Мақалада «ар» мен «ұят» ұғымдарының ағылшын және қазақ тілдеріндегі мағынасына салыстырмалы талдау жасалған. Қазақ мәдениеті үшін «ар» мен «ұят» ұғымдарының мәні барлық басқа ұғымдардан жоғары екендігі зерделеніп, бұл ұғымдардың қазақ тілінде синоним ретінде қолданылуының себептері анықталды. Ағылшын тіліндегі анықтамалық сөздіктер, Уильям Годвин, Адам Смит, Джозай Ройс, Эйнштейн, Чарльз Дарвин, Джордж Эдвард Мур және басқа да ойшылдардың ағылшын тілінде жазылған еңбектерін зерттеу негізінде ар-ождан мен ұяттың бөлек ұғымдар екендігіне дәлелдемелер қарастырылған. Егер ар-ождан адамның рухани әлеміне байланысты болса, ұят адамның сезіміне байланысты. Осыған орай, мақалада ар-ождан мен ұят ұғымдарының мағыналары ашылған. Бұл ұғымдардың адам өмірі үшін маңызы қандай, неге мәдениеттің бастауы ар мен ұяттан басталады деген сұрақтар төңірегінде ғылыми тұжырымдар негізделген. Адамдардың тіршілігі қандай болу керек деген мәселе бойынша ұлы адамдардың асыл ойларына талдау жасалған.
Кіріспе
Адам өмірге пенде болып жаратылып келген соң, белгілі бір қоғамда өмір сүреді, қоғам қандай болса да, оның белгілі бір моральдық-этикалық құндылықтары болады. Моральдық-этикалық құндылықтарды дұрыс түсіну арқылы адам қоғамда өзінің алатын рөлі мен мақсатын айқындайды. Мұндай құнды ұғымдарды меңгерудің қоғамды зерттеп қана қоймай, пенденің адами өмір сүріп, келешегін жоспарлауы үшін маңызы зор. Әлемнің барлық тілінде сан алуан әдебиеттерде жазылған моральдық ұғымдар мен адами құндылықтар ұғымын адам санасының дұрыс қабылдауына жол көрсететін герменевтика саласын атауға болады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «ұғым» дегенді «түсінік, мағлұмат, пайымдау» деп көрсетеді [1: 675]. Сондықтан герменевтикалық әдіс арқылы белгілі бір ұғымды дұрыс түсінуге, қажетті мағлұмат алуға, саналы пайымдауға қол жеткізуге болады. Мақалада моральдық-этикалық ұғымның ағылшын тіліндегі түсіндірмесін зерттеу ұсынылған. Моральдық-этикалық ұғымдарды зерделеу гуманитарлық ғылымдардың әртүрлі әдістерін және олардың бағыттарын, атап айтқанда этика, философия, психология, этнология, тарих, мәдениеттану әдістерін қолдана отырып, кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өткен жөн.
«Ар, ұят, сенім, ерік, шындық, өмір, тағдыр» т.б. сияқты пайымдау, ойлау тәсілі «мәңгілік» ұғымдарының призмасы арқылы пайда болады. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, бұл ұғымдардың әр халықта қабылдануы мен пайымдалуының өзінше ерекшеліктері болады. Сүріп отырған орта, атадан балаға келе жатқан салт-дәстүрлер қандай ұғымды болсын, адам жадына сіңіріледі. Қазіргі таңда қазақ қоғамындағы қордаланып жатқан көптеген мәселелердің негізгі себептерінің бірі мәдениет саласы дамуының ақсап жатқандығына тікелей байланысты екені белгілі. Моральдық құндылықтарды сақтау мәдениет саласының дамуының ең басты себепшісі болады. Мәдениеттің бастауы — ұят, себебі ар мен ұят жоқ жерде ешқашан мәдениет қалыптаспайды. Сол себепті «ар, ұят» ұғымының пайымдалуының басқа тілдегі көрінісін салыстыра қарастыруды мақсат етіп алдық.
Ар-ұят — жеке меншік және рухани құндылық ретінде адамдардың қарым-қатынасында және олардың қарым-қатынастарын бағалауда жиі қолданылатын түсінік [2: 413]. Қазақ тіліндегі
әдебиеттер күннен күнге сараланып, дамып жатқанымен, «ар, ұят» ұғымының пайымдалуы әлі де өз биігіне көтеріле алмай отыр, оның себебі әр автор бұл ұғымдарға әрқалай түсінік береді. Бұл аталған ұғымның қолданысы өте ауқымды екендігін білдіреді. Қазақ ұғымы ар мен ұятты өте жоғары бағалаған, «өлімнен ұят күшті» деп, адам арының таза болу керектігіне аса мән берген. «Ар, ұят»
*Хат-хабарларға арналған автор. E-mail: unisoversin@mail.ru
ұғымдарының мағынасы А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, М. Әуезов еңбектерінде кеңінен зерделеніп көрсетілген. Сонымен қатар қазіргі кездегі ғалымдардың еңбектерінде де аталмыш ұғым жан-жақты зерделенуде.
Осы мақаланың мақсаты ағылшын тілінде жазылған мәтіндердегі «ар-ұят» ұғымын талдау, қазақ мәдени дискурсында осы тұжырымдаманың ассоциативті моделін құру.
Зерттеу әдістері
Зерттеу үшін «ар-ұят» тұжырымдамасының құрылымын модельдеу, яғни ағылшын тілінде жазылған ұғымды пайымдау, ондағы ерекшелік пен ұқсастықтарды зерделеу үшін герменевтикалық әдіс пен салыстырмалы талдау әдісі таңдалды.
Абайша айтқанда, «надандықтың ұяты мен шын ұятты» ажыратып жатқан ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. «Өлімнен ұят күшті» десек те, нақты бір осы ұғымға анықтама табылған жоқ, өйткені «ұят, ар, ұждан, намыс, абырой, абиыр, мерей, құрмет» сияқты ұғымдардың барлығы бір деңгейде, бір түсінікте тұрған сияқты. «Ар, ұяты» сақталған қоғамға заңның қажеті жоқ, себебі ар жазасын ойлайтын адам қылмысқа бармайды. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда қылмыс жасаудың көбеюі — «ар, ұят» ұғымының санада дұрыс қабылданбай жатқанының салдары. Ағылшын мәтіндеріндегі ар, ұят ұғымдарын салыстырмалы түрде герменевтикалық тәсіл арқылы зерделеу қоғамдық мәдениеттің дамуына үлес қосары анық.
Ағылшын тіліндегі түсіндірме сөздіктер, орфографиялық сөздіктер, этимологиялық сөздіктер, философиялық сөздіктер және психологиялық сөздіктер мен қоса ғұлама адамдардың айтқан уәждемелері осы зерттеудің негізгі құралы болып табылады. «Этикалық ұғым» бұл қоғамның мәдени көріністерін, оның моральдық көзқарастары мен стереотиптерін көрсететін, құндылық элементін бағалайтын жоғары дәрежесі бар семантикалық бірлік болып табылады.
Нәтижелері мен оларды талқылау
Ағылшын мәдениетінің адами құндылықтары, жалпы пенденің адамгершілік ұстанымдары, адамның тәрбиелі болуы дейді. Тәрбиелі тұлға дөрекілік, ашкөздік, ластық, тез ашуланшақтықтан бойын аулақ ұстап, белсенділік, ұтқырлық, парасаттылық, романтикалық және қағылезділікпен өзін көрсете білуі керек. Қоғамда өмір сүріп жатқан адамға басқа адамдардың мазасын алмай, зиянын тигізбей күн кешуі міндет. Жеке тұлға, жеке өмір деген құндылықтар қатты сақталады, біреудің ашуына тиіп, оны ашуландырып, жеке тұлғаның көңілін түсіретін әрекеттер жасау — мәдениеттілікке жат құбылыс. Мәдениетті тұлға өзін қоршаған ортаны өтірік айтудан, алкогол өнімдерін асыра пайдаланудан, қоғамдық тәртіпті бұзудан сақтай білетін тіршілікпен күн кешіп, өз-өзін сақтау, денсаулықтың қадірін түсіне алатын, заңды сыйлайтын және табысты адам болып қалыптасуы шарт.
Тіл ғылымын зерттеген ғалымдар ең маңызды және күрделі тұжырымдамалардың бірі «ар, ұят» ұғымы деп көрсетеді.
Бұл ұғымның күрделілігіне ерекше назар аударылуының себебі, оның христиандық мәдениетіндегі маңыздылылығымен байланысты. Ағылшын тіліндегі «ар, ұят» ұғымын саралау арқылы оның ағылшын тілді мәдениеттегі ерекшеліктерін сипаттау ең оңтайлы болып саналады. Қоғамда адамға қатысты барлық саланы ар, ұятсыз іске асыру мүмкін емес, сондықтан бұл тұжырымдама өзінің қиындығымен, беймәлімділігімен барлық ғылымның өзегіне өзінің не жемісін береді, не салдарын береді. Ағылшын тілінде бұл ұғым грек тіліндегі «syneidos» деген, яғни «сана мен танымның бірігуі» немесе «білім мен ақылдың үйлесуі» деген мағынаны білдіреді [3: 336]. Діни мәдениет бойынша бұл ұғым «сана дауысы», «ақыл дауысы», «құдай дауысы» деп тұжырымдаланады [4: 82]. Қазақ тіліндегі «ар, ұят» сөздіктерде негізінен синоним ретінде көрсетіледі, себебі «ұят» сөзін іздесең «ар» ұғымына сілтеме аласың [5: 47], сондықтан алдымен осы қос ұғымдардың әрқайсысына жеке тоқталған жөн.
Қазақ тіліндегі сөздіктер ар мен ұятты синоним ретінде бергенімен, қазақ санасындағы «ар» ұғымының мағынасы тереңірек, кеңірек екені анық, бірақ қаншалықты терең екені беймәлімдеу. Қазақ ғұламаларының ішінде Ш. Құдайбердиев ұятты қозғамаған, ол ардың анықтығын айтқан. Ар ұғымын «жан», «құдай» қатарына кіргізген, демек, ар ұяттан тереңдеу құбылыс. Жоғарыда айтылған «conscience» ұғымын зерделей келе, бұл ұғымды «ар» деп аударуға болады, себебі ардың ұятқа қарағанда мағынасы кеңірек екенін 1-кестеден көруге болады. Ар дегеніміз — адамның сезімдік құбылысы, ақылы мен сананың бір бөлігі, ой мен сезім, адамның бір бөлігі, ішкі даусы, өмірлік танымы, қабілеті, тежеуіш күші, қасиеті және білімі. Бұл анықтамаларды жалпы пайымдағанда, ардегеніміз жалпы адамның адамгершілік қасиетінің жиынтығы, ар дегеніміз адамды адами жолға бағыт беруші деп айтуға болады.
1 -кесте
Ағылшын тіліндегі «conscience» ұғымының сөздіктегі анықтамасы
№ |
Автор |
«conscience» анықтамасы |
1 |
Cambridge Academic Content Dictionary [6: 191] |
Бір нәрсенің дұрыс істелуінің керек екенін және бір нәрсені істеу дұрыс емес екенін білу керек сезімі, егерде дұрыс емес нәрсені жасап қойсаң, өзіңді кінәлі санауға мәжбүрлейтін сезімдік құбылыс |
2 |
Meriam — Webster’s Advanced Learners English Dictionary [7: 345] |
Моральды түрде сіздің әрекетіңіздің дұрыс немесе бұрыс екенін білуге мәжбүрлейтін ақылдың бір бөлігі |
3 |
Macmillan English dictionary [8: 288] |
Сізге істеп жатқан ісіңіздің дұрыс, бұрыстығын айтып тұратын ой мен сезім |
4 |
Cambridge learner’s Dictionary [9: 141] |
Бір нәрсені дұрыс істемегеніңіз үшін өзіңізді кінәлі сезінуге мәжбүр қылатын адамның өзінің бір бөлігі |
5 |
Oxford Dictionary of Difficult Words [10: 92] |
Адам іс-әрекетінің дұрыс, бұрыстығын бағыттап отыратын адамның ішкі сезімі немесе ішкі дауысы |
6 |
Simon Blackburn [11: 74] |
Белгілі бір әрекеттің моральды түрде істелуінің қажет немесе қажет емес екенін білдіретін адамның танымы |
7 |
C. Stephan. Evans [12: 27] |
Моральды түрде адамның жасап жатқан әрекетін қолдайтын немесе қолдай алмайтын адамдық қабілет |
8 |
Nicholas Bunnin [13: 132] |
Адамгершілік қасиеттің ең маңызды бір көзі. Адамның белгілі бір әрекетіне моральдық түрде істеуге болмайтынын ескертетін туа біткен тежеуіш күш |
9 |
Robert Audi [14:110] |
Адам табиғатындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра отырып, жақсылық пен бақытқа жетелейтін шынайы қасиет |
10 |
Robert Audi [15: 897] |
«Синдересис» ұғымының синонимі, тек синдересис жалпы моральдық қағида немесе ереже болса, ар — жалпы моральдық таным немесе білім |
Сонымен қатар ағылшын тілінде «conscience» сөзіне синоним ретінде келетін «shame» деген ұғым бар, енді осы сөздің мағынасына үңіліп көрсек (2-кесте):
2-кесте
«Shame» ұғымының анықтамасы
№ |
Автор |
«shame» анықтамасы |
1 |
Cambridge Academic Content Dictionary [6: 863] |
Біреудің немесе өзіңнің жаман қылығы үшін өзіңді кінәлі сезініп, қысылатын қолайсыз сезім |
2 |
Macmillan English Dictionary [8: 1304] |
Біреуді кінәлі сезініп, қысылып, қызаруға мәжбүрлейтін сезім; Өзіңізге немесе біреуге деген сыйыңыз бен құрметіңізді жоғалтатын сезім; Біреуді екінші бір адамға қарағанда өзінің төмендеу екенін білдіруге мәжбүрлейтін сезім |
3 |
Longman Exams Dictionary [15:1407] |
Біреуді дұрыс еместігін айыптау арқылы қызартатын сезім, сол айыптау арқылы белгілі бір іс әрекетті солай жасауға мәжбүрлейтін сезім; Өзінің біреуден жоғары екенін есіне сала отырып, ұялдыратын сезім; Біреудің сіздің алдыңызда атақ пен абыройынан айрылғанын ұғындыра алатын сезім |
4 |
Nicholas Bunnin [13: 292] |
Кінә; Қоғаммен өзіңіздің құндылық стандартына сәйкес келмейтін кінәлі сезім |
5 |
Simon Blackburn [11: 157] |
Кінә, тек кінәнің айырмашылығы сіз істеген дұрыс емес ісіңіз үшін біреудің қаһарына ұшырайсыз, ал, ұятпен біреуге немесе өзіңізге жеккөрінішті боласыз, яғни, эмоционалдық жеккөрініш сезімі |
Жалпы алғанда, ағылшын мәтіндеріндегі «conscience» ұғымы қазақша баламасы рухани бостандық деген түсінікке жуықтайды, себебі ар дегеніміз адам бойындағы барлық ізгі қасиеттерден тұрады. Ар бұл тек жеке адамға қатысты нәрсе, ол — адамның санасы, оның қалауы мен жүрегі. Қазақ тілінде ар мен ұяттың ұғымын көбінесе бірге қарастырады, тіпті сөздіктерде екеуіне бір мағына береді. Ағылшын тіліндегі «shame» ұғымының мағынасы «ұят» түсінігіне сәйкес келеді, себебі кінәлі болғаннан, айыпты болғаннан, қысылғаннан, қызарғаннан пайда болатын эмоционалдық сезім.
«Shame» ұғымын «conscience» ұғымы сияқты философтар зерттемеген, егерде «shame» сөзін «ұят», ал «conscience» сөзін «ар» деп алатын болсақ, онда ұят ұғымының философтарға қатысы жоқ екенін аңғаруға болады. Ар адамның көзге көрінбейтін мүшесі немесе адамның ішіндегі құдайы дейтін болсақ, онда ұят деген не деген сұрақ туындайды. Қазақтың ойшылы Шәкәрім «ар» мәселесін көтереді де, «ұят» туралы оған қатыстығын айтпайды. Бұл ұят пен ардың екі басқа дүние екенін білдіреді.
Ар-ұят туралы діни, философиялық, ғылыми, құқықтық және заманауи көзқарастар бар. Көптеген философтар шынайы моральдық ар-ұят ақыл-ойды қолдануды талап етеді деп жазады, басқалары бұл объективті моральдық шындықтың түйсігі деп мәлімдейді. ХІХ ғасырда өмір сүрген философтар сананы толтыратын табиғи және объективті моральға, шынайы моральдық инстинктке сенуге бейім болды. Ал, ХХ ғасыр философтары моральдың мәдени және жеке салыстырмалылығын мойындауға бейім, олардың көпшілігі ақыл, эволюция және қоғам туралы ғылыми теорияларға негізделген дәлелдер келтіреді (3-кесте).
3-кесте
Ұлы ойшылдардың «ар, ұят» ұғымына берген анықтамасы
№ |
Автор |
«ар, ұят» анықтамасы |
1 |
2 |
3 |
1 |
Spinoza. Ethics [16]. |
Голландиялық философ Бенедикт де Спиноза өзінің философиялық қолжазбасында «ар, ұят» ұғымын «мәңгілік» деген ұғыммен пайымдаған. Адам беймәлім бір жақтан ақпарат алады, сол ақпарат арқылы адами шешімдер қабылдайды. Сол шешім пендені жаман әрекетке барудан сақтайды. Бұл дегеніміз мәңгілік құбылыс. Адам ешқашан мәңгілік болмайды, тек адамның жаны мәңгілік болады. Яғни ар, ұят дегеніміз — адамның жаны немесе ол адамның жанында болатын құбылыс. Қазақ тілінде «жаным қиналып тұр, жаным ашыды» деген тіркестер бекерге айтылмайды, себебі жан адамның ішінде және қиналып жатқан сол ішіңіздегі жан. Адамның жаны адам өмірге пенде болып келген соң, адами өмір сүруіне жауап береді, сондықтан адам жаман әрекеттерге барғанда, адамның жаны қиналады, себебі сол жан адамның әрекеттері үшін жауап береді. Тозаққа түсетін, тозақтың отына күйетін адамның өзі емес, адамның жаны. |
2 |
Richard L Gregory [17: 308]. |
Неміс философы Гегель адам баласының рухани бостандығы дегеннің не екенін барлық адам баласы ұғу керектігін айтады. Ар дегеніміз шынайы бір абсолют деп таниды. Ар, ұятты адам баласының ұғыну себебінің маңыздылығы пенденің өмірге адам болып келген соң, адам болып өмірден өту міндетіне байланысты. Егерде ар, ұятты адамның жанындағы құбылыс десек, сол ар, ұятпен адам бірігіп өмір сүруі керек. Ар, ұят адамға жамандық тілемейді, себебі ол — адами өмірге жауапты құбылыс. Ар, ұятпен санасып, ақылдасып өмір сүрсе, ол адами өмірдің шыңына жеткізеді. |
3 |
Joseph Butler [18: 71]. |
Джозеф Батлердің ар–ұятты Алланың адамға берген сыйы дей отырып, адамзат өмірінің табиғи бағыттаушысы деді. Адам мен жануардың айырмашылығы адамның жанында ар, ұяттың болуында, ал хайуанда болмайды. Ар, ұятпен бірге өмір сүре алмаған адам хайуанға айналып кететіні сондықтан болар. Өз ар, ұятына бағынбай өмір сүрген адамда бірте келе адамдық бейне ғана қалады. Қоғамда адам миына түсініксіз әрекеттерге барып жатқандар өз ар, ұятына бағынбай өмір сүргеннің әсерінен екені даусыз. |
4 |
John Selden [19]. |
Джон Селден өзінің әңгімесінде ар–ұятты жабайы жылқы деп айтты. Қолға үйретілмеген жылқыны үйрету, көндіру ары қарай адамның өзіне байланысты, армен бірге жүрсең жеңіске жетесің, ал оған кері жүрсең адамгершіліктен шығасың. Адам өз әрекетіне сыни тұрғыдан баға беріп отыру керек. Ары жоқ, ұятсыз адам өмірге келмейді. Сонда арсыз, ұятсыз адам қайдан шығады? Білім арқылы адамның санасы дамиды, санасы жоғары тұлға арсыздыққа бармайды. |
1 |
2 |
3 |
5 |
Kant I. [19]. |
Неміс философы Иммануил Кант өмірде өзінің қызыға да, түсіне де алмай жүрген екі құбылыстың бар екенін айтты, алдыңғысы аспан әлемі болса, ал екіншісі — менің ішімде тұрған белгісіз нәрсе. Бұл менің жеке көлеңкем, жеке «мен»–ім деп топшылады. Адамның сыртқы мені көзге көрініп тұр, ал, ішкі мені адамның сыртқы менінен мүлде басқа адам болуы мүмкін. Сондықтан өмірде алдау, арбау, сенімсіздік жағдайлар жетерлік. Адам өмірде өзінің сыртқы мені мен ішкі мені үйлесімділік тапқан кезде ғана, шын рухани бақытқа қол жеткізеді. Күнделікті өмірде болып жатқан өкініш, азап, уайым сияқты ұғымдар адам баласының өз жан дүниесімен келісім таба алмауынан болады. Ішкі менді түсіну — пенденің өмірдегі алғашқы мақсаты. Қартайған кезде пайда болатын өткен өмірге деген өкініш адамның ішкі менін кеш түсінуінен болады. |
6 |
John Plamenatz [20: 383]. |
Джон Пламенатц Руссоның жазбаларына талдау жасай келе, ар ұяттың адам өмірінде екі түрлі әрекеті бар деп айтты. Ол адам санасы мен құмарлығы арасындағы күрес және қоғам мен жеке тұлға ортасындағы арпалыстық күш, жалпы алғанда ар ұят ішкі күресу сезімі дегенді білдіреді. Өмірде барлық нәрсе жақсылық пен жамандықтан тұрады, ар, ұят адамды жамандықтан қорғаушы періште болса, жамандыққа итермелейтін шайтаны да болады. Сол періште мен шайтанның күресі адамдық биікке шығарады немесе хайуандық бейнеге айналдырады. Өмір — күрес, адами бейнені сақтап қалу үшін өмір бойы іштегі періштені аялап, мәпелеп, дем беріп, қолдау жасап отыру керек. Жамандыққа бой алдырған сайын сол періште әлсірей береді, жаралана береді де, әр адам өз шайтанын жеңе білсе, жеңіске жете алады. |
7 |
William Godwin [19]. |
Уильям Годвин ар–ұят дегеніміз адамның әртүрлі діни сенімдерге нанудың себебінен пайда болатын тежеуіші деп біледі. Қандай дін болмасын, ол адамды адамгершілік жолға түсуге бағыттайды. Ар, ұят адамды ізгілікке жетелеуші құбылыс десек, бұл дегеніміз — адамның ішкі құдайы деген сөз. Ішкі құдайды тану мен төбедегі құдайға нану — екі түрлі дүние. Адамгершілік адамнан наным арқылы емес, таным арқылы шығады. Наным жаманшылыққа тежеуіш болғанымен, егер ол танымсыз нанымнан пайда болса, қателікке ұрындырады. Сондықтан діни сенімдерге нанудан бұрын, танып барып нануды адамның ар, ұяты деп айтуға болады. |
8 |
Adam Smith [21: 15]. |
Адам Смит адамдар өз ар–ұятын қолдана білудің ең дұрыс жолы — адам өзін сыни тұрғыдан дамытуы қажет; адамның өзіндік сыни көзқарасы танымдық деңгейдің шыңына жетеді, сонда ғана ненің дұрыс, ненің бұрыстығын шынайы ажырата аламыз деп айтты. Адам әрқашан ізденісте болуы керек, сананы білім арқылы толықтыра отырып, дұрыс сыни көзқарас қалыптасады. Дегенмен, сол дұрыс сыни көзқарасты қалай дамытуға болады? Егерде тек білім арқылы десек, адамзат өміріне алапат қауіп тудырған атом бомбасын білімсіз ғалым ойлап тапқан жоқ немесе оқымаған адамдарды арсыз, ұятсыз деуге де болмайды. Ар, ұят — ішкі жан дүние мен сыртқы бейненің үйлесімділігі, ішкі үн, ішкі үн тыңдау мен түсіну. Атом бомбасын ойлап тапқан ғалым ісінің дұрыс емес екендігін білмейді емес, біледі, тек, ол ішкі жан– дүниесінің үнін тыңдағысы келген жоқ. Адам өмірді өзін танудан бастау керек, алдымен өзгені танып, соңынан барып өзін танығанша көп қателікке ұрынатыны сондықтан. Бала туғаннан бастап, «мен кіммін, маған не керек», «мен нені қалаймын» деген тәрбиемен өсуі керек. Қазақ тәрбиесінде бала санасы көбінесе «жұрт не айтады», «ата–анам нені қалайды», «елдің баласы не істеп жатыр» деп өседі де, адамда дұрыс сыни көзқарас қалыптаспайды. |
9 |
Dietrich Bonhoeffer [19]. |
Бонхеффер ар–ұятты адамның ішінде тұрған екінші адам, сол екінші адамның мақсаты бірінші адамды адамшылық жолдан тайдырмау, бірінші адамға моральдық тұрғыдан қауіп төнсе екінші адам оянып өз жұмысына кіріседі деген тұжырым жасайды. Мүмкін ар, ұят іштегі екінші адам шығар, әлде ол адамның жаны шығар немесе іштегі құдай шығар. Қалай болғанда да, ар, ұят адамға жамандық ойламайды, өйткені оның мақсаты адамды адамдық жолдан тайдырмау. Адамды жамандыққа жетелейтін — оның шайтаны, ал ар, ұят — адамның періштесі, сол періштені тыңдай ма, жоқ әлде шайтанға ере ме, ол — адамның өз еркінде. Өйткені адамда ерік бар, ерікті қолдану санаға байланысты. |
10 |
John K Roth (ed). [19]. |
Американдық философ Джосая Ройс ар–ұят дегеніміз адамның өзін рухани түрде тереңінен тануы, тану шындығы деп болжады. Ар, ұят — ең алдымен өзіңді тану, тану болғанда да, шынайы тану, тереңінен тану. Өмірде әркімнің өз шындығы бар, ненің дұрыс, ненің бұрыс істелу керектігінің ақиқатын шындығын кім біліп жатыр? Тану шындығына жету, шайтанға ермеу, адами жолмен өмірді сүріп, сол өмірден жылап емес, күліп кету — адамның ең бірінші мақсаты. |
Бір ерекшелігі, ағылшын мәдениетіне тән индивидуалистік көзқарас негізінде ар, ұят ұғымы дұрыс жағынан да, бұрыс жағынан да түсіндіріледі. Ф. Ницше алғаш рет ар, ұят ұғымына негативті түсінік берді. Оның пікірінше, ар, ұят адамды қинайды және қорлайды. Философ «таза ар–ұят» деп аталатын өтіріктің экстремалды дәрежесінің бар екенін ескертеді, ал жоғары моральдық ұғымды ұстанатын адамдар ар азабын сезіну арқылы өзін–өзі әділеттірек сезінетін айтты [22: 370].
Американдық журналист және сатирик Менкен Генри Луи «ұят дегеніміз ол сенің үйіңнен шықпайтын қайын енең» дейді [23]. Әрине, қайын ененің үйден шықпайтыны жақсы нәрсе емес және қайын енеңнің сенің үйіңе күнде келудің қажеті де жоқ, бұл дегеніміз ұяттың индивидуалистер үшін аса маңызды емес екенін көрсетеді. Ағылшынның әйгілі драматургі Оскар Уайлд ар–ұят ұғымымен қорқақтық ұғымы бір ұғым деп жазады. «Қандай да бір кінәлі іс–әрекет істесеңіз, сіз не адамнан не құдайдан қорқасыз, яғни сізді мазалап тұрған ұятыңыз емес қорқақтығыныз» деп ар–ұят ұғымының әлсіз түрін көрсетті [23]. Дегенмен ар, ұят ұғымын қорқақтыққа теңеу шындыққа жанаспайды, өйткені қорқақтық — белгілі эмоциямен келетін құбылыс. Алдымен адамда қорқақтық сезімі пайда болуы мүмкін, бірақ санаға түсіп, зерделенген соң ар құбылысы өз жұмысын атқарады.
«Ар, ұят» ұғымының негізгі айырмашылығы біздің мәдениетте мәдениеттің ұжымдық түріне, ал ағылшын мәдениетінде жеке тұлғаға қатысты фактімен байланысты болатындығында. Әйгілі философтардың тұжырымдамалары негізінде ар, ұят дегеніміз адамның жаны немесе ар, ұят адамның жанында болады, яғни адамды қинайтын адамның жаны болады. О дүниеде адамның жаны тозаққа түсіп, істеген кінәләрі үшін жауап береді, сондықтан адамның жаны сол азаптан қашу үшін алдын ала жұмыс жасайды. Тіпті кейбір деректер ар ұғымын адамның ішіндегі құдайына теңейді. Құдай адамның ішінде тұратын болса, онда көкте құдай жоқ болғаны ғой.
Қазақ қоғамында күнделікті өмірде «ұят болады, ұят болды, жұрт не дейді, елге қайтып қараймын» деген сияқты тіркестер көп. Мұндай тіркестің көптігі қоғамның ұжымдық мәдениетке толығымен кіріп кеткендігін білдіреді. Кейбір адамдардың ерекшеленіп көзге түсіп жатқанын соңғы кездері көбірек байқауға болады. Бұл адамдардың ұжымдық мәдениеттен индивидуалистік мәдениетке ауысуына талпыныс дегенді білдіреді. Дегенмен қазақ қоғамы сол тұлғаны ұжымдық мәдениетке қайтаруға барынша тырысады, барлық ақпарат желісі арқылы өз ойын білдіреді, айтады, жазады, сынайды. Үлкен топ қарсы болып тұрған соң, жеке мәдениеттегі тұлға амалсыздан ұжымдық мәдениетке қайтып оралады. Бұл ұжымдық мәдениетті бір жақты кем деп көрсету емес, сол ұжымдық мәдениет арқылы бауырмашылдық, жанашырлық, қамқорлық, бірліктік сияқты адамгершілік асыл қасиеттер қазақ қоғамын өзге қоғамдардан ерекшелендіреді. Алайда ұжымдық белгілі бір қағидалар адамның өміріне шеңбер құрады, сол шеңбер шын мәнінде дұрыс па әлде жоқ па, оған ешкім алаңдамайды, себебі оның дұрыс екені атадан балаға келе жатқан өсиет немесе міндет тәрізді. Тағы бір мәселе, бұл жағдайда адам өзін жеке тұлға ретінде жоғалтады, себебі ұжымдық мәдениет адамға рухани ерік бермейді. Үшінші мәселе, ар мен ұяттың шатасуы, біреуге «ұят болады» деп айтқан кезде, ол оны арлық санамен қабылдамайды. Жеке адамның өмірі, жеке тұлғаны түсіну жүзеге аспайды, себебі мұндай қоғамда бір сана болу керек. Өмірде болып жатқан өзін–өзі өлтіру (әсіресе жасөспірімдер арасында) қазіргі қазақ қоғамында алдыңғы орында. Оның көп себептерінің бірі адамның өмірде жеке тұлға ретінде өз–өзін жоғалтуы екені нақты дәлелденген тұжырым екені анық. Қазіргі таңда «ұятмен» деген терминнің шығуы да бекер емес, себебі жеке тұлға өзі үшін емес, жұрт үшін өмір сүруден шаршады. «Ұятмен» дегеннің дұрыс түсінігі, «өзгеге емес, алдымен өзіңе қарап ал» дегенді білдіреді, себебі біреуге «ұят болады» деп айтқанда, қоғамда эмоциямен ойын білдіру болып саналады, ал, шын мәнінде «ұят болады» деген тіркес сана мен танымнан шығу керек. Ұят дегеніміз — сезім немесе эмоция, ал, ар дегеніміз — таным мен сана. Белгілі бір әрекетті ұятқа жатқызбас бұрын, алдымен оны танымдық санамен ойлау керек, сыни тұрғыдан баға беру керек. Қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайдың көбісі, армен емес, ұятпен жұмыс жасаудың әсерінен болатыны анық. Ар ғылымның басты саласы болғандықтан барлық іс армен жасалуы керек, іс- әрекеттің армен емес, ұяттан шығып жатқаны мәдениеттің құлдыруына әкеліп соқтырады.
Индивидуалистік мәдениетте адам, ең алдымен, өзінің жеке мақсаттарына қол жеткізуді ойлап, соған сәйкес әрекет етеді, өзінің мақсаттарын қоғамдық мүдделерден жоғары қояды. Индивидуалистік мәдениеттегі «мен» ұғымы тәуелсіз тұлға, топсыз бірлік ретінде пайда болады, алайда сол жеке адам қоғамның негізгі бірлігі болып қала береді. Өмірде ең жаман нәрсе үлкен қоғамның ішінде адамның «мен» ұғымын жоғалтуы, бұл дегеніміз адамдар өмірде білгенін істей беру керек деген нәрсе емес. Ар деген сана мен таным болғандықтан, ардың жолына түсу оңай жұмыс емес, білімнің аздығынан адам өзін және өмірді тани алмайды, танымы жоқ адам сезімнің жетегінде болады. Танымдық деңгейі жоғары адамдар кезіндегі танымсыз адамдардың салған шеңберінен шыға алмайды, себебі қоғамда сол шеңберді аттап өтуге жол берілмейді.
Ұжымдастыруда, керісінше, топтың мүдделері басымдыққа ие, олар жеке мүдделерден жоғары болады. Ұжымдастыру мәдениетте адам өзінің қабылдаған шешімдері мен жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттерін өзінің қоғамдастығында қалай көрініс табатынына үлкен көңіл бөледі. «Мен» ұғымы топтың мүшелік призмасы ретінде қарастырылады, әлеуметтік сәйкестілік жеке тұлғаға қарағанда маңызды, ал әлеуметтік қабылдаудың негізгі бірліктері топтар болып табылады. Қай заманда болмасын, қазақ қоғамында ұят ұғымына қадірмен қараған, дегенмен «ұят болады» тіркесінің түп тамырын санамен, таныммен, жүрекпен зерделейтін уақыт жетті. Танымдық санамен шыққан ұят қазақ қоғамындағы мәдениетінің дамуына жол ашады.
Қорытынды
Ағылшын тіліндегі «ар» мен «ұят» ұғымдарының айырмашылығы екі түрлі нәрсе, «ұят» ұғымын психологтар зерттесе, «ар» ұғымы философтарға тәуелді. Ұят дегеніміз адамның сезімі, яғни, қызару, қысылу, масқарасы шығу сияқты адамның эмоционалды сезімдерін білдірсе, ар дегеніміз адамның танымы, өзін тануы, өмірді тануы, ол адамның жаны, құдайы. Егер ағылшын тілінде «ұятсыз адам» сөз тіркесі адамның қысылып-қымтырылмастан, беті бүлк етпестен істеген ісіне қарай айтылса, «арсыз адам» деген сөз тіркесі адамның санасыздығын, санасының төмендігін, құдайының жоқтығын білдіру, көрсету мақсатында айтылады.
Сонымен қатар «conscience» ұғымын екіге бөліп қарауға болады, «con», яғни алдау, арбау деген мағынаны білдірсе, «science» ғылым деп аударылады. Сондықтан дүниежүзі ғалымдарының аталған сөзге нақты тұжырым бере алмайды, себебі бұл алдау ғылымы болып тұр. Ғылым мен мен техника қаншалықты дамып, өмір сүру дағдысы қаншалықты жеңілдесе де, адамның бақытты өмір сүруінің кілтін бүгінге дейін ешкім тапқан емес. Бұл адамды тану ғылымының әлі де толық зерттелмегенін, көптеген сұрақтарға әлі жауап табылмағанын білдіреді. Қазақ ойшылы Шәкәрім үш анық бар деген тұжырым жасайды, бүгінгі күні адам үшін бір анық бар екені анық, ол анық — ардың бар болуы, ардың жан екендігі және оның құдай екендігі екенін түсіну.
Қазақ мәдениеті басшылыққа алатын ұятты түсіндірудің субстанциалды тәсілі үш аспектіні қамтиды: ар, ұят абсолютті ниет ретінде; ұят атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрлі фактор ретінде; ұят қарыз бен борышты орындау өлшемі ретінде. Барлық осы түсініктемелер жеке моральдық сана (субъективтілік) шегінен шығуды білдіреді. Алайда, еуропалық дәстүрлерге сүйене отырып, ағылшын мәдениеті ұстанатын индивидуалистік көзқарас арды автономды жеке мораль феномені ретінде түсінеді, бұл адамның өзінің адамгершілік қағидаларын басшылыққа алуға деген ниетінде көрінеді.
Әдебиеттер тізімі
- Қазақ әдеби тілінің сөздігі [Он бес томдық]. Т. 14: – Т – Ү. / Құраст.: М.Малбақов, Қ.Есенова, Б.Хинаят және т.б. – Алматы: Дәуір, 2011. — 800 б.
- Ляпин С.Х. Факт в пространстве бытия / С.Х. Ляпин. — Архангельск: Наука, 1996. — 413 с.
- Klein E. A comprehensive etymological dictionary of the English language / E. Klein. — New-York: Elsevier Publishing company, 1966. — 1776 p.
- Лютер М. Избранные произведения / М. Лютер. — СПб.: Андреев и согласие, 1994. — 430 с.
- Қазақ тілінің сөздігі. — Алматы: Дайк-пресс, 1999. — 776 б.
- Cambridge Academic Content Dictionary. — New-York, USA: Cambridge University Press, 2009. — 1143 p.
- Meriam — Webster’s Advanced Learners English Dictionary. — Massachusetts, USA: Merriam — Webster, Incorporated Springfield, 2008. — 1994 p.
- Macmillan English Dictionary for advanced Learners of American English. — Oxford: Macmillan Education, 2005. — 1664 p.
- Cambridge learner’s Dictionary. — New-York, NY: Cambridge University Press, 2002. — 768 p.
- Oxford Dictionary of Difficult Words. — Oxford: Oxford University Press, 2001. — 484 p.
- Simon B. Oxford Dictionary of Philosophy / Simon B. — Oxford: Oxford University Press, 2005. — 407 p.
- Stephan Evans C. Pocket dictionary of Apologetics and Philosophy of Religion / C. Stephan Evans. — Illinois, USA: Inter — Varsity Press, 2002. — 127 p.
- Nicholas B. The Blackwell Dictionary of Western Philosophy / Nicholas B., Juluan Y. — Carlton: Australia: Blackwell Publishing, 2004. — 766 p.
- Robert A. The Cambridge Dictionary of Philosophy / A. Robert. — New-York, USA: Cambridge University Press, 1999. — 1001 p.
- Longman Exams Dictionary. — London, England: Pearson Education, 2006. — 1883 p.
- On the Origin and Nature of the Emotions. Retrieved from https://en.wikisource.org/wiki/Ethics_(Spinoza)/Part_3.
- Richard G. The Oxford Companion to the Mind / G. Richard. — Oxford: Oxford University Press, 1987. — 1004 p.
- Joseph B. «Sermons» in the Works of Joseph Butler / Joseph B. — Oxford: Clarendon Press, 1896. — 464 p.
- Conscience. [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://www.wikiwand.com/en/Conscience.
- John P. Man and Society / P. John — London, England: Longmans, 1963. — 455 p.
- Adam S. The Theory of Moral Sentiments. Indianapolis / S. Adam — Indiana: Liberty Fund, 1984. — 412 p.
- Серебренников Б.А. Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира / Б.А. Серебренников, Е.С. Кубрякова, В.И. Постовалова. — М.: Наука, 1988. — 216 с.
- [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://eng.goodspot.ru/themes/37.