылану жүйесі арқылы оқушы білімді толық игереді. [1].
Жаттығу әдісі арқылы іскерлік пен дағдыны қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде оқытушы тіл үйренушіні қабылдап, түсінген білімінің негізінде оларға жаттығудың мақсатын, міндетін түсіндіреді; екінші кезеңде оқытушы жаттығудың дұрыс орындалуын көрсетеді; үшінші кезеңде алғашқы игерген білімін оқушы тәжірибеде пайдаланады; төртінші кезеңде оқушылардың алған дағдысын тәжірибеде өз бетімен қолдана білуі іскеасады. Жаттығу әдісін қолданғанда оқушылардың еліктеуін және шығармашылық іс-әрекетін есепке алумен қатар, олардың ой толғанысын, өзіндік шешімін де ескеру қажет. Қазіргі кезде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша Жаттығу әдісі бір жүйеге түсіріліп, жоғары тиімділікпен жүргізіледі. Жаттығу әдісі арқылы оқыту теориясын тәжірибемен байланыстыру ұстанымы жүзеге асырылады.[2]
Жаттығу жұмыстары арқылы тіл үйренушінің білімі беки түседі- Жаттығу әдісі көп жағдайда қайталаумен байланысты. Жаттығу арқылы теориялық білім қайталанады. Жаттығу күрделі психологиялық функцияларға негізделеді. Ол білім алушылардың сезінуі мен түйсінуіне тікелей байланысты. Жаттығу үстінде қашан белгілі бір дағды қалыптасқанша, тіл үйренушінің ойлау жұмысы тоқталмайды. Жаттығу зейінді, есті және ерікті белгілі дәрежеде тәрбиелеуге көмектеседі. Орфографиялық дағдыны қалыптастыру жолдарының ішінде жаттығу жұмыстарының атқаратын рөлі ерекше, сондай-ақ, дағдының берік қалыптасуы қайталау және жаттығу жұмыстарына тығыз байланысты. Орфографияны оқытудағы қайталау теориялық грамматикалық, орфографиялық білімді жазу практикасында пайдалану болып табылады. Қайталау арқылы тіл үйренушінің ойлау әрекеті жетіледі, орфографиялық мақсатты қандай амалдармен, қандай тәсілдермен шешу керектігі анықталады. Орфографияны оқытудың амалдары мен тәсілдеріне орфографиялық, іс-әрекеттерге анализ жасау, абстракциялау, сөз контексінен тілдің морфологиялық элементтерін бөліп алу, ол элементтерді белгілі бір грамматикалық категорияларға жатқызу, орфографиялық ережені айқындау т.б. жұмыстар жатады. Жаттығу ережелерді пайдалана отырып, сөздің қалай жазылуын пысықтаумен шектелмейді, сонымен қоса ақыл-ой жұмысын дамытуға көмектесе түседі. Ережені білу, ережені пайдалана білу, ережені практикада қолдана білу үшін жүргізілетін жаттығулар дағды қалыптастырудың негізі шартты жағдайлары болып табылады. Грамматикалық әрбір ереже белгілі тұжырым, қорытынды болып табылады. Орфографиялық ережелерді үйрену нәтижесінде студент жеке жағдайларды қорытындылап, оған ережені қалай пайдалануға болатындығын аңғартып отырса, онда оның орфограмма мен ережені дүрыс түсінгендігі. Ол үшін оқытушы ережені түсіндіріп, оған қорытынды жасағаннан кейін, бірден өтіліп отырған ережеге байланысты мысалдар ойлап тапқызады, сөздің жазылуын тексеруді ұсынады т.б. осы сияқты жаттығу - пысықтау жұмыстарын жүргізеді. Міне, сондықтан да орфография грамматикаға негізделіп оқытылады, өйткені грамматиканы білу дегеніміздің өзі сауатты жазу.Грамматикалық ережені игерту жолында үзбестен жаттықтыру нәтижесінде студент қатесіз жазатын болады. Алайда, қатесіз жазу көп еңбекті талап етеді, зейіннің шоғырландырылуы, ақыл-ой еңбегі жұмасалуы қажет болады. Жазып келе жатып тіл үйренуші кідіріс жасайды, ойланады, ережені еске түсіреді, сонан соң барып жазуын жалғастырады. Бұл - тіл үйренушінің дағды қалыптастыру алдындағы табалдырығы, икемділігі. Өйткені, ол ереже мен нақты фактінің бір-біріне қаншалық сәйкестігін саналы түрде бағдарлай ұғына бастағаны. Студент өзінің икемділігін жетілдіре түсуі үшін тағы да жаттыға түсуі қажет. Мұндай жаттығу кезінде сгуденттің ойлау процесі де, жазу дағдысы да шапшандай түседі. Белгілі мысалға лайық ереже, сондай-ақ ережеге лайық мысал жылдам ойға оралып отырады.
Орографиялық жаттығу грамматикалық және орфографиялық түсінік бойынша, сондай-ақ, талдаулар жасау арқылы орындалып отырады. Жаттығу орындатудың бір түрі басқа түрлерімен алма-кезек ауыстырылады. Белгілі бір тақырыпқа байланысты жаттығу кезінде көшіріп жазу және диктант /керу диктанты/ элементтері, тіпті творчестволық диктант немесе шығарма араласа жүргізіліп отырылуы мүмкін. Мұндай жаттығулар берік орфографиялық дағды қалыптастыруға көмектеседі. Алайда, орындауға ұсынылатын жаттығулар дұрыс іріктеліп, оны орындату жолдары дұрыс белгіленуі және шебер ұйымдастырылуы қажет.
Жаттығу іріктеуде және оны орындату тәсілдерін белгілеуде шамамен мынадайталаптар ескерілуі тиіс:
- берілген жаттығу студенттердің белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасай ала ма;
- жаттығу студенттердің шама-шарқына лайық па /тым жеңіл болмауы ескерілуі керек;
- көру және есту сезімдері қаншалықты қатыстырылуы ойластырылған ба;
- жаттығу орындау кезінде сөйлеу, лексикалық және грамматикалық жұмыстар жан-жақты қамтыла ма;
- жаттығу орфограммаларды дұрыс танып, есте сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ете ала ма;
Қазақ тілі пәнін оқытудың аса жауапты кезеңі тіл үйренушіге жаттығу материалдарын талдау, талғаудан басталады.
Біріншіден, жаттығу материалдары мазмұнды болуға тиіс. Материалдағы жеке дыбыстар, әріптер, буындар сөз ішінде, сөздер сөз тіркесі, сөйлем ішінде талданады. Солар үшін алынған мысалдар мен мәтіндер ойдан шығарылған сөйлемдерден құралмай, мүмкін болғанынша көркем әдебиеттен алынған сөз, сөз тіркестері, сөйлем үзінділері болуға тиіс. Бұл материалдарға қойылатын басты талап -тілек студентке дұрыс тәрбие беру нысанасынан қаралу керек.
Екіншіден, әрбір мысал, үзінді әңгіме, өлең сөз, сөйлем тіл жағынан мүлтіксіз әдеби болуы керек. Сонда олар тіл үйренушініңәдеби тіл жүйесін игеруге, тілін дамытуға тірек бола алады. Мұндағы басты талап тіл үйренушінің грамматикадан, орфографиядан алған білімінғана емес оның тіл мәдениетін де арттыруы тиіс.
Үшіншіден, алынған жаттығулар құрамынан керекті сөздер, дыбыстар, әріптер грамматикалық тұлғалар, сөйлемдер жиі кездесетін болуы керек. Жаттығу талдау, тіл дамыту материалдарының сапасы жақсы болса, қазақ тілін оқытудағы мақсаттын дұрыс орындалуына қолайлы жағдай жасайды.Сондықган, практикалық жұмыстардың тірегі де, мөлшерлі білім көлемін баянды етеін де жаттығу деген атпен беріледі.
Оқытушы жаттығу жұмыстарына қойылатып талаптар негізінде жүргізілетін жұмыс түрлерін мұқият есепке алып, оларды материал ыңғайына қарай түрлендіріп қолдану жолын алдын ала жоспарлап отыруы керек. Бұл ретте қарапайым және базалық деңгейдегі топтарда тілдік тақырыптарда айталық "зат есім" тықырыбына студенттермен төменде көрсетілгендей жазбаша және ауызша жаттығу жұмысы арқылы олардың тілін дамытып, қазақша сөйлеуге дағдыландыруға болады.
- Оқулықта, жаттығулар жинағында берілген мәтіндермен жұмыс істеу.
- Көркем шығармалар мәтінімен жұмыс істеу.
- Газет-журнал материалдарынегізіндежұмысжүргізу.
- Таблица,үлестірмелікарточкалар, мәтіндерпайдалану.
- Плакаттар, қолдан жасалған суреттер пайдалану.
- Экскурсияға шығып, көргендерін, алған әсерлерін белгілі сабаққа байланысты пайдалану.
- Диктант, мазмұндама, шығарма жұмыстары.
- Техникалық құралдар(аудио,бейне таспалар) арқылы жұмыс жүргізу[3].
Зат есімге базалық жаттығу жұмысы, біріншіден, студенттің зат есім туралы тиянақты білім алуын,екіншіден, ой өрісін дамыту, өз ойын сөйлем құрау арқылы жеткізе білу, тілін дамыту сияқты мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталды.
бірінші түрі жалпы зат есім туралы тіл үйренушілер түсінігін байқауға арналады.
а) Студенттердің оқып отырған дәрісханасындағы заттар арқылы сұрақтар қойылады. Бұл жұмысқа барлығы тегіс қатынасады. Мысалы: Біз өзіміз оқып отырған дәрісханада нелер бар? Студенттер: такта, бор, стол, орындық, парта, қабырға, портрет, плакаттар, карта, терезе, шкаф, оқытушы,студенттер т.б. атап шығады. Осы зат есімдердің әрқайсысына сұрақ қойылады да, қазақ тілінде адам жайындағы зат есімдер кім? Ал одан басқа жанды, жансыз заттардың барлыға не? деген сұрауларға жауап беретіндігіне студенттердің назары аударылады. Жоғарыда көрсетілген сөздерді қоса отырып, студенттерге сөйлемдер құратамыз.
Біз жарық, кең дәрісханада оқимыз. Дәрісханамызда үлкен-үлкен үш терезе бар. Қабырғада Абай атамыздың портреті ілулі тұр т.б.
Сөйлемдегі зат есімдерді ататып, оларға сұрақтар қойғызамыз. Бұл жұмыс арқылы тіл үйренушілер жеке сөздерден сөйлем құрауға, өз ойларын сөйлем арқылы жеткізе білуге дағдыланады.
екінші түрі- суретпен жұмыс. Бұл жаттығуды орындатқанда, студенттердің белігілі сұраққа дұрыс жауап бере білуі,сөздерді дұрыс қолдану қабілеттерін қалыптастыру, тілін дамыту мақсаты көзделеді. Сен білесің бе? айдары бойынша бейне таспадағы қазақтың атақты, әйгілі адамдары - жазушылары, суретшілер, композиторлар, әртістер, ғалымдар, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдерінің суреттері көрсетіледі, жаттығу жұмысы сұрақ- жауап арқылы орындалады. Мына бейне таспадан кімді көріп отырсыздар? Қандай шығармалары, еңбектері, әндері, өлеңдері бар? Әр жолға бір немесе бірнеше фамилияларды жазуды өтінеміз.
Студенттер осы сұрақтарға толық жауап береді де, осы жауаптары негізінде әңгіме құрастырады.
Біз бұл бейне таспадан М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Ә.Тәжібаев, Н.Тілендиев, М.Омаров, М.Мақатаев, М.Шаханов, Р.Рымбаева, Ә.Дінішев, Г.Исмайлова, Ә.Қастеев, Қ.Сатпаев, С.Аспендияров, Р.Сыздықова, О.Сүлейменовті көріп отырмыз.
М.Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы - XX ғасырдың ең басты құнды шығармасы. Ә.Тәжібаев - КазПИ-ді бітірген алғашқы қарлығаштардың бірі. С.Аспендияров - қазақтың ұлттық эпосын, тарихын зерттеген ғалым,қазақ елі білім ордасының тұңғыш ректоры. Олжас Сүлейменов - ғасырдың қоғам қайраткері және беделді саясаткері.
Осы сөйлемдердегі зат есімдер аталып, олардың қандай сұрақтарға жауап беретіндігі айтылады. Жаттығулар:
- үшінші түрі студенттердің өз ойын жазбаша түрде дұрыс баяндауына, тілін дамытуға арналады.
- төртінші түрі студенттердің зат есімді басқа сөз таптарынан дұрыс ажырата білу қабілеттерін қалыптастыруға, өткен материалды еске түсіру мақсатында ойластырыла жүргізіледі.
Мына үлгідегі жаттығу ауызша талданды. Мысалы: Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Өсімдіктер қоректену үшін өте қарапайым заттарды пайдаланады. Қазақстанның жануарлар және өсімдіктер дүниесі әр түрлі. Теңіз суында 44 түрлі химиялық элемент бар. Қанат - құстың тірегі. Тізгінді қысқарақ ұста. Оның дәнінен түрлі дәрілер, қабығынан сусын құятын қасиетті ыдыстар жасаған. Арық ат семіреді. Cy арықтан ақты т.б.
Бұл сөйлемдерден студенттер өз бетінше зат есім,сын есім , етістіктерді тауып, омоним, синоним,антонимдерді еске түсіреді.
Жаттығудың бесінші түрі қорытынды жаттығу ретінде жүргізілді.
Тақтаға зат есімнің мағынасын, тұлғасын толық көрсететін кесте ілініп, зат есімнің әр түріне байланысты берілген сөздер, оқылып, мағыналары, анықталып, ереже сұралып, сол кесгеден берілген сөздерді қатыстыра отырып үйден сөйлемдер жазып келу тапсырылады.
Бұл жаттығу, тапсырмалар арқылы, жалпы зат есім туралы түсініктерін бекіту, пысықтау мақсат етілді. Сол сияқты студенттерге зат есім түрлерін, зат есімге қандай мағынадағы сөздер жататынын білдіру, заттық ұғымдарды жіктеу, заттарды категорияға бөлу сияқты таным беру көзделеді. Басқа жұмыс түрлері жаттығудың творчестволық жұмыс істеулеріне тапсырылады.
Сонымен, тіл үйренушілерге қазақ тілін меңгертуде, үйретуде, тіл ұстарту жұмыстарының бірі - жаттығу әдісінің маңызы зор болмақ...
Жаттығу әдісі білім алушының білімдерін объективті бағалауға белгілі бір уақыт аралығындағы атқарылған іс пен алған білімдерін бақылауға да мүмкіндік береді. Ал, білім алушының іс-әрекетін жаттығу әдістерімен бақылау - сапалы білімнің нәтижесі болмақ[6].
Әдебиеттер тізімі:
- С.Рахметова. Қазақ тілін оқыту методикасы. - Алматы:Ана тілі,1991. - 138- 152 бб.
- Л.П.Фидоренко, Г.А.Фомишова,Б.К.Лакарет. Методика развитие речи детей. /Методике преп. русского языка/. Сборник №23. - M.: Просвещение. - С.3-238
- Бабинская П.К. «Практический курс методики преподавания иностранных языков», Тетра Системе, 2005. - 210 с.
- Ж.Адамбаева. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың кейбір мәселері. - Алматы: Рауан,1993. - 3-152 бб.
- Мильруд Р.П. «Методика преподавания английского языка». M., Дрофа 2005. - С. 112- 117.
- 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. - Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017. 340 б.