Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

«V» бүркеншік есімімен жарияланған еңбектердің Əлихан Бөкейханға қатыстылығы туралы

2016 жылы алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының екінші басылымы жарық көрді. 15 томдық шығармалар жинағы тынымсыз еңбек пен көп ізденістің арқасында басылып шыққаны анық. Дегенмен көптомдықтағы кейбір мақала мен аудармалардың ұлт көсемі Ә.Бөкейханға тиесілі екен күмән, сұрақ тудыртады. Нақтырақ айтқанда кейбір бүркеншік есіммен жазылған еңбектерге ерекше назар аудару қажеттігі байқалады. Мәселен, соңына алаш көсемінің бүркеншік есімдерінің бірі деп есептеліп жүрген «V» әрпі (таңбасы) қойылған кейбір мақалалар мен аудармалар солардың қатарына жатады. Ә. Бөкейхандікі екені анық еңбектер мәтіні мен «V» бүркеншік есімі қойылған еңбектердің мәтінін лингвистикалық тұрғыдан салыстыра- салғастыра зерттеу барысында олардың стилі мен сөз қолданысында елеулі өзгешеліктер бар екені анықталды. Мақалада Әлихан Бөкейханның 15 томдығындағы «V» бүркеншік есімімен тіркелген мақалалардың алаш көсеміне тиесілі еместігі тілдік және тарихи деректер негізінде айқындалады. Аталған бүркеншік есім қойылған қазақ тіліндегі мақалалар алаш көсемі Ә. Бөкейханға емес, алғаш алашшылдар қатарында болып, кейін компартия қатарына өтіп, социалистік қоғамның орнығуына белсенді қызмет еткен белгілі кеңес қайраткері Молдағали Жолдыбайұлына тиесілі екендігі екі автордың мәтіндеріне қатар талдау жасау арқылы дәлелденеді. Бұл авторлардың саяси көзқарастары мен компартияның ұстанған саяси курсына, кеңестік идеологияға қатысты ұстанымдары да сәйкеспейтіні, бір арнаға тоғыспайтыны да олардың әр кезеңде жазған еңбектері негізінде нақты көрсетілді. Зерттеу негізінде «V» бүркеншік есімінің артында екі автор тұр деген тұжырым жасалып, қай еңбектің кімге тиесілі екені ажыратылып берілді.

Кіріспе

Әлихан Бөкейхан — Алаш көсемі, елінің азаттығы жолында табандылықпен күрескен ірі саяси тұлға, аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықтың арда туған адал ұлы. Сонымен бірге ол қолынан қаламын тастамай үздіксіз ізденіс үстінде жүріп соңына мол мұра қалдырған аса дарынды, кең тынысты ғалым, кез келген тақырыпты терең талдап-сараптап жазатын өте шебер де өткір журналист, талғампаз да білікті аудармашы. Қайраткер қалам иесінің бай мұрасын ұлт игілігіне жарату, оның энциклопедиялық білімі көрініс тапқан шығармашылығын әр қырынан зерттеу, қаламынан туған әр сөзі мен сөйлемінің мән-мағынасына үңілу, бар ғұмырын қазаққа қалтқысыз қызмет етуге арнаған алаш ардақтысының арман-тілегін түсіну, одан өнеге алып, өсиетініне адал болу баршамызға парыз.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы (2016) жарық көрді [1]. Бұл еңбек көп ізденістің, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Бұл орайда алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мұрасын мұрағаттарды ақтарып жүріп жинап, бастырып шығарған филология ғылымының кандидаты, әлихантанушы С.А. Жүсіптің қыруар іс тындырғанын айту керек. Дегенмен осы Ә. Бөкейхан шығармаларының 15 томдық жинағындағы кейбір еңбектер (мақалалар, аудармалар мен сын пікірлер) оның қаламынан туғанын әлі де нақтылай түсуге тура келеді. Біз бұл жерде бүркеншік есіммен жарияланған кейбір еңбектер туралы айтып отырмыз. Солардың қатарына «V» бүркеншік есімі қойылған мақалалар мен аудармалар да кіреді. Біз алаш көсемінің осы шығармалар жинағымен алғаш танысқанда-ақ «V» бүркеншік есімі қойылып, жарияланған қазақ тіліндегі мақалалардың Ә.Бөкейхандікі екеніне күмәнмен қарадық. Ал 1908 жылы «Сибирские вопросы» журналының бірнеше санында «V» бүркеншік есімі қойылып орыс тілінде жарияланған мақалалар туралы олай ойлауға еш негізіміз болған жоқ. Оған Ә.Бөкейханның «Ғали хан» деп қол қойып, 1914 жылы «Қазақ» газетінде (№ 91), 1915 жылды «Айқап» журналында (№ 2) қайта жариялаған «Он төрт тоғыз бола ма?» мақаласының соңындағы: «Бахытжан, Сералы «Алаш» деп бұлдыратып жүргенде, мен абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16–17, 18, 21–22, 27–28, 33–34, 35–36, 37–38, 45–46, 47–48, 1908 жылғы, V деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара!» деген жазбасы да себеп болды. Сонымен «Бір бүркеншік есім артында екі автор тұр ма?» деген сұрақ бізді мазалай бастады. Одан әрі бұл бүркеншік есім туралы өзге де пікірлер барын білгеннен кейін алаш көсемінің ұлт тілінің дамуына қосқан үлесі мен оның мұрасын лингвистикалық тұрғыдан арнайы зерттеп жүрген маман ретінде бұл мәселені айналып өтпей өз тұжырымымызды айтуға міндетті екенімізді сезіндік. Ең алдымен Ә. Бөкейхан шығармаларын жиып-теріп, көптомдық шығармаларын жариялап, арнайы ғылыми зерттеулер жазған әріптесіміз С. Аққұлының еңбектерімен және дәл осы бүркеншік есімге арналған мақалаларымен [2]; [3], [4] мұқият танысып шықтық. Ұзақ жылдар бойы Әлихан мұрасын қажымай- талмай зерттеп келе жатқан үзеңгілес зерттеушінің атқарған ісіне де, ғылыми пікіріне үлкен құрметпен қараймыз. Оның әлихантануға көп еңбек сіңіргені еш дау туғызбайды. Бірақ зерттеушінің «V» деген бүркеншік есіммен жарияланған қазақ тіліндегі мақалалар мен аудармалар Ә.Бөкейхандікі деген пікірі мен келтірген дерек-дәйектері біздің күдігімізді еш сейілте алмады. Оның себептері де бар. Енді соған келейік.

Зерттеудің деректері мен əдістері

Ә. Бөкейханның шығармалар жинағына енген кейбір мақалалардың оған тиесілі екеніне неге күмән келтіріп отырмыз? Өйткені солай пайымдауымызға екі түрлі себеп бар. Біріншісі — 15 томдық шығармалар жинағына енген кейбір мақалалардың мазмұны, онда айтылған ой-пікірлер алаш көсемінің саяси көзқарасы мен ұстанымына сәйкес келмейді. Екіншісі — бүркеншік есіммен жазылған кейбір мақалада (мәселен, «V» мақалаларында) Ә. Бөкейханға тән деп айтуға келмейтін сөзқолданыс, баяндау мәнері мен стильдік өзгешеліктер байқалады.

Алдымен жинақтағы алаш көсемінің саяси ұстанымына сай келмейтін кейбір тұжырымдарға тоқталайық. «V» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Айтыс — партияның күшейгендігін көрсетеді» деген мақалаға назар аударайық. Жалпы бұл мақала бастан-аяқ социалистік құрылысты барынша жақтап, коммунистік партияны дәріптеуге, большевиктердің таңдаған жолының дұрыстығын, болашағының жарқын екенін дәлелдеуге арналған: «Екі жыл бұдан бұрын біздің ортақшылдар партиясының мүшелері 700 мыңнан астам болған. Бұ күнде бұл саннан жүздеген жылауық қортықтарды, жылмаң бұзықтарды партия шиқанның іріңіндей сығып шығарып тастаулы. Партия одан бері шынығып, маңызданып отыр».

Мәтіннен мұны жазып отырған автордың компартия мүшесі екені анық аңғарылып тұр. Ешқашан коммунистік партия қатарында болмаған алаш көсемі ортақшылдар партиясын «біздің партия» (біздің ортақшылдар партиясының мүшелері) деп жазуы да қисынға келмейді. Автор партия қатары тазарып, саяси ұйым нығайып отырғанын осы партияға шын берілген адамның тілектес көңілімен баяндайды.

Ал енді мына:«...Біздер, большевикпіз, біздер қолымызды Маркстың жолына артқан ортақшылдармыз» (11-т. 406-б.) деген жалынды жолдарды, ұраншыл коммунистке лайық сөйлемді алаш көсемі жазды дегенге илану тіпті мүмкін емес.

«Қазақтан шыққан бәлшебектерге ешбір рахым болмасын» деп бұйрық беріп, жеделхат жолдаған, большевиктермен аяусыз күресу жолын таңдаған, саяси ұстанымы айқын, өте табанды саяси қайраткер Ә.Бөкейхан басына қандай қауіп төнсе де Маркс жолын таңдаған «большевикпіз, ...ортақшылмыз» деп жазды дегенге сену қиын.

«V» бүркеншік есімді автор жариялаған«Жаңа мектепті» неге шығару керек болды?» деген алғы сөзден де осы сарындас ой-тұжырымдар мен саяси көзқарас айқын көрінеді. Мақалада кеңестік білім беру жүйесін «Қызыл әскер тарих көрмеген қаһармандық көрсетті… Бізді арамсынған Еуропаның капиталшыл мемлекеттері жалтаңдай бастады. Бірінен соң бірі бас иіп, бізбен санаса бастады…» (11т. 426).

Әлихан Бөкейхан осылай жазуы мүмкін бе? Осы екі сөйлем де алаш көсемі Әлихан жазатын, ол айтатын сөз емес. Қызыл әскер туралы да, Еуропа елдері туралы да оның бұлай айтуы еш қисынға сыймайды. Ол үнемі Еуропаның озық ғылымы мен білімін, технологиясы мен ауыл шаруашылығын, ғалымдары мен көрнекті қайраткерлерін қазаққа таныстырып, батыс классиктерін қазақшаға аударып, соларды үлгі етіп, солардың деңгейге ұмтылу қажет екенін айтып отырады.

Мысалы бір мақаласында: «Біздің Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19 жарым есе бай. Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді» (Данияда кәператип пен ел шаруасы. 14-т. 367-б.) — деп, Дания кооперативі мен шаруасы туралы жазады. Орыс пен қазаққа Дания шаруасы мен кәперативін үлгі етіп отырған жан-жақты білімді, әлемде, айналасында не болып жатқанын көріп-біліп отырған озық ойлы оқымысты әрі ірі саясаткер Еуропа мемлекеттерін жаңа құрылып жатқан Кеңес одағына жалтаңдатып қоймайды.

«V» бүркеншік есімді автор жазған мақалада: «Қазақ елі қанша надан, мешеу, шаруасы төмен дəрежелі болса да, ұлы кеңестер одағының елі...» (12-т. 266-б.) — деген жол бар. «Ұлы кеңестер одағы» деп кеңес елін ұлықтай сөйлеу де өмірінің ақырына дейін кеңестік құрылымға да оның әміршіл билігіне де иілмей кеткен алаш көсемінің мінезіне, бекзат болмысына жат нәрсе.

«Бұрынғы ақсүйек төрелер балаларының орнына миллиондаған жұмысшы бейнетқорлардың балалары оқып жүр» (11-т. 427). «Одан бері келе Шыңғыстың «түтініміз, күннен тудық» деп төрелер шығып, хан бола бастаған. Байлық төрелердің, билердің қолдарына көшіп, қарып-қасер көбейе бастаған» (13-т. 260-б.). Өз заманының ең озық білімін алған хан тұқымы, нағыз ақсүйек төре Әлихан Бөкейхан кеңестік білім жүйесін қанша жерден мақтағысы келсе де (ол да өте күмәнді) өз тегі туралы осылай жазбаса керекті.

Мағжан Жұмабайұлы құрастырған «Сауатты бол!» кітабына жазылған сын пікірі де саяси тұрғыдан алаш көсемінің айтатын сөзіне ұқсамайды. «V» бүркеншік есімді автор былай деп жазады: «Ахметтің сауат ашқышының иə əліпбиінің кемдігі — үстіміздегі дəуірден, болып жатқан саясаттан мағұлмат аз. Ахмет кітабының бұл кемшіліктерін көре тұрсақ та, сауат ашатын басқа кітабымыз болмағандықтан, уақытша қолданып келгенбіз» (12-т. 274-б.).

Әлихан Бөкейхан елінің азаттығы жолында үзеңгілесіп бірге қызмет еткен ең сенімді серігі Ахмет Байтұрсынұлының кітабын кеңестік саясатты дәріптемеді, ол жөнінде мәліметті аз берді (үстіміздегі дəуірден, болып жатқан саясаттан мағұлмат аз) деп сынауы да, сондықтан оны уақытша ғана қолданып келгенбіз деуі де тіпті қисынға келмейді. Керісінше, Мағжан кітабына енген материалдардың 80 %-ы саясат әңгімелері, «Кітап бұл реттен жақсы» деп мақтауы да алаш рухты қайраткер Әлихан Бөкейхан айтатын сөз емес. Қайта мұндай пікір сыншының кеңестік жаңа өмірге көзқарасы түзу коммунистік жолға адал берілген жан екенін көрсетеді.

Осы сынында автор мақаласының соңын: «Мағжанға кітап тізген айып па, я тіздірген айып па? Мағжан сияқты жаңа жұртшылық жұмысына белсеніп араласпай жүрген азаматтардың жақсы саяси кітап жазуы қуыстанатын жұмыс па? Бұл жері түсініксіздеу» — деп аяқтапты (12-т. 275-б.).

Алаш көсемі Ә.Бөкейхан түрікшіл, алашшыл ақын Мағжанды «жаңа жұртшылық жұмысына белсеніп араласпай жүрген азамат» деп айыптауы да көңілге қонбайды. Біздіңше, Әлихан сынды ұлт қайраткері, кәнігі саясаткер Мағжанның кеңестік өмірді дәріптеуге араласпай жүргенін астын сызып, бадырайтып айтпас еді. Бұл деген сөз Мағжанды бұрынғы алашшыл көзқарасынан арыла алмай, кертартпа зиялылар қатарында жүрген ақын дегенмен бірдей айыптау. Мақаладан Мағжанды мақтап тұрып, даттау ниетін байқауға болады. Ірі саяси қайраткер Әлихан Бөкейхан идеялас, рухтас Мағжандай көрнекті ақынды бұлай мұқатуға баратын тұлға емес.

Осы келтірілген мысалдар Қыр баласы мен «V» бүркеншік есімі иесінің саяси көзқарастары екі басқа, саясат жолындағы ұстанымдары бір арнаға тоғыспайтын зиялылар деген ой түйіп, тұжырым жасауға негіз болады. Мұндай мысалдарды «V» бүркеншік есімді автор жазғандарынан әлі де келтіре беруге болады. Келтірілген мысалдар мен деректер бұл автордың саяси көзқарасы, ұстанған, бет түзеген саяси курсы алаш көсемдікімен бірдей емес екенін пайымдау үшін жеткілікті болар деп ойлаймыз.

Бұл айтылғаннан өзге кейбір мәліметтер мен дерек-дәйектердегі қайшылықтар да «V» бүркеншік есімімен жарияланған кейбір мақалалардың артында басқа автор тұр деген ойға жетелейді. Мәселен, Қыр баласы мен «V»-дің мына төмендегі мақалаларындағы деректерді салыстырсақ, осы ойымыз растала түседі.

«V» бүркеншік есімді автор «Жаңа мектеп» журналының 1925 жылғы 2-санында жариялаған «Санақ пен жұртшылық» деген мақаласында: «Қазақ өзі туралы сөйлегенде «7–8 миллион қазақ елі» деп сөйлейді. Кітап жазған инженер Тынышбай баласы 5–6 миллион шамалы дейді, басқа біреуі 2 миллион дейді. Орталық есеп басқармасы миллион жарымдай дейді. Мұның қайсысына нанасың? Қай санды қолға алып қоныстандыру жұмысына аттанасың?» (11-т. 440-б.) — деп жазады.

Бұл мақаладан автордың қазақтың саны жөнінде өзіндік пікірі, табан тірейтін нақты мәліметі жоқ екендігін байқауға болады. Ал Қыр баласы қашанда қазақ саны туралы мейлінше нақты жазады. Ол барлық мақаласында қазақ санын анық, цифрларды мейлінше дәл береді. Мысалы: «Қазақ» газетінің 8-санында жариялаған «Қазақ» деген мақаласында 9 болыс бір губерниядағы қазақ санын дәл көрсете отырып:«Бəрі 4 миллион 499 мың 644 адам. 1897-нші жылғы есепте қазақ затынан қазақ тілімен сөйлейтін адамның саны 4 миллион 84 мың» (14-т. 33-б.) — деп жазады. Газеттің сол жылғы 40-санында жариялаған «Сусағанның түсіне су кіреді» деген мақаласында«5 миллион қазақ тілдегі кемшілік жолына симайды. (8-т. 250-б.). «Осылардай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады» (Ғали хан. «Қазақ», 1914 ж. № 88.). Ал одан 10 жыл өткеннен кейін 1924 жылдың 28 қарашасында «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған мақаласында «...Осы күнгі Түркістан мен Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес» деп көрсетеді. Не жазса да дәлелді, нақты жазатын, өзін «статистик» деп атайтын, жоғарыдағы мақалаларында қазақ санын анық біліп, нақты цифрларды келтіріп отырған Ә. Бөкейхан арада 1–2 ай өткенде өз жазғанына өзі сенбей «Мұның қайсысына нанасың?» деп дағдарып отырар ма еді? Бұл қисынсыз.

Бұл секілді логикалық қайшылықтар мен сәйкессіздіктер мұнымен ғана шектелмейді. Біз оларға көп тоқталмай, сөзіміздің басында айтқан екінші себепке, тілдік, стильдік сәйкессіздіктерді салыстыра талдауға көшейік. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан шығармаларын тілдік тұрғыдан зерттеу барысында байқалған оның қаламына тән емес стильдік сәйкессіздіктер мен сөз қолданысындағы ерекшеліктер қатарына төмендегідей тілдік деректерді қосуға болады.

Сөйлемнің соңын улы/-улі тұлғалы етістікке аяқтау негізінен «V» бүркеншік есімді авторға тән.

Мысалы:«Тарихтың негізі тап тартысы: бай мен жарлы, хан мен қара, құл мен қожа дүние жаратылғаннан тартысулы (10-т. 207-б.); «Өткен 5 жылға қарасақ, Ресейде халық шаруасының негізі салынып, біраз жұмыс жасалулы (10-т. 214-б.), «Қазақ салт-санасында көп өзгерістер болулы» (11-т. 392-б.); «Бəлшебектер оқу-білім майданында Брангел, Деникиндерге ұмтылған қызыл əскердің екпініндей екпінмен кірісулі. Бұл майданда бір-екі жылдың ішінде таудай жұмыстар жасалулы. Қалың сауатсыздық орыс елінде жұқарулы. Жаңа дəуірдің жаңа қалам қаһармандары шығулы, жаңа салт-сананың жырын жырлайтын жаңа кітаптар жазылулы. Мектептер бүтіндей жаңарулы» («V». «Жаңа мектепті» неге шығару керек болды?» (11-т. 427).

Берілген мысалдар көрсетіп отырғанындай «V» бүркеншік есімді автордың мақалаларында алулы, тастаулы, қалулы, жаңарулы, жазылулы, байлаулы, болулы, кірісулі, жұқарулы, жасалулы, кетулі, ілгерілеулі, тартысулы, өсулі, сөгілулі, өзгертілулі, болмаулы, қысқартылулы, шағындалулы, қосақталулы формалары өте жиі қолданылады. Мәселен, «Қазақстанда програм-әдіс жұмысы», «Оқу майданында шабандық бар», «Жаңа мектепті» неге шығару керек болды?» сияқты кейбір мақалаларында қатарынан бірнеше сөйлем улы/-улі қосымшалы етістіктерге аяқталады. Бұл тілдік фактілер бұлай жазудың осы авторға тән стильдік ерекшелік екенін айғақтай түседі.

-улы/-улі тұлғалы етістік бұл еліміздің батыс аймағының тіліне тән, батыс говорларында белсенді қолданылатыны белгілі. Мұны батыс говорларының тілін зерттеген тіл мамандарының барлығы да атап көрсеткен. Бұл жөнінде белгілі диалектолог ғалымдар былай деп жазады: «-Улы жұрнақты форма говордағы ең актив қолданылатын тұлғалар қатарына жатады. Ол жалғыз Маңғыстауда ғана емес, бүкіл Атырау, Орал облыстары мен Ақтөбенің осы облыстармен шектес аудандарында тұратын халықтың тілінде де жиі айтылады» [4; 179].

«-Улы/-улі тұлғалы етістік, батыс диалектісіндегі говорларда, әдеби тілдегі өткен шақ көсемше тұлғалары -ған/-ген және үнемді көсемше -ып/-іп пен тиісті жіктік жалғауы арқылы жасалатын ашық райдың ежелгі өткен шағы орнына жұмсалады. Мысалы: Менің кім екенімді білулі. Ол кезде мен де қалада болулымын. Бірақ доқтыр оған ауруың жоқ деулі [5; 92].

« -Улы/-улі. Бұрынғы өткен шақ мағынасында жұмсалатын бұл жұрнақ та батыс говорларына тән. Мысалы: Ол Орал қаласына барулы (барды). Сырым Ұлы жүзге барулы (барған) [6; 99].

Батыс аймақтарын мекендеген қазақтардың тілінде кездесетін бұл тұлғаны алғаш рет Н. Ильминский байқаған болатын. Ол бұл тұлғаның өткен шақ есімшесі қызметімен пара-пар екендігін атап көрсетеді [7; 20].

Батыс говорын зерттеген еңбегінде диалектолог ғалым Ә. Нұрмағамбетов бұл форманың өзге аймақтарда мүлдем кездеспейтінін атап айтады: «Улы, улі тұлғалы етістік батыс говорлар тобында өте кеңінен жайылған және қазақ тілінің ешбір говорларына не говорлар тобына таралмаған құбылыс. Сондықтан оның изогласы да айқын» [8; 186].

«V» бүркеншік есімі қойылып жариялаған еңбектерде өте жиі қолданылатын, оның әр мақаласынан дерлік кездесетін осы тұлға Ә. Бөкейханда жоқтың қасы.

Біз Ә. Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағымен танысқан алғашқы күннен бастап, «V» бүркеншік есімнің оған тиесілі екеніне үлкен күмәнмен қарағанымызды жоғарыда айттық. Саяси көзқарасы мен көтерген мәселелері, жазу стилі тұрғысынан қарағанда бұл авторды біз Молдағали Жолдыбайұлына көбірек ұқсаттық. Соны анықтай түсу мақсатында 2019 жылы басылып шыққан М. Жолдыбайұлының шығармалары жинағындағы оның өзіне ғана тиесілі мақалаларын «V»-дің мақалаларымен салыстырып көрдік. Кітапта тек М. Жолдыбайұлының жеке авторлығымен жазылған мақалалардың санаулы ғана екендігіне қарамастан, оның бір ғана алғы сөзінен «V»-мен ұқсастығын көрсетінін мынадай тілдік дерек кездесті: «Сондықтан қазақ əдəбійаты тарыйқы ең керек кітəптің бірі болұулы. Ал ана өткен қара күндердің шашылып кеткен əдебійат жұрнақтарын жыйнастырып жұмырлап шығарұу оңай жұмыс болмаулы (Жолдыбай ұлы М. Сөз басы орнына. 1931-жыл.).

Біз -улы/-улі тұлғалы етістіктің жиі қолданысын «V»-дің өзіне тән негізгі стильдік ерекшелігінің бірі ретінде танып отырмыз. Сондықтан бұл сәйкестік «V» бүркеншік есімінің артында М. Жолдыбайұлы тұр деген болжамды растай түсетін нақты тілдік дерек.

Сондай-ақ «V» бүркеншік есімді автордың мақалаларында жиі қолданылатын «жұмыс жасау», «жасаған жұмыстары» тіркестері де батыс өңірі қазақтарының тіліне тән ерекшеліктер. Мысалы: « Қазақ мектептеріне ендіру жолында жасаған жұмысымыз болатын» (Қазақстанда програм-әдіс

жұмысы. «V» 8-т. 347-б.), «Жаңа түрмен кəсіп жасау, жаңа түрмен ұйымдасу, жаңа өмірде жұмыс жасау туралы əр гүбірненің ұйымы əртүрлі (12-т. 116-б.). «Бұлардың əрқайсысы өз ауылында жұмыс жасап отыр» (12-т. 117-б.). «Кооперация жұмыс жасай білетін адамдарға мұқтаж... (12-т. 266-б.).

«V» бүркеншік есімді автор бір ғана мақаласында: «жасау» етістігін «жұмыс жасау», «кәсіп жасау», «жасап тұрған», «жасалатын жұмыстың», «жұмыс жасап отыр», «өмірде жұмыс жасау туралы», «жұмысты қалай жасайтыны», «жұмыс жасауы жөн» тіркестерін (12-т. 116–117.) бірнеше рет қолданады. Бұлай сөз қолдану Әлихан Бөкейханға тән емес.

Диалектолог ғалымдар Ғ. Қалиев пен Ш. Сарыбаев «жасау», (жұмыс жасау) батыс, оның ішінде Орал қазақтарының тіліне тән екенін көрсетеді: «Жұмыс жасау — жұмыс істеу, қызмет істеу. Мектепте екі үйірме жұмыс жасап тұрады (Орал, Орда)» [6; 99].

Ә. Нұрмағамбетов те жасау етістігінің батыс говорында жиі қолданылатынын айтады: «Жасау — істеу. Батыс диалектісінде өте жиі қолданылатын етістік. Жұмыс сөзімен тіркесіп қана қоймай, өзге сөздермен қосылып айтыла береді: «Аға шопан болып жұмыс жасағанына көп уақыт өтті. Оның бәрі осы салада жасап жүрген еңбеккерлердің табысы» [8; 131].

Мұндай тілдік, стильдік сәйкессіздіктермен қатар «V»-дің «Оқу майданында шабандық бар» және өзге де мақалаларда Қазақстанның батыс өңіріне қатысты нақты мәліметтер жиі беріледі. Автордың Орал өңірін жақсы білетіні байқалады. «Мысалы, өткен жаз Текеде мынадай курс болған: 315 оқытушыны дайындауға 203 орыс, 91 қазақ, 21 ноғай. Бұл ретпен қазақ мектептерін тойғызып болмайды. Орал губерниясы елінің 52 %-ы қазақ, 42 %-ы казак-орыс, 6 %-ы ноғай, хохол, тағы басқа ұлттар» (12-т. 123-б.) деген сөйлемнен де, осындағы нақты мәліметтерден де соны аңғаруға болады. «V» өзге мақалаларында да Орал өңіріне қатысты дерек-дәйектерді жиі келтіріп отырады. Мысалы: «Орал — əуелден орысшалауды əдет қылған гүбірне. Орал оқығандарының патша заманында ірі орында жұмыс жасағандары «қазақша тілді ұмытып қалдым деп» үйіне келгенде шешесімен тілмаш арқылы сөйлескендері де болған. Осы күні Орал гүбірнесінің гүбірнелік мекемелері түгел орысшалап отырған сияқты. Үйездернің Жымпиты сияқты елінің қазақ үйездері болмаса, көбі-ақ орысшалап отыр. Бөкей əр үйезі, əр болыс, гүбернелік тапсыз қоғам құру» (12-т. 117-б.).

Автордың мақалаларында келтірілген деректер де, жер-су атаулары да Орал өңірін көбірек қамтиды. Жазғандарында туып-өскен, еңбек еткен аймағындағы жер-су аттарының көп кездесуі оның сол өңірді жақсы білетін жергілікті маман әрі батыстан шыққан қалам иесі екенін айғақтай түседі.

Ал Әлихан Бөкейхан керісінше, «істеу» және «қылу» етістігін жиі қолданады. Қыр баласында қызмет қылу, іс қылу, жұмыс істеу немесе істелетін іс сияқты тіркестер жиі қолданылады. Мысалы: «Жат жұрттан жалданған қызметкерің өзіңнен шыққандай болмайды, ішіп кетер, жеп кетер, жаны ашып ынтасымен қызмет қылмайды. «Іс басындағы азаматтар аса сақ болып, не жұмыс болсын, тереңде ойлап, салыстырып, абайлап істеу керек (10-т. 106-б.).«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын (8-т. 215-б.).

Ал Ә.Бөкейхан мақалаларында бұл форма ұшыраспайды, керісінше, мұндай сөйлемдерде «деп келеді», «деп жазушы келеді» күрделі етістіктерін немесе «деді», «дейді» көмекші етістігін жиі қолданады. Мәселен: «Вагнер желдің жоқтығын білдіремін деп «орман тып-тыныш, жапырақтар тербелмейді» — деп келеді» немесе «Көп тамақ ішпей жүрсе, кісі аштықты сезбейді» — деп жазушы келеді» (12-т. 127-б.). «Сонда депутат Жағафаров: «Мен Қаратаев болсам, қазақтың мұсылманшылығы тасып тұр деп, мұны айтпас едім!» — деді (8-т. 386-б.).

«V» бүркеншік есімді автордың біз байқаған тағы бір ерекшелігі — сөйлемдерінде «керек» модаль сөзін өте жиі пайдаланады. Автор көптеген сөйлемін «керек, керек» деп аяқтап отырады. Мысалы: «Алдымен шаруашылықты тірілту керек», «Елдің көбі, əсіресе, қара топырақта отырған ел отырықшылыққа көшу керек», «Елдің алды азаматтары көсемдік жасауы керек», «Бұ кезде мектеп салушылар ол əдеттен сақтануы керек», «Бірақ кітап оқу үшін сауатсыздықты жою керек», «Сондықтан кітапханалардың қасында мектеп болу керек» (12-т. 120–121-б.).

Бір беттен сәл ғана асатын шағын мақаласында автор 8 сөйлемін: көтерме керек, тірілту керек, көшу керек, жасауы керек, сақтануы керек, жою керек, болу керек (2рет) деп аяқтайды.

«V»-дің мақалаларынан жүргізу керек, жасай білуі керек, болуы да керек, бастыру керек, атсалысуы керек, жіберуі керек сияқты мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Автордың «керек» сөзін үстемелеп жиі қолдануынан оның баяндау стилінің өзіндік ерекшелігі ғана емес, коммунистік партия белсендісінің заман талабына сай екпіні мен қарқыны (өркендету керек, жою керек, күшейту керек, гүрлету керек) да байқалады.

Ә. Бөкейханда да «керек» модаль сөзі қолданылады. Бірақ бұл сөзді ол дәл «V» сияқты жиі әрі коммунистік құрылыс пен социалистік қоғамды нығайтуға шақыру ұраны ретінде жұмсамайды.

Ұлттың саяси көсемі болғандықтан Әлихан Бөкейханда да халқын ел мүддесі үшін қажетті ортақ іске жұмылдыруы, жұртты ғылым-білімге, бірлікке, елдік мақсат-мұрат жолындағы табанды күреске шақыруы, азаттыққа, теңдікке ұмтылуды үндеуі табиғи нәрсе. Алаш қайраткерінің мұрасын, оның түрлі мінберлерде сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларын, халыққа арнап жасаған үндеулерін саяси дискурс тұрғысынан арнайы қарастырып, оның көшбасшылық шешендік, көрнекті (элитарлық) тілдік тұлға ретіндегі жазу-сөйлеу ерекшеліктерін тереңірек зерттеген орынды.

Біз әзірге оның халқына арнаған үндеу, жолдаулары мен ортақ мақсатқа жұмылуға шақырған жазба мәтіндерінде бұйрық рай тұлғасындағы дара, күрделі етістіктердің, есімді және етістікті тіркестердің жиі қолданылатындығына ғана назар аудартсақ дейміз. Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан елді бірлікке, ынтымаққа шақырғанда, оқу-білімге үндегенде саяси көсем ретінде ұран тастағанда, сөзін: шауып қал, мұрындық бол, таза атқарбілдіріп тұр, үлгі ал, шебер бол, қам қыл, бірік, жұртқызметіне кіріс деген бұйрық рай формасындағы сөздермен, тіркестермен жиі аяқтайды. Мысалы: «Бауырларым, ден сау жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!» (9-т. 113-б.), «Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» (Қыр баласы. «Сарыарқа», № 24, 1917 жыл. 9-т. 274-б.); «Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол!» (Ғалихан. «Қазақ», № 59 (260.).

Ойын осылай баяндау, сөз саптау тұрғысынан да ол «V» бүркеншік есімді кеңес қайраткерінен бірден ерекшеленеді. Мұны да біз ірі қайраткер тілінің айрықша қыры, кесек мінез иесінің жазу, сөйлеу мәнері деп тануымызға негіз бар.

Оның жазбаша мәтіндерінде басы артық сөз, көтеріп отырған мәселесіне тікелей қатысы жоқ мәлімет кездеспейді. Алаш көсемі кестелі, көркем баяндаудан гөрі айқын, анық дәлелді жазуға басымдық береді.

«V»-дің мақалаларында «қысқасы», «қысқасын айтқанда», «қысқасынан айтқанда» сияқты қыстырма сөздер қолданылады. Мысалы: «Қысқасы, Кеңестер одағында оқу-білім жұмысы көш ілгерілемеді деп дос түглі дұшман да айта алмайды», «Қысқасын айтқанда, оқу-білім майданы Қазағыстанда да гүлденіп келеді (11-т. 427-б.); «Қысқасынан айтқанда кооператив жұмысына оқушыларды жекпей, Қазақстан жағдайында жұмыс орындалмайды» (12-т. 267-б.).

Ал Әлихан көбіне «сөз қысқартайық» «осымен қысқартайық» деген тіркестерді жиі қолданады. Мысалы: «Бұл туралы тереңге кетуге уақыт ыңғайсыз, сөз қысқартайық» (14-т. 79-б.), «бүгін осымен қысқартайық» (8-т. 154-б.). «Сиездің қалған ісі тағы келер нөмерлерде жазылып тұрар, сөз қысқартайық (9-т. 194-б.).

Сондай-ақ V бүркеншік есімді автор көсемше жұрнағы мен кел көмекші етістігінің бірлігінен тұратын «-п/-іп/-ып келеді» тұлғасын өте жиі қолданатындығымен де ерекшеленеді. Мысалы: «Қысқасынан айтқанда, оқу-білім майданы Қазақстанда да гүлденіп келеді» (11-т. 427-б.); «Кеңес өкіметі орнағаннан бергі 6–7 жылдың ішінде қазақ жұртшылығы өсіп келедіҚазақ тұрмысының қай саласы болса да белгілі жолға түсіп, ілгері басып, дамып келеді (13-т. 249-б.).

Автордың «Әдебиет дүниесінде» атты мақаласындағы бір ғана абзацтағы 6 сөйлемнің төртеуі өсіп келедідамып келеді, сауаттанып келеді, көбейіп келеді деп аяқталады. Бұдан автордың осы формантты жиі пайдаланатындығын көруге болады. «Келедіге» аяқталатын мұндай сөйлемдерді оның өзге мақалалары мен аудармаларынан да көптеп кездестіруге болады.

Автордың бұл аналитикалық формантты жиі қолдануының өзіндік себебі де бар сияқты. Ол жаңа социалистік қоғамның белсенді құрылысшысы ретінде өз мақалаларында кеңестік өмірдің жетістіктерін, жақсы жақтарын, халық тұрмысының оңға басып келе жатқанын айту үшін үнемі осы тұлғаны қолданады.

«V» бүркеншік есімді автор «Біртейлі салт-сана майданы» деп аталатын бір жарым беттік шағын мақаласында: «Бұ жіберу шеккен тəжірибе арқасында болып отыр» (12-т. 117-б.) — деп жазады. Осы сөйлемдегі «шеккен тəжірибе» тіркесі «Ештен кеш игі» деп аталатын мақаласында да қолданылады. «Оқу комиссариаты осы мектептің программыншеккен тəжірибесін орындарға, қазақ ауылдарына жіберіп отыр» (12-т. 119 б.).

«Шеккен тәжірибе» тіркесі тек «V» мақалаларында ғана кездеседі. Ал Ә. Бөкейханның өз атын көрсетіп жазған, бүркеншік есіммен жарияланған мақалаларынан да бұл тіркесті кездестіре алмадық. «Шегу» сөзінің «тарту, өлшеу» мағынасында айтылуы да батыс говорына тән, бұл етістіктен жасалған «шеккі» (таразы) сөзі де қолданылады.

Мақалаларының соңына «V» деген бүркеншік есім қоятын автор «Оқу майданында шабандық бар» деген мақаласында: «Бұ майдандағы жүрісті ұшқырлатпай болмайды» (12-т. 123-б.) десе, «Мектепте кооперация сабағы» деген мақаласында: «Олай болса (солай екені даусыз) кооператив қызметкерлерін, мамандарын даярлау, көбейту жұмысын ұшқырландырмай болмайды» (12-т. 267- б.) деп жазады. Осы сөйлемдердегі «ұшқырлатпай», «ұшқырландырмай» етістіктері тек осы авторға ғана тән сөзқолданыс.

Авторлардың сөзқолданыс ерекшелігін анықтау барысында байқалған тағы бір назар аударатын нәрсе — «біртейлі» және «тейлі» сөзінің де тек«V»-дің еңбектерінде ғана ұшырасуы. Бұл сөз «V»-дің «Біртейлі салт-сана майданы» атты мақаласының атауы мен осы мақаладағы: «Оның бер жағында ұлт мемлекеттері жасап тұрған уақытта бұл мемлекеттердегі жасалатын жұмыстың мақсаты да біртейлі тапсыз қоғам жасау», «Гүбірне-гүбірненің арасын қатынастырып, біртейлі салт-сана туғызу жұмысын ілгерілету үшін оқу комиссариаты оқытушыларды гүбірнеден гүбірнеге аударып жіберіп отыруы жөн» (12-т. 117-б.).

«Біртейлі» деген қолданыс әдеби тілге тән емес. Қазақ әдеби тілі мен қазақ тілінің аймақтық сөздіктерінде тіркелмеген. Говор зерттеулеріне қатысты кітаптарда бұл форма туралы мәлімет жоқ. Тек «Қазақ тілі говорларының батыс тобы» атты кітапта «тейлі» тұлғасының Батыстың орталық говорында айтылатыны жазылған. Мұнымен төркіндес тейлес деген сөз де «сияқты» мағынасында қолданылады [8; 100, 114].

Қыр баласы «Халықты ағарту туралы Лениннің өсиеті» атты шағын кітапшасын аударды (Мәскеу, 1925). Осы еңбекте аудармашы «ортақшыл», «ортақшылдық» сөздерін бірде-бір рет қолданбайды. Ал керісінше, «V» дәл осы кезеңде 1924 жылы жарық көрген «Самат өлеңдеріне сын», «Айтыс партияның күшейгендігін көрсетеді» мақалаларында «ортақшыл», «ортақшылдық» сөздерін ғана қолданады. «V» осы еңбектерінде «коммунист» сөзін мүлде қолданбайды. Ал Қыр баласы жоғарыда аталған «Халықты ағарту туралы Лениннің өсиеті» аудармасында оның орнына тек «коммунист» сөзін ғана аудармай қолданады. Осы кітапшада «коммунист» сөзін аудармашы Қыр баласы 110 рет қолдануы соған айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ ол «V» өте жиі қолданатын

«жолдас» сөзін де сирек пайдаланады. «V» негізінен «Ленин жолдас», «Жолдас Ленин», «Сәкен жолдас Сейфуллин» (11-т. 393-б.) деп жазса, Қыр баласы көлемді аудармасында «Ленин жазғанға тесіле қарап», «Сонда Ленин айтты», «Ленин қалай бағалағаны», «деп тағы Ленин жазған» «Лениннің айтқаны», «Лениннің өсиеті» деп, бірде-бір рет «жолдас» сөзін тіркестірмейді. Қыр баласының осы аудармасында «V»-дің еңбектерінде кездеспейтін «буржуазияның» қазақша аудармасы ретінде алынған «жатыпішер тоққарын» тіркесін (11-т. 470, 471) атауын 38 рет қолданады. Осындай сөзқолданыс ерекшеліктері де бұл авторлардың бір адам емес екенін айқындауға көмектесетін деректер.

«V» мақалалары мен аудармаларында ғана қолданылатын шамашыл, шегімпаз, үмітшіл, тегісшіл, сары уайымшыл, қаңғыбас қиял, жиянгершілік, себепшілдік, апатшылдық, мұратшылдық, əлеуметшілдік сияқты саяси-әлеуметтік сөздер мен марксизм-ленинизм теоретиктерінің еңбектерінде кеңінен қолданылатын терминдер, сол кезеңнің өмір шындығын, кеңестік қоғамның өзіндік келбетін көрсететін ХХ ғасыр басындағы актив лексика қатарында болған атаулар да аз емес. Мына келтірілген сөздер солардың бір парасы ғана.

«V» бүркеншік есімді автор «Оқушыдан көмек күттік» деген мақаласында: «Журналымыздың алдырушылары күн санап өсіп келеді. Осы күні мыңға таяу оқытушылар алдыртып тұрады. Журналды алдырушылардың көбеюіне көңіліміз сүйсінеді. Жолдас Ленин бұл жұмысты баса тапсырып кеткен, «Жаңа мектептің» тағы бір ірі мақсұты — оқытушылардың тұрмысымен танысып тұру (12-т. 298–299-б.) — деп жазады.

Бұл мақалада бір жыл бойы журналдың атқарған жұмысы жайлы баяндап, өздерінің жоспары, алдағы мақсаттары, журналға жазылушыларына деген талап-тілектері туралы айтылады. Мақаланы «Жаңа мектеп» журналының құрылтайшысы, басылым редакторы жазып отырғаны анық байқалып тұр. Өйткені мақала журнал атынан, сол журнал атынан сөйлеуге қақылы ресми тұлға атынан жазылған. Оны журнал редакторы деп нанымды болжам айтуға негіз бар.

Бұл айтылғандармен бірге «V»-дің осы журналға қатыстылығын көрсететін тағы бір маңызды жанама дәлел бар. «V» бүркеншік есімді автордың Ә. Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағына енген еңбектерінің басым бөлігі «Жаңа мектеп» журналында жарияланған. 15 томдықта V бүркеншік есімді автордың қазақша 31 еңбегі беріледі. Соның 18-і — «Жаңа мектеп» журналында, 7-еуі — «Еңбекші қазақта», 5-еуі — «Қызыл Қазақстан» журналында, тек біреуі ғана — «Жас қазақта» жарық көрген. 1923–1924 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1925 жылдан жаңадан шыға бастаған «Жаңа мектеп» журналының редакторы Молдағали Жолдыбайұлы болғаны белгілі.

Нəтижелер мен олардың талқылануы

Сонымен жоғарыдағы тілдік талдауларымыз бен өзге де келтірген дерек-дәлелдерімізге сүйене отырып, біз мынадай қорытындыға келеміз:

  1. ХХ ғасыр басында еңбектерінің соңына «V» бүркеншік есімін қойып жариялаған автор белгілі қаламгер-журналист, оқу-ағарту қайраткері, әдіскер-педагог, аудармашы Молдағали Жолдыбайұлы (Жолдыбаев) деп пайымдаймыз.
  2. «V» бүркеншік есімді автор мен Әлихан Бөкейханның өз атынан және Қыр баласы бүркеншік есімімен жариялаған еңбектерінен олардың саяси ұстанымы мен кеңестік құрылысқа, социалистік қоғамның идеялогиясына, коммунистік партияға көзқарастары екі басқа қайраткерлер екені айқын көрінеді.
  3. Қыр баласы мен «V» бүркеншік есімді автордың жазу стилі мен сөзқолданыстарында елеулі өзгешеліктер бар. Тұжырым жасау кезінде біздің табан тіреп отырған негізгі ғылыми дәлелдеріміз де осы тілдік деректер. Олардың бірқатары жоғарыда салыстырыла талданды. Біз келтіргеннен өзге де екі автор тілінің айырмашылықтарын аша түсетін дерек-дәйектер әлі де бар. Осы келтірілген мысалдар мен салыстырыла көрсетілген ерекшеліктер бұл мәселеде бір тоқтамға келуге жеткілікті болар деген оймен біз бұл еңбекте оның бәрін тізбелеп бермедік. Оның үстіне осы кітапта Әлихан Бөкейхан тілінің ерекшеліктері жайлы арнайы сөз болады. Зерттеудің сол бөлігінде алаш көсемінің сөз саптау мәнері, жиі қолданатын сөздері, оның қаламынан туған терминдері мен өзіндік стилі жайында біршама кеңірек қарастырылады.
  4. «V» бүркеншік есімді автор қазақ әдеби тілін жетік меңгерген, тілі жатық, ойын өте жүйелі жеткізетін, қаламы төселген маман екеніне қарамастан оның жазу стилінде батыс аймағы тіліне тән өзгешеліктер бар. Соларды негізге ала отырып, «V» бүркеншік есімді автор Қазақстанның батыс облысының азаматы деп санаймыз.
  5. «V» бүркеншік есімді автордың мақалаларында келтіретін мәліметтері, жергілікті халық өмірі мен білім, мәдениет саласына қатысты деректері де негізінен батыс өңіріне, оның ішінде Орал облысы Жымпиты уезіне қатысты болып келеді. Сонымен қоса оның осы өңірдің тарихы мен қазіргі жағдайын да жақсы білетіні еңбектеріндегі нақты мәліметтерінен анық байқалады.

Молдағали Жолдыбайұлының (1887–1938) Орал облысының Ілбішін уезі, Қурайлы болысына қарасты 2-ауылда дүниеге келгенін, оның 1920 жылы Жымпиты уездік ревкомының уақытша төрағасы, РК (б) П Жымпиты уездік комитетінің алғашқы мүшесі және мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1921 жылдың көктемінен бастап РК (б) П Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, сол жылдың соңынан бастап 1922 жылдың басына дейін Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты қызметтерді атқарғанын ескерсек, оның өмірбаяндық деректері де бізді «V» бүркеншік есімді авторды Молдағали Жолдыбайұлы деп тануға жетелейді.

  1. Сонымен қоса «V» бүркеншік есімді автордың барлық жазған еңбектерін саралап қарау барысында, оның көтеретін мәселелері мен қарастыратын, талдап-таразылайтын негізгі тақырыптары айқындалды. Жазған еңбектерінде қарастырған, қалам тартқан мәселелермен оның шығармашылығына арқау болған негізгі тақырыптар мыналар: а) Білім беру, сауат ашу, ағартушылық, оқу-оқыту әдістемесі, мұғалім мен оқытушыларды даярлау, білімін жетілдіру, олардың кәсіби дайындығы және мектеп пен пән оқулықтарының, оқу құралдары мен бағдарламаларының жай-күйі; ә) Мәдениет, әдебиет, тіл, дін және тарих мәселелері; б) Кеңестік құрылысты, марксизм- ленинизм, социализм идеясын насихаттау, пролетариат диктатурасын орнықтыру, кеңес үкіметінің саяси курсының дұрыс екенін жұртқа түсіндіру, елді ұжымдасуға (коллективтендіру) үгіттеу, бұқараны саяси сауаттандыру және т.б.
  2. Молдағали Жолдыбайұлы қалам тартқан тақырыптар мен көтерген мәселелер оның бүкіл өмір, еңбек жолында атқарған қызметі алған білімі, педагогтік және әдеби шығармашылығы мен саяси-партиялық ұстанымдарымен толық сәйкес келеді. Ал алаш көсемі Әлихан Бөкейханның көтерген мәселелері мен сөз қозғаған, зерттеген тақырыптары оның саяси мәртебесі мен қайраткерлік деңгейіне сәйкес өте ауқымды да кең. Олар білім беру, оқу-ағарту, мектеп және сауат ашу және өзге де белгілі бір сала мәселелерімен ғана шектелмейді. Сондай-ақ ол белгілі бір аймақпен, өңір мәселелерімен де тұйықталмай, бүкіл ел аумағын, Ресей жағдайы мен еларалық, халықаралық саяси- экономикалық қатынастарды салыстырып, саралап қарай отырып талдайды. Әлемдік ғылым мен дүниежүзінің саяси ахуалынан да хабардар етіп отырады. Өйткені ол ең алдымен ірі саясаткер, ел тәуелсіздігі жолында күрескен, ұлттық партия құрған саяси күрескер, Алашорда үкіметін басқарған мемлекет басшысы әрі өз заманының ең озық білімін алған кең тынысты экономист, заңгер. Содан кейін барып ол жер жағдайын, ауыл шаруашылығының қыр-сырын терең білетін ғалым, екі тілге жетік аудармашы, журналист, әдеби қызметкер. Сондықтан да Қыр баласы мен «V»-дің қаламынан туған еңбектерінің, шығармашылығының тақырып ауқымы мен көтерген мәселелері сәйкес келмейді. Мұны әлихантанумен шындап айналысып, алаш көсемінің мұрасымен жан-жақты танысып, шығармашылығын ыждағаттытылықпен зерделеген кез келген зерттеуші анық ажырата алады деп білеміз.
  3. Бұлармен қоса Молдағали Жолдыбайұлының («V» бүркеншік есімді автордың) Ә. Бөкейхан шығармалары жинағының қатарына енген 31 жарияланымының 25-і (18+7) өзі редакторы болған «Жаңа мектеп» журналы мен «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көруі де көп нәрсені аңғартады.
  4. «V» бүркеншік есімді автордың бірқатар мақаласында оқырмандарына «Жаңа мектеп» журналы атынан үн қатуы да оның осы басылымның редакторы екенін айғақтай түседі.
  5. Молдағали Жолдыбайұлы ҚАКСР Халық ағарту комиссариатына қарасты Академиялық орталық төрағасы, Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы әдістемелік кеңестің төрағасы болды. «V» бүркеншік есімді автордың мақалаларында осы мекемелерге қатысты, солардың қызметімен байланысты мәліметтер, соларға қарата айтылған ұсыныс-пікірлер өте көп. Мысалы: «Тапқан материалдарды комиссариаттың білім кеңесіне жіберуі керек» (13-т. 249-б.) және т.б.

Қорытынды

Тілдік талдауларымыз бен өзге де деректерімізді сараптау негізінде жасалған тұжырымдарымызға сүйене отырып, мына төмендегі мақалалар мен аудармалар Молдағали Жолдыбайұлына тиесілі деп санаймыз.

Олар мыналар: «Қазақстанда програм-әдіс жұмысы» (8-т. 345–348-б.), «Тарих керек» (10-т. 207– 209–10-т. 211–214-б.), «Өктәбір төңкерісі һәм халық шаруасы» (10-т. 211–214-б.), «Самат өлеңдеріне

сын» («Жас қазақ» № 10–13, 1923 ж. 11-т. 387–403-бб.); «Айтыс — партияның күшейгендігін

көрсетеді» (11-т.405–406-б.), «Жаңа мектеп» неге шығару керек болды?» (11-т. 425–428-б), «Жолдас Лениннің күнбе-күн жазып жүрген дәптерінен бірнеше сөздер. (11-т. 429–432-б.), «Оқушыларға сенеміз» (11-т. 435–438-б.), «Санақ пен жұртшылық» (11-т. 439–441-б.), Тарихи затшылдық

қисыннан» (444–447-б.), «Детеминизм, индетерминизм (керектік пен ықтиры) (11-т. 449–456-т.), «Оқытушы — кеңес құрылысының ұстасы» (11-т. 459–461-б.), «Біртейлі салт-сана майданы» (12-т. 116–117-б.), «Ауылда мәдениет жұмысы» (12-т. 120–121-б.), «Оқу майданында шабандық бар» (122– 123-б.), «Алдымен мектеп үйі керек» (12-т. 124–125-б.), «Мектепте кооперасия сабағы» (12-т. 266– 268-б.), «Оқытушының білімін толықтыру» (12-т. 270–271-б.), «Ауылдағы панасыз балаларды қорғау — міндетіміз» (12-т. 278–280-б.), Мағжан Жұмабайұлының кітабына жазылған «Сауатты бол!» (12-т. 274–275) деп аталатын сыны, «Әдебиет дүниесінде» (13-т. 249–250-б.), «Ана мен бала» (13-т. 252– 254-б.), «Диалектілік затшылдық» (255–262-б.), «Диалектілік затшылдық» (291–296-б.), «Оқытушыдан көмек күттік» (12-т. 298–299-б.), «Детеминизм, индетерминизм (лажсыздық пен ықтиры)» (12-т. 320–322-б.), «Дін мен мектеп» (13-т. 336–337-б.), Н.И. Бухариннен аударған «Тарихи затшылдық қисыны» (8-т. 350–354-бб.), «Тарихи затшылдық қисыны» (13-т. 351–354-б.), «Тарихи затшылдық қисыны» (13-т. 340–348-б.), «Тарихи затшылдық қисыны» (13-т. 359–365-б.), «Тарихи затшылдық қисыны» (13-т. 373–374-б.).

Бұл тізімдегі еңбектерді М.Жолдыбайұлынікі деп танығаннан аса ірі мемлекет қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мұрасына еш нұқсан келмейді. Ол онсыз да артына мол мұра қалдырған көрнекті тұлға. Қайраткер қалам иесінің әр сөзін тауып-танып, орнына қою, оның ұлтымыз үшін аса құнды мұрасын қоспасыз саф таза күйінде сақтау, жан-жақты зерттей отырып одан сабақ алу, құнын жоймайтын ғылыми еңбектерінің нәтижелері мен тұжырымдарын, төл туындылары мен әлем классиктерінен таңдап-талғап аударған аудармаларын игілімізге жарату, озық ойы мен ұлт мұратын көздеген тағылымы мол шығармаларындағы өміршең идеяларын ұрпақ санасына сіңіру баршамыздың парызымыз.

Ұлттық энциклопедияда Молдағали Жолдыбаев (Жолдыбайұлы) туралы: «Ү», «Сасқан» бүркеншік есімдерімен, «Сын», «Әдебиет дүниесінде», «Исатай Тайманұлы», т.б. мақалалар, «Жол- жөнекей», «Айрылу», «Тірілу», «Бесқашқын» атты әңгіме-новеллалар жазды» [9; 27] деген мәлімет беріледі. Осындағы «Ү» мен «V» ұқсастығы немесе Ү-нің аяғының өшіп қалуы зерттеушілерді, қолжазбамен жұмыс істеп оларды көшірушілерді жаңылыстырды ма екен дейін десек, түрлі газет- журналдың бірнеше санына шыққан мақалалардың бәрінде олай болуы мүмкін емес.

Сонымен сөзімізді түйіндей келгенде дәл сол кезеңде Ә. Бөкейхан пайдаланған «V» бүркеншік есімін араға 15–20 (дәлірегі 17–18) жыл салып барып 20-жылдардың ортасынан бастап Молдағали Жолдыбайұлы да пайдаланған деуге негіз бар. Мұндай сәйкестіктің болу мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Екі автордың еңбектерін бір адамның мұрасы ретінде танып, Ә.Бөкейхан шығармаларының жинағына енгізуге осы ортақ бүркеншік есім себеп болған деп пайымдаймыз.

«V» бүркеншік есімінің артында тұрған автор Молдағали Жолдыбайұлы бастапқыда алаш зиялылары қатарында болып, 1919 жылдан бастап РК(б)П қатарына кіріп, компартия жолына адал қызмет еткен, БК(б)П ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының қызметкері болған, «Коммунистік партияның манифесін», В.И. Лениннің бірқатар еңбегін қазақ тіліне аударған адал коммунист екені сөзсіз.

Тілші ғалым Ғ. Әнес «Түрік баласы» деген бүркеншік есімнің Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі екені туралы мақаласында «V» туралы: «Әрине, біз бұл жылдардың жазбаларының соңына түскен маманы емеспіз, бірақ біздің ұстазымыз, бар ғұмыры архивте өткен марқұм Бейсекең — Бейсенбай Байғалиев «Еңбекшіл қазақ»-тағы «V» деп қол қойған, кеңесті мақтап, Ленинді жоқтап жазған Молдағали Жолдыбаев» деп отырушы еді...» [10] — деп жазған еді.

Бейсенбай Байғалиев айтса айтқандай-ақ, тек «Еңбекші қазақта» ғана емес, «Жаңа мектеп» журалында да «V» бүркеншік есімін пайдаланып мақалалар жазған, аудармаларын жариялаған Молдағали Жолдыбайұлы екеніне біз келтірген көп дерек пен оның өзіне тән стильдік және сөзқолданыс ерекшеліктері дәлел болар деп ойлаймыз. Қарымды қалам иесі Молдағали Жолдыбайұлының «кеңесті мақтап, Ленинді жоқтап жазғаны» да айдай ақиқат. Оны растайтын мәліметтер жоғарыда жеткілікті мөлшерде келтірілді.

Ұстанған бағытынан таймай кеткен алаш көсемі Әлихан сынды қуғын-сүргін құрбаны болған алаш зиялыларын айтпағанда кеңестік кезеңде қазақтың көрнекті қаламгерлерінің көбі компартия қатарында болды. Ленинді, партияны мадақтап, жырламағандары да некен саяқ. Уақыт, қоғам, саясат сондай болды. Сондықтан Молдағали Жолдыбайұлын партияға қатыстылығына, саяси көзқарасына қарамастан ХХ ғасыр басында ұлттық білім беру жүйесі мен мәдениетінің, әдебиеті мен баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі қазақ зиялысының бірі ретінде таныған орынды. Ол тек кеңес одағын нығайтуға қызмет еткен белсенді партия қызметкері ғана емес. Оның еңбектерінен қазақтың әдеби тілін жетік меңгерген, баяндау стилі жатық, қаламы төселген және өте өнімді жазатын қаламгер, жоғары білікті маман екені анық байқалады. М. Жолдыбайұлының әсіресе білім беру саласын, мектеп жайын, оқу-ағарту ісін, мәдениет пен баспасөз жайын жетік білетін білікті ағартушы-педагог екенін атап айту қажет. Сондықтан алдағы уақытта қайраткер қалам иесінің шығармашылығын, соңында қалған әдеби және педагогикалық мұрасын әлі де терең зерттеп, қаламынан туындаған еңбектерін түгендеп, шығармаларының толық жинағын кітап етіп бастырып шығару қажет деп санаймыз. Сонда тағы да көп нәрсенің басы ашыла түсері анық.

Әдебиеттер тізімі

  1. Бөкейхан Ә. Шығармалары=Сочинения. / Ә. Бөкейхан. Толықтырылған екінші басылымы. – 15-том. // Құрастырған, алғысөздері мен түсініктерін жазған С.Жүсіп (Аққұлы). — Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016.
  2. Аққұлұлы С. Ғарифолла Әнес және басқаларға ашық хат [Электрондық ресурс] / С. Аққұлұлы. Қол жеткізу режимі: https://abai.kz.
  3. Аққұлы С. Алаш көсемі абақтыда жазған мақалаларына «V» деген лақап ат қойған [Электрондық ресурс] /С. Аққұлы. — Қол жеткізу режимі: https://abai.kz.
  4. Омарбеков С. Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер / С. Омарбеков. — Павлодар: Павлодар мемлекеттік университеті, 2008. — 224 бет.
  5. Нұрмағамбетов Ә. Қазақ говорларының грамматикасы / Ә. Нұрмағамбетов. — Алматы: «Ғылым», 1986. — 112 бет.
  6. Қалиев Ғ. Қазақ диалектологиясы / Ғ. Қалиев, Ш. Сарыбаев. — Алматы: «Ана тілі», 1991. — 200 бет.
  7. Ильминский Н. Материалы к изучению киргизского наречия / Н. Ильминский. — Казань: Унив. типогр., 1861. — 199 с.
  8. Нұрмағамбетов Ә. Қазақ тілі говорларының батыс тобы / Ә. Нұрмағамбетов. — Алматы: «Ғылым», 1978. — 216 бет. 9 «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. 4-том. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы», 2002.
  9. Әнес Ғ. Бір бүркеншік есім / Ғ. Әнес. // Қазақ әдебиеті. — 2013.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.