Қазақстандағы мемлекеттік астық пен ет дайындау саясаты және шаруалар көтерілістері (1928–1932 жж.)

Мақалада 1929–1932 жылдардағы Қазақстандағы шаруалар көтерілістерінің себептерінің бірі саналатын мемлекеттік астық және ет дайындау науқандарының жүргізілу механизмдері мен салдары зерттелген. Астық және ет дайындау науқандарының экономикалық мәні, аграрлық саланың дамуына әсері және кеңес өкіметінің күштеу әдістері архив құжаттары негізінде талданған. Отырықшы, жарты- лай көшпелі округтер бойынша дайындау науқандарының шаруаларды меншіктен айырудағы тәсілдері шаруалар наразылығын туғызғаны, ет өнімдерін контрактациялаудың кері әсері жан-жақты қарастырылған. Қазақстандағы партия, кеңес, тергеу-сот органдарының шаруаларға қарсы репрессия- сы нақты деректер негізінде баяндалған.

Кіріспе

Қазақтан тарихының кеңестік кезеңі қазақ халқының бұдан арғы өміріне ерекше әсер еткен тарихи оқиғаларға толы. XX ғасырдың 20–30 жылдарында ауыл шаруашылығын кеңестік үлгіде модернизациялау саясатына қарсы Қазақстанның әр қиырында халық көтерілістері бас көтерді. Шаруаларды меншіктен айыру, ұжымдастыру, дайындау науқандарының қатаң күштеу тәсілдерімен жүзеге асырылуы халықтың наразылығын туғызды. Кеңес өкіметінің ауылда жүргізген шаруашылық- саяси науқандары мен оған қарсы шаруалар қарсыласуын бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Күштеп ұжымдастыру, астық, ет дайындау саясатындағы қысым апатты көлемдегі босқыншылықты туғызды. Қазақстан шаруаларының ел ішіндегі және шетелдерге босқындығы әлеуметтік қарсылықтың түрі болды. Ауыл шаруашылығын кеңестік үлгіде қайта құру халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігін басқа арнаға бұрып, ұлттық дамуда көзге зияны әлі сезіліп тұрған демографиялық апатқа әкелді. Астық және ет дайындау науқанының күштеу арқылы жүргізілуі Қазақстанды тұтас қамтыған шаруалар көтерілістері, одан кейінгі аштықтың негізгі себептерінің бірі болды. Қазірге дейін астық және ет дайындау науқанының Қазақстан өңірлеріндегі жүргізілу ерекшеліктері, жүргізілген шаруашылық-саяси науқандардың шаруалар бас көтеруіне әсер етуі жеке зерттеу объектісі болған емес. Ұсынылып отырған мақалада Қазақстандағы астық және ет дайындау саясатының экономикалық мәні, жүргізу механизмдері, кезеңдері тың архив деректері негізінде қарастырылған. Қазақстанның отырықшы өңірлері үшін күштеу тәсілдерімен жүргізілген астық дайындау науқаны жартылай көшпелі аудандардағы ет дайындау науқанына ұласып, шаруаларды тіршілік көзінен айырды. Мақалада проблемаға қатысты отандық және шетелдік тарихшылар зерттеулеріне талдау жасалынған.

Зерттеу әдістері

Зерттеу жұмысында жан-жақты тексеру арқылы ғылыми объективті талдау басшылыққа алынды. Жетісу өңіріндегі халық көтерілістерінің туу себептері, көтерілісшілер іске асырған шаралар, салдары, жергілікті партия-кеңес орындары тарапынан бағалануы жан-жақты шынайы көрсетілді. Ғылыми зерттеу мақалада жинақтау, салыстырмалы талдау, қорыту әдістері қолданылды. Тарихи объективтілік қағидасы басшылыққа алына отырып, ауыл шаруашылығын жетілдірудің кеңестік саясатының табиғатын шынайы талдайтын озық жаңашыл тұжырымдар негізге алынды. Методологиялық плюрализм қағидасы есепке алынып, Жетісудағы кеңестік аграрлық модернизация сыртқы ықпалдың ерекше әсерінде жүргізілгендіктен, дифузиноистік методологияның элементтері пайдаланылды.

Нәтижелері мен оларды талқылау

Кеңестік кезеңдегі тарихи зерттеулерде дайындау науқандарының мән-жайы жете қарастырылған емес. Көбіне ұжымдастыру бойынша дайындау науқандары біртұтас қамтылды. Шаруашылық-саяси науқандардың күштеу арқылы жүргізілу себептері, барысы мүлде назардан тыс қалды. Тарихшы А. Турсынбаевтың еңбегінде шаруалардың бас көтеруі мен босқыншылығының негізгі себебі ретінде «бай-кулактардың бүліншілілігі» деп аталды [1; 143]. Осы тарихшының Жетісу өңіріндегі ұжымдастыруға арналған зерттеуінде «1928–1929 жылдардағы астық дайындау науқаны кезіндегі кулактармен күрес негізінен, орыс және украин селоларында» жүргізілгені үстірт қана айтылып өткен [2; 100]. Қазақстанның осы кезеңдегі аграрлық тарихын жазған Г. Дахшлейгер 1927– 1928 жылдардан астық пен ет дайындау бойынша «қиындықтар байқалғанын», үкімет пен партия «төтенше шаралар жүзеге асыруға мәжбүр болғанын» тағы да жалпылама атап өткен [3; 460]. Кеңестік кезеңіндегі тарих ғылымында ерекшелік болған Ж. Жұмабековтің зерттеуінде ғана дайындау науқандары «асыра сілтеулер» арқылы бұрмаланғаны», «шаруаларға мемлекет дайындаған малдары үшін ақша төленбегені» көрсетілді [4; 199]. Мемлекеттік астық және ет дайындау

науқандарының тонаушылық сипаты алғаш рет Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаулысымен құрылған комиссияның қорытындысында ашық айтылды. Құжатта «астық дайындау науқанының жүргізу әдістері жағынан тікелей экспроприациялау әдісіне ұласқаны», «қолданылған шаралардың ашықтан-ашық заңсыз сипатын жасыру үшін өкімет орындары тауарларға бағаны қасақана арттырғаны, бұл тауарларды жасырғаны және рынокқа шығармағаны үшін» жазаға тартқаны, дайындау науқанының әкімшілік зобалаңы көрсетілді [5; 2]. Ауыл шаруашылық дайындау науқандарының «шаруаларға бағытталған репрессияның хабаршысы» болғаны М. Қозыбаев, Ж. Абылқожин, Қ. Алдажұмановтардың бірлескен еңбегінде де атап көрсетілді [6; 6]. Зерттеушілер Т. Омарбеков [7], Қ. Алдажұманов [8] еңбектерінде Қазақстандағы күштеп ұжымдастыруға қарсы халық көтерілістерінің бұрқ ете қалуына дайындау науқандарының рөлі әртүрлі деңгейде сараланады. Т. Омарбековтің зерттеуінде астық пен ет дайындау науқандарының дағдарысына арнайы тарау арналған [7; 82]. Қ. Алдажұмановтың зерттеуінде 1929 жылдың күзіндегі Сырдария округінің Бостандық ауданындағы, Қарақалпақстанның Тақтакөпір, Қоңырат аудандарындағы шаруалар көтерілісінің тұтануына астық дайындау бойынша көрсетілген қысым әсер еткені айтылған [8; 66]. 1930 жылдардағы шаруа көтерілістерін дайындау науқандарымен ұштастыра қарастыру шетелдік тарихшылар еңбектерінде байқалады. Итальяндық тарихшы Андреа Грациози Қазақстандағы 1928 жылдан бастап астық дайындау жоспары өнімнің жалпы көлемінің 15 %-нан 1933 жылы 34,1 % дейін өсе түсіп, шаруалардың «үнсіз қарсылығын» туғызғаны көрсетілген [9; 56-57]. А. Грациози

Қазақстан, Ресей архивтеріне қолы жетпей, өз зерттеулеріне жарияланған партиялық құжаттарды негіз етті. Ал қазіргі кезде кеңестік кезең проблемалары туралы зерттеу тақырыптарына байланысты Қазақстан архивтерінде жұмыс істеп, зерттеулерін жария еткен шетелдік тарихшылар буыны қалыптасты. Мұндай зерттеушілер қатарында қазақ шаруаларын күштеп отырықшыландыру (седентаризация) саясатын зерттеген француз тарихшысы Изабель Огайонды жатқызуға болады [10]. Астық дайындау жоспарының үздіксіз өсуіне назар аударған Изабель Огайон дайындау науқандары туралы жалпылама мәліметтермен шектелген. Астық және ет дайындау шаруалар наразылығын туғызғанын көрсеткенімен, нақты деректер келтірмеген [10; 128]. Неміс тарихшысы Роберт Киндлердің зерттеуінде дайындау науқандары барысындағы асыра сілтеу мен белсенділердің

қиянатының мысалдары келтірілген. Тарихшы шаруалардың бас көтерулері жағдайында дайындау науқандары бәсеңдеудің орнына күшейіп, 1932 жылдың қарашасында Сталиннің науқанды «жазалау рельсіне» шығаруды тапсырғаны айтылады [11; 143]. Қазақ тілінде аударылып басылған

американдық тарихшы Сара Камеронның зерттеуінде Қазақ Өлкелік комитеті жетекшілерінің өтініштерін ескерместен, дайындау науқандарының жоспар мөлшері өскені, 1931 жылдың соңғы үш айында мал басының 1929 жылғы деңгейден 30 %-ға азайғанына қарамастан Москва мен Ленинградты 59500 тонна етпен қамтамасыз етуге міндеттенгені туралы деректері берілген [12; 134]. С. Камеронның зерттеуінде дайындау науқандарының шаруалар наразылығының алғышарты ретіндегі рөлі талданбаған. Итальян тарихшысы Никколо Пианчола мен қазақстандық тарихшы Әділхан Жарасовтың бірлескен мақаласы Қазақстандағы аштық қарсаңындағы халық көтерілістеріне арналды. Шаруа көтерілістерін «мемлекеттік экспроприация» мен келе жатқан аштыққа қарсы тұрған тұтас қауымдардың қарсылығы ретінде сипаттаған бұл авторлар дайындау науқандарына тоқталып жатпаған [13]. 1928 жылдың көктеміндегі астық дайындау науқаны себебінен аштыққа ұшыраған шаруалардың Талдықорған уезі Аралтөбе селосындағы көтерілісінің барысы Е. Стамшаловтың зерттеуіне арқау болды [14].

Дайындау науқаны туралы архив құжаттары күштеп ұжымдастыру, аштық мәселелерімен үндес деректер жинақтарында берілген [15]. Ресейде жарық көрген жинақтар бұрын құпия саналған құжаттарды ғылыми айналымға шығаруымен құнды [16]. Дайындау науқандарындағы өкіметтің күштеу шаралары жөніндегі құжаттар енгізілген «Қазақ ауылының трагедиясы» екі томдық жинағын арнайы атап өткен орынды [17; 29]. Соңғы кезде жарық көрген көлемді деректер жинағы ретінде «Ашаршылық. Голод. 1928–1934» деп аталған 3 томдық құжаттар жинағын атауға болады [18]. Тарихшы Б. Әбдіғали жауапты редактор болған жинаққа Қазақстанда және Ресейде бұған дейін жарық көрген, жоғарыда көрсетілген жинақтардағы құжаттармен қатар жаңа құжаттар да енгізілген. Жинақтың ғылыми жағынан рәсімделуінде бұрын жарық көрген құжаттардың қандай жинақтарда жарияланғанын көрсетпеуі кемшілік болған деп санаймыз. Мақаланың деректік негізін жарияланған құжаттар мен материалдар жинақтарынан басқа Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві (бұдан әрі — ҚРОМА), Қазақстан Республикасы Президент архиві (бұдан әрі — ҚРПА) деректері құрады. ҚРОМА-нің 5-қоры (Қазақстан АССР Орталық Атқару комитеті), 1380-қоры (ҚазАССР Юстиция халық комиссариаты), 1179 — қоры (ҚазАССР Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) жанындағы көшпелі және жартылай көшпелі қазақ тұрғындарды отырықшыландыру жөніндегі комитет), ҚРПА-ның 141-қоры (БК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті) деректері пайдаланылды.

Қазақстандағы дайындау науқанынынң барысынды шаруаларды қуғындау айрықша үлкен көлемде жүргізілді. Жаңа экономикалық саясат кезінде астық дайындау нарықтық тәсілдермен жүзеге асырылып келген еді. Алайда, 1927–1928 жылдары астық дайындаудағы жоспар орындалмай қалды. 1926–1927 жылдардағы жалпы астық дайындау жөніндегі жоспар 25290 мың пұт болып, ол меже 54910 мың пұт жиналып, асыра орындалған болатын. Ал 1927–1928 жылдарға арналған жоспар 28 700 мың пұт болған ал осы жоспардан орындалғаны 2307 мың пұт болған [7; 42]. Осы кезден бастап, партиялық және үкіметтік мекемелердің төменге жолдайтын бұйрықтары қатаң стилге ауысты. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы (БК(б)П) Қазақ Өлкелік комитеті бюросының 1927 жылғы 17 желтоқсандағы № 5 мәжілісінде Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы (ҚазАССР) сауда халық комиссары Кенжиннің астық дайындау мәселесін қарап, «Реттеуші ұйымдар мен көтерме сауда ұйымдары дайындау барысында саудахалкомның астық дайындау туралы нұсқауларын бұзған жағдайда немесе дайындау барысында бұзушылықтар байқалып жатса республика прокурорына бұл істердің қысқа мерзімде қаралуын тапсыра отырып, кінәлілерді жауапкершілікке тартылуына» қаулы қылды [19; 2]. Тарихшылар астық дайындауға байланысты саясаттың қатаңдауына И. Сталиннің өзі тікелей әсер еткенін көрсетеді. «1928 жылы 6 қаңтарда И. Сталин қол қойған нұсқау-хат астық дайындаудағы төтенше шаралардың басталуына нақты негіз жасады». Ал 7-қаңтарда Қазақ Өлкелік партия комитеті осы нұсқауға сәйкес қаулы қабылдады [7; 44]. Юстиция халық комиссариаты (халкоматы, ЮХК) іске көшіп, БК(б)П Өлкелік комитетінің жоғарыда көрсетілген 1927 жылдың 17 желтоқсандағы қаулысын орындау мақсатында және 1928 жылдың 7 қаңтарында БК(б)П Өлкелік комитетінің нұсқауларына байланысты жаңа тәртіп дайындайтынын хабарлайды. Дайындалатын құжат мәні ендігі жерде прокуратура мен сот-тергеу орындары астық дайындау науқанына белсене араласып, қандай да бір органдар тапқан заң бұзушылықтарды қудалап қана қоймай, өздері бастамасымен сондай кемшіліктерді табатын болады [20; 8]. Іле шала Юстиция халық комиссариатының (халкомы) орынбасары Ганиннің Жетісу губерниялық прокурорына 1928 жылдың 8 қаңтардағы жолдаған жеделхатында «Сіздің, губерниялық соттың саудахалкомның астық дайындауға байланысты нұсқауларын бұзушылар, бәсеңдетушілер, жүрдім бардым қарайтындарды тауып, бір апта уақытында жауапкершілікке тартуға белсенді қатысуға, партия органдарымен келісе отырып, салық төлемеу бойынша осындай істерді жүргізуге жеке жауапкершілігіңізді ескертемін. Телеграф арқылы апта сайын қозғалған істер санын хабарлап отырыңыз. Жеке бақылауыңызда болуы міндетті. Формализм, сөзбұйдаға салу кінәліларды орнынан алуға, сот жауапкершілігіне тартылуына әкеледі», — деген сөздер бар [20; 9]. Араға үш күн салып 11 қаңтарда Юстиция халкомы осы және басқа да конституция нормаларын аяқасты ететін жаңа циркулярын дайындап, таратады. Саяси басшылықтың тапсырмасын мүлтіксіз орындау үшін жолдаған бұл тапсырмадағы кейбір нормаларға кеңірек тоқтала кетейік. БК(б)П ОК, Өлкеком мен ХКК барлық партия және совет органдарының алдында «Одақтың биылғы жылғы шаруашылық жөнінен төтенше маңызы бар» астық дайындау науқанының тұрғаны айтылады. ЮХК елде бұған дейін жүргізілген шабындық және егістік жерлерді бөлу, Советтерді қайта сайлау, салық пен бағаны төмендету және т.б. сияқты қоғамдық-саяси науқандарда сот-тергеу және прокуратура аппараты алға қойған мақсаттың маңыздылығын жете түсінбей отырғанына назар аударады. Бұған дәлел ретінде бұл науқандардың кезінде юстиция органдары қозғаған істер төтенше елеусіз, олардың ішінде олардың өздері мұрындық болып қозғағандары одан да аз екені келтіріледі [20; 20]. Губерниялық прокурорлар (губпрокурорлар) мен губерниялық сот (губсот) төрағаларының жеке жауапкершілігін ескерте отырып, юстиция органдарына осы нұсқаулықты мүлтіксіз орындау талап етілді. Жүргізілген астық дайындау науқанында артық астық пен малды тәркілеу, айыппұл салу мәселелері РСФСР Қылмыстық кодексіне (ҚК) сай жүргізілді. Осы кодекстің 107-бабын астық дайындау науқанында пайдалану талабы заң органдарының алдына тағы бір қиыншылық туғызды. Бұл баптың негізгі мәні алыпсатарлыққа бағытталған болатын. Науқан барысында бұл бап астықты өткізуден бас тартқан шаруаларға қарсы қолданылды. Қазақстанда астық дайындау Сталин көрсеткен 107 бапты 2000 пұт және одан астам астығы барларға қатысты қолдану мүмкін болмады. Юстиция халкомы міндетін атқарушы және республика прокуроры Ганиннің БК(б)П Орталық комитетіне 1928 жылы 5 сәуірде жолдаған хатында Қазақстанның әртүрлі губернияларында сот органдары астық товарлары мен нан бағасын өсіру, алыпсатарлық мақсатта астық сатып алу үшін жаза көзделетін ҚК-ның 107-бабын қолдану әрқилы болып тұрғанын, РСФСР Юстиция халық комиссариаты мәліметіне қарағанда БК(б)П ОК Сібір үшін 2000 пұт белгілегенін, бұл мөлшердің Қазақтан үшін лайық келмейтінін көрсетеді. Осыны ескеріп Юстиция халкомы Өлкелік партия Орталық комитетінен астық сақтайтындарға қарсы репрессияға негіз болатын өлшемді шамамен болса да белгілеп беруін сұрайды. Өз кезегінде ЮХК Қазақстан губернияларын екі топқа бөлуді, біріншісіне Семей, Ақмола, және Қостанайды жатқызып, екінші топқа Ақтөбе, Орал, Сырдария және Жетісу губернияларын кіргізуді және бірінші топқа екінші топқа қарағанда жоғары мөлшер белгілеуді ұсынады. Ресми хат алысуларда федерацияны былай қойғанда Қазақстанның губернияларындағы 107 бап бойынша қудалауға негіз болатын қылмыс құрамына жеткілікті астық мөлшері әрқилы болатыны айтылды. Кеңестер Одағы сауда халық комиссариатының Қазақстандағы уәкілі, КАССР ішкі және сыртқы саудахалкомы Ұ. Құлымбетовтің Юстиция халкомы және прокурорға 21-сәуірдегі құпия хатында: «Саудахалкомы... Сырдария және Жетісу (губерниялары) үшін шараулардың тек қана 300 пұтқа дейін астық сақтауы 107-бап бойынша басқа қылмыс құрамы белгілері болмаса... бұл (107) бап бойынша жауапқа тартуға негіз бола алмайды», — деп көрсетеді [19; 80, 82]. Шаруалар үшін аса зәру тауарлардың орталықтан келуі де нашар жағдайда болды. Шаруаның қолындағы басы артық астықты товарға айырбастату жолға қойылмады. Тіпті шаруалардан тартып алынған астықтың ақысы да жөндеп төленбеді. Артық астық мөлшері қанша болатыны туралы ортақ өлшем болмады. Шаруалардың әлеуметтік жағдайына қарамай, ҚК-тің 107-бабы бойынша кей жағдайда орташалар, тіпті, кедейлер де жазаланды. Қазақстанның Юстиция халкоматы орталық санақ басқармасы, саудахалкомымен бірігіп, шаруалардың мүліктік категориясын анықтауды талқылады. Осы жұмыстың нәтижесінде 1928 жылдың 7-мамырында шаруа қожалықтарын ауқаттылығына қарай үш топқа: көп егісі барлар, орта егісі барлар, аз егістігі барларға жіктеуді ұсынды. Бірінші топқа 1000 пұтқа дейін астық өсіре алатын егіншілік аймақтар, екінші топқа 500 пұтқа дейінгі астық иелене алатын өңірлер, ал үшінші топқа 300 пұтқа дейін астық өсіре алатын губерниялар жатқызылды. Бұл өлшем бойынша Сырдария және Жетісу губерниялары үшінші топқа кірді [7; 54]. Шаруаларға қарсы репрессия барысында 107-баппен қатар жалпы мемлекеттік маңызы бар міндетті атқарудан бас тартқаны үшін жауапкершілік көзделген РСФСР ҚК-нің 61-ші бабы қолданылды. Астық дайындау

жайы 1928 жылдың сәуірдегі БК(б)П Орталық Комитеті мен Орталық Бақылау комиссиясының біріккен пленумында талқыланды. Астық жетімсіздігі туралы БК(б)П Орталық Комитетінің 1928 жылғы шілдедегі пленумында да сөз болды. 1928 жылғы салық осындай зорлық-зомбылық пен мемлекеттік деңгейдегі заңсыздықтың нәтижесінде жоғары көрсеткішке жетті. 18 қаңтарда Жетісу губерниялық комитеті (губком) құрамына губком хатшысы, губерниялық атқару комитеті (губатком) төрағасы, мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) бастығы кіретін жедел үштік құрды. Бұл «үштіктердің» заңсыз әрекеттері салдарынан еш кінәсі болмаса да сотқа беру, шаруаны сырттай соттау сияқты жазалау шаралары іске асырылып жатты. Зерттеушілер Қ. Жұмағұлов пен Б. Нұрпейісованың әділ атап көрсеткеніндей, «үштіктер тек кейін репрессия кезінде ғана пайда болып, халыққа күш көрсете бастайды десек, қателесеміз... «үштіктер» сол салық жинау кезінде халықты қорқыта-үркіту барысында барын тартып алу үшін құрылған болатын» [21; 185]. Астық дайындауды жеделдету үшін мұндай үштіктер 1928 жылдың қаңтарында Жетісу губерниясында да құрылды [2; 80]. Астық дайындау науқаны бойынша ірі кулактар мен астығы барларға қысым көрсету шаралары ойластырылды. Нан саудасын алыпсатарлықпен айналысатындар жазалануға жатты. Партия мүшелерінен артық астықты тапсырған-тапсырмағанын тексеріп, астық тапсырудан жалтаратын болса, партия мүшелігінен шығару міндеттелді. Астық тапсырудан бас тартқан ірі астық иелерін барлық түрдегі кооперативтерден шығарып, байкот ету арқылы қысым жасау жоспарланды. Өнеркәсіп товарларын тек астық дайындау науқаны аясында ғана сату көзделді. Ауыл шаруашылық машиналары да астық дайындау науқаны бойынша тек астық берушілерге сату ұсынылды. Жоғарыдағы қатал шаралардың бәрі 1929 жылғы 24 қаңтардағы Голощекиннің артық астықты алу бойынша жеделхаты аясында жүзеге асырылды. Бұдан бөлек 30 қаңтарда округтерге Голощекиннің ірі астық иелерімен күресу туралы тағы бір жеделхаты жолданды. Жетісу округтік партия комитеті бұл бойынша да қатаң шаралар атқаруға тапсырма берді [22; 309]. 1928–1929 жылдардағы астық дайындау науқаны Жетісу округі бойынша жылдық жоспары 2000 000 пуд болған. Жоспардың 1 миллион 834 пуды жиналып, 91,7 %-ға орындалды. Оның ішінде тұтыну коперациялары үлесі — 67,4 %, кооперациялар — 19,8 %, Астық одағы — 21,8 %-ды құрады. 1929 жылдың 25 шілдедегі БК(б)П Алматы округтік комитеті бюросында астық дайындау бойынша жоспардың орындалмауының басты себебі ретінде «кулак-бай элементтердің жоспарды орындатпауға бағытталған қарсылығы» көрсетілді [23; 19]. Астық дайындау бойынша жоспарды жергілікті

жерлерге жеткізу жұмысын айрықша көңіл бөлінді. Жергілікті жерлерге астық дайындау бойынша жіберілетін уәкілдерге арнайы нұсқаулық кеңестер өткізілді. Сондай 1929 жылдың 7 қыркүйегінде өткен кеңес жұмысына округтік барлық мекемелердің, прокуратураның өкілдері қатысты. Алманов төрағалық еткен нұсқаулық кеңестің өткізілуінің тағы бір себебі, астық дайындау жоспарының көлемінің 2300 мың пудқа көбейтілгені болды. Астық дайындау жоспарының көбейтілуі алдында ауылдарға жолданған жоспар көлемін ұлғайтуды талап етті. Уәкілдерге ауыл-селоның ауқатты кулак шаруашылықтарына қысым жасау тапсырылды. «Олардан, тіпті жоспар көлемінен артық болса да барлық товарлық артық заттарын алу керек. Бұл көбейтілген жоспар кемдігін толтыруға керек болады. Бай мен кулакқа қатысты репрессия жасаудан қысылудың керегі жоқ», — делінген кеңес хаттамасында [23; 24]. Село бойынша астық дайындау бойынша жоспар орындалған болса да, бай- кулактарға түк қалдырмай тонау туралы ашық тапсырма берілген кеңес жұмысына Алматы округі бойынша прокурор Темірбеков қатысып отырған еді. ОГПУ ЭКО бөлімі 1929 жылдың 5 қарашасындағы мәліметтеріндегі қуғындалған шаруалар көрсеткіші тым көп екенін көруге болады. Мұнда астық дайындау науқаны басталғаннан бері Алматы округінде ҚК-тің 58–10, 58–8 баптарымен қалаларда — 26, деревняда — 355 адам, ҚК-тің 61,107 баптарымен деревня кулактардан — 96, алыпсатарлардан 107 бап бойынша: қалаларда — 42, деревняда — 14, осы бап бойынша саудагерлерден қалаларда — 3, деревняда 1 адам тұтқындалғаны көрсетілген. ҚК-тің 110–111 баптары бойынша дайындау сауда мекемелерінің лауазымды тұлғалары мен жетекшілерінен 15 адам қамалған. Округ бойынша лауызымдылардың барлық категориялары бойынша қалаларда — 86, деревняда 146 адам тұтқындалған [24; 266].

Мал шаруашылығымен айналысатын аудандардағы астық дайындау науқанының тығырыққа қалай тірелгенін Іле өзенінің солтүстік жағалауы мен Шу өзенінің оңтүстік жағалауындағы көшпелі аудандардағы асыра сілтеушіліктерді түзеу тобын басқарып, жұмыс істеген О. Жандосовтың 1930 жылдың 13 мамырында ҚазӨлкеком мен ҚазОАК жолдаған ақпарында ашық сипаттайды. «Барлық аттары аталған ауылдар толық мал шаруашылығымен айналысатындар. Олардың ішінде егістік көлемі ең көбінің былтырғы жылы 81,5 десятина егістігі болған. Бұл Шоқпар ауданының № 1 ауылы. Сол себепті бұл ауылдарға ең ауыр сынақ астық дайындау болды. Бұл саладағы асыра сілтеулер биылғы жылғы егістік науқанымен үстемеленді. Көрсетілген ауылдардың барлығы егістік көлемінің қатаң тапсырмаларын алған: Қастек ауданының № 16 ауылы 237 гектар, Шоқпар ауданының № 1 ауылы 150 гектар, Шоқпар ауданының № 3 ауылы 96 гектар және т.б. Жоспарда әртүрлі дақылдар, тіпті темекі де бар. Егін суы жоқ тұздауыт жерлерде және өнім болатынына ешқандай сенімділік жоқ жерлерге себілді. Егін себу еріксіз қоғамдық міндеткерліктер аясында ұйымдастырылды. Егін себушілер әлі күнге дейін өз еңбектерінің нәтижесі кімге тиесілі екенін білмейді. Астық дайындау жоспары орташаның ауласына апарылды. Орындалу мерзімі 5–7 тәулік. Осыдан кейін астық базарында қарбалас басталады. Тары бағасы 7 сомға дейін көтерілді. Бидайды әр пұтына 10–12 сомнан алады. Астық дайындау жоспары бірнеше мәрте берілді. Бұл жағдайды одан бетер қиындатты. Малды сатып, астық алынды. Малдың бағасы төменгі шегіне дейін құлдырады — әр қойға 7–5 және 3 сом болды», — деп көрсеткен О. Жандосов. О. Жандосовтың көрсетуінше, тұқым қорын жинау кейбір ауылдарға астық дайындаудан да ауыр тиген. Тұқым қорын тапсыру жоспары ауыл шаруашылық салығынан босатылған кедейлерге де салынды. Кедей шаруашылықтар тұқым қорына 2,5–5 пұтқа дейін астық тапсырған. Жиналған тұқым қорының тек елеусіз бөлігі ғана көшпелі ауылдар еншісінде қалдырылып, қалған бөлігі қайтарымсыз ауданға берілген. Астық дайындау және тұқым қорын жинау науқандары нәтижесінде көшпелі ауылдарда «көрнекі шаруашылықтарды» тәркілеу мен жаппай айыппұлдар салу жүргізілді [25; 62-63]. Астық дайындау науқанының асыра сілтеудің сорақы көрінісі осы Іле ауданында орын алды. Мұнда астық дайындау науқанының уәкілінің өзі жазалау шарасының құрбаны болды. 1930 жылдың желтоқсанында ОГПУ-дің Іле аудандық аппараты уәкілінің көмекшісі Сұлтанбек Сәрсембаев арыз негізінде астық дайындау бойынша уәкіл Мұзахан Алпысбаевты тұтқындаған. Уәкілден жауап алу кезінде Сәрсембаев оны бірнеше мәрте соққыға жығып, 30 градустық суық қоймаға қамаған. Сәрсембаев Алпысбаевты Қаскелеңге жөнелтіп тұрып, айдауылға тұтқынды жолда атып тастауға бұйрық берген. Бұйрық мүлтіксіз орындалып, Алпысбаев жолда атылған. Оқиға барысын тергеу кезінде Сәрсембаевтың ешқандай дәлелсіз айыптап, көптеген кедей колхозшыларды тұтқындағаны белгілі болған. ОГПУ үштігінің үкімімен С. Сұлтанбаев тап жауының тыңшысы ретінде ату жазасына кесіліп, 1930 жылдың қарашасында үкім орындалған [22; 662].

Қазақстан КСРО құрамындағы өңірлердің ішінде астық өндіруші аймаққа жатқызылмаса да, жыл сайын 40 млн пұттан аса астық тапсырды. Астық тапсыру міндетті болып, халықтың қырылып жатқанына қарамастан, орталық астық дайындау барысын қатаң реттеп отырды. Бұны төмендегі кестелерден көруге болады*: Қазақстан бойынша жалпы астық көлемі:

Жылдар

Гектарынан алынған центнер

Барлық жиналған астық млн пұт

1930 ж.

Гектарына 7,3 центнер

46,8

1931 ж.

Гектарына 4,9 центнер

44,2

1932 ж.

Гектарына 3,7 центнер

40,8

1933 ж.

Гектарына 4,2 центнер

42,4

Қазақ АССР бойынша астық дайындау нәтижелері:

Жылдар

Жоспар млн пұт

Тапсырылғаны млн пұт

1929/1930 жылдар

4,1

37,8

1930/1931 жылдар

44, 9

40,7

1931/1932 жылдар

50,5

40,4

1932/1933 жылдар

40

41

*[2; 315].

   

КСРО көлемінде жаппай ұжымдастырудың басталуына орай БК(Б)П Орталық комитеті 1929 жылдың 20 желтоқсанында «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулы мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруаларының тағдырына кері әсер етті. Қаулыға сәйкес, «ірі ет өндіретін мемлекеттік совхоздарды» ұйымдастыру, колхоздардағы мал шаруашылығын дамыту, «ет өнеркәсібін жасау» сол үшін мал шаруашылығын өркендету маңызды міндет есебінде көрсетілді. Бұл қаулыда жекеше кедейлер, орта шаруашылықтардағы мал өсіруге ықпал ету маңызды саналғанымен, оның өнімділігі мен тауарлылығы төмен деп көрсетілді [7; 62-63]. Шаруалардың күштеп ұжымдастыруға қарсылық ретінде қолда бар малды союы мал дайындау науқанын қиындатты. Мал басының күрт кемуіне байланысты дайындау науқанында күш-көлік, асыл

тұқымды, жас төлдер де дайындала бастады. 1930 жылы бүкіл дайындалған еттің 30–35 %-і Москва мен осы облыстың өнеркәсіп орталықтарын қоректендірді. Еттің кемдігінен индустриялдық жұмысшылар үшін айына 4,4 кг ет нормасы енгізілді [26; 22]. Кеңес өкіметі ет проблемасын шешудің жедел дайындау және шарт жасасу (контрактациялау) жолын таңдады. Тегеурінді әкімшілік қысым мал дайындау науқаны барысында күшейіп кетті. Мұнда «соғыс коммунизмі» саясатымен үндес тәсілдерге жол берілді. Ет дайындаудың көлемі алдын ала тапсырмалар межесімен белгіленді. Бірақ бұл тапсырмалардағы мал көлемі шаруаларды қолында нақты бар малмен сәйкеспейтін. Осының кесірінен шаруашылықтарда бар сан басынан анағұрлым артық тапсырмалар түсе бастады. Мысал үшін Жетісу губерниясы Балқаш ауданында 183 мың бас ірі қара мал болса, мал дайындау бойынша түскен тапсырма 300 мың бас малға есептелген салғырт еді [5; 2]. Контрактацияның әсіресе көшпелі аудандарда жүргізілу механизмін О. Жандосов 1930 жылғы 13 наурыздағы көшпелі аудандардағы асыра сілтеуді жою жөніндегі жұмыс тобының ақпарларында нақты суреттеп берген. «Халық колхоздан қорқа бастады, — дейді ол, — Бұдан кейін контрактация бойынша агенттер келіп үлгерді. Жалпы мал басының өнімдерін контрактациялау, сол өнімдердің шығу нормаларын асырып көрсету арқылы іске асты (әрбір қойдың басынан 3 фунт жүн қырқу және жас мөлшеріне қарамастан әрбір түйеден 17,5 фунттан). Контрактация колхоз арқылы жүргізілді. Бұл халықты одан әрі шошытты. Одан кейін жаңа ұйымдастырушы және онымен бір мезгілде округтен қандай да бір бригада келді. Олар малды 80 % ортақтастыру мәселесін көтерді. Халық саудаласуды жөн көрді және ортақтастыруды 50 %-ға жүзеге асыруды саудаласып алды. Бұдан кейін ауданның жаппай ұжымдасқанына байланысты 100 % -дық ортақтастыру тапсырмасымен ұйымдастырушы келеді... Халық 80 % ортақтастыруды саудаласып алғанымен, оған жету мүмкін болмайды. Енді колхозда дауыс берудің орнына колхоз жиналысынан кетіп қалу басталады. Бұл уақытында алдын алмаса күрделі, зардаптары бар қарсылықтың басы» [25; 62]. 1930 жылдың 5 наурызынан кейін БК(б)П ОК хатшысы И. Сталинге жолдаған жабық хатында Ф. Голощекин бір-бірімен байланысты екі мәселеге тоқталған. Оның біріншісі, 1930 жылдағы шаруалар көтерілістері болса, екіншісі мал дайындау жайы. Республикадағы мал дайындау науқанын «өткір мәселе» деп көрсеткен Голощекин өткен 1929 жылдың 1 қазанына қарай Қазақстанда 7 млн бас ірі қара мал болғанын, бұл көрсеткіш қуаңшылық пен «жыртқыштықпен жоюдың» салдарынан азайып, 6 млн-нан аспайтын ірі қара қалғанын баяндайды. Қазақстандағы мал дайындау жопары 1400 мың бас, жалпы мал санының 25 %-ын құрайды. Бұл санға совхоздардың ет бойынша дайындауларын қосса, қолда бар малдың 30–35 %-ын құрамақ. Голощекин егіс науқаны кезінде күш-көлік малды союды кідіртуді және мал шаруашылығының міндеттерін, мүмкіншілігін есепке алып, мал дайындау жоспарын шешімді түрде қайта қарауды ұсынған [27; 11]. О. Жандосов барлық шаруашылық-саяси науқандардың қазақ

ауылында жүру механизмін нақты суреттеп береді. «Барлық міндеттерді шешудің кәдуілгі тәртібі былай болып тұр, — дейді ол — аудан тапсырма береді, ауыл белсенділері оны орындау тәсілін анықтайды, белсенділердің ұсынысы формальді түрде (кедейлер жиналысы деп айқындалғанымен, әр кезде әртүрлі құрамда жинала беретін) жиналыс өткізіледі, одан кейін белсенділер мен кедейлердің атынан шығарылған шешім өздерін мәселені талқылауға қатыстыру жөніндегі ешбір ишарасыз, орташаларға жеткізіледі. Бұйрықтарды орындау бойынша әрекет ауылдық кеңестен рулық топтарға (шаруашылық ауыл деген атауды бекітіп алған әрбір әкімшілік ауылда 3–5 адамнан болатын) жеткізіледі, осы негізгі рулық топтардан одан да ұсақ рулық бірлестіктерге, нағыз шаруашылық ауылдарға және олардан ары жеке шаруашылықтарға жеткізіледі. Көптеген орындаушылар, жиналыстар партұяшықтар, кеңестер және кедейлер ұйымын алмастырып кетеді. Бұл жағдайларда табиғи түрде кедейлердің ресми өкілдігі мен орташалар арасында мынандай қарым-қатынастар орнығады: кедей орташаны өзінің көмекшісі санайды, орташа формальді түрде өзінің мұндай рөліне қанағаттанушылық білдіреді, ал шын мәнінде кез келген кедей ұйымдары мен жиналыстары орташаны үрейлендіреді. Орташа кедейлер жиналыстарына қатыстырылмайды... Осылардың бәрінің нәтижесінде Шоқпар ауданының № 2 ауылындағыдай барлық көшпелі ауылдарда көтерілістердің алғышарттары пісіп жетілді» [25; 58–59]. «Көшпелі ауылдардағы партияның ықпалы мүлде жоқ. Мұндағы коммунист — партияда жоқ белсенділердің ішінде жұтылып кететін шын мәніндегі жалғыз. Шоқпар ауданының 10 көшпелі ауылында 3 нақты мүшесі, 13 кандидаты бар бір ғана партұяшық бар», – деп көрсетеді О. Жандосов. Көшпелі ауылдарда колхоздар ұйымдастырылғанмен, шын мәнінде бірде бір колхоз болмаған [25; 61].

1930 жылдың 27 наурызында Ақсуға басып кірген көтерісшілер ОГПУ Бүйен Ақсу ауданындағы тыңшылық мәліметтерімен қоса совет мекемелерінің іс-қағаздарын өртеп, бір кооператив дүкенін таратып, 23 белсендіні тұтқындаған. Тұтқындалғандардың ішінде ауатком төрағасы К. Баксин, халық соты К. Шымырбековтер болған. БК(б)П аупартком хатшысы Ибрагимов, колхоз председателі Тарасов және бір кеңес қызметкері қаза болады. Ақсуда құрамына Жанбаев, Қылиев, Шатырбаевтар кірген көтерілісшілердің штабы құрылады. Осы штаб тінту, кеңес қызметкерлерін тұтқындау туралы шешімдерді шығарды. Ақсуға басып кіргенде көтерілісшілердің қолында 20 винтовка, 100 аңшы мылтығы болған. Көтерісшілер ақ ту ұстап, «Кеңес өкіметі жойылсын!», «Комсомолдар мен коммунистерді соғыңдар!», «Салықтар, тұқым қорын жинау жойылсын!» — деген ұрандар көтеріп кірген. Ақсуға шабуылмен бір мезгілде 1930 жылдың 27 наурызында Қожахмет Әділбеков бастаған көтерілісшілердің тағы бір тобы оқ шығармай Сарқан ауданындағы Арасан селосын басып алды. Арасан тұрғындарының жиналысында көтерілісшілер жетекшілерінің бірі Қали Мәмбетов: «Кеңес өкіметі халықты қайыршылыққа, аштыққа алып келді, енді құртуға апара жатыр. Бүкіл Түркістан көтерілді. Айналаның барлығы көтерілісшілердің қолында, бізбен жүрулеріңіз керек», – деп мәлімдеген [8; 85]. ОГПУ отрядтары көтеріліске қатысқан шаруаларды ұстап, жауап алу барысында жаппай бас көтерулердің себебін үңіле зерттегені байқалады. Жоғары жаққа жіберілген жедел ақпараттарда кейде жергілікті жерлердегі асыра сілтеу көріністері де баяндалған. Бүйен Ақсу ауданындағы асыра сілтеулер жауапты партиялық-кеңес қызметкерлері тарапынан орын алған. № 14 ауылдың Қоянды шатқалында кедейлердің бір бөлігі ашығып жатқан кезде БК(б)П мүшесі, аудандық уәкіл Оспан Әділбековтің тапсырмасымен ауыл кеңес уәкілі, ол да партия мүшесі Шаймерден Құтқабаев тұқым қорын бермеген кедейлерді, астық бойынша тапсырманы орындамағандарды 3 күн ішінде тұтқындайтынын мәлімдеген. Осылайша 9 кедей тұтқындалған. Олардың 4-іне үш күн ішінде тұқым қорына құятын астықты тапсыру талап етіліп, 5-інің мал-мүлкі тәркіленіп, колхозға тапсырылатыны ескертілген. 28 ақпанда өткен жиналыста 18 шаруаның әрқайсысына 30–40 пұттан тұқым қоры үшін астық тапсырмасын берген Жамалиев атты уәкіл шаруалардан пара алған соң тапсырма мөлшерін 10–20 пұтқа төмендеткен. № 3 ауылдың кедейі Байболовқа тұқым қоры үшін 40 пұт көлемінде шамасы мүлде жетпейтін мөлшерде астық тапсырмасы берілген. № 10 ауыл кедейі Омарқұл Бұламбаев пен оның ағасына әрқайсысы 23 пұттан астық тапсыру міндеттелген. Тұқым қорын жинау жөніндегі жалпы жиналыста орташа шаруашылыққа 28 пұт, кедейлерге 10 пұттан тапсырма мөлшері қабылданып, екі күн мұрсат берген комиссия тапсырма орындалмаған жағдайда бір-екі шаруаны атуға дейін баратындықтарын ескерткен. ОГПУ қызметкері Ковалевтің ақпарларында Қызылағаштағы көтеріліс кезінде «Кеңес өкіметі, колхоздар, коммунистер жойылсын!» деген ұран көтерілгені айтылады [1; 164–165]. Шаруалар бас көтеруінің себептерін тек таптық негіздегі қарсылық деп түсінген Ф.И. Голощекин 1930 жылдың маусымында өткен Бүкіл қазақтық VII партия конференциясының есепті баяндамасында жергілікті ұйымдардың астық дайындау бойынша «жоспарды орындауы Қазақстанның бүкіл КСРО социалистік құрылысына қатысқанын білдіретінін» көрсеткен [28; 24].

Дайындау науқандарының ауырлығы шаруалардың босқыншылығын туғызды. ҚазӨлкеком хатшысы Кахианиге қаржы халкомы есеп және статистика бөлімі бастығы Шаймұхамедовтің 1931 жылдың 9 тамыздағы Қазақстанның 27 ауданынан келіп түскен мәліметтер негізінде берген мәліметтері бойынша, Қырғызстанға 1031 шаруашылық пен 33595 бас малмен, Қытайға 563 шаруашылықпен 2276 бас малмен көшіп кеткен. Есеп бойынша Қазақстаннан сыртқа 35597 шаруашылық пен 893074 бас мал кеткен [29; 1]. ОГПУ-дің құпия саяси бөлімінің 1931 жылдың қазандағы «Қазақстаннан Қытайға эммиграция туралы» арнайы анықтамасында «Қазақстанның Қытаймен шекара аймағында әртүрлі науқандарды (ең бастысы, ет дайындау бойынша) жүргізудегі асыра сілтеулерге, өнеркәсіп товарларымен жабдықтаудағы кемшіліктерге, халықтың кеңеске қарсы бөлігінің белсенділігінің артуына байланысты эммиграциялық көңіл-күйдің дамуы мен жергілікті халықтың Батыс Қытайға көптеп көшуі байқалады. Бұл қозғалыс бізге әлеуметтік жағынан жақын халықтың бөлігі — орташа, кедей және тіпті колхозшыларды да қамтып, кей жағдайларды жалпылық сипатқа көшіп отыр», – деп көрсетілген. ОГПУ құпия саяси бөлімі келтірген мәліметтерге сәйкес, 1930 жылы шекарада өтерде ұсталғандармен қосқанда арғы бетке кеткендердің саны 10636 адамды құраған. 1931 жылдың қазанға дейінге айларында толық емес мәліметтер бойынша шекарадан өткендер мен өтерде ұсталғандардың саны 15 мың адамнан асқан. 1930 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 1931 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көшіп кеткендердің саны 2686-дан 4377 адамға өскен. Қытайға кетушілер саны 1931 жылдың 2 тоқсанында 5 мыңға, 3 тоқсанда алты мың адамға жуықтаған. Тек 1931 жылдың тамыз айының 10 күні ішінде өтіп кеткендер мен өтерде ұсталғандар мөлшері 1 ауыл (саны белгісіз), 1066 шаруашылық, 1670 жеке өтушілерді құраған [16;

  1. . ОГПУ келтірілген мәліметтердің толық емес екенін мойындайды. Іс жүзінде босқындар мен көшуге дайын отырғандар саны бұдан әлдеқайда көп. Қазақ Өлкелік комитетінің шекаралық аудандар секторы Алматы округі кейбір совхоздарында «апатты жағдай» орнағанын суреттеген [30; 35]. Шекара аумағындағы кейбір аудандардағы босқыншылық көлемін арнайы тексергенде, жекелеген аудандар халқының 3/1 көшіп кеткені анықталған.

Қорытынды

1928 жылдан бастап Қазақстандағы астық және мал, шикізат дайындау науқандары шаруаларға қарсы репрессиямен бірге жүргізілді. Кейіннен саяси репрессияға пайдаланылған алғашқы «үштіктер» пайда болып, астық, ет, шикізат дайындау бойынша әскериленген басқару орнады. 1928 жылғы қуаңшылықтан туған жұт көріністері шаруалар наразылығын туғызды. Астық дайындау науқанының күштеп жүргізілуіне қарсылық ретінде 1928 жылы сәуір айының 18–24 күндер аралығында Талдықорған уезіндегі Аралтөбе селосында шаруалар бас көтеруі орын алды. Қазақстанда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатқан кеңестік аграрлық саясаты тығырыққа тірелді. Малынан, өндірген өнімінен күштеу арқылы айырылған шаруалар жоспар, астық пен ет дайындау науқандары, қатаң тапсырмалардан титықтап, амалсыз қарулы көтеріліске шықты. Мақалада жаңа зерттеулер, жаңа жарияланған деректер жинақтары, ҚРОМА, ҚРПА архивтерінің тың деректері негізінде шаруалар көтерілістерінің негізгі себептерінің бірінен саналғаны мемлекеттік астық және ет дайындау саясаты талданды. 1928–1931 жылдардағы астық, мал, шикізат дайындау науқанының Қазақстан шаруалары әл-ауқатына теріс әсері архив деректері негізінде қарастырылды. Астық, мал дайындау, шикізат бойынша жоспар, тұқым қорын жинау науқандары дағдарысының себептері мен салдары көрсетілді. Шаруаларды тонауға ұласқан дайындау науқандары шекара аудандарындағы қарулы босқыншылық туғызғаны, ОГПУ-дің жазалау шаралары демографиялық жағдайға, аштықтың тууына әсері нақты фактілермен көрсетілді. 1930–1931 жылдардағы халық бас көтерулерінің ұйымдасу сипаты, көтерілген саяси ұрандары, сипаты ғылыми сараланды.

Мақала «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағылымы (1920–1991 жж.)» ЖТН AP09259347 гранттық жобасы бойынша орындалды.

Әдебиеттер тізімі

  1. Турсунбаев А. Победа колхозного строя в Казахстане / А. Турсунбаев. — Алма-Ата: Казгосиздат, 1957. — 325 с.
  2. Турсунбаев А.Б. Великий перелом в сельском хозяйстве Семиречья / А. Турсунбаев. — Алма-Ата: Изд-во АН Казахской ССР, 1950. — 182 с.
  3. Дахшлейгер Г.Ф. Избранные труды / Г.Ф. Дахшлейгер. — Алматы: Изд-во «Елтаным», 2015. — 616 с.
  4. Жумабеков Ж. Ленинской дорогой. Руководство КПСС. Вовлечение трудового крестьянства Казахстана в

строительство социализма / Ж. Жумабеков. — Алма-Ата: Казахстан, 1973. — 288 с.

  1. Қолдан жасалған қасірет. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясының қорытындысы // Егемен Қазақстан. 1992. — 22 желтоқсан.
  2. Козыбаев М.К. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства / М.К. Козыбаев, Ж.Б. Абылхожин, К.С. Алдажуманов. — Алма-Ата, 1992. — 36 с.
  3. Омарбеков Т. 20–30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. / Т. Омарбеков. — Алматы: Санат, 1997. — 320 б.
  4. Алдажуманов К. Крестьянское движение сопротивления / К. Алдажуманов // Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. — Алматы: Арыс-Казахстан, 1998. — С. 66–92.
  5. Грациози А. Великая крестьянская война в СССР. Большевики и крестьяне. 1917–1933 / А. Грациози. — М.: Рос. полит. энцикл. (РОССПЭН), 2008. — 136 с.
  6. Огайон И. Седентаризация казахов СССР при Сталине. Коллективизация и социальные изменения (1928–1945) (пер. с фр. А.Т. Ракишева; сост. Б.М. Сужиков) / И. Огайон. — Алматы: Санат, 2009. — 365 с.
  7. Киндлер Р. Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане (пер. с нем. Л.Ю. Пантиной) / Р. Киндлер. — М.: Полит. энцикл., 2017. — 382 с.
  8. Камерон С. Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және кеңестік Қазақстанды орнату / Ағылшын тілінен аударған С. Батаева, З. Батаева / С. Камерон. — Алматы: 2020. — 304 б.
  9. Niccolò Pianciola, Adilkhan Zharassov Elusive rebels: researching the uprisingson the eve of the great famine in Kazakhstan (1929–1931) / Niccolò Pianciola, Adilkhan Zharassov // Bulletin-history.kaznu.kz, Journal of history. — 2020. — № 2 (97). — C. 30–43.
  10. Стамшалов Е. И. Аралтөбе көтерілісі: тарихы мен тағылымы / Е.И. Стамшалов // Электронный научный журнал «edu.e-history.kz». — 2020. — № 4 (24).
  11. Омарбеков Т. Голодомор в Казахстане: причины, масштабы и итоги (1930–1933 гг.): хрест. / Т. Омарбеков. — Алматы: Қазақ университеті, 2011. — 203 с.
  12. Трагедия советской деревни. Коллективизация и раскулачивание. 1927–1939: [В 5 т.]. — Т. 3. — Конец 1930–1933 / под ред. В. Данилова, Р. Маннинг, Л. Виолы. — М.: Рос. полит. энцикл. (РОССПЭН), 2001. — 1008 с.
  13. Трагедия казахского аула. 1928–1934: сб. док. / сост. А.С. Зулкашева. — Т. 1. — Алматы: Раритет, 2013. — 744 с.
  14. Ашаршылық. Голод. 1928–1934. Документальная хроника: сб. док. Т. 1.: 1928–1929, — 920 с.; Т. 2.: 1930–1931, — 1240 с.; Т. 3. 1932–1934, — 1028 с. / Отв. ред. Б. Әбдіғалиұлы. — Нур-Султан; Алматы: Атамұра, 2021.
  15. ҚРОМА. — Қ. 1340. — Тіз. 1. — Іс 173.
  16. ҚРОМА. — Қ. 1179. — Тіз. 1. — Іс 17.
  17. Жумагулов Қ.Т. Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының қаржы жүйесінің құрылу тарихы мұрағат құжаттары негізінде (1920–1932 жж.) / Қ.Т. Жумагулов, Б.Е. Нұрпейісова. — Алматы: Қазақ университеті, 2015. — 198 б.
  18. Трагедия казахского аула. 1928–1934: сб. док. / сост. А.С. Зулкашева. — Т. 1. — Алматы: Раритет, 2013. — 744 с.
  19. ҚРПА. — Қ. 141. — Тіз. 1. — Іс 2640.
  20. ҚРПА. — Қ. 141. — Тіз. 1. — Іс 2433.
  21. ҚРОМА. — Қ. 5. — Тіз. 21. –Іс 31.
  22. Осокина Е.А. Иерархия потребления. О жизни людей в условиях сталинского снабжения (1928–1935 гг.) / Е.А. Осокина. — М., 1993. — 144 с.
  23. ҚРПА. — Қ. 141. — Тіз. 1. — Іс 2948.
  24. Голощекин Ф.И. Казахстан в полосе социалистической реконструкции. (Отчетный доклад Казахского крайкома ВКП (б) на VII Всеказ. партконф.) / Ф.И. Голощекин. — Алма-Ата: Гос. изд-во РСФСР; Казакское отделение, 1930.
  25. ҚРОМА. — Қ. 5. — Тіз .20. — Іс 87.
  26. ҚРПА. — Қ. 141. — Тіз. 1. — Іс 2892.
Жыл: 2021
Категория: Тарих