Еліміз тəуелсіздігін алған жиырма жылда асқан асуымыз да, шыққан белестер мен биіктеріміз де, қол жеткізген табыстарымызда көңіл қуантарлық десек, қателеспейміз. Мұның баршамыз үшін маңызы зор. Қазіргі таңда білім беру мен тəрбиелеу ісіне байланысты қойылатын талаптар да арта түсуде.
Бүгінгі таңда қоғамның жаңаруында 2030 бағытына сəйкес əрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында ұлттық тəрбие шешуші фактор болуы заңдылық. Сондықтан қазіргі заманның педагогика ғылымында адамның ұлттық қасиетін қалыптастырудың ең тиімді мүмкіндіктерін, жолдарын зерттеу басты мəселе болып отыр.
Егеменді кезеңнің ерекшелігі — адамшылық, адамгершілік, азаматтық сияқты қасиеттер сынға түсуде. Қоғамымыздың өзгеруі үшін адамдар, олардың мінез-құлқы жаңаруы керек, сонымен қатар əрбір қоғам азаматы өзінің қолынан келген көмегін беріп, оның əрі қарай жандануы үшін аянбауы тиіс. Экономикалық жəне əлеуметтік табыстардың түп тамыры моральдік жəне мəдениеттік шарттарында жатыр.
Қоғамымызға адал, арлы адамдар, білімі жоғары мамандар қажет. Əрбір азамат адамгершілігі жоғары болып, қоғам алдында өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Оған жан-жақты араласу үшін, өмір талабын жүзеге асырарлықтай қабілеті болу керек. Ал қабілеттілік адамның қолы оңай жете беретін қасиет емес. Ол тарихи дамуды игерудің, соған бейімделіп, еңбек етудің нəтижесінде келеді.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов сөзімен айтсақ: «Білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ қана, ал біліктілік дегеніміз — білімнің жеткіліктілігі ғана емес, сол білімді жүзеге асыра білу» [1; 11]. Сонау ғасыр басындағы айтылып кеткен осы асыл сөздер мен аманат өсиеттер бүгінгі күнгі тарихи бетбұрыстар мен қоғамдық жаңғырулар тұсында басты мəселеге айналып отырғанын мойындауымыз керек. Ұлтымыздың тарихи тағдыры бүгінгі күні үлкен-үлкен зауыттарда немесе еліміздің қиыр нүктелеріндегі шекара бекеттерінде ғана емес, қарапайым білім ордаларында, мектеп қабырғаларында да шешіліп жатыр.
Ұлтымыздың болашағын, ұрпағымыздың келешегін ойласақ, ең алдымен бүгінгі жеткіншектеріміздің білімді, білікті азаматтар болып өсуіне қам жасау — басты мұратымыз болуы тиіс. Қазіргі дүние қарыштай дамып, қай салада болмасын, ұдайы өзгерістер жүріп жатыр. Білім де тез ескіретін болды, оны үнемі жаңартып отыру керек. Яғни, үздіксіз оқып, өз деңгейіңді үнемі арттырып отыруың қажет. Тура мағынада айтсақ, өмір бойы оқу қажеттілігі туды. Өйткені білім арқылы ғана адамның əлеуетін көтеріп, тұрмысын жақсартуға болады. Қазіргі уақытта ұрпақтан ұрпаққа өмір тəжірибесін беруді жүйелі жүргізетін — мұғалім. Ал жастарды өмірге дайындау, қоғам талап етіп отырған деңгейде мұғалімдерді дайындаудың қажеттілігі ұдайы өзгерісте болады. Осыған байланысты А.Байтұрсыновтың мектепке керектісі білімді, əрі педагогика мен əдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім екендігі жөніндегі айтқан пікірі бүгінгі күнде де өз мəнін жойған жоқ [1].
Кəсіби білім берудің негізгі міндеті — болашақ кəсіби оқыту педагогының субъект функциясына сəйкес құралдарды жүзеге асыру жəне оларды практикалық іс-əрекетте қолдану іскерлігін қалыптастыру, педагог бойындағы кəсіби іскерлік қасиеттер мен қабілеттерді дамыту.
Осыған орай білім беру ісімен ұлттық тəрбиені ұштастыра отырып, болашақ мамандарды іскер, өмірге бейім, адамгершілік қасиеті мол, жеке басының мүмкіндіктерін бағалай білетін, саналы, əдепті азамат етіп тəрбиелеу міндеті тұр. Бұл үшін адам өмірінің түрлі аспектілері жайлы білімнің болуы, интеллектуалды жəне физикалық құралдарды игерудің тəжірибесі, əр түрлі жағдайларда əр түрлі адамдармен əрекеттесу қабілеті болу керек.
Мұғалім — бұл қай кезде де ең алдымен кəсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық шығармашылық қабілеті мол тұлға. Қай заманда, қандай реформа болмасын мектептің басты тұлғасы мұғалім. Олай болса, жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды дайындаудың жауапкершілігі өз алдына өзекті мəселе болып қала бермек.
Ұстаздық шеберлікке баулу, жоғары педагогикалық оқу орындарында жекелеген мамандыққа байланысты пəндерді оқытумен жүзеге асырылады. Сондықтан да бұл пəндердің негізінде болашақ мамандардың кəсіби білім, білік дағдыларын қалыптастыруда оқытудың белсенді əдістері маңызды орын алады. Болашақ педагогтар кəсіби мамандықты меңгерумен қатар педагогикалық шеберліктің өзіне тəн ерекшеліктерін білуі қажет. Қазіргі таңда жоғары білім беру жүйесінде білім берудің жаңа модулін құру мен сынақтан өткізудің, оны енгізудің жауапкершілікті міндеті тұр.
Бұның негізінде белгілі бір білім деңгейінің міндеттерін жəне мақсаттарын ескеру негізіндегі кəсіби білімді стандарттау жатыр. Кəсіби білім стандартын жасау келесілерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
- базалық деңгейді қалыптастыру, білімді жалғастыруды қамтамасыз ету, сонымен қатар жұмыскердің немесе маманның қажетті минималды кəсіби деңгейі;
- білім беруді əмбебаптандыру, оқытудың прогрессивті технологияларын енгізу есебінен мамандарды дайындау сапасын арттыру;
- кəсіби білім беру жүйесінің барлық субъектілерді дайындаудың нормативті-құқықтық аспектілерін реттеу;
- кəсіби білімнің мемлекет ішінде жəне шетелде дəрежесінің артуы халықаралық еңбек нарығына қатысуға мүмкіндік береді.
Оқу процесінің тағы бір бағыты — білім беру жүйесін демократизациялау. Білім беруде демократизациялау келесідей жүзеге асты: білімге қол жеткізу, ақысыз жалпы білім, кəсіби жəне жоғары білім алудағы теңдік, адам құқықтары мен бостандығын сыйлау. Білім беру жүйесін демократизациялау процесінде білім берудің дəстүрлі жəне дəстүрлі емес нысандары да өзгереді. Дамыған елдерде мемлекеттік сияқты жеке секторда да кадрларды дайындаудың болашақ мүмкіндіктері нақты анықталған. Білім беру жүйесінде келесідей талаптар қойылған: қазіргі жаңа тауарлар мен қызметтерді өндіріп, қолдануға мүмкіндік беретін базалық дайындық сапасын арттыру, бір білім беру типінен екіншісіне өтуге мүмкіндік беретін икемді механизм жасау, оқу бағдарламаларын жүзеге асырудағы жауапкершілікті орталықсыздандыру, ұлттық мүмкіндіктерге бағдарлану жəне бағалау əдістерін жетілдіру. Білім беруді демократизациялау бөлінбейтін шартты қоғамдық бақылау. Плюрализм түрлі ұйымдар мен тəуелсіз партиялардың қолдануымен жүзеге асу керек: ата-аналар ассоциациясы, оқушылар, мұғалімдер жəне кəсіподақтар.
Келесі бірнеше деңгейде əрекеттесетін бағыт — бұл оқу орындарының «нарығын» құру. Білім беруде таңдау ұғымын қамтамасыз етуші құралдың бірі — білім беру саласында ұсыныс жəне сұраныс заңдарын қолдану. Демократизациялаумен қатар білім беру жүйесін дамытуда тағы басқа тенденциялар да бар, олар ғаламдастыру, интернационализациялау, плюрализациялау (пікірлердің көптігі). Плюрализациялау əр түрлі уақытта, əр түрлі əрекеттесу үлесі бар түрлі елдерде көрініс табады.
Білім беру жүйесін демократизациялау мен плюрализациялау арасындағы өзара байланысты байқауға болады, бұл процеске тəн сипаттар: мемлекеттік емес оқу орындарын құру; конфессиялық оқу орындарын ашу; екі тілді білім беруді енгізу; аймақтық жəне ұлттық оқу орындарын құру; пəндерді таңдау жүйесін енгізу; ғаламдық ойлауды қалыптастыру; ұлттық өзін-өзі тануды тереңдету.
Егер білім беру жүйесін демократизациялау қоғамның əлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіруге, əлеуметтік ортаның демократиялық қағидаларын қайта құруға, білім беру процесін кеңейтуге мүмкіндік берсе, плюрализация демократиялық жетістіктерді тереңдетіп бекітеді, өмірдің жаңа философиясын қалыптастырады, адамның дамуына бағытталған ұлттық мəдениеттердің түрлілігіне жəне түрлі білім алу əдістеріне негізделген ғаламдық-планеталық нысанда ойлау мəдениетін қалыптастырады. Білім беру саласында осы екі тенденция білім беру процесінің статусына, ұйымдастырылуына, құрылымына жəне мазмұнына əсер етеді. Мемлекеттің бірнеше мəдениетті болу шартында білім берудегі демократизациялау жəне плюрализация мəдени дəстүрдің қайта тууына əсер етеді, жаңа өмірге көзқарасы қалыптасқан ұрпақтарды тəрбиелейді.
Болашақ мұғалімдерді даярлаудағы зерттеу жұмыстары үшін көптеген ғалымдардың еңбектері құнды болып табылады. Зерттеудің төмендегідей бағыттары зерделенген: педагогикалық қабілет (Н.Ф.Гоноболин), педагогикалық іс-əрекеттің құрылымы (Н.В.Кузьмина), мұғалімнің жеке тұлғасы (В.А.Сластенин, А.И.Щербаков), педагогтарды кəсіби іріктеу (Р.М.Хмелюк), педагогикалық еңбекті ғылыми ұйымдастыру (И.П.Раченко), педагогикалық шеберлік (Ю.П.Азаров), педагогикалық іс- əрекет шығармашылық үдеріс ретінде (В.А.Кан-Калик), мұғалімнің политехникалық даярлығы (Ю.К.Васильев) т.б. [2]. Жекелеген оқу пəні мұғалімдерін даярлау қазіргі таңда да кең көлемде жүргізілуде.
Л.М.Митина педагогқа тəн келесі психологиялық сапаларды бөліп көрсетеді: эрудиция, мақсатқа жетушілік, педагогикалық ойлау, интуиция, тығырықтан шыға білушілік, педагогикалық байқағыштық, белсенділік, тапқырлық, болжай алушылық, рефлексия. Осындай кəсіби маңызды қасиеттер мен қабілеттердің жиынтығын Л.А.Шкутина əрбір функция бойынша бөліп қарастырады [3]. Жүргізген зерттеу жұмысының нəтижесінде кəсіби оқыту педагогына тəн кəсіби маңызды қасиеттердің тізімін жобалап ұсынған. Бұл қасиеттер арнайы іскерлік пен дағдының қалыптасуына көмектеседі. Кейіннен берілген қасиеттер тізімін кəсіби іскерлік қасиеттердің функционалдық бірлігі деп атады.
Аталған əрбір функция өзіндік қызмет атқарады жəне олардың əрқайсысының өзі кəсіби оқыту педагогының кəсіби іс-əрекет барысында маңызын тигізеді. Сонымен қатар педагог өзінің жұмысын, ісін тиімді етіп ұйымдастыруға, басқаруға көмектеседі. Кəсіби міндеттерді шешу функциялардың түрлерін жүзеге асыру процесінде қамтамасыз етіледі. Берілген функциялардың мазмұны міндетті түрде қазіргі экономика жағдайының талаптарына сай болуы тиіс. Əрбір функцияларға байланысты дамитын жəне олардың көмегімен жүзеге асатын кəсіби іскерлік қасиеттер мен қабілеттер жоғарыда аталған.
Ол функциялардың жүзеге асуына байланысты, кəсіби тұрғыда дайындау педагогтың жеке тұлғалық қасиетіне негізделе отырып, оның құрылымының қалыптасуына көмектеседі. Олар төрт топқа бөлінеді: кəсіби бейімделуі, кəсіби бағыттылығы, кəсіби біліктілігі, кəсіби іскерлік қасиеттер.
Кəсіби бейімделу. Студенттердің педагог мамандығына кəсіби бейімделуі барысында олардың белсенділігін, мақсатты əрекетін, жоғары мектептің оқу-тəрбие процесінің «енуінің» шығармашылық сипатын бөліп атау қажет. Осылардың нəтижесінде олар өздерін танытуға, еңбек процесінде өз орнын табуға қажетті біліммен сусындайды, пəнге деген қызығушылығы артады, таңдаған кəсібіне оң пікірі, дағдылары мен білігі, ақыл-ой қызметін тиімді ұйымдастыру қабілеті мен кəсіби іскерлік қасиеттерді дамытуы, өзін-өзі тəрбиелеуі жəне кəсіби өз бетімен білім алу жұмысының жүйесі қалыптасады. Сонымен қатар жоғары білікті мамандарды болашақ кəсіби қызметіне даярлауға жоғарыда аталған талаптарға неғұрлым сəйкес келуіне қол жеткізеді.
Студенттерді кəсіби бейімделудің түпкі мақсаты — жоғары мектепте алғаш оқыған күндерден бастап, оларды оқушылық позициядан болашақ педагог позициясына көшіру. Болашақ мамандығына қызығушылық олардың оқу-тəрбие процесіне бейімделуіне оң əсерін тигізеді, сабақтар мен басқа да іс-əрекеттерге қарым-қатынасы жауаптырақ болады.
Кəсіби бағыттылығы — бұл кəсіби іс-əрекетінің қажеттілігі жəне оған дайындығы, мамандығына қарым-қатынасын анықтайтын жеке тұлғаның интегралды қасиеті. Жеке тұлғаның кəсіби бағыттылығын сипаттайтын қасиеттерге мыналарды жатқызуға болады: кəсіби позиция, кəсіби құндылыққа бейімделуі, себеп-салдар мен дəлелдер, педагогикалық іс-əрекетке қабілеттілігі, қоғамдық белсенділігі, əлеуметтік оптимизм.
Кəсіби бағыттылық қабылдау, ойлау, қиялдау, есте сақтау сияқты барлық психикалық қасиеттерді жұмылдырады жəне нақты мамандық бойынша белгілі бір пəннің қызығушылығына байланысты олардың дамуын қамтамасыз етеді.
Кəсіби біліктілік — бұл кəсіби оқу педагогының беделі мен абыройы, хабардар болу деңгейі, оқыту-тəрбиелеу мəселелерін тиімді етіп шешуге көмектесетін маман қызметкерлерді дайындау процесінде пайда болатын жəне басқа адамды жеке тұлға ретінде қалыптастыруда көмек беретін қасиеттер. Кəсіби біліктіліктің құрылымына мыналар кіреді: кəсіби-техникалық дайындығы, қоғамдық-саяси жағынан хабардар болуы, психолого-педагогикалық білімдарлық, педагогикалық техника, кең профильдегі жұмыс маманы бойынша іскерлік пен дағды деңгейі жəне т.б. Осы бөлімдегі міндеттің психологиялық негізі — əрқашанда өз біліктілігін жоғарылатуға дайын болуы, яғни жоғары дəрежелі маман болуға дайындығы.
Кəсіби іскерлік қасиеттер — бұл кəсіби іс-əрекетті ойдағыдай табысты етіп орындау мүмкіндігін тудыратын жеке тұлғаның тұрақты қасиеттер жүйесі.
Негізгі кəсіби сапалардың қалыптасуын анықтау жəне оның деңгейін жоғарылатуды дамытушы кəсіби диагностикалар көмегімен жүзеге асыруға болады. Кəсіби оқыту педагогының кəсіби іскерлік қасиеттерін мен қабілеттерінің қалыптасу деңгейін анықтау жəне оны жоғарылату мəселелері, кəсіби диагностиканың көмегімен жүргізу қажет.
Мəселенің негізгі идеясы ретінде психологиялық кəсіби диагностика алынып отыр, ол студенттердің белсенділік позициясын жобалайды. Кəсіби диагностиканың мазмұнында берілген əр түрлі кезеңдердегі əрқилы əдіс-тəсілдері болу керек. Сонымен қатар ол студенттердің тиісті бағыттағы белсенділіктің рөлін неғұрлым жоғары тиімділікті жүзеге асырумен сипатталады. Педагогикалық жəне психологиялық диагностиканың байланыстарын анықтау бойынша жүргізілген алғашқы зерттеу жұмыстары оқушылардың оқу материалдарын меңгеруді, бақылауды өңдеуде бір қадам алға жылжуға мүмкіндік береді.
Əдебиеттердің талдауы жəне педагогикалық практика бойынша кəсіби диагностика негізінен оқытудың қорытындысына бейімделеді, ал кəсіби аса маңызды қасиеттер мен қабілеттерге, іскерліктерге оқытудың кейінгі курсында ғана көңіл бөледі. Осының нəтижесінде көптеген студенттердің өзін-өзі билеушілік қабілеті, психологиялық дайындығының жеткіліксіз дамуы мен өз- өзіне төмен баға беруі байқалады. Бұл өз-өзін бақылау үшін, шығармашылық істің ыңғайын табу үшін, қажетті дұрыс шешімдерді қабылдау үшін алдында тұрған күрделі іс-əрекетті жүзеге асыруда əр түрлі білімдер жиынын талап етеді. Оқушылардың танымдық дербестігін жəне белсенділігін күнделікті оқып, оларды қалыптастыру, əрі қарай жан-жақты дамыту жəне ынталандыру керек. Оны оқыту мотивациясының деңгейін жоғарылату, тиімді əдіс-тəсілдерді қолдану арқылы жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар оның негізінде ойлау қабілетін, білімін, іскерлік пен дағдысын, кəсіби іскерлік қасиеттер мен қабілеттерді дамытып отыру қажет.
Кəсіби диагностика бүгінгі таңда белсенді түрде талас тудырып отыр, себебі ол əлі де анықталмаған бағдарлама болып табылады [4]. Сондықтан кəсіби диагностикаға байланысты əр түрлі анықтамаларды кездестіруге болады. Диагностика кəсіби іс-əрекетке қызмет ететін, білім беру жолдарын таңдауда ақпараттарды алу мақсатында қолданылады. Осыған сəйкес кəсіби диагностиканы тар мағынада қарастырсақ, танып-білу процесі мен оқу процесін бақылауды жəне жоспарлауды құрады. Ал кең мағынада білім беру сұрақтары мен мəселелері бойынша барлық диагностикалық міндеттерді қамтамасыз етеді.
Дамытушы кəсіби диагностикаға біз принциптер, əдістер мен нақты əдістемелер жиынтығын құрайтын кəсіби технологияның іс жүзінде қолданатын бөлігін жатқызамыз. Дəстүрлі диагностикадан айырмашылығы, дамытушы кəсіби диагностика кəсіби сапаларды айқындайды, қалыптастырады, түзетеді. Дамытушы кəсіби диагностика үш кезеңнен тұрады: бастапқы диагностика, қалыптастырушы құралдарды қолдану, қорытынды диагностика. Бірінші кезең — бастапқы диагностика — нақтылы функцияға деген негізгі кəсіби сапаның қалыптасуын анықтайтын тексеріс жұмыстарын өткізу үшін бекітіледі. Тексеріс практикалық жұмыстың, тест жұмыстарының орындалуын қамтитын əр түрлі тапсырмалардың көмегімен өтеді. Негізгі рольді алынған нəтиженің анықтылығы мен тұтастығы алады. Нəтиже көрсеткіштеріне сүйене отырып, педагогтың негізгі кəсіби сапаларының айқын белгілерін көруге болады. Екінші кезең — дамытушы кəсіби диагностиканың қалыптастырушы құралдарын қолдану. Бұл құралдар мыналарды қамтиды: түзетуші жаттығуларды орындау, жекелей практикалық тапсырмалар орындау, жеке-жеке əңгімелер өткізу, қосымша тест өткізу, автоматтандырылған оқыту жүйесін қолдану, студенттердің өзіндік жұмысы. Түзетуші бағдарлама көрсеткіштер төмен немесе тең болған жағдайда ұсынылады. Егер студенттерде бұндай көрсеткіштер көп болса, онда қалыптастырушы құралдар алынған көрсеткіштер бойынша бірнеше топтарға біріктіріледі. Мысалы, өндірістік-технологиялық функциядағы кəсіби сапаны қалыптастырушы құралды қарастырайық. Егер жеке көрсеткіштер деңгейі де төмен болса, онда қосымша диагностикалар жүргізу ұсынылады, мінез-құлқына, темпераментіне; түзетуші жаттығулар орындау, əңгіме өткізу, сауалнама жүргізу, қиын жағдайдан шығуға ұсыныстар беру, өзін-өзі бағалауға қалыптастыру.
Практикалық жəне конструктивті ойлауы төмен нəтиже көрсеткен студенттерге ойлаудың түрлеріне байланысты қосымша тестер жүргізу ұсынылады, жекелей əңгіме жүргізуді кең көлемде қарастыру қажет, ойлаудың сол түрін дамытуға арналған жаттығуларды орындау, жеке тұлғаның техникалық бағыттылығының жағымды жақтарын қалыптастыру. Теориялық білім деңгейі тиісті көрсеткішке жетпейтін студенттердің теориялық дайындығына көңіл бөлу керек, өздік жұмысқа берілген тақырыптар бойынша қосымша тест өткізу, қосымша оқыту бағдарламаларын қолдану, эрудицияны, интеллектіні дамытуға байланысты жеке əңгіме өткізу, сауалнамалар қолдану, жеке тұлғаның адамгершілікке бағытының жағымды жақтарын қалыптастыру. Егер жұмысқа іскерлігі мен дағдысының қалыптасу деңгейі төмен болса, практикалық сабақ кезінде, оқу өндірістік шеберханаларында қиындығы аз, бірақ көлемді практикалық тапсырмалар орындату керек, жұмысты дұрыс орындату дағдыларына, істеген жұмыстың нəтижесіне назар аударған жөн. Жұмыс дағдысын дамыту жөнінде жеке əңгіме өткізіп, еңбекке деген жағымды қатынасын қалыптастыру. Үшінші кезең қорытынды диагностиканың өткізілуі. Қалыптастырушы құралдарды тиімді қолданған жағдайда дамытушы кəсіби диагностикалардың нəтижесі айқын көрінеді. Негізгі кəсіби сапалардың қалыптасуын бағалау үшін оқытудың автоматтандырылған құралдарын қолдануға болады. Сонымен, негізгі кəсіби сапаның мынадай функциялары бар: назардың тұрақтылығы, практикалық ойлау, конструктивті ойлау, теориялық білім деңгейі, практикалық іскерлік пен дағдыны қалыптастыру деңгейі.
Дамытушы диагностикалардың маңыздылығы тек бақылау, түзету үшін ғана емес, оқу уақытында, студенттерге қолайлы уақытта да өткізуге болады [5]. Дамытушы диагностиканың бағдарламалық маңыздылығы мынада:
- педагогтың негізгі кəсіби сапаларын қалыптастыруды бақылаудың мəні мен объективтілігінің жоғары дəрежеде болуы;
- дамытушы кəсіби диагностика тапсырмаларының аясында құралдар мен əдістердің жоғары интерактивтілігі;
- өңделетін ақпарат көлеміне уақыттың аз жұмсалуы;
- бағдарлама мен əдістемелердің өңделуінің тиімділігі;
- қосымша тестік бағдарламалар негізінде инструменталды əдістемелердің техникалық орындалуының өзгеріссіз құрылу мүмкіндігі.
Дамытушы диагностикалық əдістемелерді қолдану нəтижесінде студенттер өзі оқитын жоғары оқу орны туралы толық мəлімет ала алады, педагогтың кəсіби оқыту жəне өзіндік ұйымдастырудың негізгі кəсіби сапаларын қалыптастыру процесіне белсенді қатыса алады. Осындай жағдайда дамытушы диагностика маманды əрқашанда өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі ұйымдастыру мүмкіндіктерімен қамтамасыз етеді. Дамытушы кəсіби диагностика педагогикалық оқыту технологиялары интеграциясы кезінде ғана жоғары тиімділікке қол жеткізеді.
Студент жеке тұлғасының дамуы — өте ұзақ, көп аспектілі жəне толық процесс, оның бағытталуы ішкі жəне сыртқы факторлар комплексінің жеке тұлғаға əсер етуіне байланысты, оларды төменде көрсетілген кестеден байқауға болады.
Студенттердің бойындағы кəсіби іскерлік қасиеттерді жəне қабілеттерді қалыптастырудың психологиялық диагностикасы екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде I-ші курс студенттерінің көмегімен жүргізіледі. Мұнда анкетаның, сұрақ-жауаптың көмегімен мамандықты таңдау себебі жəне таңдаған мамандығының ұнауы немесе, керісінше, ұнамауы, сонымен қатар соған байланысты оларды бастапқы кəсіби маңызды қасиеттері мен қабілеттерінің қалыптасуын анықтайды. Бірінші кезеңнің мақсаты — өзінің таңдаған мамандығы бойынша студенттердің білім деңгейін тексеру, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық қабілеттерін, дұрыс шешімді қабылдау іскерлігін жəне бастапқы кəсіби іс-əрекетіндегі кəсіби маңызды қасиеттерін анықтау. Берілген бұл компоненттерді лекциялық, лабораториялық, практикалық жəне семинар сабақтарда, үздіксіз практика мен оқу шеберханасында өтетін практикада бақылау арқылы анықталды. Жүргізілген бақылау жұмысы оқу қабілетін, білім деңгейін жəне оның табысты жүзеге асуын жобалауға көмектеседі.
Психологиялық диагностиканың екінші кезеңі 3-ші курс студенттерімен жүргізіледі. Екінші кезеңнің мақсаты студенттердің бойындағы кəсіби іскерлік қасиеттерді жəне қабілеттерді анықтауға бағытталған. Оларды анықтау үшін арнайы сауалнама сұрақтары мен сұрақ-жауаптар өңделіп жасалды. Сонымен қатар қосымша əдіс ретінде — сабақ беру процесі барысында бақылау, зерттеу, педагогикалық эксперимент жүргізу, студенттермен жəне оқытушылармен қарым-қатынас жасау арқылы пікірлесу əдістері қолданылды. Эксперимент өткізгеннен кейін, оның нəтижелерін өңдеу жəне қорытындылау жүргізілді. Бұл кезеңнің тағы бір негізгі, ерекше мақсаттарының бірі — студенттердің оқытушылармен, оқыту шеберлерімен қарым-қатынасы жəне студенттердің өз- өздеріне қарым-қатынасы, жұмыстарына, таңдаған мамандықтарына, іс-əрекетіне қарым-қатынасы жайлы неғұрлым көбірек ақпараттар алу.
Кəсіби дайындау арқылы тұлғаның көптеген қасиеттері мен сапаларын дамытып, жетілдіру мүмкін болады. Осы қасиеттер мен сапалардың қалыптасу деңгейі психологиялық дайындаудың өлшемдері мен диагностикалық белгілері болып табылады.
Ғылым мен практикада кəсіби дайындықтың көпжақтылық сипаты ескеріле бермейді. Осы орайда психологиялық əзірлік жайлы тұжырымдарда студенттердің тіршілігіндегі, өмір жағдайындағы өзара əрекет пен өзара қатынастың шытырман мəселелері шет қала берген. Сондықтан студенттердің оқу іс-əрекетін болашақ мамандығын қарым-қатынас саласын тұлға ретінде даму процесін жетілдіруге əрқашан олардың психологиялық əзір тұруын қамтамасыз ету керек [6].
Қорыта айтатын болсақ, жеке тұлғаның кəсіби қалыптасуында психологиялық диагностиканың атқаратын рөлі ерекше екендігін байқауға болады. Студенттердің кəсіби іскерлік қасиеттері жəне қабілеттері қалыптасуында, оны жан-жақты дамытуда кəсіби оқыту мотивациясының деңгейін жоғарылату, тиімді əдіс-тəсілдерді қолдану арқылы жүзеге асыруға болатындығын көреміз. Психологиялық диагностика кəсіби жеке тұлғаның қалыптасу процесін басқаруда, студенттердің кəсіби дамуына байланысты олардың бойындағы кəсіби іскерлік қасиеттер мен қабілеттерді өңдеуге көмектеседі.
Əдебиеттер тізімі
- Купербаева А.Ж. Кəсіптік оқыту оқытушысын дайындаудың дидактикалық негіздері: П.ғ.к. ... автореф. дис. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2001. — 17 б.
- Хмель Н.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки учителя. — Алматы: Ғылым, 1998. — С.
- Шкутина Л.А. Подготовка педагога профессионального обучения на основе интеграции педагогических и информаци- онных технологий: Автореф. дис. ... д.п.н. — Киров.: Изд-во КГУ, 2002. — С.
- Гуревич К.М. Профессиональная пригодность и основные свойства нервной системы. — М.: Просвещение, — С. 184.
- Сейтешев А.П. Пути профессионального воспитания учащейся молодежи. — Алматы: Мектеп, 1988. — С.
- Поляков В.А., Кальней В.А. и др. Основы методики трудового и профессионального обучения / Под ред. В.А.Полякова. — М.: Наука, 1987. — С. 97.