Қарқынды дамып жатқан мемлекет ретінде тәуелсіз Қазақстан үшін демография мәселесі ішкі даму және аймақтық, халықаралық ынтымақтастық контексінде стратегиялық бағыт болып табылады.
Авторлар тәуелсіздік жылдарындағы Солтүстік Қазақстан халықтарының саны мен құрылымындағы өзгерістерге, халықтың территориялық орналасуына тарихи тұрғыдан талдау жасайды. Сонымен қатар мақалада Солтүстік Қазақстандағы миграциялық үрдістердің халықтың сандық және сапалық көрсеткіштеріне ықпалы қарастырылған. Аймақтағы демография мәселесін шешу барысындағы мемлекеттің саясатына және бағдарламаларына талдау жасалған.
Кіріспе
Кез келген мемлекеттегі нарықтық қатынастардың дамуы халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымының өзгеруімен қатар жүреді. Сондықтан мұндай өзгерістердің өмір сүрудің сапасы мен деңгейіне тигізетін салдарын зерттеу қажеттілігі туындайды. Халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымына талдау жасау әлеуметтік экономикалық және демографиялық саясаттың негізгі бағыттарын өңдеу барысында маңызды болып саналады.
Қазіргі кезеңдегі әрбір егеменді мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайында орын алып отырған айтарлықтай өзгерістер демографиялық жағдайды күрделендіріп, тиімді демографиялық саясат жүргізуді талап етіп отыр. Демографиялық саясатты күнделікті жетілдірудің қажеттілігі әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы демографиялық фактордың рөлінің ұлғаюымен байланысты.
Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда ғалымдар мен саясаткерлер демография мәселесіне үлкен назар аударып отыр. Мұндай қызығушылық бәрінен бұрын аймақтағы демографиялық жағдайға талдау жасау және демографиялық дамудың болашағын айқындау қажеттілігімен байланысты. Осыған байланысты, тарихи контексте Солтүстік Қазақстанның демографиялық дамуын зерттеудің маңызы жоғары.
Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, солтүстікте Ресейдің Омск, Тюмень және Курган облыстарымен, ал оңтүстікте Ақмола облысымен, оңтүстік-шығысында Павлодар облысымен, батысында Қостанай облысымен шекараласады. Солтүстік Казақстан облысы еліміздің алдыңғы қатарлы аграрлық аймақтарының бірі болып саналады. Өзімізге белгілі, төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдерде, әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру уақытында РКФСР-мен шекаралас Қазақ КСР-ның облыстары миграциялық тартылыстың орнына айналған болатын. Осы кезеңдерде Қазақстанның солтүстігінде өнеркәсіптік аймақтарының және агроөнеркәсібінің қарқынды қалыптасуы жүрді.
Қазіргі уақытта миграциялық тартылыс басқа жаққа ауып, дамыған. Керісінше Солтүстік Қазақстан халықтарының азаю үрдісі жүріп жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанда халықтың табиғи азаюы және халықтың миграциялық жылыстауынан демографиялық мәселелер туындап отыр.
Мысалы, 2020 жылдың аяғына қарай, пандемияға қарамастан, Солтүстік Қазақстанға қоныс аударып келгендер мен басқа жаққа қоныс аударып кеткендер арасындағы айырмашылық 2880 адамды (басқа жаққа қоныс аударып кеткендердің есесіне) құраған. Осымен бірге, халықтың басқа жаққа қоныс аударып кетуінің 55 пайызы ішкі миграцияға, ал қалған 45 пайызы сыртқы миграцияға тән, соның ішінде Ресейге қоныс аудару кең тараған [1].
Өзімізге белгілі, биліктің экономикалық ресурстары (материалдық құндылықтарды құру, салық төлеу т.б.), осымен бірге әлеуметтік-саяси ресурстары адам капиталының сапасы мен санына тәуелді. Мұнан басқа, демографиялық көрсеткіштер жеке бір мемлекеттің қуатын көрсететін аймақтардың геосаяси динамикасын бағалаудың сипаттамасы болып табылады. Дегенмен, Қазақстан үшін демографиялық үрдістерге деген қызығушылық еліміздегі халықтың теңсіз бөлінуімен сипатталатын сирек қоныстанған елдер категориясына жататынымен негізделеді. Мұның өзі Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мәселелеріне айтарлықтай ықпал етеді. Сол себепті, Солтүстік Қазақстанда болып жатқан демографиялық үрдістерді зерттеп, оларға баға берудің маңызы жоғары.
Зерттеу әдістері
Мақаланың әдіснамалық негізін ғылыми принциптердің және тарихи таным әдістерінің жиынтығы құрайды. Солтүстік Қазақстандағы демографиялық үрдістерді зерттеу барысында тарихилық және объективтілік принциптері басшылыққа алынды. Демографиялық үрдістерге тән статистикалық мәліметтерді қарастыру барысында талдау және синтездеу, салыстыру қолданылды. Осымен бірге, салыстырмалы-тарихи және мәліметтерді өңдеу және статистикалық әдістер пайдаланылды.
Талқылау
Жалпы алғанда, 1999 ж. Қазақстандағы бірінші халық санағы негізінде 1989-1999 жылдармен салыстырғанда, халық санының 7,7 пайызға қысқарғандығын байқауға болады. Дегенмен, санақтан соң халық санының кейбір өсім тенденцияларын (1999-2005 жж. аралығында 0,8 пайызға өскен) көруімізге болады. ХХІ ғасыр басында туу мен миграцияның нәтижесінде Қазақстан халқының саны 2005 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 15074200 адамға жетіп, тек қана бір жылдың ішінде 123 мың адамға (немесе 0,8 пайызға) өскен. Ал, 2008 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстан халықтары саны 15565,6 мың адамға, соның ішінде қала халқының саны 8230,3 мыңға (52,9 пайыз), ауыл халқының саны 7335,3 мыңға (47,1 пайыз) жеткен. Ал, 2010 ж. басына қарай Қазақстан Республикасы халқының саны 15813,8 мың адамға, соның ішінде қала тұрғындарының саны 8432,4 мың адамға, ауыл тұрғындарының саны 7381,4 мың адамға өскен [2; 90].
1999-2008 жылдар аралығындағы Солтүстік Қазақстандағы халықтың санын мына кестеден көруімізге болады (кесте 1).
Кесте 1
1999-2008 жж. Солтүстік Қазақстандағы халық саны (мың адам) [2; 91]
Аймақтар |
25.02.1999 |
01.01.2003 |
01.01.2004 |
01.01.2005 |
2008 |
Қазақстан |
14953,1 |
14862,5 |
14951,2 |
15074,2 |
15571506 |
Ақмола |
836,3 |
748,2 |
748,9 |
747,6 |
747447 |
Қостанай |
1017,7 |
919,1 |
913,4 |
907,3 |
894192 |
Павлодар |
807,0 |
748,7 |
745,3 |
743,9 |
746454 |
Солтүстік Қазақстан |
726,0 |
682,1 |
674,5 |
665,8 |
653921 |
Астана қ. |
319,3 |
502,0 |
510,5 |
529,4 |
602684 |
Кестеден көріп отырғанымыздай, бес жылдың ішінде Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны қысқарған, ал Астана қаласында 201,1-ге өскен.
Жалпы алғанда, 2008 жылдың 1 желтоқсанына қарай Солтүстік Қазақстан облысының халық саны 649,0 мың адамды, немесе республикамыздың жалпы санының 4,1 пайызын құраған.
Солтүстік Қазақстанның 2008 ж. этникалық құрамын мына кестеден көруімізге болады (кесте 2) [2; 94]:
Кесте 2
2008 ж. Солтүстік Қазақстанның этникалық құрамы
Ұлттар |
Мың адам |
% |
Қазақтар |
216,4 |
33,1 |
Орыстар |
319,1 |
48,8 |
Украиндықтар |
37,6 |
5,8 |
Немістер |
24,2 |
3,7 |
Поляктар |
15,9 |
2,4 |
Татарлар |
14,7 |
2,2 |
Басқа ұлттар |
26,0 |
4,0 |
Кейінгі жылдарда Солтүстік Қазақстан облысында халық миграциясының кері сальдосы байқалады. Егер, 2013-2014 жж. Солтүстік Қазақстан облысынан жылына 5,5 мың адам кетсе, 2015 ж. оның көрсеткіші 3 мың адамды құрап, жағдайдың кішкене жақсарғанын байқаймыз.
Әрине, 2015 ж. көрсеткіш бойынша 3 мың адамның кетуінің өзі үлкен мәселе. Әр жыл сайын Солтүстік Қазақстаннан шамамен халықтың 1 пайызы, яғни 5-5,5 мың адам кетіп қалады. 2014 ж. Солтүстік Қазақстанда 678 елді мекен болса, 2015 ж. оның саны 674 құраған [3].
2017 ж. 1 желтоқсанына қарай Солтүстік Қазақстан аймағының халық саны 558,7 мың адамды құрап, 4,6 мың адамға азайған. Адам санының қысқаруы Петропавлдан (1,2 мың адамға өскен) басқа барлық аудандарда орын алған. Бұл кезеңдегі халық санының қысқаруына миграциялық үрдістер ықпал еткен. Негізгі миграциялық алмасу Қазақстанның ішкі миграциялық үрдістеріне тән. Облысаралық миграция шеңберінде Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары және Астана қаласы арасында қарқынды алмасу жүрген. 2017 ж. Солтүстік Қазақстаннан эмигранттардың негізгі бөлігін (98,7 пайызын) Ресей қабылдаған. Осы кезеңде тұрақты өмір сүру үшін Германияға 156, Польшаға 57 солтүстік қазақстандықтар кеткен. Мұндай эмиграцияның негізгі себептерінің бірі жоғары жалақы іздеп кету мәселелерімен байланысты [4].
2014-2018 жылдары Солтүстік Қазақстан халықтарының азайғандығын мына кестеден көруге болады (кесте 3):
Кесте 3
2014-2018 жж. Солтүстік Қазақстан халықтарының саны
Жылдар |
Барлық халық саны |
Қала тұрғындары |
Ауыл тұрғындары |
2014 |
575,9 |
241,3 |
334,6 |
2015 |
571,8 |
243,2 |
328,5 |
2016 |
569,5 |
248,9 |
320,3 |
2017 |
563,3 |
249,2 |
314 |
2018 |
557 |
251,7 |
306,8 |
2018 ж. 1 маусымына қарай облыс халқының саны 557 мың адамды құраған. Қала халқының үлесі 45 пайызды, ал ауыл халқының үлесі 55 пайыз болған [5].
Осымен бірге, 2018 ж. қаңтар-маусым аралығында Солтүстік Қазақстанда 4,1 мың бала өмірге келсе, 3,9 мың адам қайтыс болған. Егер, 2017 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырсақ, 2018 ж. туылған балалардың 5,1 пайызға, ал қайтыс болған адамдардың саны 1,1 пайызға аз болған. Статистика департаментінің мәліметтері бойынша аймақтағы өлімнің негізгі себептеріне қан айналымы жүйесінің аурулары жатады және бұл жалпы диагноздың 16,35 пайызын құрайды. Мұнан басқа, нәресте өлімі деңгейі де жоғары. Мысалы, 2019 ж. қаңтар-маусым аралығында бір жастағы 42 нәресте қайтыс болған [6].
Солтүстік Қазақстан облысы халықтарының санына табиғи азаюмен қатар, миграция да ықпал етіп отыр. Миграцияның кері сальдосы 2018 ж. қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 2019 ж. 31,8 пайызға өскен.
2018 жылдың басына қарай облыстың этникалық құрамы келесідей болған (кесте 4):
Кесте 4
2018 ж. Солтүстік Қазақстан облысының этникалық құрамы
Этностар |
Адам саны |
Жалпы санының үлесі (%) |
Қазақтар |
193992 |
37,4 |
Орыстар |
277807 |
49,7 |
Украиндықтар |
23523 |
4,2 |
Немістер |
19805 |
3,5 |
Татарлар |
12182 |
2,2 |
Поляктар |
11793 |
2,1 |
Басқалар |
19482 |
3,6 |
Осылайша, 2008-2018 жылдар аралығында, яғни он жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының халқының саны 92000-ға азайғандығын көруімізге болады. Егер, облыстың этникалық құрамына келер болсақ: қазақтардың 22008 адамға, орыстардың 41193 адамға, украиндықтардың
14077 адамға, немістердің 4195 адамға, татарлардың 2518 адамға, поляктардың 4107 адамға азайғандығын көреміз. Бұл аталған көрсеткіштерді келесі диаграммадан көруге болады (сурет 1).
2008
2018
1 – сурет. Солтүстік Қазақстанның этникалық құрамының диаграммасы
Ескертпе: диаграмманы жасаған – Г.С.Ильясова.
2019 жылдың 7 айының ішінде Солтүстік Қазақстан облысында адам өлімінің саны 4 мыңға, туу көрсеткіші 3,9 мыңға жеткен. Осы жылдың тамыз айына қарай облыс бойыша халық саны 551,3 мың адамды құраған [6].
Егер, жалпы Қазақстанның басқада облыстарымен салыстыратын болсақ, 2020 жылдың 11 айының ішінде 17 аймақтың 11-де халық санының өсімі, ал қалған 6 аймақта халық санының біршама азайғандығы байқалады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында халық саны 0,40 пайызға, Қостанай облысында 0,39 пайызға, Ақмола облысында 0,17 пайызға, Павлодар облысында 0,15, Қарағанды облысында 0,10 пайызға қысқарса, Солтүстік Қазақстанда халық саны 0,84 пайызға қысқарған. Осыдан Солтүстік Қазақстанда халық санының едәуір қысқарғандығын көруімізге болады. Осымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысында туудан өлім көрсеткішінің жоғары болуы, халықтың табиғи азаюы, ал басқа облыстарда керісінше, халықтың табиғи өсімі байқалады [7]. Осылайша, Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2020 ж. СҚО аймағының тұрғындар саны 548755-тен 543679-ға, яғни 5076 адамға азайып, 2021 ж. халық саны 543679 адамды құраған. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес 2020 ж. аймақ тұрғындарының саны 5076 адамға (548755-тен 543679-ға) қысқарған.
Солтүстік Қазақстан облысының экономика басқармасының мәліметтеріне сәйкес, егер 2020 ж. қаңтар-тамыз айларында миграциялық азаю өлшемі 2,4 мың адамды құраса, 2021 ж. қаңтар-тамыз айларында бұл көрсеткіш 3 мың адамды құраған. 2021 ж. қаңтар-тамыз айларында облысқа келушілердің саны 2020 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға (9,3 мың адам) қысқарған [8].
2021 жылға дейінгі кезеңде басқа аймақтарға қарағанда Петропавлда халық санының азаюы төмен болып келсе, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш үлкен өзгерістерге ұшыраған. Атап айтқанда, Петропавл әкімдігінің сайтында жарияланған жаңартылған мәліметтерге сүйенсек, 2021 ж. 1 қаңтарына қарай қаладағы тұрғындардың саны 220 мың адамды құрап, халық санының өсімі тоқтап қалған. Демографияның кері нәтижесі ретінде өлімнің көбеюі атап көрсетілген. Осылайша, Петропавлда алғаш рет кері табиғи өсім анықталған, яғни өлім бірден 20 пайызға өсіп, сонымен бірге туу азайған [9].
Осылайша, Солтүстік Казақстан аймағында миграциялық үрдістер мен өлім санының артуы және туудың төмендеуінің салдарынан демографиялық мәселе туындап отырғандығын көруімізге болады. Сол себептен, осындай солтүстіктегі қалыптасқан демографиялық дисбалансты бәсеңдету үшін Қазақстан үкіметі бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осы жобалардың барлығы халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Солардың қатарынан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын атауымызға болады. Бағдарламаның мақсаты — нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағдарламаның миграциялық бөлімі «Серпін» жобасын және еңбек ресурстарының мобилділігін жоғарлату жобасын қамтиды. Осы екі жоба да жұмыс күші мол аймақтан жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыруды қамтиды. Әрине, аталған жобалар бойынша келелі маңызды іс-шаралар атқарылып, өзінің жемісін беруде.
Тек «Серпін» бағдарламасы оқу миграциясына бағытталған және бұл бағдарлама бойынша жыл сайын Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының жоғары оқу орындарына еліміздің оңтүстігінен келетін талапкерлерге жеке гранттар бөлінеді.
Еңбек ресурстарының мобилділігін жоғарлату бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныстанушыларға қаржылай көмек көрсетіледі. Мемлекеттің тарабынан көрсетілетін мұндай көмек қаржы жолақысы, тұрғын үй жалдау ақысын ұсыну, 12 ай бойы ай сайын коммуналдық шығындарды төлеуді қамтиды.
Осымен бірге, Қазақстан Республикасы үкіметінің миграциялық үрдістерді реттеуге бағытталған бағдарламалары солтүстік облыстардың этникалық ландшфантын өзгертуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік пен Солтүстік облыстары арасындағы ынтымақтастық және олардың әкімшілігі арасындағы координация мәселелерін шешу мақсатында меморандумдарға қол қойылған. Жыл сайын оңтүстік аймақтарда солтүстік аймақтардан келетіндерді жұмыспен қамту және ұсынушылардың қатысуымен аймақаралық бос орын жәрмеңкелері өтіп отырады және коныстану үшін берілетін квота көлемі өскен. Сонымен қатар бұл бағдарламаға қызығушылықтың үлкен болуына қарамастан, оңтүстіктен солтүстікке көшушілердің үлесі төмен.
Мысалы, 2018 ж. мәліметтерге сүйенсек, негізгі тартымды орталықтар ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары көрсетілген, осымен бірге, Түркістан облысының тұрғындары Алматы және Маңғыстау облыстарына қоныстануда. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бекітілген солтүстік аймақтарында 2018 ж. қорытындысы бойынша миграцияның кері сальдосы (1094 адам) байқалады және бұл көрсеткіш мемлекеттің анықтап берген квотасынан біршама төмен [10].
Солтүстік Қазақстанда қалыптасқан демографиялық мәселені шешудің жолын ҚР Президенті Қ.- Ж.К. Тоқаев ұсынды. Ол өзінің екінші Қазақстан халқына жолдауында кәсіпорындарды ресейлік шекара нарығына бағыттауды ұсынды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, ресейлік шекараға бағытталған кәсіпорындардың пайда болуы республикамыздың солтүстігінен шығатын ішкі және сыртқы миграцияның төмендеуіне алып келеді және қосымша жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етуі, аймақтық қаржы жағдайын ұлғайтуы мүмкін. Алайда экономика саласындағы шекаралық ынтымақтастық екі мемлекеттің демографиялық шекарасына оң ықпалын тигізуі мүмкін.
Дегенмен, республикамыздың солтүстігіндегі депопуляция мәселесін шешу халықтың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайларды құрумен тығыз байланысты. Адамдар тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз етілген жағдайда демография мен ұлттық қауіпсіздік мәселесі өздігінен шешімін табуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстанның бірқатар облыстарындағы демографиялық жағдайға оң әсерін тигізетін экономикалық саясаттың да рөлі жоғары болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, жалпы құны 1,8 трлн. теңгені құрайтын 2021-2025 жж. арналған Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының маңызы бар. Мұндай кешенді жоспар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды, тұрғын үй және инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуға арналған 4 бағыттан және 87 іс-шарадан тұрады [11].
Қорытынды
Тәуелсіздік жылдарында Солтүстік Қазақстанның демографиялық дамуы бірнеше кезеңдерден өтті. Жалпы алғанда, 1999-2021 жж. аралығында еліміздің солтүстік аймағы халықтарының санының және құрылымының біршама өзгеріске ұшырағандығын көре аламыз. Қазіргі уақытта күнделікті ішкі және сыртқы миграцияның есесіне Солтүстік Қазақстанның халық санының азаю үрдісі жүріп жатыр. Сондықтан, Қазақстанның солтүстігі болашақта демографиялық мәселесін шеше алама деген мәселе өзекті болып отыр.
Қазақстан аймақтарының үйлестірілген дамуы еліміздің экономикалық жағдайын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады, сондықтан осы аспектіге үлкен көңіл бөлінуде. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарындағы 7 негізгі реформаның қатарында «Күшті аймақтар және урбанизация» реформасының ұсынылғаны кездейсоқтық емес.
Осымен бірге, қазіргі уақытта Қазақстанда демографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған механизмдер қалыптасқан. Олардың қатарында 2017 ж. бастап тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтарынан еңбек тапшылығы орын алған солтүстік аймақтарға өз еркімен қоныстану бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарламаның шеңберінде қоныстанушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған. Дегенмен, қазіргі уақытта қоныстану қарқынының деңгейі төмен. Сондықтан, еліміздің солтүстік аймағындағы демография және миграция мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды күшейту қажет.
- Демографическая политика Казахстана: плюсы и минусы [Электронный ресурс] – Режим доступа: http://astanazan.kz/?p=3373
- Жаркенова А.М. Численность и этнический состав населения Северного региона Казахстана в постсоветский период / А.М. Жаркенова // Историческая и социально-образовательная мысль. — 2010. — №4 (6). — С. 90–95.
- Чем может привлечь Северный Казахстан жителей других регионов? [Электронный ресурс] — Режим доступа: https://kapital.kz/gosudarstvo/47128/chem-mozhet-privlech-severnyy-kazakhstan-zhiteley-drugikh-regionov.html
- Численность населения Северного Казахстана сократилась на 4,6 тысяч человек [Электронный ресурс] — Режим доступа: https://www.inform.kz/ru/chislennost-naseleniya-severnogo-kazahstana-sokratilas-na-4-6-tysyach-chelovek_a3122970
- Сильные регионы страны: развитие Северо-Казахстанской области [Электронный ресурс] – Режим доступа: https://strategy2050.kz/ru/news/51749/
- На севере Казахстана продолжает уменьшаться численность населения [Электронный ресурс] .— Режим доступа: https://kz.kursiv.media/2019-09-17/na-severe-kazakhstana-prodolzhaet-umenshatsya-chislennost-naseleniya/
- Население северных и восточных регионов Казахстана продолжает снижаться [Электронный ресурс] – Режим доступа: https://vlast.kz/novosti/43217-naselenie-severnyh-i-vostocnyh-regionov-kazahstana-prodolzaet-snizatsa.html
- Прогнозы по миграции с севера Казахстана не оправдались [Электронный ресурс] – Режим доступа:https://inbusiness.kz/ru/news/prognozy-po-migracii-s-severa-kazahstana-ne-opravdalis
- Рост населения Петропавловска остановился [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://xn--80aeaj2aesddcjte.kz/rost-naseleniya-petropavlovska-ostanovilsya/
- Государственная программа переселения «Юг–Север»: востребованность и успешность [Электронный ресурс] – Режим доступа: https://ekonomist.kz/zhussupova/programma-pereseleniya-yug-gosprogramma-sever/
- План развития Северо-Казахстанской области до 2025 года представило Министерство национальной экономики [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://inbusiness.kz/ru/last/plan-razvitiya-sko-do-2025-goda-predstavilo-mne