Ұлы Отан соғысының тарихнамасында зерттеушілердің басты назарында ірі шайқастардың тарихы, саяси оқиғалар, соғысушы жақтардың əскери стратегиялары, басып алынған территориялардағы өнеркəсіп орындарын эвакуациялау мен республикалар экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру, майдандағы жауынгерлердің ерліктері болды. Алайда соғысқа əйелдердің қатысуы мен майдандағы күнделікті өмір тарихы мəселесі зерттеуден тыс қалды. Қазақстан тəуелсіздік алғаннан бергі кезеңде əйелдердің ерлермен бірдей соғыстағы ерліктері, кеңес мемлекетінің əйелдерге қатысты жүргізген саясаты, тылдағы əйелдердің күнделікті еңбегі туралы зерттеулер жүргізіле бастады. Мақала Ұлы Отан соғысы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысынан майданға аттанған əйелдердің қаһармандық істеріне, соғыста жаралы жауынгерлерді өлімнен арашалап қоймай, қолына қару ұстап соғысқан дəрігер əйелдерге арналған. Мұрағат құжаттары мен майдангер əйелдердің естеліктері соғыстың күнделікті өмір тарихының қайғылы беттерін ашып көрсетеді.
Кіріспе
Ұлы Отан соғысының тарихы өзекті болып табылады. Отандық тарихнамада Ұлы Отан соғысына əйелдердің қатысуы ауқымды зерттеулер жүргізу мен кешенді қарастыруды қажет ететін маңызды тақырыптардың бірі. Соғыс аяқталғаннан бергі кезеңде бұл мəселеге тиісті көңіл аударылмады. Тəуелсіздік алғаннан бергі кезеңде зерттеушілерді майдан мен тылдағы əйелдердің ерен еңбегі, қаһармандылығы, соғыс жылдарындағы күнделікті тірліктің ауырлығына төтеп бере алған əйелдердің іс-əрекеті, психологиясы жəне басқа да сұрақтар көлемі қызықтыра бастады. Əйелдер өзінің нəзік табиғатына қарамастан ер адамдармен бірге соғыс ауыртпалығын майдан мен тылда бірдей көтере білді.
Берілген мақалада Оңтүстік Қазақстан облысы əйелдерінің соғыс жылдарындағы күнделікті өмір тарихын шынайы түрде көрсетуге тырыстық.
Методология жəне зерттеу əдістері
Күнделікті өмір тарихы – тарих ғылымының жаңа саласы, оның зерттеу пəні болып көптеген тарихи-мəдени, саяси-оқиғалық, этникалық жəне конфессионалдық контекстіде адамның күнделікті өмірі болып табылады. Күнделікті өмір тарихында басты назарда түрлі əлеуметтік топтар өкілдерінің өмір салты мен қайталанатын, «қалыпты» жəне əдеттегі, құраушы стилі, өмірлік жағдайларға деген эмоциялық қатынасы жəне мінез-құлық мотивтері болады.
Методологиялық база болып шетелдік зерттеушілердің күнделікті өмір тарихына қатысты жазған еңбектері табылады. Мақаланың негізіне К.Н. Любутин мен П.Н. Кондрашовтың күнделікті өмір тарихы туралы тұжырымдары алынды, онда зерттеудің басты субъектісі – жеке адам. Шындығында да, жекелеген адамдардың күнделікті өмірі, ол сол не басқа əлеуметтік топқа жатса да, бірегей уақыт пен кеңістік шеңберінде болса да, бір-біріне мүлде ұқсамайды. Олардың əлеуметтік шығу тегі мен мекендеген жері бірдей болса да, күнделікті өмірі бірдей болмайды. Ал арнайы тарихи зерттеулерде басты назарда жеке адам емес, адамдардың белгілі бір тобы болады (К.Н. Любутин, П.Н. Кондрашов, 2007). Нақтылап айтқанда, күнделікті өмірдің субъектісі жас ерекшелігі, жынысы, кəсіби қызметі жəне басқа да көрсеткіштер бойынша жеке адам болып табылады. Сондықтан тарихи зерттеудің басты мəселесі белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі белгілі бір субъектінің күнделікті өмірінің нақты ерекшеліктерін, оның қалыптасуы, сақталуы мен өзгеруіне əсер ететін нақты факторларды да анықтау ғана емес, күнделікті өмір тарихын зерттеуде басты назарда адамдар тобы болу керек.
Ұлы Отан соғысына қатысқан куəгерлердің естеліктері, жалпы тарихи дерек ретінде естеліктер күнделікті өмір тарихын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ол тарихи құбылыстар мен үдерістерге, кішігірім социумдар мен тарихи ұжымдарға, отбасылық тарихқа ерекше назар аудартады. Соғыс уақытындағы əйелдердің күнделікті өмірінің жеке аспектілері, əдетте байқалмайтын жекелеген құбылыстар майдангер əйелдердің естеліктерінде көрініс табады.
Мақаланы жазу барысында жалпығылыми (анализ, синтез, математикалық-статистикалық əдіс), сонымен қатар арнайы тарихи əдістер: тарихи салыстырмалық, тарихи-реконструктивтік, тарихи типологиялық, мəселелік-хронологиялық, тарихи -жүйелілік сияқты əдістер қолданылды.
Пікір-талас
Ұлы Отан соғысы ХХ ғасырдағы əлем тарихындағы көлемді əскери қақтығыстардың бірі болды. Кез келген əскери қақтығыс соғысушы тараптардың бірі үшін жеңіспен аяқталғанмен, бұл жеңістің соғысқа тартылған жергілікті тұрғындардың өміріне, сол елдің экономикасына ауыртпашылық алып келетіні шындық. Ұлы Отан соғысына Қазақстанның барлық аймағынан адамдар майданға аттанып, əр өңір республика экономикасын əскери жағдайда дамытуға өзіндік үлестерін қосты. Бұл соғысқа Қазақстанның оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам адам қатысты, олардың жартысы майданнан оралмады. 51 жауынгер Кеңес Одағының батыры, сегіз жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері атағын алды. Сондай-ақ мыңдаған ардагерлер жауынгерлік ордендермен жəне медальдармен марапатталды. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында 174 соғыс ардагері, 4885 соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 15733 тыл еңбеккерлері тұрады [1].
Соғысқа ерлермен бірге əйел адамдар да қатысты. Отандық тарихнамада қазақстандық əйелдердің соғысқа қатысуы мəселесі əлі де зерттеуді қажет етеді. Майдандағы күнделікті əскери өмір нəзік жандылардың мойнынан ауыр жүк артты, бірі қару алып соғысса, бірі жаралы жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін күресті. Қазақстан майданға медициналық қызметкерлерді жіберуде ауқымды рөл атқарды, сондықтан бұл мақаланы Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан медбике əйелдердің Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне арнадық.
Ұлы Отан соғысы кеңестік бейбіт тұрғындар үшін кенеттен басталған соғыс болды. Соғыстан кейінгі өмірі Шымкент қаласында өткен майдангер Новожилова Полина Ивановна майданға қалай аттанғаны туралы өз естеліктерінде былай дейді: «Мен 1941 жылы БАКСР Стерлитамак қаласындағы медучилищені тəмамдадым. Бірінші емтихан 1941 жылдың 22 маусымында өтетін болып бекітілді, ал таңертең соғыс жарияланды. Адамдардың барлығы соғыстың басталғанын сондай үреймен қабылдап, отбасыларында талқылады. 23 маусымда Стерлитамак қаласында аудандық əскери комиссариатқа келу туралы шақырту қағазын алдым. Бірақ осы уақытта еріктілер көп болғандықтан мені емтихан тапсыруға жіберді. Соғыс кезінде Давлеканово қаласындағы ауруханада медбике болып жұмыс жасадым. Кейін 1943 жылдың 4 қыркүйегінде мен шақырту қағазын алдым, онда: «Əскери комиссариатқа келу, өзімен бірге ауыстыруға керекті ішкі киімдер, қасық, ыдыс жəне 3 күнге жететін азық-түліктің болу керектігі туралы жазылған» [2; 2].
Соғысқа қатысқан жауынгер қыздардың бірі Иконникова Фаина Федоровна 1923 ж. 23 қыркүйекте Новосибирск облысы аумағында дүниеге келген. 1928 жылы əкесі Қазақстанда Түрксіб теміржол магистралінің құрылысы жұмысына қатысып, 1929 жылы отбасымен Оңтүстік Қазақстан жеріне қоныс аударған. Жауынгердің балалық шағы Шымкент қаласында өткен. Соғыс басталған кезде мектепті жаңа бітірген жас түлек Мəскеу қаласына архитектуралық институтқа оқуға түскісі келеді, бірақ сыртқа шығуға рұқсат берілмеген. Соғыс бұл отбасын толық қамтыды. 1941 жылы əкесі соғысқа аттанып, 1943 ж. Курск түбіндегі шайқаста қаза табады. Анасы жас балаларымен тылда қызмет етті. Үйде жауынгерлерге арнап əскери киімдер тігіп, жазда бау-бақшамен айналысып, соғыс уақытының қиындығын отбасымен көрді. Ташкент текстиль институтында оқып жүргенде 1942 жылы сəуір айының соңында Ташкент комсомол жастарының съезі өтіп, жастарды өз еркімен майданға аттануға үндеді. 1942 жылы мамыр айында ол пошта байланысшылары курсына жазылып, 1942 жылдың шілде айында берілген курсты аяқтайды. Майдангер соғыстағы əскери өмір жолы туралы өз естелігінде: «Солтүстік-Кавказ əскери округіне жіберіп, онда бізді əскери бөлімдерге бөлді, мен кіші лейтенант атағын бере отырып, 123 атқыштар дивизиясына (Əзірбайжан) далалық поштаға аға қабылдаушы ретінде жіберді. Бұл атақта мен қызметтің соңына дейін қалдым. Соғыс жылдары Солтүстік Кавказ, Украинаның оңтүстігі, Молдавия, Румыния, Болгария, Югославия, Венгриямен өттім. Венгрияда мені 3-ші Украин майданының ƏПБ алдымен уақытша, кейін тұрақты жұмысқа ауыстырды. Венгрияда жүргенде біз «Жеңіс» деген қуанышты хабар алдық» [3; 1].
Соғыс басталған кезеңде кеңес əскері қатарына əйелдерді бірден шақыртқан жоқ. 1941 жылы 17 қыркүйекте МҚК «КСРО азаматтарын жалпыға бірдей міндетті əскери оқу туралы» қаулы қабылдады, онда 16 жастан 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды өндірістен қол үзбей міндетті оқыту туралы айтылды. Əскери сабақтар 110 сағаттық бағдарлама бойынша жүргізілді. Онда азаматтарды əскери жаттығуларға, қару-жарақтарды қолдана білуге үйретті [4]. Алайда майданда əскери мамандардың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі салдарынан əйелдерді де əскери іске тарту белсенді жүргізілді. Облыстардағы əскери комиссариаттар əскери мамандықтарға жоғарғы сынып оқушылары мен техникумдардың түлектері – қыздарды дайындауға ерекше көңіл бөлді. Соғысқа қатысқан əйелдер-майдангерлердің естеліктерінің көпшілігінде осындай əскери дайындықтан өткізілгендері жазылған. Мысалы, Нина Александровна Старыхтың естелігінде: «1941 жылы Ташмык орта мектебін (10 сыныптық) бітірдім. 1941 жылы 20 маусымда бізде бітіруші түлектердің кеші өтті, ал 22 маусым күні жау біздің сүйікті Отанымызға басып кірді. Біздің бүкіл 10 сыныбымызды түгелдей майдан оты шарпыды. Біздің 18 жастағы ұлдарымыздың барлығы майданға аттанды, мектеп партасынан тіке деп айтуға болады. Біздің сыныпта 5 қыз болды, олардың 4-уі əскерге шақыртылды. Комсомолдық жолдамамен мен осы төрт қыздың бірі болып аттандым. Əлі есімде, 1942 жылы 15 тамызда Казан қаласының медициналық институтынан оқуға қабылдануым туралы хат алдым, сабақтар 1942 ж. 1 қыркүйегінен басталуы керек. Ал 1942 жылы 16 тамызда əскери комиссариаттан шақырту қағазы келді. Менің алдымда екі түрлі таңдау: институт немесе майдан болды. Майданды таңдадым. Қалайша, біздің Отанымызға қауіп төніп тұрғанда таңдамасқа. Өйткені бізде, сол кездегі жастардың ынтасы мен патриотизмі жоғары болды. Міне, 1942 жылы 18 тамызда мен Отаным қайда жіберсе, сонда аттандым. Мен 253 авиациялық дивизияның 93 жеке байланыс ротасына түстім. 6 ай ішінде радист мамандығын оқыдым, сержант атағым мен 2 сыныпты радист болып соғысқа кірдім» [5; 1].
Майдангер-əйелдердің естеліктерінен байқағанымыздай, жас қыздар болса да майдандағы қанды қырғыннан қорықпай, Отанға деген сүйіспеншілікпен өз еріктерімен сұранғандар көп болған. Олардың əрқайсының əскери өмір тарихы түрліше болған. Олар өліммен бетпе-бет келген, қасындағы жолдастарының өлімін көрген, адам өлтіру мен қан көрген. Соған қарамастан, ерекше қаһармандықпен қолына қару алып, майдандағы күнделікті өмірдің қиындығын мойымай көтеріп, соғысқаны таңданарлық. Соның ішінде соғыстағы медициналық қызметкерлердің, санинструкторлар мен фельдшерлердің еңбектері ерекше, олар өз өмірін қауіпке тіге отырып, жаралы жауынгерлердің өмірін сақтауға тырысқан. Төбеде атылған оқ пен жердегі жарылған снарядтарға қарамастан, олар еңбектей жүріп, жаралыларды тасыған, жараларын таңған. Соғыс жылдары медицина қызметкерлерінің көп қаза табуы да сол себепті.
Медицина қызметкерлері соғыста сонымен қатар, госпиталь мүліктерінің сақталуына жауапты болған. Майдангер И.П. Новожилова естелігінде: «1943 жылдың қазан айының басында біздің госпиталь алдыңғы шепке жақын жіберілуге жүктерді тией бастады. Ауа-райы өзгеріп, жер батпақ, жаңбыр жауып, күн суытты. Біз барлығымыз жеңіл киінгенбіз. Уфа қаласынан шыққан кезде қар жауып, суық болды. Бізді госпитальдық мүлікті ашық платформаларда қорғауға мəжбүр етті. Мен бір рет сүйегіме дейін қатып қалдым. Екінші рет күзет орнына барудан бас тарттым, себебі - жылы киім жоқ, ал менің алдымда солдат қаруын кезеп тұр, «Ал мен атамын» дейді. Мен, əрине, жылап, ол кетіп қалды да, кенеттен екеуі келді. Олардың шені жоғарылау болған бірі менімен сөйлесіп, былай деді: «қыздарды қинамаңдар» деді. Бұдан кейін бізді ашық далада кезекшілікке жібермейтін болды [2; 3].
Оңтүстік Қазақстаннан соғысқа аттанған майдангер қыздардың арасында көрнекті тұлға, медицина қызметкері Рəзия Шакеновна Искакованы атап өту қажет. Ол 1936 жылы Шымкент қаласындағы фельдшер-акушер мектебіне оқуға түсіп, 1939 жылы фельдшер атағын алып, Шымкент ауданының Қызыл жар ауылдық кеңесінің медпунктіне жұмысқа жіберілген. Соғыстың осы ауыр кезеңінде, жүректің қалауы бойынша, өз еркімен, 1941 жылдың қыркүйек айында Кеңес Армиясының қатарына əскер қатарына қосылды.
Қысқа əскери-медициналық дайындықтан Чарджоу қаласында өтіп (Түркімен КСР), 1942 жылдың ақпанында өткеннен кейін Харьков түбінде жеке жол-құрылыс батальонымен майданға кірді. Майдангердің естелігінде ұрыс кезіндегі əскери фельдшерлердің жанталас өмірі көрсетілген: «Таң атқаннан бастап біздің əскерлердің шоғырлануы бойынша Дубовка селосының маңындағы көпір, жолдарға немістер күшейтілген артиллериялық оқ атуды жəне авиациясының ұшуын бастады. Осы қиын уақытта біз жараланғандарға көмектескенбіз. Міне, снаряд жарылып, жауынгер аударылып түсті, мен оған тез қарай жылжып, оның бет-жүзі көрінбеді, ауырсынған дыбыс шығарады жəне қозғала алмайды; жараны сипалап отырып тез тауып алдым, оның аяғы шағылып кеткен екен. Оның жамбасын қатты таңып, майдан даласынан алып шығуға ұмтылдым. Бірақ артиллериялық бомбалау тоқтаған жоқ, снарядтар жарылып, мен жаралы жауынгер салынған тасымалдағышты алып келе жатқанда (машиналар жетіспеді), ол кезде өз денем кенеттен мұздап кетті. Мұны менің досымның бірі байқап, сенің өңің бұзылып кетті деп, етігімді шешкен кезде іші толған қан екен, сөйтсе снаряд жарықшақтар сол тізенің буынына түскен. Менің өзіме медсанбатқа емделуге кетуге тура келді. Бірнеше ай емделіп, сауыққаннан кейін мені генерал Рыбалко басқарған танк əскеріне əскери- фельдшер ретінде жіберді. Бұл біздің əскерлер Сталинград бағытында шабуылға өткен кезде 1943 жылдың ақпанында болды» [6; 4].
Соғыс тауқыметі майдангерлердің өмірінде терең із қалдырды, бірі майдан даласында мерт болса, енді бірі соғысқа денсаулығын беріп қайтты. Майдангер Н.А. Старых соғыста əскери өмірі мен бейбіт кезеңдегі өмірі туралы: «Менің күлгін машинада студобекер тіркемесі бар радиостанцияда байланысшы болып қызмет еттім. Біздің топта 2 радист, механик жəне шофер жаяу баруымызға тура келді. Бізге барлық əскери техникамен жəне кеңес əскерлері толы пароммен Амур өзені арқылы өту керек болды. Паром жапон авиациясының бомбалауы астында жəне Манчжур жағасынан оқпен атқылаудың астында болды. Біз үлкен қиындықпен Манчжурияның жағасына жеттік (сол кезде жапондықтар оны Манчжууго деп атаған), бізді осы бөлімге келгеннен кейін қызметтес құрбыларымыз жылап қарсы алды, өйткені Нина Зебреваны снайпер өлтіргені туралы ротада əңгіме жеткен екен. Олардың айтуынша мен палубаға шығып əн айтып тұрған кезде жағадағы жау мергені мені атып түсірген. Бірақ, Құдайға шүкір, бұл тек қаңқу сөз ғана болды, ал мен тірі қалдым... біздің жер орналасқан жердегі жол бойын жаудың жарықтары түсіп, қатаң бақылап отырды. Мен фанзадан радиостанцияға дейін кезекшілікке бара жатып, прожектордың сəулелері көзіме түсіп, көзімнің қатты ауырғанын жəне кесіп өткендей болғанын сездім. Содан бері менің көзімнің көруі күрт нашарлай бастады, барлық емдеу түрлері еш көмектеспеді. Енді бірінші топтағы зағип мүгедекпін. Мен осыдан өте азап шегемін» [5; 3].
Оңтүстік Қазақстан облысынан тыл ардагері Жанаева (Мирсалиева) Тəттигуль Күзембайқызы тылдағы еңбегі туралы: «Мен Өзбекстанның Ташкент облысы Орджаникидзе ауданы, Дурмен ауылдық совет Қызыл азамат колхозында 15.05.1929 ж. шаруа жанұясында дүниеге келдім. Жанұяда екі ұл, екі қыз тəрбиелендік. Анам Мирсалиева Ұлтай 1895 жылғы. Əкем Ирсалиев Күзембай 1890 жылы туған. Мектепке 1937 жылы барып 7 жылдық білім алдым. Жастайымнан колхоз жұмыстарында жұмыс істедім. Колхоз шаруашылығында əр түрлі жұмыстар істедік. Ұлы Отан соғысы басталғанда 5 сыныпқа бардым. Мектептен келген соң шаруашылық істерге барып жұмыс істедім шамамыз келгенше. Мектепті бітірген соң шаруашылықта жұмыстар істеп, есепші де болдым. 1950 жылы Жанаев Мамытбаймен отбасын құрдым. Колхозда түрлі жұмыстар мақта егіп өсіріп, оны күзде теріп, күндік норманы 2-3 есеге дейін орындап, еңбек озаты атанғанмын. Қазіргі таңда Ер ана, тыл ардагерімін. Жанұямызда 4 ұл, 3 қыз тəрбиелеп өсірдік. Олардан 35 немере, 45 шөбере сүйіп, қызығын көріп отырмыз» [7; 2].
Иконникова Ф.Ф. соғыстың қанды қырғыны туралы өз естеліктерінде былай деп жазған: «Бұл жекелеген эпизодтар емес - бұл сөздің толық мағынасында айтқанда өткен төрт жылдан артық өмір. Бакуден Будапештке дейін ыстықта жəне пургада жаяу; жаңбыр мен қар астында; бомбалау немесе атыс астында жаяу жүру; кейде ашығу, шаршау. 1942 жылы күзде мен 19 жасқа толғанда біздің 123 атқыштар дивизиясы шабуылға шықты, 1942 жылдың желтоқсан айы бізге өте ауырға соқты. Өйткені алғаш рет күшті жаудың бекінісімен бетпе-бет келдік. Немістер Моздок қаласы маңында минамен жарылыс жасауды нығайта түсті, жер минамен, шабуылсыз, бомбалар – бұл нағыз қанды қасап еді. Шегіністерге қарамастан, алға жылжулардың арқасында 1943 жылы Моздок қаласы жаудан азат етілді. Далада қатты аяз болды. Жау шегінді, бірақ ауыр сынығымен, өздерінен кейін қатып қалған солдаттарының мəйіттерін қалдыра отырып кетті, олардың астында миналар жасырылды. Ал біздің сарбаздарымыз өкінішке орай, жаудың осындай сұм қулығының құрбаны болып, минаға түсіп, қаза тауып жатты. Біздің бөлім Георгиевск қаласына кірген кезде, біз қорқынышты суретті көрдік. Бұрынғы театр немесе клуб қабырғалары қанмен жазылған. Жергілікті тұрғындардың əңгімелері бойынша мұнда гестапо штабы болды, онда жау əскері бейбіт тұрғындарды азаптап, өлтіріп, қандарын қабырғаға шашып, жазуды қанмен жазған. Аулада бассейн немесе бетондалған үлкен шұңқыр болды, онда біз бейбіт тұрғындардың қатып қалған мəйіттерін көрдік. Сөйтсе, оларды атқылап, шұңқырға құлатқан. Осылайша біз тағы бір «азат етушілердің» адамгершілікке жатпайтын қызметімен таныстық» [3; 3].
Қорытынды
Осылайша, қазақстандық жауынгер əйелдердің жеңіске қосқан үлесі өте зор. Олардың əрқайсының ерлігі, мерген, медициналық қызметкер, басқа да əскери қызметкер болсын, жекелеген тарих болып жазылуға лайықты. Медициналық қызметкер ретінде əйелдер өзінің нəзік денесімен атқылаған оқтардың астымен жаралы жауынгерлерді арашалап алып шыққан. Соғыс даласындағы мыңдаған ер адамдар үшін олар өмірін сақтап қалушы ретінде үлкен рөл атқарған. Майдангер əйелдердің естеліктерінде жазылғандай, медбике əйелдер бірнеше түндер ұйқысыз операциялар жасап, күніне 300–1000 адамға дейін көмек көрсеткен. Жас дəрігер қыздар, медбикелер жаралылардың жарасын таңып, дəрі егіп қана қоймай, кезекшілікке тұрып, госпитальдардың мүлкін күзету, еденін жуу, басқа да ауыр қара жұмыстарды жасаған. Сонымен қатар, жаны қиналып, өлім аузында жатқан жаралыларға психологиялық көмек көрсетіп, өміріне араша түсуге тырысқан.
Осындай əскери қызметі үшін түрлі жоғары наградаларға ие болған. Мерген, жаяу əскер, санитар, медбике, дəрігер, санинструктор – əйелдер Отан алдындағы өз міндетін мінсіз орындаған. Олардың өзін құрбан ете отырып, батылдықпен соғысуы Ұлы Жеңіске жетуге қосқан үлестерінің ауқымдылығын көрсетеді.
Ұсыныстар
Ұлы Отан соғысына əйелдердің қатысу тарихы отандық тарих ғылымында алдағы уақытта толыққанды зерттеуді қажет етеді. Берілген мəліметтер Қазақстан тарихы, өлкетану, тарихи антропология бойынша білім беру курстарында ғана емес, патриотизм мен отансүйгіштікке тəрбиелеу үдерісінде де қолдана алады.
Əдебиеттер тізімі
- В ЮКО торжественно отметили День Победы [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://ru.egemen.kz/article/193695-v-yuko-tordgestvenno-otmetili-den-pobedy
- ТГОА. — Ф. 537. — Оп. 14. — Д. 1. — Л. 1–8.
- ТГОА. — Ф. 537. — Оп. 13. — Д. 1. — Л. 1–7.
- Постановление ГКО № 690 «О всеобщем обязательном обучении военному делу граждан СССР» от 17.09.1941 г. [Электронный ресурс]. — Режим доступа:http://www.teatrskazka.com/Raznoe/PostanovGKO/194109/gko_0690.html.
- ТГОА. — Ф.537. — Оп.14. — Д.1. — Л. 1–8.
- ТГОА. — Ф. 537. — Оп. 14. — Д.2. — Л. 1–17.
- ТГОА. — Ф. 537. — Оп. 14. — Д.3. — Л. 1–3.