Мақалада қазақ халқының ұлттық ділімінде көрініс тапқан мал атауларының берілісі, оның тілдегі тығыздығы, ассоциативтік кеңістігі сөз етіледі. Менталитет, əрине, көптеген ішкі-сыртқы факторларға байланысты. Рухани қазынаның, тарихтың иесі — ұлт, сол ұлттың жағрафиялық ортасы, нақты ісі, өмір сүру тəсілі оның тілдік жүйесінде өзіндік ерекшелікпен қалыптасады. Зерттеуде қазақ ділімінің негізінде жатқан төрт түлік атаулары ұлттық дүниетаным ерекшелігіне байланысты қарастырылды. Қазақ халқының ұлттық ділімінің өзгешелігін малжандылықта көруге болады. Қазақтың негізгі өмір сүру тəсілі — малды бағу болғандықтан, теңеулердің жалпы мазмұнында адамдардың мінезі, түрі, қылығы төрт түліктің қимылымен, жүріс-тұрысымен теңеуге түсіп, көрсетіледі. Орыс халқының негізгі іс-əрекеті жерді өңдеу шаруашылығымен байланысты тілінде түйінделеді. Ұлттық ойлау жүйесінің ерекшелігін көрсету үшін теңеулерді егіз қозыдай, түйе өркешіндей, қойдай жуас, сиырдың бүйрегіндей, көгендеулі қозыдай т.б келтірілген. Екі тілдегі «жылқы», «мал», «сиыр», «қой» ұғымдарымен байланысты сөздерді салыстыра келе, идеографиялық жағынан айырмашылықтарын дəлелдеуге тырысқан. Əр ұлттың өзіндік ойлау ұғымдарын сипаттаудан туған тілдік бірліктер оны басқа халықтан айырып танитын белгілеріне айналады. Тіл адам баласының таным қабілетінің сырттануы, оны сақтау, жетілдіру түпнұсқаны тануға байланысты болады. Мал атауларының қатысуымен берілген фразеологиялық тіркестерде, мақал-мəтелдерде, теңеулерде ұлттық əлемнің тұтас бейнесі сақталғанын көреміз.
Кіріспе
Қай тілдің болмасын тұнық сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түп тамыры, тіл иесі ұлттың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тарихының қалың беттерімен, мəдениетімен, ұлттық мінез-құлқымен толық танысу қажет. Белгілі бір халықты тану үшін сол халықтың ділімін, яғни этностың өзіндік бет бейнесі, ерекшілігін ұғына алу керек.
Қазақ халқы ділімінің де өзгешелігі бар. Ділім ұғымын адамдардың нақты ісінен, өмір сүру тəсілінен, ойлау жүйесінен бөліп қарауға болмайды. Менталитетке халықтардың тұрмыс- жағдайынан, қалыптасқан мінез-құлқын, əдет-ғұрпын, ойлау жүйесін, салт-санасын бейнелейтін рухани келбетінің сомдалған жиынтығын жатқызуға болады.
Лингвомəдениеттануда жəне когнитивтік лингвистикада ділім ұғымы этностың сана сезімінде қалыптасқан əлемнің бейнесі ретінде зерттелінеді. Біздің ойымызша, осы анықтамада ділім ұғымының мəнісі дəл көрсетілген, сондықтан да анықтаманы негізге алып, ділімнің көріністеріне ұлттық сана, ұлттық ойлау жүйесін, наным-сенімдерді, көзқарасты жатқызамыз. Егерде менталитет ұлттық психологияның, ұлттық дəстүрлердің көріністері болса, онда əр ұлттың менталитеті əр түрлі болып, бір-біріне сəйкес келмейді. Осы сəйкессіздік ұлттық тілде жəне халықаралық коммуникацияда, біздің байқауымызша, жиі кездеседі. Ə.Қайдар этносты, этнос болмысын тек оның тілі арқылы толық түсінуге болатынын, этнос өміріндегі «мол деректер мен мағлұматтарды тіл ғана бойына сыйғызып», ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетінін, тіл этностың өзін танып-білудің қайнар бұлағы екенін айтады. Осыған орай халықтардың менталитетінің сəйкес еместілігін тілдік бірліктерде бейнеленуін қарастырайық: ол үшін əр халықтың менталитетінің қалыптасу жағдайын, ерекшеліктерін анықтайық.
Əдістер мен материалдар
Əр халықтың менталитетінің ерекшелігі бар, себебі əр халықтың менталитеті түрлі табиғи- жағрафиялық ортада қалыптасады. Қоршаған ортаны біркелкі түрде халықтар қабылдай алмайды. Ділім қоршаған ортаның жағдайына қарай, этностардың табиғатына сай сəйкес, күнделікті тұрмыста орындайтын іс-əрекеттің бағытына орай ерекшелікте қалыптасады. Мысалы, қазақ менталитеті европалықтар шеңберіне симайды.
Қазақ қандай кең болса, оның менталитеті де мол, рухани жағынан өте бай. Менталитет ең бастапқы түрде туған жағрафиялық ортаға, материалдық негізге, əлеуметтік-саяси жағдайларға байланысты. Д. Кішібековтің айтуынша, қазақ менталитетінің кейбір ерекшеліктері бар: «Ол ерекшеліктер: біріншіден, ұдайы мал бағып, соның соңында көшіп, қонып жүрді. Ол үшін кең дала, жазық жайлаулардың, тіпті шөлді жерлердің қажеттілігі еді. Екіншіден, көшпелі халықтың бүкіл өмір сүру тəсілі, əдет-ғұрпының сол көшпелі тұрмысқа, тұрған үйі, киген киімі, ішкен тамағы — бəрі сол жағдайға орай сəйкестендірілгені. Үшіншіден, көшпелілердің бір жерге шоғырланбай мал бағу жағдайына сəйкес ауыл-ауыл болып, бірінен-бірі алшақ тұруы [1].
Көріп отырсақ, қазақ менталитетінің қалыптасуына оның кең даласы, көшпелілік тұрмыс-салты, мал бағу іс-əрекеті үлкен əсер еткен. Ал, орыстар, гректер ділімі мүлдем басқа географиялық ортада қалыптасқан. Теңіз жағасында тұру, отырықшылдық жағдайда бидай, жеміс-жидек, көкөніспен шұғылдану — осының бəрі де гректердің мінез-құлқын өмір сүру тəртібіне, отырықшылдық өміріне орай сəйкестендірген. Ділімнің қалыптасуына ең бастапқы ықпал еткен күнделікті тұрмыстық іс- əрекет. Егерде қазақтардың негізгі өмір сүру тəсілі — мал бағу болса, орыстар, гректердің негізгі іс- əрекеті жерді өңдеу, шаруашылықпен шұғылданудан, дақылды өңдіру. Сонымен қоса, гректер де мал, қой бағып, теңізбен байланысты — теңіздік іс-əрекетпен айналысқан: балық аулау, теңіз іс- əрекетімен шұғылдану, губкаларды жинау. Оларда жерді өңдейтін диханшылық шаруашылық басымырақ болды. Сондықтан, олардың салт–дəстүрлері де, мінез–құлықтары да осы екі негізгі (теңіз ісі, ауыл шаруашылығы) кəсіпке орай қалыптасқан. Орыс халқының негізгі іс-əрекеті жерді өндеу шаруашылығы, балық аулау кəсібі, теңізбен байланысты іс-əрекет. Орыс менталитеті осы шаруашылықтардың бағыттарына сай қалыптасқан.
Қандай да бір халықтың ерекшеленген негізгі іс-əрекетіне байланысты туған тілдік бірліктер оны басқа халықтан айырып танитын белгілерге айналады. Əдет-ғұрып, салт-дəстүрлерде ежелден келе жатқан сабақтастық та, тарихи аралас-құраластық та, ұзақ көршілес отырғандықтан болатын ауыс-түйістер де, сондай-ақ халықтың өзіне ғана тəн, басқа жұртқа ерсілеу көрінетіндері де болады. Қазақ халқы да басқа ұлт өкілдері секілді дүниетанымдық көзқарасын, салт-дəстүрін т.б. тілінде түйіндеген. Оларды тұтас құрылым жүйесінде анықтап сақтаған, халық өмірінің, мəдениетінің бейнесі немесе «дүниенің тілдік бейнесі» деп сипаттауға болады. Əр этностың өмір сүру сипаты ұлттың рухани ерекшеліктерімен анықталуы арқылы ана тілінде сақталады.
Қазақ халқының ұлттық энергиясының — ділімінің өзгешелігін біріншіден, малжандылықта көруге болады. Қазақ малын қадірлеген, өйткені көшпелі қазақ қоғамының өндірісі — малды баптап, күту. Мал жесе тамақ, кисе — киім, оның өнімі — баспана болған. Қазақ малды «төрт түлік» деп, оны сан-қилы мақал-мəтелдерінде бейнелеген, мысалы: мал екеш мал да, от жеп су ішкен жеріне тартады; туған жердің түйе жейтін жапырағы да дəрі, түйе ойнайтын топырағы да дəрі; ай мүйізді қошқар, қысыр емген тайдай, ала тайдай бүлдірді, егіз қозыдай, кəрі қойдың жасындай жасы қалды, мал құлағы саңырау, мал сілекей алды, мал құмар, сиырдай мүйіздесті, сиырдың бүйрегіндей бытырады, сиыр мінез, сиыр құйымшақтатты т.б.
Қазақ əсіресе жылқы малын бағалаған, себебі жылқы мінсең көлік, ішсең ашытқан сүті қымыз, мейірің қанады, жесең тамақ, кисең киім. Сондықтан да қазақ жылқы малын қадірлеп, былай деген: «Қасиетті жануар. Біздің тегіміз — түркі, түлігіміз жылқы. Содан да болар атам қазақ: қой — береке, түйе — ғазиз, ал аттың жалына қиямет күніне шейін жақсылық байлаулы тұрады, — дейді. Жылқы төрт түліктің төресі. Тəкаппар, сезімтал, кірпияз, киелі жануар» («Егемен Қазақстан» газетінен). «Бір бие бұлақ басы, екі бие елдің асы, үш бие — теңіз, теңіздегіні бермеген доңыз» — деп қазақ жылқы малының берекесін айтады, қонақжайлылыққа тəрбиелейді.
Қазақ жасынан атқа мініп үйренген, өмірі, барлық іс-əрекеті осы жануарлармен тығыз байланысты, қазаққа ен даласын танытқан, оның шегі мен шексіздігін сездірген киелі жануар жылқы, сондықтан да «ат» түлігімен байланысты алуан-түрлі фразеологизмдеріде бар, мысалы: ат соқты, ат басын бұрды, ат басын тартты, ат басындай алтын, ат басын тіреді, ат бойы, ат бауырына алды, ат жаратты, ат жарыс, ат жетпес, атан жетпес жерді, атқа мінер, ат қосы, ат құлағы көрінбейді, ат құлағында ойнайды т.б.
Атқа байланысты фразеологизмдерді семантикасы жағынан бірнеше топқа бөлуге болады. Ол топтарда адамның түрін, мінез-құлығын бейнелейтін фразеологизмдер баршылық, мысалы, жеңілтек, ұшқалақ, мінез: атқа жеңіл құдаша, ат бауырына алды (қатыгез), тағасыз аттай (сөзінде тұрмайтын), атқа мінер (пысық), ат құлағанда ойнайды (пысық, икемді), ат мінгізді, тон кигізді (қонақжайлылық), ат үстінде ұйықтады (мазасыз, тынышсыз), биені жұтады, құдайымдай, тайын Тəңірісіндей көрді (сараң адам), ат ойнатты (астамшылық жасайтын өктемді адам туралы), аттай желді (еңбекқор, ерінбейтін адам), атта жал, адамда қам жоқ (жеңілтек, ештеңені ойламайтын адам туралы), ат сауырына алып келген (ер жүректі адам), атой салды (жауынгер мінезді адам), ат көпір қылып алды, ат көпір қылып беру (дархан мінез туралы), т.б.
Қазақтар түйені Ойсылқара дей отырып, оған ерекше мəн берген. Қазақтың көшпелі мал шаруашылығы түйесіз мүмкін емес-ті, сондықтан түйе қазақ үшін қымбат мал. Қазақ түйені киелі мал деп есептеген. Түйенің зор денесі, күші, жуас та жайлы мінезі, көнбістігі оған адам баласын ырза еткендей. «Ауырды нар көтереді, өлімді ер көтереді», «Қабырғалы қара нар қабырғасын сөксең, бақ етпес», «Нар жолында жүк қалмас», «Түйе жүкті көтере алса, шөмішті де көтереді» (М. Қашқари); «Түйенің өзі дəу болғанымен, құмалағы дəу болмайды» (М.Қашқари); «Інген ыңыраңса, бота боздайды (М.Қашқари); «Алыс жолдың іздерін түйе білер» (Қорқыт); «Түйе сілкінсе, есекке жүк шығады» (М.Қашқари); «Түйені тепкілеп жұмсау үшін ұстайды депті біреу» (С. Сарай); «Түйеде жоқ ерлік, арыстанда болады» (С.Сарай) деген мақал-мəтелдерде жəне ғұламалардың айтқан қанатты сөзінде түйені қасиет тұтып кие санап, қадірін жете ұғынған. Түйе туралы фразеологизмдердің С. Кеңесбаевтің сөздігінде бірталайы берілген: түйеден түскендей ету (дөрекі, орынсыз), түйе кекірік (өлшеусіз тойып кеткендей кекірік), түйе үстінен сирақ үйту (ебедейсіз, болбыр адам), бір күн бие, бір күн түйе (жағымсыз мінез), сөзі түйеден түскендей (дөрекі сөз), түйенің тұяғы түскен жер (алыс, қашықтық), түйенің жарты етіндей (шектен тыс семіздік), қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің; ақ түйенің қарны жарылу (молшылық), түйе қомында жүріп (күй таңдамау), түйе қотыр сөз (біреуді қажай айтылатын сөз), түйенің танитыны жапырақ (білетіні бірақ нəрсе), түйені түгімен жұту, түйе өркештеніп жатыр (қырат жер), түйе үстінен ит қапты (икемсіз, болбыр), үстінен түйе жүріп өтсе де (маубас, момындық), түймедейді түйедей қылды, шөккен нардай (тым үлкен) т.б. [2].
Малдың сапасы тіршілік қажеттілігіне байланысты. Əр түліктің өзінше бағасы бар, мысалы, М.Əуезов өлген азаматтың құнына беретін бағаны түйемен есептегенін көрсетіп отыр: «Əзімханның өлімін ырғайлы жоқтаусыз қалдырған жоқ. Ол жақтан жылқы аламыз деп барып, кісі де өлтірді... кегін де алды... Əзімхан басына жүз түйенің құнын да (қымбат төлеу деген мағынасында) алды (М. Əуезов. Қаралы сұлу. 269-б). Е. Жанпеисов те түйенің құнын өзінің еңбегінде көрсетіп, оның құндылығын, қаншаға бағаланғанын атайды [3].
Сиыр малына байланысты фразеологизмдерді атауға болады. Мысалы: сиырдай мүйіздесті (төбелесті, қырылысты), сиырдың бүйрегіндей бытырады (бет-бетіне тарап кетті), сиырдың жорғасы секілденіп (кекесін сөз), сиыр құйымшақтатты (аяқсыз қалды, берекесізденді), сиыр мінез (сүйкімсіз қылық), сиыр сəске (түс), сиыр тектес (жөн сөйлемейтін, қисық), бұзау тіс (қамшы өрілген ірі), сүзетін бұқадай т.б. V–ХVІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштердің материалында сиыр, өгіз туралы келесі мақал-мəтелдер, қанатты сөздер кездеседі: «Сүзеген сиырға құдай мүйіз бермейді» (М.Қашқари); «Қара өгіз балтадан қорықпайды (М.Қашқари); «Үйдегі бұзау өгіз болмас» (М.Қашқари) т.б.
Фразеологизмдердегі образдылық адамның дүниетаным ерекшелігіне байланысты. Қой атаумен келген фразеологизмдерді қарастырсақ, қой — қазақ үшін бейбітшілік, тыныштық, үндестік символы. Осы түлікке байланысты семіздікті қой ғана көтереді, қойдан жуас, қой аузынан шөп алмас, қойдай қоңыр, қой үстіне бозторғай жұмыртқалады (тыныштық), қой тауға жайылып жатыр (тұрмысы жақсы, шаруасы жай), қойдай өргізу, қозыдай көгендеу (дегеніне көндіру), қойдай жусатты (айтқанын істетті), қойдай бөріктірді (у-шу етті), қойға шапқан қасқырдай (қырып-жою), қойдай қырды, қозыдай маңырап табысты (шұрқырасып жолықты), қойдай тоғытты (үйіріп айдап салды) т.б. тілдік оралымдар қойдың жуас та биязы мінез-құлқын талдап, сол мінездің қазақ үшін қасиеттілігінен қалыптасса керек.
Сиыр, қой түліктері туралы С.Кеңесбаевтың фразеологиялық сөздігінде, бірталай идиомдар келтірілген, мысалы: ақтылы қой, егіз қозыдай, қой көз, нар түс, сиырдың бүйрегі секілді, т.б. [2].
Ұлттық ойлау жүйесінің ерекшелігін көрсету үшін теңеулерді салыстырып көрейік. Теңеулердің tertium comparationis (жалпы мазмұнында), яғни екі теңеуге түскен заттарды теңейтін компонентінде əлеуметтік тəжірибенің фрагменттері пайдаланылды. Ал қазақтың негізгі өмір сүру тəсілі — малды бағу болғандықтан, теңеулердің жалпы мазмұнында адамдардың мінезі, түрі, қылығы төрт түліктің қимылымен, жүріс-тұрысымен теңеуге түсіп, көрсетіледі. Теңеулердің құрамы күрделі. Теңеу, логика категориясы ретінде өзінің құрамына үш құрылымдық компонентті кіргізеді: а) түсінікті талап ететін ұғым; 2) түсіндіру үшін қажетті ұғым; 3) tertium comparationis, екі компонентті біріктіретін, соның негізінде теңеуді жүзеге асыратын құрылым В.М. Огольцевтің пікірінше, теңеулердің құрамында келесі үш элементті айыру керек: 1) берілген элементтер; 2) бұрынғы элементтер; 3) нəтиже [4].
Қазіргі қазақ тілінде, Т.Қ. Қоңыровтың ойынша, қазақ, орыс тілінде екі құрылымдық жəне үш құрылымдық теңеулер бар. Осы екі тілдегі теңеулерді салыстыру нəтижесінде біз олардың лексикалық элементтерінде көбінесе мал атауларын атағанын көріп отырмыз, мысалы: өгіздей өкіру, байтал түгіл бас қайғы, ат жақты, ат басындай алтын, бота көз, қойдай жуас, қой күзеткендей, күйексіз қошқардай, өгіз аяң, бота тірсек, көгендеулі қозыдай, егіз қозыдай, қойдай қоңыр, т.б. Төрт түліктің аты теңеулердің образы ретінде жиі қолданылады. Мал-жануарлардың аты, түрі, түсі, қимылы басқа құбылыстармен заттармен салыстырылып, ойлау нысаны туралы елдің жағымды, не жағымсыз пікірлерін, бағаларын көрсетеді [5].
Осындай анималистік теңеулерді малдың аттары бойынша бірнеше топқа бөлуге болады:
- «түйе» малының атаулары, осы ұғыммен байланысты теңеулер: «... Алдыма алып анықтап қарасам, мөлдіреген бота көзінен меруерт жасы парлап-ақ кеткен екен (Ғ. Мүсірепов. «Қазақ əйелі», 21-б); «Əсіресе оның бота көзі өзіне жаудырап қарап тұрғандай, көрінді» (І. Есенберлин. «Маңғыстау майданы», 169-б); «Мен өзі, сірə, зерек емеспін-ау деймін, бір əңгімені естісем, соны бірден түбіне жетіп түсіне қоймай, ойыммен оқтын-оқтын қайтып оралып, күйіс қайырған түйедей талмап барып жұтатын əдетім бар» (Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін»); «Серейіп өсіп қайда барасың, Нұрке? Сырық пысық, құрық пысық? Құдайым бойды берген-ақ, ə? Əттең аяғың төртеу болса, жұт жылғы арып шыққан боз тайлақсың ғой аумаған, — деп əзілдейді. Ебедейлі ерні, қошқар мұрны, қысық көзі — бəрі ынтымақтасып қойғандай бірлесе күледі» (Д. Əбілев «Ақын арманы»); «Беташарда ақын бала орталарында жоқ қайнысы Құрмаш үшін келінге сəлем салдырды. Жұрт сөйтіп бота тірсек бозбаланы жəне еске алды (Е. Əкімқұлов «Құрман»); «Машиналарын дүрілдетіп, беріштеніп қалған құм қиыршықты бұрғылаған үш-төрт жігіт, олар да ермек іздейді білем, жуас түйе жүндеуге жақсы дегендей, мұны қажап, қайдағы жайдағыны шұқылап сұрай беретін» (О.Бөкеев «Құм мінезі»).
- Қой: Толық етті, ақ жүзді əйел болатын. Ашық мойны бұғақты, жұмыр сұлу еді. Бет тұлғасы да, аз кесектеу келсе де, сүйкімді сұлу болатын көзі қой көздеу, бұйраланған қара шашты еді» (М.Əуезов «Кінəшіл бойжеткен»); «Томпақтау дөңгелек қой көзі де шөрейіп тереңдеп, нұры өткірлене түскен» (Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін»). Қозы қарны бұлтиып, қоңыр костюмінің ортаңғы ілгегін шерітіп тұрғанымен ісі жоқ (М. Сүндетов «Ескексіз қайық»); «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деуші еді, Қасымбектің қазасының салмағы да маған кейінірек барып жетті» (Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін»).
- Ат: Соғыстағы шапшаңдық, мықтылықтың үстіне, бұл қыстыгүні ат құлағы көрінбейтін боранда, айсыз қараңғы түнде жылқының ішінен бірде-бір күн қалмайтын» (М.Əуезов «Барымта»).
- Сиыр: «Кешке күйеуіміз келсін. Қанша айтқанмен, ақша табатын солар ғой. Ақылдасайық... Ертеңнен басқа да жексенбі бар ғой Брест те қашық емес. Келесі жұмада барса да бұл мəселе осылай жіңішкеріп барып, сиыр құйымшақтанып бітіп еді» (Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін»); «Жетекке ерген тайыншадай соңынан еріп, тағдырымды соның мойнына артып жетелеген жағына жүре бердім» (Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін»).
Нəтиже жəне оны талдау
Малдың аты ұйытқы болған фразеологизмдердің бірнеше топтарға сұрыпталғанын қарап көрейік:
- Адамның түрін, пішінін малдың аты анимализмдер суреттейтін фразеологизмдер: қошқар мұрынды, ат жақты, атан жілік, бота көз, қой мойын (қысқа, жуан), қой көз, мысалы: «Иə мынау тап сол Таймас: бүркіт қабақ, қошқар тұмсық соның өзі...» (Д. Əбілев «Ақын арманы»).
- Өлшем, қашықтықты анимализмдер арқылы белгілейтін фразеологизмдер: қозы көш жер, ат аяғы жетпейтін, қозы көгеніндей жер, ат бойы, ат құлағы көрінбейді, қой басындай ділдə, ат шаптырым жер, ат тұяғы келмеген, құнан шаптырым.
- Кейбір қару аттары: қозы жауырын жебе (садақ оғы), қой боғындай қорғасын (мылтық оғы).
- Тəулік мезгілі: сиыр түс кезі, бие сауын уақыт, бас бие сауын уақыт, ат қара тіл болғанда, қозы жамырайтын кез, т.б.
- Ұл немесе қызды жынысы бойынша ажырату: атқа мінер, ат қосшылы болдың ба? Қырық жылқылы болдық па? Ат байлар (ер бала), ат ұстарлық өзіңе тартсын (ұл туралы тілек айту).
- Көлемді, салмақты білдіретін тіркестер: ат төбеліндей (азғантай, азғана), атан түйедей (үлкен) т.б.
- Ұлттық салт-дəстүрлердің, ритуалдық əдет-ғұрыптарының ұғымын атау: ат шапан айыбы, ат жарыс (бəйге), ат мінгізіп, тон кигізеді (шапан жапты) ат қосты (бəйгеге жіберді) ат байлады, ат басын тіреді, ат жарыс, ат көлігің аман ба?
Ділімнің, ұлттық-мəдениеттің өзгешеліктігін білдіретін көрсеткіштердің бірі — идеографиялық маркерлер. Əр тілдің лексика-семантикалық жүйесінде сақталатын негізгі ұғымдар бірталай тілде белгілері бір болғандықтан универсалдық болады. Осындай универсалдық категорияларды А. Вежбицкая «Семантикалық примитив» деп зерттейді. Ғалымның пайымдауынша, семантикалық примитивтерге универсалдық ұғымдар жатады, əр түрлі тілдерде оларды атайтын сөздер болады дейді [6].
Осы еңбегінде автор семантикалық примитивтердің тізбесін ұсынады:
- Субстантивтер — сен, мен, ол, адамдар;
- Детерминанттар жəне квантификаторлар — ол басқа, бір, екі;
- Ментальдық предикаттар — ойлау, сөйлеу, сезіну;
- Баға — жақсы, жаман;
- Дескрипторлар — үлкен, кіші;
- Уақыт жəне орын — қайда, қай жерде, кейін үстінде, астында;
- Метапредикаттар — жоқ, сол үшін, егер;
- Интенсификатор — өте;
- Таксономия жəне партономия — түр/түс, бір бөлшегі;
- Қатал емес / прототип — сондай ұқсас.
Əр тілдерге ортақ семантикалық примитивтер ұлттық тілдерде идеографиялық жағынан нақтыланады, яғни семантикалық примитивтердегі көлемді ұғымды жан-жақты сипаттайтын мағыналық көлемі аз сөздер пайда болады. Осы сөздер көбінесе ұлттық өзгешелікті сақтайды, себебі олар жалпы ұғымды білдіретін сөздерді идеографиялық парадигматикалық қатарларда анықтап, негізгі ұғымды оның гиперонимиялық ұғымдарын келтіру арқылы семантикалық жағынан нақтылайды, мысалы, қазақ халқы мал шаруашылығын жақсы біледі, себебі ол көшпелілер үшін негізгі өмір сүру тəсілі, сондықтан, осы малмен байланысты іс-əрекеттердің атауларын малдың күтімін, өнімін, жайылымын сипаттайтын сөздер қазақ тілінің сөздік қорында көп. Орыс халқы дақылды баптайды, егін егеді. Олар үшін ауыл шаруашылық іс — негізгі өмір сүру тəсілі, сондықтан орыс тілінің сөздік қорында егін егу, шаруашылықпен байланысты сөздер көп жəне олардың ассоциативтік кеңістігі де көлемді. Осы екі тілдегі «мал», «сиыр», «қой» ұғымдарымен байланысты сөздерді салыстырып көрсек, біз идеографиялық жағынан айырмашылықтары бар екенін дəлелдей аламыз:
Жеребенок — құлын.
Қазақ тілінде құлынның оншақты атауы бар:
- Құлын.
- Құлыншақ.
- Күн қақты құлын. Енесі мініліп жүріп — жөнді ембеген.
- Бұдан құлын (əр тұқымнан тараған).
- Дабыр аяқ құлын. Қыс айларында туған.
- Мəйекті құлын. Енесінің сүтіне тойған.
- Марқа құлын. Қыс ішінде туған.
- Кенже құлын. Мамыр айының аяғында туған.
- Қара құлақ құлын. Жас құлынның тез ширап байлануға келгені.
- Жетім құлын.
- Жабағы құлын. Алты, жеті айға толған құлын.
Идеографиялық конкретизацияның түрі — эмоционалды, экспрессивтік нақтылау. Қазақ тілінде «сиыр» мен байланысты атаулар едəуір көп, соған қоса, «сиыр» ассоциативтік кеңістігінде сиырдың эмоционалды-экспрессивтік атаулары да кездеседі, мысалы: тайынша-баспақ-сиыр: жынды (сүзеген сиыр). Бұл атау сүзеген, сүзгіш сиыр деген мағынада қолданылады. Мұндай сиыр бұзаулағанда, сауғанда, жем-шөп бергенде өте қауыпты.
Жемір сиыр. Көзіне көргендердін барлығын талғамай жей беретін сиыр. Мысалы: жем-шөпті былай қойғанда, жайып қойған кірді, т.б. заттарды жей береді.
Жерігіш сиыр. Өз бұзауын өзін бауырына алмай, емізбей, оны сүзіп жолатпайды жəне су ішкенде кей уақытта жеріп су ішпей қояды.
Жуас сиыр. Маңайындағы малға да, адамға да тиіспейтін сиыр. Сауса да, жетектесе де, байласа да барлығына көне береді [7].
Орыс тілінде сиырды сипаттайтын эмоционалдық атаулар аз, қараңыз: бодливая, смирная (бодливой корове бог рога не дает).
Бұзау, торпақ, тайынша, құнажын.
- Бұзау (сиырдың көктемде туған жас төлі).
- Бұзау қозы (бұзауы өлген сиырды суалтпай, сүтін пайдалану үшін, қойдың қозысын, не ешкінің лағын телиді).
- Арамза бұзау (сиырдың қыста туған бұзауы).
Қой атауларын идеографиялық талдау:
Қой — қозы, тоқты, тұсақ, ісек, марқа.
Қой — бойдақ, еркек, дөнен, қазақы, қара, құйрықты, құнан, саулық, тұсақ, ісек.
Осы мысалдардан ұлттық мінез, ұлттық көзқарасты халқымыздың қастерлі қасиетін, текпен сіңіп, сүтпен дарыған, замандардан заманға жалғасын тапқан ұлттық нақышы басым фразеологиялық тіркестерден ұлттық əлемнің тұтас бейнесі сақталғанын көреміз.
Қорытынды
Қорыта келгенде, əр ұлттың ділімі тілде əр түрлі түрде көрініс береді. Қазақ ділімінің этномаркерлер ретінде біз келесі маркерлерді атаймыз: 1) төрт түлік пен байланысты фразеологизмдердің өзгешелігі; 2) ұлттық теңеулердің лексикалық компонентінде қазақ елінің материалдық мəдениетімен байланысты атаулардың қалыптасуы; 3) семантикалық примитивтердің əр тілде халықтың ділімін қалыптастырып, негізгі іс-əрекеттің бағдарына, ыңғайына қарай нақтылануы. Сонымен, XIX ғ. бірінші жартысында өмір сүрген В.Гумбольдтше айтсақ: əрбір жеке тіл — ұлттың тілдік санасында қалыптасқан нəтижесі, сол себепті тілдің қызметі қандай деген мəселеге, оның ішкі өмірінің қалай дамығанын, ұлттың рухани күшін, оның өзіндік ерекшелігін түсінбейінше жауап беру мүмкін емес.
Əдебиеттер тізімі
- Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең / Д. Кішібеков. — Алматы: Ғылым, 1999. — 200 б.
- Кеңесбаев І.К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі / І. Кеңесбаев. — Алматы: Ғылым, 1997. — 712 б.
- Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка / Е. Жанпейсов. — Алматы: АН КазССР, 1982. — 221 c.
- Леви-Брюль Л. Первобытное мышление / Л. Леви-Брюль. — М.: Наука, 2009. — С. 268, 269.
- Бурбаев Т.Қ. Қазақ менталитетінің даму ерекшеліктері / Т.Қ. Бурбаев. — Астана, 2005. — 287 б.
- Вежбицкая А. Сопоставление культур через посредство лексики и прагматики / А. Вежбицкая. — М.: Языки славянской культуры, 2001. — 272 с.
- Нурсеитова А.А. Төрт түлік малға қатысты салт-дəстүрдегі ұлттық-мəдени сипаттағы фразеологизмдер / А.А. Нурсеитова // Қостанай əлеуметтік-техникалық университеті хабаршысы. — 2011. — № 10. — Б. 375–379. 2009.