Мақалада Қазақстандағы зиярат ету дəстүрінің отандық тарихнамасына шолу жасалған. Зиярат етудің түп-тамыры көне дəуірлерден бастау алады. Ғасырлар бойы өзінің тарихи-мəдени мəнін сақтап қалған бұл мəдени феномен қазіргі уақытта да қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Зиярат етуді əр түрлі ғұрыптар арқылы қасиетті орындарға ғибадат жасау арқылы Құдаймен байланысу мақсатын көздейтін саяхат ретінде түсінуге болады. Əр түрлі материалдарды зерттеу барысы зиярат етудің политеистік, монотеистік діндердің ғұрыптық тəжірибесімен байланысын көрсетеді. ХХ–ХХІ ғасырлар аралығында зиярат ету мақсатындағы саяхаттар белсенді түрде дами бастады. Соңғы жылдары осы мəселе дінтанушылардың, тарихшылардың жəне елдегі діни туризмді ұйымдастыруды жүзеге асыратын менеджерлердің назарын аудара бастады. «Зиярат» сөзін зерттеушілер əр түрлі мағынада түсіндіреді, осыған байланысты бұл дəстүрді «зиярат ету», «діни туризм» сияқты терминдермен белгілеу орын алған. Қарастырылып отырған мəселе болашақта түрлі тəсілдерді үйлестіре отырып, кешенді жəне көлемді зерттеу жұмыстарының жүргізілуін қажет етеді.
Кіріспе
Кез келген халықтың зиярат ету ғұрыптары əлемдік өркениеттің дамуының əр түрлілігін бейнелейтін, адамзат тарихындағы ең ежелгі құбылыстардың бірі болып табылады. Қазақстанда «зиярат», «қажылық» сөздері ХХ ғасырдың 90-жылдарынан кейін жиі кездесе бастады. Əсіресе, 1992 жылдың 15 қаңтарындағы «Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы» заңының қабылдануы діни өмірде жаңа құбылыстардың пайда болуына əсер етті [1]. Біреулер ұйымдасып немесе стихиялы түрде рухани ғибадат ету орындарына ұмтылса, басқалары туристік агенттіктердің шеңберінде «зиярат ету» мен «діни туризм» сөздерін синоним ретінде қабылдай отырып, адамдарды əр түрлі турларға тартты. Одан басқа зиярат етудің дəстүрлі құқығын дін өкілдеріне қайтару, киелі жерлерге барудың стихиялық тəжірибесін түсіну мен негіздеу əрекеттері де байқалды. Бұл мəселенің мəн-мағынасы мен тарихына, сонымен қатар, оның мемлекеттік тұрғыдан ұйымдастырылуы мен реттелуіне байланысты пікірталастар мен ізденістер көп кездескенімен, ғылыми-зерттеу жұмыстары əлі де аз.
Қазақстан киелі орындар мен діни ескерткіштерге аса бай. Олар – өткен ғасырлардағы мəдениетіміздің белгілері. Осы мұралардың көпшілігі туристердің зиярат ету нысанына айналған. Ол үдеріс əсіресе, тəуелсіздік алған жылдары, өткенді қайта жаңғыртып, қоғамдық сана өзгеріске түсіп жатқан кезеңде күшейе түсті. Соған сəйкес діни туризм жыл сайын жаңа аймақтарды қамтып, жедел дами бастады. Бұл жағдай діни туризм мен киелі жерлерді зиярат етудің айырмашылығын, оларды жүзеге асыруда белгілі бір тəртіптің, реттіліктің сақталуын қажет етті. Осыған байланысты баспасөзде, ғаламторда əр түрлі пікірлер, талаптар айтыла бастады. Мысалы, журналист Ж.Қожық мынадай пікір білдірді [2]: «Еліміздегі мемлекеттің қорғалуындағы 26 мыңнан аса тарихи-мəдени ескерткіштің тең жартысы киелі Маңғыстау жерінде орналасқан. Соңғы жылдары бұл орындарға шетелдік туристер көптеп келуде. Əрине, туристік сала еліміздің экономикасын көтеріп, тарихи жерлерімізді əлемге танытуға қосар үлесі көп екені белгілі. Бірақ табыс тауып жүрген туристік фирмалардың өкілдері де жергілікті халықтың салт-дəстүрін, əдет-ғұрпын, діни көзқарасын жақсы білмейді. Соңғы кездері əулиелеріміздің басы еріккен туристердің жын-ойнақ жасайтын ордасына айналып барады. Шырақшылардың көбі бұрын көтеріліп ауырғандар мен түрмеден шыққан белгісіз біреулер. Бір ортақ пəтуаға келіп, «Əулиелік жерлерге зиярат етудің ортақ ережесін» қабылдауымыз қажет!».
Елдің ішіндегі зиярат ету қазіргі уақытқа дейін көбінесе аса қатаң бақылаусыз жүзеге асырылып жатса, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қажылыққа бару мəселесіне кейінгі жылдары назар аударыла бастады. Қажылық пен умраны Қазақстандағы жекелеген туристік операторлар жүзеге асыруда. Қажылыққа, умраға барып, сол жақта 2-3 ай дəріс алып, елге келгеннен кейін басқа ағымдарды насихаттау фактілері кездесе бастады. Соған байланысты енді діни туризм мемлекеттік діни мəселемен айналысатын уəкілетті органның жəне республикалық діни бірлестік келісімімен солардың ережелерімен жүзеге асырылатын болды [3].
Бүгінгі таңда зиярат ету мен діни туризмге байланысты ұғымдардың, анықтамалардың, жалпы, олардың мəн-мағынасының теориялық тұрғыдан əлсіз болғанына қарамастан зиярат ету үдерісі белсенді түрде дамуда. Осындай стихиялы сипат алған саяхаттар киелі жерлерге зиярат ету мəселесіне ғылыми тұрғыдан қарап, оның тарихы мен мəнін, қазіргі кездегі əлеуметтік-мəдени өзгерістерге бейімделуін жан-жақты зерттеудің қажеттілігін көрсетеді.
Зерттеу əдістері
Қазақстандағы зиярат ету мəселесін қарастырудағы отандық зерттеушілердің қосқан үлесіне шолу жасау жұмыстың мақсаты болып табылады. Мақаланы жазу барысында тарихилық пен объективтілік, нақтылық жəне логикалық талдау сияқты жалпығылымдық жəне арнайы зерттеу əдістері қолданылды. Əсіресе, ғылыми дəстүрлерді тарихилық тұрғысынан зерделеу, оларды бағалаудың маңызды шарты болып табылады. Сонымен бірге, объективтілік қағидасы тарихи құбылыстар мен үдерістердің барлық күрделілігі мен қайшылықтарын қамтып, жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Аталған зерттеу əдістері тақырыптың отандық тарихнамасына шолу жасау барысында Қазақстандағы зиярат ету дəстүрінің кешенді түрде зерттелу қажеттілігін айқындайды.
Мəселені талқылау
Зиярат ету құбылысының алғашқыда өздігінен дамып, оның дəстүрлері, рəсімдері мен əдет- ғұрыптарының қалыптаса бастағандығы белгілі. Адамдар қоршаған ортаны игере отырып, ондағы тіршілік үшін ең маңызды деген нысандарды даралап, табиғат құбылыстарымен байланыстырып, оларға қасиеттілік, киелілік мəртебесін берді. Кейіннен олар зиярат ету орталықтарына айналды. Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларын зерттеген Б.Уахатов ертегі мен эпос сияқты халық өлеңдерінің ең ескі, көне түрлерінде де отқа, күнге, табиғатқа табынудың, ата-бабалар аруағына құлшылық қылудың неше түрлі көріністері бар болғандығын алға тартады [4; 42]. Зиярат етудің көне дəуірлерден қалыптасқандығының бір дəлелі – кейбір қазақ эпостарындағы баласыздықтан əбден зардап шеккен əке-шешенің əулие-əмбиелерге түнеп, баланың солардың шапағатымен дүниеге келуі. Олар – кейде Баба түкті шашты Əзіз, кейде қырық шілтендер. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырында:
Əулие қоймай қарады,
Құдайдан тілеп баланы.
Сайрамдағы сансыз бап,
Оған де жетіп барады.
Қайда əулие көрінсе,
Бір-бір малын шалады.
Күллі малы тамам боп...
Əулие қоймай түнеді,
Құдайдан бала тіледі.
«Бір перзент Құдай бергін» деп,
Байбөрі мен Аналық
Күндіз-түні жүреді [5; 13, 70].
Қазақ даласына ислам діні енгеннен кейін де, халықтың исламға дейінгі наным-сенімдерден мүлдем алыстап кетпегендігі белгілі. Қазақ халқының діни нанымында мұсылмандық түсініктермен қатар, зороастризм жəне тəңіршілдіктің əдет-ғұрыптары өзінің өміршеңдігін танытты. Ш. Уəлиханов осыған байланысты «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты мақаласында былай деген: «Қазақтар, əуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла мен Тəңірге бірдей табынып, мұсылман əулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне сенді, пайғамбар ұрпақтары қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілерімен қоса мұсылмандардың періштелерін шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған» [6; 95]. ХІХ ғасырда айтылған осы пікір қазіргі кезде де өзектілігін жойған жоқ.
Қазақ даласында ислам дінінің зиярат ету дəстүрі – қажылыққа да бірден бетбұра қоймады. Сопылық ағым өкілдері өздерін Шыңғыс хан ұрпақтары деп есептейтін билік өкілдерінің арасында қажылықты орнықтыруда көп еңбек етті. Дегенмен, олардың діни уағыздары көшпелілердің қажылыққа деген көзқарасының əр түрлі болуына да ықпал жасады. Оған кейбір сопылық ағымдардың Құдай жолында намаз оқу, ораза тұту, қажылыққа бару сияқты діни парыздардың орындалуын қатал талап етуге қарағанда, «адам баласын азғындыққа ұшырататын» тіршілік қызығынан бас тартып, Аллаға сүйіспеншілік арқылы құлшылық етуді дəріптеу сияқты қағидаларының орын алуы өз əсерін тигізді [7; 5-6]. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан сана- сезіміне, əдет-ғұрпына сыртқы факторлардың бірден əсер ете қоймайтындығын ақын-жыраулардың шығармашылығынан да байқауға болады. Олар өз жырларында ел үшін маңызды мəселелерді көтерумен қатар, халықтың салт-дəстүрін, əдет-ғұрпын бастапқы қалпында сақтап қалуға тырысты. Мысалы, Ақтамберді жырау қажылыққа байланысты мынадай көзқарас білдіреді:
Меккені іздеп нетесің,
Меккеге қашан жетесің,
Əзір Мекке алдыңда,
Пейіліңмен сыйласаң,
Атаң менен анаңды [8; 119]!
Шал ақын өз жырларында Ақтамберді жыраудың көзқарасына ұқсас пікір айтады:
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші [8; 211].
Аталған мəселе кеңестік дəуірге дейінгі тарихнамада өз деңгейінде қарастырылмады. Қазақстанға келген ғалымдар, саяхатшылар жəне т.б. зиярат ету дəстүрі мен киелі жерлерге құлшылық жасаудың мəніне тереңдемей, көп жағдайда сипаттаумен ғана шектелді. Сол сияқты қазақтардың мұсылмандық қажылыққа бару мəселесі де үстіртін қаралды.
Кеңестік тарихнамада саяси жəне идеологиялық себептерге байланысты, кез келген діни тақырыптың екінші орында қалып келгендігі белгілі. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан Қазақстандағы діни сананың оянуына байланысты діни тақырыптарға арналған зерттеулер де жүргізіле бастады.
Қазақтардың тұрмысындағы ислам дінінің орнын аса бай этнографиялық деректердің негізінде қарастырған Р. Мұстафина өз еңбегінде зиярат мəселесіне көңіл бөледі. Зерттеуші қасиетті орындарға құлшылық ету дəстүрі исламда кейінірек пайда болғандығын, оған исламға дейінгі жəне исламдық емес құлшылық элементтерінің сабақтасуы əсер етіп, соның негізінде халықтық ислам деп сипатталатын феноменнің қалыптасқандығы туралы пікірін білдіреді [9; 176]. Сонымен бірге, жергілікті əулиелердің мазарларының жоғары рухани мəртебеге ие болуының практикалық себептеріне де тоқталады. Оны өз кезегінде халықтың əлеуметтік жағдайы төмен бөлігінің мұсылмандық парыз – қажылыққа бара алмауымен байланыстырады.
Р. Мұстафина қазақ жəне басқа да Орта Азия халықтарында зиярат ету барысында мынадай ғұрыптардың орындалатындығын көрсетеді: зиярат орнында дұға ету; Құран сүрелерін оқу (бірінші кезекте Фатиха); сағат тіліне қарама-қарсы бағытта зиярат орнын айналу (тəуəп); молаға, құлпытасқа, есікке, табалдырыққа, қабірдің қоршауына, мазар кіреберісіне, шамдарына, ағаштарға қол тигізіп, одан кейін көзін жəне бетін сипау; ағаштарға киімнен кесіндіні байлау; қасиетті құдық пен бұлақтан алынған суға жуыну, дəрет алу; жануарларды құрбандыққа шалу. Зерттеуші аталған ғұрыптардың басым бөлігінің мағынасын архаикалық таным-түсініктермен байланысты қарастырады. Дəстүрлі зиярат етудің мақсаты – аурудан жазылу, күнделікті болып жатқан мəселелердің аман-есен шешілуі, өмірлік таңдау жасау жəне т.б. [9; 176], — деген қорытындыға келеді.
Қазақстандағы діни туризмнің тарихы мен қазіргі проблемаларын Түркістанға зиярат ету мысалында қарастырған Н. Нұртазина, діни көзқарастардың дамуымен байланысты дəстүрлер мен жаңашылдықтарға, сонымен қатар, сопылық дəстүрді жаңғыртудағы қазіргі заманғы бағыттарға назар аударады. Автор «зиярат» сөзі араб тілінен «сапар», «саяхат» деген мағынаны білдірсе, түркі халықтарының тілдерінде діни мақсаттағы жергілікті киелі орындарға зиярат етуге қатысты ғана қолданылатындығын атап өтеді [10; 32]. Сонымен қатар, зиярат етудің ерекшелігіне тоқталады: ол дəстүрлі мағынада түнеу, яғни əулие мазарының жанына міндетті түрде түнеуді қажет етеді. Түнде зияратшының түсіне «аяндар» беріліп, ем қонады. Сопылық дəстүр барлық жағдайда тек Аллаға ғана сыйынуды жəне зияратшының тілегін «сүйікті құлының құрметі» үшін орындауды сұрауды уағыздайды. Анығырақ айтқанда, марқұмның рухы Алладан тілектің орындалуын сұрайды, яғни желеп-жебейді. Дегенмен, зерттеуші зиярат ету тəжірибесінде адамдардың, əсіресе əйелдердің «Алла» сөзін айтқанымен, монотеизмнен алыстап (тіпті сопылық түсініктің өзінде), нақты аруаққа ғана үміттенетіндігін айтады [10; 33].
Сонымен қатар, автор зиярат етуге байланысты Қазақстанда қалыптасқан қарама-қайшы пікірлерге мəн беріп, аса маңызды мəселені көтереді [10; 31]: Қазақстанда саны артып келе жатқан мұсылман қауымының ішіндегі шартты түрде «рационалистер» деп атауға болатын бөлігінің (салафиттер, суннит-ханафиттер жəне т.б.) кез келген мүмкіндікті пайдаланып, Түркістанға зиярат ету, əулиелердің шапағатына сену жəне т.б. тəжірибелерді сынға алу құбылысы байқалады. Олардың зиярат етудің рухани пайдасы мен танымдық маңыздылығын толығымен жоққа шығарып, тіпті Ахмет Ясауидің діндарлығы мен еңбегіне күмəн келтіріп тым шектен шығатын жағдайлар кездеседі. Ал, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) осындай қарама-қайшылыққа барынша сақтықпен қарап, А.Ясауидің еңбегі мен зиярат дəстүрін жоққа шығармай, дегенмен тым ырымшыл болмай, оның шегін білуге шақырады, себебі ол исламның негізгі қағидаларына қайшы келеді.
Теолог-ғалым А. Əділбаев бүгінгі күнде қоғамда өмірде кездескен барлық қиындықтардан шығудың жолы əулие аралаудан өтеді деген жалған сеніммен мəселелердің түйінін шешуді Алла тағаладан сұраудың орнына, əулиелерден сұрап, бата алу қажет деп өздері шатасқанымен қоймай, өзгелерді де адастыру əрекеттерін сынайды. Сонымен қатар, өздерін «салафит» деп атаушылар қабірлерді зиярат етуге «ширк болады» деп қарсы шығып, «Құран өлілерге емес, тірілер оқу үшін түскен кітап» деп, қайтыс болған ата-бабаларға Құран бағыштауды харамға шығарудың қателігін айтады. Осыған байланысты ғалым хадистердегі зиярат етуді құптайтын деректерді келтіріп: «Демек қабірлерді зиярат ету құпталған іс. Алайда қабірді зиярат ету қажет екен деп шектен шықпай, шариғат шеңберінде зиярат жасаудың өзіндік шарттары мен əдептерін де білу қажет» [11], — деген қорытындыға келеді жəне мынадай тыйымдарды көрсетеді: қабірлерді сипап, қолымен бетін сүрту; қабірлерді айналып, тəу ету; шүберек байлау; шам жағу; ақша жəне түрлі заттарды тастау; қабірдегі адамнан тілегінің орындалуын сұрау.
Ал, қоғамдағы дəстүрлі зиярат ету ғұрыптарының сақталуы жөнінде басқа зерттеуші Ж.Мухангалиеваның пікірінде: «Қабірлерге, əулиелерге зиярат ету – қазақ салт-дəстүрлерінің ықпалды бір бөлігі, ғасырлар бойы қалыптасқан тəрбие институты. Мұндай тұтас институтты халықтың санасынан сылып тастау мүмкін емес. Əрі бұл қадам аса қауіпті де. Өйткені зиярат институты жойылған жерде пайда болған бос кеңістікті міндетті түрде əсіресе деструктивті ағымдар жаулайды», — делінген [12; 8-9].
Дін мəселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу жəне талдау орталығы дін саласындағы өзекті мəселелер бойынша түсініктеме бере отырып, зиярат ету дəстүріне тоқталады. Онда зиярат орындарының адамдар түсінігінде қасиетті, киелі деп саналғанымен, құлшылық, табыну нысаны еместігін айта келе, зиярат орындарында құлшылық етілмей, керісінше, осындай орындарда дін қағидаттарында белгіленген дағдылы құлшылық (Жаратушыға табыну) рəсімдері жасалатындығын атап өтеді. Қарастырылып отырған басылымда қазіргі уақытта зияратшылардың көп жағдайда киелі орындарға дертіне шипа немесе рухани медет іздеп баратындығы, сол жерлерде қалыптасқан рəсімдерін жасағаннан кейін қарапайым физиотерапиялық тəсілдер (минералды су ішу, шомылу, ыстық құмда жату, минералды тұздарға бай балшықтармен емделу жəне т.б.) орындайтындықтарын жазады. Басылым авторлары жалпы алғанда зиярат етілетін «киелі орындар» қоғамдық маңыздылығы жағынан алты факторға негізделе отырып, белгілі бір функцияларды атқаратындығын көрсетеді [13; 30]: 1) шоғырландырушы; 2) медиаторлық; 3) коммуникативтік; 4) протекторлық; 5) емдік; 6) табиғатты қорғау.
Қазақстанның киелі жерлеріне дінтанулық талдау жасау барысында Ф. Камалова өзінің диссертациялық зерттеу жұмысында зиярат ету орындарын екі санатқа бөліп қарастырады [14; 118-119]: 1) Діни сипаттағы зиярат ету нысандары. Оған діндар, тақуалықпен айналысқан адамдарды; емшілік, көріпкелдік қасиеті болған əулие-əмбиелерді; ислам дінінің жəне сопылық негіздерінің қазақ жеріне таралуы мен орнығуына үлкен үлес қосқан тұлғаларды жатқызады. 2) Ұлттық сипаттағы зиярат ету нысандары. Бұл санатқа қазақ елінің территориясы мен Қазақ хандығының нығаюына, ұлттың мəдени құндылықтарын сақтап қалуда, қоғамның саяси-əлеуметтік тұрғыдан қалыптасуына үлес қосқан тұлғаларды енгізеді. Осы жіктеуге байланысты зиярат ету мақсаттарының да əр түрлі болатындығына тоқталады, яғни, зияратшылардың бір тобы əруақтардың рухын ардақтап, Құран бағыштау үшін; басқалары өзінің дəстүрлі діни дүниетанымын кеңейту мақсатында немесе киелі жердің тылсым күштерін түсіну; сол жерлерге бару арқылы өзін басқа əлеммен байланыстыру жəне өзінің бірегейлігін қалыптастыру үшін; кейбірі ұлттық мақтаныш пен патриоттық сезімді арттыру мақсатында зиярат жасайтындығы айтылады.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымындағы №406 қаулысында киелі жерлер мен рухани туризмге көңіл бөлінді [15]. Онда «Қазақстанның киелі белдеуін» қалыптастыру шеңберінде ішкі туризмді дамыту бойынша қалған негізгі шаралар Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделетін болып шешілді.
Мемлекет басшысының 2017 жылғы 12 сəуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сəйкес «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын іске асыру бойынша жұмыстар басталды. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы Қазақстанның киелі жерлерінің мəдени-географиялық белдеуін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені болып белгіленді. Аталған жобаны іске асыру барысында зиярат етуге қатысты мынадай шаралар қабылдау көзделді:
- нақты киелі объектілерді сыныптау;
- қажетті материалдарды (тарихи фактілер, аңыздар мен мифтер) қоса бере отырып, тарихи- мəдени объектілерді, сондай-ақ Қазақстандағы жалпы зиярат ету орындарын оқшаулау қартасын əзірлеу;
- «Киелі Қазақстан» энциклопедиясын басып шығару;
- «Өңірлердің киелі ескерткіштері» кітаптар топтамасын басып шығару;
- Қазақстанның киелі географиясын зерттейтін жаңа оқу пəндерін əзірлеу жəне білім беру процесіне енгізу;
- инфрақұрылымды дамыту арқылы «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» картасына енгізілген объектілерді жаңғырту, сонымен қатар киелі жерлер объектілерінің инфрақұрылымдарын дамыту жөнінде жұмыстар жүргізу.
Қорытынды
Қорытындылай келгенде, өткен ғасырдың соңында қоғамдағы діни саланың жандануына орай, зиярат ету мақсатындағы саяхаттар жасау белсенді түрде жүргізіле бастады. Соның нəтижесінде, зиярат ету мəселесі бойынша да түрлі пікірлер де көбейді: дін өкілдері оған ислам шариғаты тұрғысынан қараса, басқалары зиярат етудің дəстүрлі мағынасын қолдады. Бұл пікірталастар қазіргі кезде де толастаған жоқ. Осы жағдайдың бір себебін Қазақстандағы зиярат ету дəстүрі бойынша əлі де жеке, нақты зерттелген (жалпы тарихы, тарихи түрлері жəне олардың мəні, мағынасы, қызметі, маңызы жəне т.б.) отандық ғылыми еңбектердің жоқтығымен түсіндіруге болады. Аталған тақырып жалпы діни, киелі жерлер немесе əулие культіне байланысты зерттеулердің арасындағы бір тармақ ретінде ғана қарастырылады.
Бүгінгі күнде зиярат ету тарихына байланысты белгілі бір деңгейде материалдар базасы қалыптасты деуге мүмкіндік бар. Олардың ішінде дін, наным-сенім тақырыбына арналған əдебиеттерді атап өтуге болады. Сонымен бірге жарық көрген немесе электрондық ресурс түріндегі діни əдебиеттердегі ақпараттардың маңыздылығы жоғары. Діни əдебиеттер ғылыми тұжырымдамаларға қарағанда, негізінен зиярат етілген киелі жерлерге байланысты тарихи-мəдени тұрғыдағы сипаттамаларға басымдық береді. Зиярат ету тарихына байланысты мəліметтер белгілі бір аймаққа арналған көпшілік-танымдық еңбектер мен туристтік агенттіктердің жарнамалық, ақпараттық-танымдық материалдарында да кездеседі. Сонымен қатар, аталған мəселенің деректік базасына діни тақырыптар бойынша ұйымдастырылған əр түрлі деңгейдегі конференциялардың нəтижесі ретінде жарық көрген жинақтарды енгізуге болады. Тарихи-мəдени ескерткіштерді сақтау, діни туризм, зиярат ету мəселелері бойынша арнайы құрылған ұйымдардың құжаттары да ақпараттық маңызға ие. Зиярат ету тарихын зерттеуде ғаламторда, əлеуметтік желілерде жарияланған зияратшылар мен саяхатшылардың пікірлері деректік қордың құнды бір тармағын құрайды. Қарастырылып отырған мəселе бойынша материалдар базасының қалыптасуы, Қазақстандағы зиярат ету дəстүрінің тарихын, теориялық-əдіснамалық негіздерін жан-жақты, жүйелі түрде түсіндіретін отандық зерттеулердің жүргізілуін қажет етеді.
Зерттеу Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің бағдарламалық- нысаналы қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылатын «Қазақстанның заманауи мəдениетіндегі қасиетті кеңістік: дəстүрлер мен жаңашылдық № BR 06449588» атты жобасының шеңберінде орындалды.
- Діни сенім бостандығы жəне діни бірлестіктер туралы. Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы № 1128-XII Заңы [Электронды ресурс]. — Қол жеткізу тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/_
- Əулиелі жерлерге зиярат етудің ортақ ережесін бекіту қажет! [Электронды ресурс]. — Қол жеткізу тəртібі: https://www.elana.kz/en/
- Діни туризм уəкілетті орган келісімімен жүзеге асырылады [Электронды ресурс]. — Қол жеткізу тəртібі: https://lenta.inform.kz/ru/
- Уахатов Б. Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы / Б.Уахатов. — Алматы: Ғылым, 1983. — 160 б.
- Бабалар сөзі: [Жүз томдық]. — Т. 33: Батырлар жыры. — Астана: «Фолиант», 2006. — 364 б.
- Уəлиханов Ш. Тəңірі: Таңдамалы / Ш. Уəлиханов. — RS: Халықаралық Абай клубы, 2013. — 392 б.
- Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ–ХХ ғ. басы): материалдар жинағы / құраст. жəне жоба жетекшісі Г.Р. Мухтарова (Абдраимова). — Алматы: Баспалар үйі, — 2009. — 592 б.
- Алдаспан. ХҮ–ХҮІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жырауларының шығармалар жинағы. — Алматы: Жазушы, 1970. — 280 б.
- Мустафина Р.М. Бытовой ислам у казахов (ХІХ–ХХ вв.). (Историко-этнографическое исследование): дис д-ра ист. наук / Р. М. Мустафина. — Алматы, 2006. — 321 с.
- Нуртазина Н. Религиозный туризм в Казахстане: история и современные проблемы / Н. Нуртазина // Современные проблемы сервиса и туризма. — 2009. — № 4. — С. 25–37.
- Əділбаев А. Зиярат ету шарттарын білеміз бе? / А. Əділбаев [Электронды ресурс]. — Қол жеткізу тəртібі: https://ummet.kz/
- Мухангалиева Ж. Əулиелік культінің қазақ тұрмысындағы рөлі / Ж. Мухангалиева // БҚМУ Хабаршысы. — №2 (74) — 2019. — Б. 2–10.
- Дін саласындағы өзекті мəселелер бойынша 20 сұрақ-жауап. 8-шығарылым: діни-рухани ұғымдар / құраст. А. Əбдірəсілқызы, М. Исахан, М. Муслимов жəне басқалары. — Астана: Дін мəселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу жəне талдау орталығы, 2016. — 62 б.
- Камалова Ф.Б. Қазақстанның киелі жерлері: дінтанулық талдау. Филос. докт. (PhD) дис. / Ф.Б. Камалова. — Алматы, 2020. — 130 б.
- Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымындағы №406 қаулысы [Электронды ресурс]. — Қол жеткізу тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/