Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстанда тарих ғылымының тұжырымдамасын қалыптастыруда Орталық Азиядағы футувва қозғалысы мен ахилік институтының алғышарттарын зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері

Ортағасырдағы Орталық Азияның әлеуметтік-мәдени өмірінде күшті ықпалға ие болған футувва қозғалысының және ахилік институтының алғышарттарын зерделеу жұмысы Отан тарихының қомақты мәселелерін көтереді. Ғылыми метрикалық деректер базасында яссауийа мектебінің саяси, экономикалық ықпалы туралы мәселелер көтерген тарихи еңбектер жоқ дерлік аз. Қарапайым адамнан ел билеушілеріне дейін яссауийаға мүрид болғанын ескерсек, Түркістандағы мектептің саяси- экономикалық, рухани ықпалына тарихи талдау жасау іргелі зерттеулерге негіз болады. Негізгі зерттеу жұмыстары Отан тарихының сол кезеңін толыққанды құрастыруға және мемлекеттер арасындағы білім және ғылым, саяси-экономикалық, рухани бағыттардағы өзара ынтымақтастық салаларын жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Ортағасырлық Қазақстанда яссауийа жолы ерекше орынға ие болды. Бауырластықтың тұрақты қызметі үшін ханакалар жұмыс жасап, мүридтері Қожа Ахмет Яссауи сияқты қасық жонтуды кәсіп етті. Мүршид түркі халықтарының «піріне» айналды. Қыпшақ даласының мал шаруашылығымен кәсіби түрде айналысқанын ескерсек, әрбір түліктің де өзіндік «пірі» және ахилік институтында да әр кәсіптің «пірі» болды. Сондай-ақ институттың иерархиялық жүйесінде қолданылатын ұғымдардың көшпелі қазақтардың арасында қолданылғанын көреміз. Яссауийа шайхтары барған территорияларында жергілікті халықпен араласып, түркістандық сопылық мектепті дамытты, жаңа құрылымдар қалыптастырды. Осы мектептердің бірі ретінде пайда болған Анадолыдағы ахилік институты уақыт өте Жошы ұлысында да қызмет ете бастады. Сонымен ортағасырлық Қазақстанда көшпелі түркі халықтарының арасында футувва қозғалысының ықпалы айқындалып, Анадолыдағы ахилік институттың құрылуына түркістандық сопылық мектеп алғышарттар қалыптастырғаны дәйектелді.

Кіріспе

Бүгінгі Орталық Азияның территориясы ортағасырларда әлемнің ислами маңызды орталықтарының бірі болып, басым бөлігінде исламның түркілік жолы қалыптасты.

Ислам діні таралуының алғашқы ғасырларында пайда болған футувва қозғалысы бертін келе бұқаралық деңгейден көтеріліп, билік басындағыларды өз ықпалына алды. Сопылық бауырластықтар футувва қозғалысының дамуына үлес қосты. Бұл Орталық Азия территориясында да көрініс тапты.

Орталық Азияда Қожа Ахмет Яссауи түркі сопылығының негізін қалаушы, түркі халықтарының пірі атанды. Яссауи тариқатына тәуелденген шайхтар жер-жерге сопылықтың түркілік жолын насихаттау үшін таралды. Моңғол шапқыншылығы кезеңінде Түркістаннан көшкен халыққа көптеген яссауийа шайхтары рухани қолдау көрсетті. Олар барған жерлерінде түрліше аталып, түркістандық жаңа сопылық мектептерді қалыптастырды. Кіші Азияда футувва қозғалысы мен ахилік институтының қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосты.

Түркістандық түркі халықтарының арасындағы футувва қозғалысы мен анадолылық ахилік институттың алғышарттарын айқындау нәтижесінде яссауийаның жергілікті жердегі саяси, экономикалық деңгейдегі орнын анықтауға мүмкіндік туындайды. Бұл халықтың сол кезеңдегі ұйымдасуын, шаруашылық ахуалын көрсетеді. Сондықтан ясаауийа тариқатын діни көзқараста ғана емес, тарихи тұрғыда талдау негізінде ортағасырлардағы түркі халықтарының арасындағы саяси, ғылыми, мәдени, діни және экономикалық салалардағы нақты байланыс ашылады.

Қазақстандық ғалымдардың «футувва» қозғалысы, «ахилік» институтының алғышарттары және ясаауийа тариқатының қазақ тарихымен байланысы туралы жазылған еңбектері ғаламтор желісіндегі ғылыми метрикалық мәліметтер базасында кездеспейді. Сондай-ақ шетелдік ғалымдардың еңбектері де көп емес. Бұған тарихи дереккөздердің тапшылығы да септігін тигізгені анық.

Дегенмен Қазақстанның ортағасырлық кезеңіндегі тарихты тұтастай қалыптастыру үшін бұл тақырыптың өзектілігін түсініп, зерделеу қолға алынды. Бұл мәселенің Отан тарихы ғылымында нақты ғылыми зерттеу жұмысы ретінде көтерілмегенін назарға алсақ, зерттеуіміздің нәтижелері жаңашыл болары сөзсіз деп білеміз.

Сонымен зерттеу жұмысының мақсаты яссауийа сопылық бауырластығының жергілікті жердегі саяси, рухани және экономикалық тұрғыдағы ықпалын айқындауға бағытталып, Орталық Азиядағы соның ішінде қазіргі Қазақстан территориясындағы «футувва» қозғалысы мен «ахилік» институтының алғышарттарын айқындауды міндет етеді.

Тарихнамасы, зерттеу әдістері.

Жоғарыда атап өткендей, тақырып бойынша жарық көрген еңбектердің басым бөлігі түркиялық ғалымдардың зерттеу жұмыстары болып табылады. Түркияда жыл сайын арнайы симпозиумдар өткізіліп отырады. Алайда олардың барлығының тақырыбымызға тікелей қатысы жоқ.

Тақырыпты ашуда ахилік институтының әлеуметтік-мәдени мәселесі бойынша И. Дурак, А. Юджелдің, Осман империясы кезеңіндегі яссауийаның көрінісі тақырыбында Х. Арсланның жұмыстары пайдаланылды.

Сондай-ақ ресейлік, әзірбайжандық, өзбекстандық тағы өзге елдердің ғалымдарының ғылыми жұмыстары кездеседі. Түркиядағы ахи ұйымының дәруіштері бойынша жазылған алғашқы зерттеулердің бірі ретінде В.А. Гордлевскийдің 1927 жылы жарық көрген еңбегін атап өтуге болады [1: 1171–1194]. Бұл шығарма қазіргі кезеңдегі көптеген зерттеу жұмыстарының құнды дереккөздерінің бірі болып отыр. Еңбекте Ахи Евран және ұйымның қызметі туралы құнды деректер беріледі.

Тақырып аясында Татарстандағы Марджани институтының ғылыми қызметкері М.Р. Шамсимухаметованың «Алтын Орда территориясындағы ахилік ұйымы туралы» еңбегін атап өтуге болады [2: 40–52]. Зерттеуші мақаласын Шихаббандин ас-Сухравардидің еңбегі негізінде зерделеген. Өзбекстандық зерттеуші М.А. Омонованың магистрлік диссертациясында А. Навоидің шығармаларындағы футувва мәселесі туралы жазылған [3: 75]. Футувва, ахилік туралы кейбір құнды деректерді ұсынған. Отандық ғылымда осы тақырып аясында еңбектер өте аз, негізгі зерттеулерді дінтанушы, философ Д. Кенжетайдың «Яссауи түсінігіндегі ахиліктің алғышарты туралы» [4; 47–61] және филолог-ғалым Е. Есбосыновтың қазақтардағы ахилік дәстүрдің көрінісі бойынша жазылған мақаласын атап өтуге болады [5: 173–183]. Зерттеуші Е. Есбосыновтың еңбегінде ахилікте кездесетін ұғымдардың қазақ тілінде қолданылуы қарастырылған. Ғалымның пікірінше, Анадолыда пайда болған ахилік институтының негізі Түркістанда қаланған. Алайда тақырып бойынша тарихи талдау жасалған тарихи зерттеу жұмыстарын жоқ деуге болады.

Зерттеуші Аскер Ахмет өзінің тарихи-этнографиялық монографиясында «футувва», «ахилік» сөздерінің этимологиясын талдайды. Ғалымның еңбегі «XII—XV ғасырлардағы Әзірбайжанның рухани мәдениеті» деп аталып, монографияда ахилікті жеке қарастырады. Орта Азиядан Балқандарға дейінгі кең территорияда жайылған жаңа құрылымдардың бірі ахилік екенін айтып, ахиліктегі шырақ—шәкірт—ұстаз қарым-қатынасы, институттағы түрлі рәсімдер туралы ақпарат ұсынады [6: 368].

Ибрахим Дурак, Атилла Юджелдің «Ахиліктің әлеуметтік экономикалық әсерлері мен қазіргі көрінісі» атты мақаласы өзіндік жаңа ой береді [7: 151–168]. Зерттеушілер ахилік институтын талдай отырып, оны сонау көне түрік кезеңімен, түрік дүниетанымымен байланыстыруға тырысады. Нақтырақ айтқанда, Орхон ескерткіштеріндегідей түркі халықтарында билеуші мен халықтың арасында артық немесе кем сипатында ешбір айырмашылықтың болмауы, қағанның негізгі міндеттерінің бірі халыққа қамқор болып, ашты тойындыру, жалаңашты киіндіру болатыны, соның ішінде халықпен үйлесімде болып, халықтың келешегін ойлауы қажет еді. Ал «Құтты білік» дастанында билеушілердің ұзақ уақыт бойы билеуі үшін заңды дұрыс қолдануы, халыққа мейірімділік танытып әділдікпен басқаруы керек. Бұл ерекшеліктің бәрі ахилік институтындағы иерархиялық жүйеде көрініс тапқан еді.

Ғалым А.Я. Оджак «Футувватнаме» атты мақаласында «футувва» түсінігін алғаш қолданылған Мухаммед ибн Хусайн ас-Суламидің (қ.б. 412/1021 ж.) «Китаб ул Футувва» атты еңбегі екенін, ал футувва ұйымының қағидаларын қамтитын шығармалар — «футувватнамалардың» XIII-XIV ғасырлардан бастап жазылғанына тоқталады [8]. Орыс шығыстанушыларының қатарында Н.С. Лыкошин Түркістан өлкесін соның ішінде, сопылықты зерделейді. Оның еңбегі ғылыми еңбектен көрі мәлімдемеге ұқсайды [9: 412].

Түркістандағы ясаауийа сопылығы туралы құнды мәліметтерді Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» атты еңбегінен алуға болады [10: 32]. Сонымен қатар түркі сопылығының қазақ мәдениетіндегі орны туралы зерттеу жұмыстарының нәтижесін З. Жандарбек «Қ.А. Иассауи және қазақ мәдениеті» атты мақаласында қарастырады [11: 3–8]. Түркі тарихындағы алғашқы

мутасаууфтар туралы алғаш еңбек жазған түрік ғалымы Ф. Көпрүлү болатын. Ол яссауийа тариқаты туралы деректерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізді [12: 415].

Ал өзбекстандық ғалым О. Усмон «Вахдат шаробин ичдим» атты мақаласында Яссауиден қол алған кішігірім тариқаттар туралы мағлұмат береді [13: 133–142]. Орталық Азиядағы сопылық

бауырластықтар бойынша ауқымды зерттеу жүргізген америкалық ғалымдардың арасында Д.Ди Уис өзінің тың еңбектерімен ғылыми ортаға танымал. Ол яссауийа мен нақшбандийаны салыстыра зерделейді [14: 210–270]. Түркі сопылығындағы яссауийа мен бекташийаның байланысына туралы түркиялық ғалым А. Пала да өз еңбегінде айтып өтеді [15: 229–237]. Сонымен қатар Х. Арсланның «Анадолыдағы яссауийаның көріністері» атты мақаласында яссауийаның Кіші Азиядағы сопылық мектептері туралы деректер берілген [16: 91–107]. Анадолы жеріндегі түркістандық жаңа мектептер туралы зерттеулер жүргізген М. Услу еңбегін атап өтуге болады [17: 49–55]. Бұған қоса яссауийаның Үндістан жеріндегі мектептері туралы деректерді И. Гүндүздің мақаласынан кездестіреміз [18: 189– 196]. Негізгі зерттеу жұмысымызда Ахмет Яссауи және яссауийа жолы туралы сенімді мағлұматтар беретін дереккөздердің бірі сопы шайхы Ахмет Хазинидің шығармалары болатын. Ахмет Хазинидің еңбегін ғылым әлеміне алғаш танытқан М. Көпрүлү болса, «Cevâhiru’l-Ebrâr Min Emvac-ı Bihâr» атты туындысын аударма жасаған түрік ғалымы Дж. Окуюджу болатын [19: 220].

Отандық ғалымдардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи мен тариқаты туралы көптеген ғылыми зерттеу еңбектерін жариялаған яссауитанушы, дінтанушы ғалым Д. Кенжетайдың еңбектерімен қатар [20: 341], осы тақырыпта тың мәліметтер ұсынатын түркиялық ғалымның бірі Е.Джебеджиоглуның да еңбектерін айтуымызға болады [21: 97–142].

Ғалым Г.А. Федоров-Давыдовтың «Алтын Орданың қоғамдық құрылымы» атты еңбегін осы кезеңді ашатын іргелі ғылыми зерттеулердің бірі ретінде айтуға болады. Мұнда, әсіресе, қалалық әкімшілік, билік құрылымы, өмір сүрген әлеуметтік таптар, жалпы қоғамның құрылымы, көшпелілердің шаруашылығы, көшпелі тайпалардың немесе билеушілердің отырықшылыққа және қала өміріне бейімделуі сынды тақырыптар көтерілген болса [22; 178], осындай құнды, ұқсас

тақырыптарды зерттеуші Б. Шпулердің «Алтын Орда. Ресейдегі моңғолдар» атты еңбегінен кездестіруге болады [23: 500]. ХХ ғасырдағы Татарстан мен Орта Азиядағы ислам діні, сопылық қозғалыстар туралы зерттеу жүргізген Т. Зарконенің де еңбегін атап өтуге болады. Ғалым Орта Азия территориясындағы XVIII ғасырдан кейінгі дәуірлердегі сопылық тариқаттар, олардың қызметі туралы маңызды деректер ұсынады [24: 47–61].

Зерттеу тақырыбын ашуда тарихи зерттеу әдістері кешені қолданылды. Соның ішінде дереккөздердегі мағлұматтардың шынайылығы мен сенімділігін зерделеуде сыни талдау жасалды. Салыстырмалы-тарихи талдау арқылы дереккөздердегі мағлұматтар талданды. Футувва қозғалысы мен ахилік институтының алғышарттарын айқындауда Жошы ұлысы, соның ішінде Дешті Қыпшақтағы яссауийа тариқатының мазмұны, таралу аймағы мен ықпалы Анадолыдағы ахилік сопылық бауырластығының шығу төркіні, мазмұны мен тарихы салыстырылды. Шайхтардың өмір сүрген кезеңдері мен тәуелденген салалары зерделенді.

Футувва қозғалысының, ахилік институтының түркістандық территориядағы алғышарттарын ашатын мағлұматтар өте аз. Тақырыпты ашу үшін шетелдік зерттеушілердің еңбектері пайдаланылды.

Ретроспективті әдісті қолдана отырып, ортағасырлық Түркістандағы сопылық бауырластықтың рухани, саяси, экономикалық тұрғыда қызметі зерделенеді. Осы тақырыпты ашуда оқиғалар желісінің логикалық сабақтастығын құрастыру үшін жүйелендіру әдісі қолданылады.

Нәтижелері мен талқылау

Зерттеу тақырыбы аясында еңбектердің басым бөлігі шетелдік ғалымдардың зерттеу жұмыстары болып табылады. Мақалада футувва, ахилік ұғымдарына, осы құрылымдардың шығу тарихына тоқталып, одан кейін түркістандық түркі сопылық мектебімен арасындағы байланысты ашуға тырысамыз.

Зерттеуші Аскер Ахметтің тарихи-этнографиялық монографиясында қарастырылғандай, «футувва» сөзінің этимологиясы мен тарихы ислам діні таралуымен тығыз байланысты шықты. Автор исламның алғашқы ғасырларында-ақ Сирия, Ирак, Иран, Әзірбайжан, Түркістан, Андалусия, Солтүстік Африка, Египет т.б. жерлерде «жомарттық» пен «ерлікті» сіңірген «футувва» қозғалысы пайда болғанын атап өтеді. Қозғалыс территорияларға қарай әртүрлі атауларға ие болып, халықтың құрметіне бөленген болатын. Автордың пікірінше: «жекелеген халықтарға тән қаһармандық және футувва дәстүрлерінің негізінде жаңа типтегі институттар пайда бола бастады. Жаңадан қалыптаса бастаған институттардың бірі — «ахилік» кейінгі кезеңде Орта Азиядан Балқанға дейінгі территорияда әсіресе, түрік халықтарының арасында кең таралды [6: 151]. Осындай пікірлерді өзге ғалымдардың еңбектерінен де кездестіруге болады. Яғни ислам таралуының алғашқы ғасырларында пайда болған және жас қолөнершілер ұйымдастырған «футувва» қозғалысының жалғасы немесе түрленген түрі ретінде қарастыратын И. Дурак, А. Юджелдің еңбектерінде «футувва исламның ықпалымен тайпалық өмірден отырықшы өмір салтына өту кезеңіндегі араб қоғамында орын алған «қонақ жайлылық», «жомарттық», «ерлік» сияқты түсініктерге сәйкес келеді. Түріктердің отырықшы өмір салтына көшуінде әсіресе, ұсталардың арасында «футувва» ұйым ретінде қабылданып, «ахилік» пайда болды» [7: 152], — дейді.

Сонымен қатар бұл қозғалысты ортағасырлық Шығыстың «рыцарлық» ұйымы ретінде түсіндіруге тырысатындар да жоқ емес. Соның ішінде В.А. Гордлевский: «футуввадағы салт, рәсімдердің кең таралғаны соншалықты, крест жорықшылары Сириядан Европаға өзімен алып кеткен болатын. Мәселен, бауырластыққа қабылдау рәсіміндегі иыққа ұру рыцарлыққа қабылдаудағы семсерді иыққа тигізумен байланыстырылды», — дегенді айтады [2: 42].

Өзбекстандық зерттеуші М.А. Омонова өзінің магистрлік диссертациясында бұл қозғалыстың Х ғасырда Хорасан және Мауереннахрда қалыптасқанын айта келіп, бауырластық мүшелері өзара тату, жамағат болып өмір сүріп, қолөнермен айналысқан дейді. «Ахи» — «аға/іні» (яғни туысқаны, бауыры) деген мағына беріп, оның тариқаты, кәсібі — «футувва», — деп жүргізілетін [3: 10], — деп айтса, ресейлік зерттеуші М.Р. Шамсимухаметова «футувва» мен «ахи» сөздерінің синоним екенін жазады [2: 41].

Жалпы «ахи» сөзі, ұғымы парсы немесе араб яки түрік сөзінен шықты деген түрлі жорамалдар бар. Алайда ұйым қызметінің мазмұнына келгенде зерттеушілер бірізді пікір білдіреді.

Жалпы ұғымның шығу тегі бастапқы «футувватнамаларда» хазіреті Адамнан басталып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды қоса алғанда барлық пайғамбарлардың сипаттарымен түсіндірілетін болса, ХІІІ ғасырдан кейін, әсіресе ахилік институтында «бұл түсінік хазірет Алимен байланыстырылды.

Сонымен ерте ортағасырларда «футувва» — «жомарттық», «ерлік» деген мағына беріп, ислам елдерінде қозғалыс тұрғысында (бауырластық, ұйым ретінде қарастыруға да болады) көрінді. Қозғалыс мүшелері өз ішінде белгілі бір қағидаларға тәуелденіп, халық арасында жомарттығы, кішіпейілдігі, ерлігі және адалдығымен көзге түсті, әртүрлі кәсіп иелерінен құралды. Рухани пірге қол беріп, ұстаздың алдында ант қабылдағаннан соң, мәрттік белдігін таққан қозғалыстың «мүшесі» өмір бойына сол жамағатқа адалдық танытты, жамағат мүддесін әрқашанда жеке өмірінен жоғары қойды. Бауырластыққа жаңадан қабылданған жас жігіт — «бала», оған белдік таққан ұстазы — «ата» делінді [3; 10]. Футувваның мүшелері тек қолөнершілер емес, оның қатарында ел билеушілер, уәзірлер, мемлекеттік қызметтегілер де болды. Уақыт өте аса ірі саяси ықпалды ұйымға айналды.

Ғалым А.Я. Оджак алғашқы «футувватнама» Аббаси халифасы — ан-Насрдың халифаттың беделін көтеру мақсатында Шихаббандин ас-Сухравардиге (қ.б. 632/1234 ж.) тапсырыс бойынша жаздырған «Рисалат ул футувва» екенін айтады. Деректерді негізге алатын болсақ, ас-Сухравардидің жоғарыда аталған еңбегі футувва ұйымының ережелерін қамтитын жазбаша «футувватнамалардың» бастауы болды.

Деректерде «ахилік» институтының негізі Анадолыда Ахи Евран жетекшілігінде қаланғаны баяндалады. Ол жерде шайхтың негізгі есімі — Махмуд болып, «Ахи» деген «бауырластықпен», «Евран» деген «жыланға» байланысты берілген лақап екені айтылады. Ахи Евран туралы мынадай оқиға кездеседі: «Сұлтан Ахи Евран Махмуд пайғамбардың немере ағасы Аббастың ұлы болатын. Бір күні Мұхаммед пайғамбар (ғ.а.) сахабаларына жорыққа аттануы туралы бұйырып, Аббасқа қасиетті туды алуды тапсырады. Бірақ ол бас тартып, өз орнына өзінен күштірек баласын ұсынады. Пайғамбар онымен келіседі, Махмудқа туды ұстата отырып: «Сен Ахи Еврансың! Аббастың ұрпақтары өлілерден тірілгенге дейін 32 шеберханаларды басқарып жүргізсін». Бұдан кейін пайғамбар былай деді: «Тұрыңдар және жорыққа аттаныңдар». Және бұл бейсенбі күні болды. Ахи және «сахабалар» ерлікпен шайқасты, қайтып оралғанда пайғамбар (ғ.а.) Махмудтың қалай соғысқаны турады Алиден сұрады. Али: «ол бір қолымен туды, екіншісімен қылыш ұстады. Жауын айдаһар сияқты жеңді», — деп жауап берді. Пайғамбар оны Евран деп атады. Мұны естіген сахабалар оған сыйлықтар (жасыл жапырақтар) ұсынды. Мұхаммед пайғамбар (ғ.а.) Алиден не сыйлайтынын сұрады. Аллахтың әмірімен, пайғамбардың сөзімен қызым Рукииені беремін. Үш күн, үш түн той болды. Бірінші күні 33 қой, екінші күні 33 қара ешкі, үшінші күні 33 қара өгіз сойылды. Ахи Евран Махмуд пайғамбардың (ғ.а.) алдына келгенде, пайғамбар оның қолын ұстап имам Алидің асханасына ертіп келіп, сойылған жануарлардың терісін ұстатты. Ахи Евран Аллахтың рахымымен бір тәуліктің ішінде барлық терілерді өңдеп түрлі түстерге бояп (эльван), буып пайғамбарға (ғ.а.) апарды. Ахидың тез арада бұл жұмысты орындағанына барлығы таң қалды. Ал Али бір теріні алып, асасымен жүргізіп өткенде жарқырып тұрды. Одан кейін Али: «О пайғамбар (ғ.а.)! Ол қолөнерді үйренді және бұдан кейін ол белбеу тағуға лайықты емес пе, яғни ұста болуға?» Али оған белбеу тақты және оған «демалыс» берді. Сахабалардың бәрі Ахи Евранға оның табысы үшін дұға оқып, оның жолына, ережелеріне адалдық көрсету туралы ант берді. Бұдан кейін Ахи Евран шайх Махмуд елден елге сапар шегіп, соңында Кыршехирде мекен тапты, өзінің «завииесін» тұрғызды» [1: 1177].

Бұл оқиға «ахилік» институтының қолөнермен тығыз байланысты екенін аңғартады. Дегенмен футувва және ахилік ұйымы тек қолөнершілерден құралмады. Олардың арасында ел билеушілерді, мемлекеттік жоғары лауазымды қызметкерлерді, саудагер, дін қызметкерін т.б. көруге болады. Бұған қоса оның сопылық бауырластықпен астасып жатқанын айту керек.

Орталық Азияда түркілер арасында сопылық дәстүрінің Қожа Ахмед Яссауиден бастау алғанын назарға алатын болсақ, «ахилік» институттың бастаулары яссауийа тариқатынан шықты деген пікіріміз өзге зерттеушілермен бірізділік танытады.

Қожа Ахмед Яссауидің қызметі халыққа ислам дінін уағыздау, насихаттау болатын. Ол түркі халқының саяси, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени, рухани тіршілігін толық меңгергендіктен, тек дінді уағыздаумен ғана шектелмеді. Тарихи, қоғамдық-әлеуметтік, моральдық-этикалық тақырыптарды дінмен сабақтастыра жүргізді. Сондықтан оның ілімі түркі халықтарының рухани өміріне бойлай енді. Оның ислами-түркілік ілімі Түркістанда ғана емес, түрік халықтары өмір сүретін барлық территорияның рухани ортақ мұрасына айналды. Қожа Ахмет Яссауидің ең түпкі атасы Исхақ баб өте дәулетті кісі болады. Канал қаздырып, ханакалар салғызады. Үлкен жер үлесінің иесі болып қаншама мүридтер жетілдірген-ді.

Түрік халықтарының пірі атанған Қожа Ахмед Яссауидің тұлғасы, уағыздаған жолы мен қызметін зерттей келе, орыс шығыстанушыларының бірі — Н.С. Лыкошин: «сопылық насихатта біз тек қана қырғыз (қазақ — автордан) көшпелілердің исламдану процесін емес, халықты саяси бірлікке итермелеуші мықты қозғаушы күшті көруіміз керек» [9: 156], — деп Яссауи ілімінің ықпалын жою үшін керекті шараларды қолдануды ұсынған болатын. Бұдан осы аймақтағы тариқаттың беделі мен оның ықпалынан империялық басқыншылардың қаншалықты қорыққанын байқауымыз қиын емес. Кеңес үкіметі дәуірінде болса, бұл пікірге өте мән берілді, түркі сопылығы жабық тақырыптардың біріне айналды. Қожа Ахмед Яссауидің ғибратты дүниелері жайлы бірлі-жарым зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектері болғанымен, көп ұзамай ол зерттеушілер саяси қысымға ұшырады.

Ахилік институтының алғышарттарын қарастыру үшін алдымен тарихи деректер бойынша сопылық бауырластықтың таралу аймағын айқындаған жөн. Барлық тариқаттардың өз ережелері, әдептері, халдері мен мақамдары бар болғаны секілді түркілік бағытта қалыптасқан яссауийа дәстүрінің де өзіне тән халдері мен мақамдары қалыптасты. Уақыт өте ислам дініне түркілік ерекшелікті енгізген алғашқы түркістандық сопылық мектепке айналды.

Ахмед Яссауиден иршад алған мүршидтерден тараған ізбасарлар да уақыт өте яссауийа дәстүрін жалғастыру мақсатында жер-жерге таралды. Сафи ад-дин Қойлақы Яссауидің 12 мың мүриді, 40 қылуетханасы болғаны жайлы мәлімет береді. Ол Қожа Ахмет өзінің мүриді болған Мұхаммед Данышманд Зарнуқиға 40 жыл қызмет еткеннен соң Отырарда иршадпен айналысуына рұқсат еткеніне тоқталады [10: 29–30].

Моңғол дәуіріне дейін-ақ яссауийа дәстүрі, ең алдымен, Сырдария бассейніне, Ташкент және оның маңына тарап, Мауераннахр, Хорезм, Еділ-Орал аймағына таралған болатын. Яссауийа дәстүрі XVI ғасырға дейін Ферғана, Ош, яғни Өзбекстан жерінде өзінің белсенді қызметімен танылса, XIX ғасырдан XX ғасырдың 70-ші жылдарына дейін, яғни кеңестік дәуірде де аты аталған аймақтарда тіршілігін сақтап қалды [11: 21].

Яссауийа бауырластығының Самарқанд өңірінде Джамал ад-дин ‘Азизан (1507 ж. қайтыс болған) тарапынан ‘Азизийа атты маңызды тармағы құрылған. Дегенмен ‘Азизийа қауымы өзге орталықтанған бауырластықтар секілді тұрақты құрылымға ие болмады. Өйткені олар орталықтанған мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарға тәуелсіз көшпелі тұрмыс-тіршілік сүрген.

Зерттеуші ғалым М.Ф. Көпрүлү өзінің зерттеу жұмысында яссауийа халифаларын Қыпшақ және Анадолы деп екіге бөліп қарастырады. Ғалымның зерттеулеріне қарағанда қыпшақтағы халифалары туралы мәліметтер Хусам ад-дин ибн Шараф ад-диннің 1584–1588 жж. жазған «Рисала-и Тауарих-и Булгари-а» атты шығармасында кездеседі [12: 44]. Сонымен қатар Иқанийа және сол сияқты бірнеше кішкентай бауырластықтар яссауийадан бастау алды деп айтылғанымен, оның ықпал ету аймағы сол уақыттағы Ташкент уәлаятымен шектеліп қалғаны туралы деректер бар [13: 136].

Яссауийа мен Нақшбандийа тариқаттарының өзара қарым-қатынасы туралы М.Ф. Көпрүлүнің еңбегінде мынадай екі оқиға баяндалады. Бірінші оқиға бойынша: «Қожа Баха’ aд-дин алғашқы уақытта Әмір Саййид Келалдың белгісімен Қасым Шайхтың қасына келді; екі-үш айдан көп сонда болды. Соңында Шайх оған «менің тоғыз ұлым бар еді, сен оныншысың және бәрінен жоғарысың!», – дейді [12: 108–109]. Ал екінші оқиғада Нақшбанд Яссауийа шайхтарының бірі Халил атадан тәлім алады. Бір күні Бұхара базарында түсімде көрген дәруішпен жолықтым, бірақ сөйлескен жоқпын. Кешке үйіме біреу келді. Халил дәруіш деген кісінің менімен жолыққысы келетінін жеткізді. Кездейсоқтық ол дәруішті Мауараннахрдың билеушісі етіп тағайындады; ол Сұлтан Халил атағын алды. Сол уақыттары ол менімен сұхбаттасып, мейірімділік танытты, тариқат әдептерін үйретті. Алты жылдай жанында болдым» делінеді [14: 229].

Кіші Азия территориясына келсек, моңғол дәуірінде мұнда келген түркі бауырластықтардың «негізгі қайнар көзін Ахмед Яссауиден бастау алған Түркістан мектебі құрады» деген пікірлер бар. Шынында да Анадолыдағы сопылық бауырластықтардың ұлттық сипат алғандары Хорасан жолымен келген Түркістан мектебінің өкілдері болатын. Зерттеуші ғалым А. Пала «Яссауийа «бабаларының» ХІІІ ғасырдың басында хорезмшахтар мен қарақытайлар арасындағы соғыстар барысында-ақ Анадолыға кіре бастағанын айтады [15: 233].

Көптеген ғалымдарының зерттеулерінде Бекташийа мен Хайдарийа тариқаттары яссауийа дәстүрінің Анадолыдағы қолы ретінде танылса, сондай-ақ аталмыш дәстүрлердің Яссауийаға еш қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысатын еңбектер де бар.

Бекташийаның негізін қалаған Қажы Бекташ Кіші Азияның түріктенуіне және ол жерде исламның таралуына үлкен еңбек сіңірген тұлға. Аныз бойынша ол Қожа Ахмет Яссауиден тәлім алған дәруіш болып саналады. Ал Сары Салтұқ, Отман баба және Қызыл Дели (Саййид ‘Али Сұлтан) сияқты сопылар Бекташийа тариқатына қызмет еткен. Бұлардың арасында Сары Салтұқ жайлы тарихи деректер өте аз. Зерттеуші ғалым Х. Арсланның пікірінше, Қожа Ахмет Яссауидің Түркістанда қалыптастырған және жүйелендірген ұстанымдары Анадолыда Қажы Бекташ Велидің жол көрсетуімен жаңа құрылым ретінде пайда болды. Автор зерттеуінде М.Ф. Көпрүлүннің «батыс және шығыс түріктері бірдей оның рухани ықпалында еді. Осман мемлекеті халқының басым бөлігін құраған бекташилер, ахилер, ниметуллахилер, нақшбандилер Ахмет Яссауиден қол алған болатын» дегенін негізге алып: «Яссауийа Мауераннахрда нақшбандийа тариқатын қалай тудырса, Анадолыда да бекташийаны туғызды», — деген қорытынды жасайды [16: 95–96].

Кейбір мәліметтерде Анадолыдағы Ахи Еврен де алғашқы сопылық тәрбиені Хорасанда Яссауи халифаларынан алып, 1206 жылы Анадолыға келіп, Кайсериде, кейіннен Кыршехирге орналасып, Ахи бауырластығының негізін құраған болатын. Ал Кудведдин Хайдар — Яссауидің мүриді, жас кезінде Қожаға беріледі. Яссауиден захир, батын ілімдерін толық меңгергеннен кейін ол Хорасанға шенеунік болып тағайындалады. Халық арасында «Қутб-ы алам» деген атақ алып, Кіші Азиядағы Хайдарийаның бастаушысы болды [17: 50–51]. Анталиядағы Хайдар баба Яссауийа дәруіштерінің бірі Абдал Мұсаның атасы болып келеді.

Моңғол шапқыншылығы дәуірінде негізгі үлкен көш 1220 жылы Орталық Азиядан Әзірбайжан жолы арқылы Анадолыға барып тірелсе, екінші бағыттағы көш Үндістан жеріне қоныстанғаны айтылады. Осылайша Яссауийа ілімі ізбасарлары арқылы Үндістанға да жетеді. Аббас Ризвидің «The History of Sufism in India» деп аталатын еңбегінде Бенгалдағы мұсылман еместерге қарсы жихад еткен яссауийа дәруіштері туралы айтылады. Бұл деректі зерттеген түркиялық ғалым И. Гүндүз өз зерттеуі барысында, (Үндістан) Деджанда Баба Палангпуст, Баба Мисафир теккелері яссауийа өкілдері тарапынан құрылғанын дәлелдейді [18: 192].

Халық яссауийа ізбасарларын «баба», «абдал», «алып», «ерендер» немесе «Хорасан ерендері», «газилер» сияқты түрлі рухани лақаптармен атады. «Газилер» соғысқа аттанып жатса, қалғандары бос жатқан Анадолы жерінде егіншілік және мал шаруашылығымен айналысты. Олардың шығындары «вакф» кірістерімен өтелетін «завияларға» ие болды.

Яссауийа түркі сопылық мектебі өкілдерінің таралу географиясына қарай отырып, Анадолыдағы сопылық бауырластықтардың арасындағы байланыстың бар екені дәйектелді деп айта аламыз. Ал ахилік мектептің негізі түркістандық сопылық мектептен бастау алғаны туралы ақпаратты дереккөздерде кездесетін мағлұматтар арқылы талдауға тырысамыз. Дешті Қыпшақ жеріндегі көшпелі түркі халықтарының арасындағы яссауийа сопылық бауырластығының қызметін ашуға мүмкіндік береді.

Түркістандық Қожа Ахмет Яссауи және оның тариқаты туралы сенімді дереккөздердің бірін қалдырған XVI-XVII ғғ. өмір сүрген сопы шайхы Ахмет Хазини болатын. Ол жастайынан яссауийа дәстүрінің халифасы атанып, екі тариқаттың мүршиді болды.

Дегенмен шайх Хазини туралы деректер өте тапшы. Шайхтың өмірі мен шығармалары туралы сенімді деректерді оның өзі жазған туындыларынан ғана көру мүмкін. Шығармаларының бірінде шайх өзін Кубравийа тариқаты жолындағы отбасында өмірге келгенін жазады. Сондай-ақ Хазини он екі жасқа келгенде илахи құштарлыққа тап болып, жезбеге шалдығады. Мәжнүн секілді рақс пен сама‘ға ынтық болады [19: 128], сопылардың қабірлерін зиярат ете бастайды. Хазинидің бұл илахи құштарлық халі Яссауийа шайхы Саййид Мансұрды кездестіргенге дейін жалғасады.

Хазинидің ұстазының лақабы «Қасықшы» болатын. Сондықтан шайхы Саййид Мансұрды кейде Саййид Қасықшы деп те атайды. Деректерге қарағанда Саййид Мансұр күндіз қасық жонумен айналысқан болатын [19: 207]. Сол арқылы күн көру қаражатын қамтамасыз еткен. «Қасықшы» деген лақап осы айналысқан кәсібіне қарай берілген еді. Сондай-ақ бұл кәсіп Ахмет Яссауиден қалған жол болатын.

Демек ясаауийа жолындағылардың қолөнер кәсібімен айналысқаны мәлім болып отыр. Бұл дерек яссауийа жолында бауырластық мүшелерінің арасында рухани ғана емес, кәсіби тәуелділіктің де болғанын білдіреді. Сонымен қатар бұл дерек Дешті Қыпшақ жерінде көшпелілер арасында да белгілі бір кәсіби жүйенің жұмыс жасағанына жорамал білдіреді.

Зерттеулеріне қарағанда «ахилікте» әрбір кәсіптің — пірі бар болатын. Анадолы жері отырықшылыққа негізделгендіктен, кәсіп иелерінің осы шарттар аясынан шыққанын пайымдауға болады. Ал Дешті Қыпшақ даласының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқанын ескеретін болсақ, яссауийа жолындағы шайхтардың да кәсібі тұрмыс-тіршілікпен үндесіп жатуы мүмкін. Мұны қазақ арасындағы қойдың пірі — Шопан ата, ірі қара малдың пірі — Зеңгі баба, түйенің пірі — Ойсыл Қара (Уайс Қарани), жылқының пірі — Қамбар ата деген ұғымдар дәйектейді.

Осыған орай зерттеуші Д.Т. Кенжетаев Зеңгі баба мен Ойсыл Қараның түліктің атасы деген түсініктен бұрын, сопылық мәдениеттегі олардың маңызды із қалдырған тарихи тұлғалар екеніне назар аудартады. Сонымен қатар сопылардың қазақ мәдениетінде төрт түлік малдың атасы ретінде танытылуының өзі сопылық дүниетанымның ықпалынан туындағанын айтады [20: 23]. Мәселен, Зеңгі баба туралы қысқаша ақпарат беретін болсақ, ол — Ахмет Яссауидің халифасы Сүлеймен Қожа Хаким атаның ең жақын шәкірттерінің бірі және халифасы болатын.

Арыстан бабтың немересі Абдулмалик Қожаның баласы Тәжі Қожа (Тас Қожа) Зеңгі бабаның әкесі болған. Тас Қожа бір кездері Ахмет Яссауидің қызметінде болып, сопылық ілім, рухани тәлім- тәрбие алған болатын. Тас Қожа 615/1218 жылы қайтыс болды деген деректер де кездеседі.

Ал Зеңгі бабаның туылған жылы нақты белгісіз, шамамен ХІІ ғасырдың соңы — ХІІІ ғасырдың басы делінеді. Ал туған жері — Ташкент қаласында деген жорамалдармен қоса, Шаш уәлаятында, яғни Ташкент пен Қауыншының арасындағы қазіргі Зеңгі ата деп аталатын ауыл делінеді. Деректерге қарағанда оның негізгі аты — Айқожа ибн Тасқожа екен. Ал реңінің (терісі) қара түсті болғанына байланысты Зеңгі деген лақап берілген екен.

Тарихи деректерге қарағанда, Қожа Ахмет Яссауи пір тұтқан билеушілердің бірі — Салжұқ мемлекетінің сұлтаны Санжар болған. Сұлтан Санжардың халыққа тарату үшін Яссауиге 50 000 алтынды сыйға бергендігі туралы мәліметтер де кездеседі [21: 100].

Алтын Орда дәуірінде де көшпелі тайпалардың, моңғол билеушілерінің мұсылмандықты қабылдауы жалғасын тапты. Мұсылмандықты ханның қарамағындағы билік басындағылар ғана емес, көшпелі феодалдар мен нояндар да қабылдай бастады. Деректердің бірінде Алтын Орда ханы Беркеге жас кезінде Ходжендтің бір ғалымы Құранды оқып үйреткен болатын. Араб авторларының мәліметтері бойынша Беркеге белгілі сопы, шайх Сайф ад-дин Бахарзи ислам дінін қабылдатқан еді. Бұл оқиға Беркенің моңғол құрылтайынан, яғни 1251 жылы Мөңкенің таққа отыруынан Волга бойына қайтар жолында болған. «Джавахир ал-абрарда» Наджм ад-дин Кубра халифаларынан шайх Сайф ад-дин Бахарзи Яссауидің халифасы ретінде аталады [12: 74]. Берке және одан кейінгі исламды қабылдаған хандар ханафи мазхабын ұстанып, ордада шафи, малики мазхабтарының жұмысына кедергі келтірмеді.

Сонымен қатар Ахмет Яссауи қайтыс болып кеткеннен кейін оның қабірінің үстіне Әмір Темірдің бұйрығымен 1396 жылы үлкен кесене тұрғызылды. Бұл яссауийа жолының саяси биліктегі ықпалын көрсетеді.

Отандық зерттеуші Е. Есбосынов ахилік институтында кездесетін терминдерді қазақтардың арасында қолданылатын ұғымдармен салыстырады. Олардың қатарында мазмұны мен мағынасы өте жақын «шырақ», «калфе», «ұста» ұғымдарына сипаттама беріп, ахилік институтының алғышарттары алғаш Түркістанда қалыптасқанын алға тартады [5].

Орыс зерттеушілерінің бірі Г.А. Феодоров-Давыдов өзінің «Алтын Орданың қоғамдық құрылымы» атты еңбегінде Алтын Орда хандарының өзі қала өміріне қызығып, шеберханалар салғыза бастағанын атап өтеді [22: 77]. Бұған қоса қалалардың моңғол дәуіріне дейінгі сияқты қалалық үстем тап өкілдерінің шенеуніктер, улемалар (діни ғылым адамдары), саидтар, шайх дәруіштер және олардың ұрпақтарынан құралғанын және олардың ірі жер иеленушілері болып, саудамен арасындағы тығыз байланысты атап өтеді [22: 82]. Мұнда біздің назарымызды аударатын мәселе, ахилік ұйымдағы сияқты дәруіш шайхтардың билеушілермен қатар, саяси ықпалын және саудагерлермен байланыса отырып, экономикалық белгілі бір салмаққа ие болғанын көру.

Зерттеуші Б. Шпулер өзінің «Алтын Орда. Ресейдегі моңғолдар» атты еңбегінде 1261 жылы Бейбарыс алтынордалық елшілерді осы бауырластыққа қабылдағанын, осы ұйымның негізгі орталығы Кіші Азия екенін айтады [23: 243]. Футувва қабылдағаннан кейін Бейбарыс оларды кері Алтын Ордаға жіберді. Сондай-ақ 1333 жылы Сарайда 12 ханафи, 1 шафи мазхабтары мешіттерінің жұмыс жасағанын атап өтеді [23: 245]. Бұған қоса Берке ханның Изз аддин Кейкауыспен неке- туыстық одағының арқасында ахиліктің Алтын Ордаға енуіне мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек Анадолыдағы жаңа мектептердің алғышарттары Түркістан жерінен басталғанын мына жайт нақтылайды. Нақтырақ айтқанда, яссауийа тариқатында мүрид болып тариқаттың мүшелігіне кіру адамның қалауына байланысты жүргізілді. Тариқаттардың ішінде ең алғаш болып яссауийада әйелдер мүридтікке қабылданып, шайхқа тәуелденді, зікір мәжілістеріне қатысты. Мәселен, Яссауидің қызы Гаухар ханым әкесінің көзі тірісінде шайхтың хикметтерін үйрену және үйретуді қолға алады. Ол ең алдымен көршілерге, маңайдағы ауылдардың әйелдеріне үйретеді. Арада біраз уақыт өткенде бұл дәстүр бүкіл Түркістанға жайылады. ХІІ ғасырдан қазірге дейін жалғасып келе жатқан бұл дәстүр — «Шілтен» деп аталады. Ол 40 кісіден құралатын әйел-қыздар тобы тарапынан белгілі бір жүйемен жүзеге асырылады. Бұл дәстүрдің түрік халықтарының арасында әлі жалғасып келе жатқанын айтуға болады. Зерттеуші Т. Зарконе Татарстан және Орта Азиядағы сопылық әрекеттерді зерттей отырып: «мұнда «әулиеге тәуелділік» ісі, әсіресе әйелдер тарапынан жалғасып бүгінгі күнге дейін келгенін» айтады [24: 51]. Оның зерттеуіне сүйенетін болсақ, бұл дәстүр күз маусымынан бастап көктем мезгіліне дейін созылады. Қыз-әйелдер тобы ауылдарда, қалаларда жиналып, Ахмет Яссауи хикметтерін оқиды.

Бұл оқиғалар яссауийадағы қалыптасқан жүйенің жұмыс жасағанын аңғартады. Зерттеушілердің атап өткеніндей Анадолыға келгеннен соң бұл ұйым тек рухани емес, саяси және экономикалық мықты күшке айналып қайта құрылды. Осы пікірімізді Анадолыдағы «ахилік» ұйымының құрамы ер кісілерден құрылса, әйел қыздардан тұратын «Бажыян-ы Рум», яғни «Анадолы әйелдері» атты ұйымның ахиліктің әйелдер саласы екенін дәйек етуге болады. Бұл түркі халықтарында әйелдердің азаматтық қоғам құрудағы маңызды рөлін көрсетеді.

Қорытынды

Ортағасырлық Орталық Азияда футтува қозғалысы сопылық бауырластықтарға тереңдей еніп, бауырластық жүйесін қалыптастырды. Бұл ұстаным бауырластық құрамының өзара ерекше байлануына әкеліп, жомарттығымен халық арасында құрметке ие болды.

Сопылық бауырластықтардың бірі ретінде пайда болған яссауийа әсіресе көшпелі түркі халқының арасында саяси, рухани мықты ықпалды еді. Мұнда ханакалардың жұмыс жасауы сопылық бауырластықтағы футувва ұстанымын аңғартады. Бауырластықтағы әйел, қыздардан құрылған ұйымдар түркі халықтарында әйелдердің азаматтық қоғам құрудағы рөлінің маңызды болғандығын көрсетті. Сопылықты насихаттау түркілерді исламдануға ғана емес, саяси бірлікке итермелегендігі анықталды.

Алтын Орда билеушілері Кіші Азиямен, Мамлүк сұлтандығымен тығыз байланыс орнатты. Бұл мемлекеттерде футувва кең таралды. Бертін келе футувваның халықтық және сарайлық түрі Жошы ұлысында өмір сүрді.

Түркістандық сопылық бауырластық яссауийаның жаңа қолы — ахилік уақыт өте жаңа мектеп ретінде Алтын Орда территориясына кірді. Бұл Алтын Орда мен Анадолы арасындағы саяси, рухани, мәдени және экономикалық байланыстарды күшейте түсті. Анадолыда осы мектептің құрылуына алғышарт қалыптастырған Түркістанның сопылық түркі мектебі болды.

Мақала «Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымын қалыптастырудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын әзірлеу» атты бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде орындалды.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Гордлевский В.А. Дервиши Ахи Эврана и цехи в Турции // Изв. Академии наук СССР. — 1927. — VI сер. — Т. 21. — Вып. 7. — С. 1171–1194.
  2. Шамсимухаметова М.Р. Религиозные братства Ахи в Золотой Орде // Исламоведение. — 2018. — Т. 9, № 3. — С. 40– 52.
  3. Омонова М.А. «Навоий ижодида футувват ғояларининг бадиий талқини» («Сабъаи сайёр» достони асосида) мавзусидаги магистр академик даражасини олиш учун ёзилган диссертация. / М.А. Омонова. — Тошкент, 2012. — 75 s.
  4. Kenjetay D. Yesevî Düşüncesinde Ahiliğin Temel Ilkesi Ahlaktir / D. Kenjetay // ІІ Uluslararası Ahilik Sempozyumu Bildirileri (19–20 Eylül 2012). — Kirşehir: 2012. — S. 47–61.
  5. Esbosin E. Orta Asya’da (Kazaklarda) Ahilik Geleneğinin Izleri / E. Esbosin // III. Uluslararasi Ahilik Sempozyumu Bildirileri (5–7 Ekim 2017). — Kirşehir: 2017. — S. 173–183.
  6. Аскер А. XII-XV әsrlәrdә Azәrbaycanin mәnәvi mәdәniyyәti (tarixi etnoqrafik araşdırma). / А. Аскер. — Baki: «Elm» nәşriyyatı, 2012. — 368 s.
  7. Durak I. Ahiliğin sosyo-ekonomik etkileri ve günümüze yansımaları / I. Durak, A. Yücel // The Journal of Faculty of Economics and Administrative Science. Suleyman Demirel University. — 2010. — Vol. 15, No 2. — P. 151–168.
  8. Ahmet Yaşar Ocak. Fütüvvetname// https://islamansiklopedisi.org.tr/futuvvetname)
  9. Лыкошин Н.С. Пол жизни в Туркестане / Н.С. Лыкошин. — Петроград, 1916. — 412 с.
  10. Сафи ад-дин Орын Қойлақы. Насаб-нама / Дайындағандар: Ә. Муминов, З. Жандарбек. — Түркістан: Мұра, 1992. — 32 б.
  11. Жандарбек З. Қ.А. Иассауи және қазақ мәдениеті // Қазақ тарихы. — 2003. — № 5. — Б. 3–8.
  12. Köprülü F.M. Türk Edebiyatında İlk Mutasavvıflar / F.M. Köprülü. — Ankara: Diyanet İşleri Başkanlığı, 1991. — 415 s.
  13. Усмон О. Вахдат шаробин ичдим / О. Усмон // Қожа Ахмад Яссавий (хаёти, ижоди, анъаналари). — Ташкент: Узбекистон Езувчилар уюшмаси, 2001. — S. 133–142.
  14. ДиУис Д. Маша-их турк и Хваджаган: переосмысление связей между суфийскими традициями Иасавийа и Накшбандийа / Д. ДиУис // Суфизм в Центральной Азии (зарубежные исследования). — 2001. — С. 210–270.
  15. Pala А. Yesevilikten Bektaşiliğe Türk Müslümanlığı / А. Pala // Yesevilik Bilgisi. — Ankara: 1998. — S. 229–237.
  16. Arslan H. Osmanli Anadolusunda Yesevilik Gorunumleri / H. Arslan // IV Uluslararasi Alevilik ve Bektasilik Sempozyumu Bildiriler Kitabi (18–20 Ekim 2018). — Ankara: 2018. — S. 91–107.
  17. Uslu M. Pir-î Türkistan Ahmed Yesevi / M. Uslu // Türk Dünyası Tarih Dergisi. — İstanbul: 1989. — Cilt VI. — No 31. — S. 49–55.
  18. Gündüz İ. Ahmed Yesevi’nin Tarikati ve İrşad Anlayışı / İ. Gündüz // Yesevilik Bilgisi. — Ankara& 1998. — S. 189–196.
  19. Hazînî. Cevâhiru’l-Ebrâr Min Emvac-ı Bihâr (Yesevi Menâkıbnamesi). / Hazırlayan: Cihan Okuyucu. — Kayseri: Erciyes Üniversitesi Matbaası, 1995. — 220 s.
  20. Кенжетай Д. Қожа Ахмед Йасауи дүниетанымы / Д. Кенжетай. — Түркістан: Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті баспаханасы, 2004. — 341 б.
  21. Cebecioğlu E. Hoca Ahmed-i Yesevi (ölüm tar.562/1167 y.) / E. Cebecioğlu // Yesevilik Bilgisi. — Ankara: 1998. — S. 97– 142.
  22. Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды / Г.А. Федоров-Давыдов. — М.: Изд-во Моск. ун-та, 1973. — 178 с.
  23. Шпулер Б. Золотая Орда. Монголы в России. 1223–1502 гг. / Б. Шпулер; пер. с нем. яз. и комм. М.С. Гатина. — Казань: Ин-т истории им. Ш.Марджани АН РТ, 2016. — 500 с.
  24. Zarcone Тh. ХХ yüzyılda Tataristan ve Orta Asya’da Tasavvufi Hareketler / Тh. Zarcone, Тercüme eden: E. Keskin // Türkler. — Ankara: Yeni Türkiye Yayınları, 2002. — Cilt XIX. — S. 47–61.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.