Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс ұғымы индустриялы-инновациялық дамудан туындайды десек, соңғы жылдары шыққан зерттеулер аграрлық салаға қажетті озық технологияны көрсетеді жəне нақты іс пен ғылымның байланысы қажеттілігін айғақтайды. Бұл ойымызға А.А.Акулов, А.С.Гаврилович [1], И.П.Буздалов, Б.И.Пошкус [2] сияқты авторлардың еңбектері дəлел. Сондай-ақ астықты аймаққа жататын Ресейде соңғы кезде жарияланған екі монографияны атау қажет. Олардың бірі нарық жағдайындағы аграрлық сала проблемаларына [3], екіншісі шыдамды астық түрін [4] дамытуға арналған.
ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаев Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауында агроөнеркəсіп кешені қызметкерлерінің алдына нақты міндет қойған-ды, яғни 2014 жылы ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті екі есеге арттыру жəне етті мал шаруашылығын дамыту басты мақсатқа жатқызылды.
Ел экономикасын қарқынды дамыту үдерісінен агроөнеркəсіп кешенін бөліп алып қарауға болмайды. Осы орайда бірнеше жайтты айтқан абзал:
- Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары КСРО-ның тарап, экономиканың бір орталықтан басқарылатын жүйесі тоқтағаннан кейін экономикалық байланыстардың үзілуі нəтижесінде бұрынғы посткеңестік елдердің бəрінде де экономикалық дағдарыс дүниеге келді. Бір нəрсені есте ұстаған абзал: ол — ауыл шаруашылығы саласының кеңес дəуірі тұсында да мемлекеттен дотация (қаржылай жəрдем) алып дамығаны.
- Қазақстанда сол тұста ең басты міндет тұралап, тоқтап қалған өнеркəсіп, өндіріс саласына жан бітіру болды да, ауыл шаруашылығы саласына бəлендей назар аударылмады.
- Жекешелендіру үдерісі жаппай əрі жедел жүргізіліп, кеңшарлар мен ұжымшарлар жаппай таратылды. Жергілікті жерде жекешелендірудің экономикалық, ғылыми механизмі толық ойластырылмағандықтан, бұл мəселе бəлендей оң нəтижеге қол жеткізуге алғышарттар жасай алмады. Осындай келеңсіздіктің арқасында шаруа қожалықтары өз өнімдерін өткізудің тиімді тетіктерін таба алмағандықтан, ауыл шаруашылығындағы шағын жəне орта бизнес, түрлі кəсіпкерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестері т.б. құрылмағандықтан, тығырыққа тірелді. Ақша-тауар (өнім) қостағаны жүйеге айналмағандықтан, ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші тауарын қала базарына тасыды, арзан бағаға өткізіп, өз қажеттіліктерін өтеуге тырысты.
Осы шағын талдаудың өзінен-ақ көптеген кемістіктерді байқауға болады: біріншіден, əлемнің аса күшті дамыған елдерінде шағын жəне орта бизнестің экономика бойынша алатын үлес салмағы алпыс пайызға ие болса, елімізде ол өте төмен деңгейде болды. Кəсіпкерлік банктерден несие алу арқылы ғана өркендей алады, ал банк жүйесін реттеп, үйлестірудің тиісті тетіктері жасалмады; екіншіден, мейлінше аз шығынмен мол өнім өндіріп, кіріс енгізуге əлем бойынша мойындалып, қалыптасқан ғылыми бағдарлама, жоспар, жобалар атқарушы органдар тарапынан қолдау болмағандықтан, жасалып, жүзеге асырылмады.
Бұл жайттардың орын алуы тек Қазақстанға ғана тəн емес, кешегі Одақтас республикалардың бəріне ортақ проблема еді. Агроөнеркəсіп кешенін дамыту республика экономикасының дамуымен тығыз байланысты болғандықтан, басқа салалардың, əсіресе мұнай, газ секторындағы оң нəтижелердің арқасында ауыл шаруашылығы саласының өркендей бастауы тек соңғы жылдары ғана байқала бастады.
Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың агроөнеркəсіп кешенін дамытуға бағытталған, атқарушы билік органдарының алдына қойған міндеттеріне жататындар:
- Ауыл шаруашылығы саласын тиімді дамыту үшін кешенді міндеттерді қамтитын арнайы бағдарлама жасау; ал, оның басымдылық тарапына жататындар: а) саланы дамытуға мемлекеттік жəне жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлу; ə) шағын жəне орта бизнесті саланы көтеруге жұмылдырып, үлес салмағын ұлғайту.
- Саланы, əлем тəжірибесіне сүйене отырып, индустриялы-инновациялық тəсіл бойынша дамыту.
- Агроөнеркəсіп кешенін дамытуға бағытталған ғылыми еңбек, ұсыныс, тұжырымдарды пайдалану, яғни ғылым мен саланың өзара байланысын жолға қою. Республика өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы жердің құнарлығы, климаттың ерекшелігі, жайылымдық аймақтардың жағдайы т.б. сияқты жайттармен тығыз байланысты.
Орталық Қазақстан өңіріне жататын Қарағанды облысын алайық. Бұл облыстың барлық территориясында егін шаруашылығына басымдық береміз деу еш қисынға келмейді. Ұлытау ауданына қарайтын қазіргі Егінді, Терісаққан ауылдық округтерінің жерінде астық өндіруге топырақ құнарлылығы мол мүмкіндіктер береді. Ал, сол аудандағы Амангелді, Сарысу, Жетіқоңыр, Сарыкеңгір, Сəтбаев, Қаракеңгір, Байқоңыр т.б. ауылдық округтар жерінде егін егу мүлде тиімсіз. Сондай-ақ Жаңаарқа ауданындағы біраз территориядан астық алу тиімді болса да, жаппай егін етудің шығынға батыратыны жəне аян. Ал, біраз жері шөлейт жəне жартылай шөлейтке жататын Шет, əсіресе Ақтоғай ауданының (Еңбек, Ақши ауылдық округтарынан басқа) жерінде егін шаруашылығымен айналысу еш тиімділік əкелмейді. Жыл сайынғы қол жеткен нəтижелерге ғылыми сараптама жасасақ, облыс аудандарының агроөнеркəсіп саласын дамыту үшін басымдылық сипатқа ие мүмкіндіктерін көруге болады: Абай ауданы, негізінен, картоп, көкөніс өндіруге бейімделген. Бұқаржырау, Осакаров, Нұра аудандары, негізінен, астық шаруашылығын дамытуға негізделген.
Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Ұлытау аудандарында аз көлемде болса да, жоғарыдағы салалар бойынша жұмыстар жүргізілгенімен, негізінен, мал шаруашылығы басым бағытқа ие екендігін көруге болады. Нақты деректерге ғылыми талдау жасау тұрғысынан назар аударсақ, былтырғы 2011 жылдың тоғыз айы ішіндегі нəтижелерге көз жеткіземіз. Қарағанды облысы бойынша 734 мың т астық жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жетті. Орташа есеппен алғанда Бұқаржырау ауданы əр гектардан 12,1 ц, Осакаров, Нұра аудандары 12,0 жəне 11,1 ц астық жинаған.
Осы тұста бір-екі мəселені ғылыми саралаудан өткізудің барысымен таныстырсақ, жоғарыдағы аудандарға жататын «Шахтер» ЖШС əр гектардан — 18,1 ц, «Пржевальское» ЖШС 25,0 мың гектар жерден 34,9 мың т астық жинаған. Ал, «Қарағанды өсімдік шаруашылығы жəне селекция ғылыми- зерттеу институты» ЖШС əр гектардан 19,0 ц астық алып, ең жоғарғы көрсеткішке ие болған.
Аталмыш деректерден екі жайтты аңғаруға болады: біріншіден, ең басты салаға жататын астық шаруашылығында ЖШС жүйесінің жақсы табысқа жетуі көп нəрсені аңғартады; екіншіден, бұл саладағы осынау жетістіктерді құптай отырып, төмендегі ой-пікірімізді ортаға салғымыз келеді. Астық өндіру көп қаржылық шығынды талап етеді. Түпкі нəтиже шыққан шығынды қайтарып алумен ғана тəмамдалмай, кіріс кіргізумен өлшенбек. Астық өндіру сияқты күрделі саламен айналысу жеке, яғни, бір ғана кəсіпкердің қолынан келмейді. Оған түрлі қоғамдастық, серіктестік, кооператив сияқты біріге іс-əрекет жасайтын қуатты құрылымдар қажет. Тек сонда ғана экономикалық тиімділікке қол жеткізуге болады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік пе, əлде басқаша құрылым ба, оны агроөнеркəсіп кешенімен айналысатын (мысалы, мал шаруашылығы) басқа да салаларға енгізуді ойластырған абзал. Үшіншіден, əр гектардан 19,0 ц астық жинаған ЖШС жұмысын алсақ, неліктен ол рекордтық көрсеткішке қол жеткізді деген сауал туындайды. Жүргізген зерттеуіміз бойынша көзіміздің жеткені мынау: аталмыш серіктестікте бүкіл жұмыс ғылым мен шаруашылықтың тығыз байланысынан туындаған, яғни ғылыми тұрғыдан қалыптасқан ең озық деген тəжірибе басшылыққа алынған. Соның нəтижесінде бəлендей көп емес территориядан аз ғана шығынмен мол өнім жинауға мүмкіндік туған. Жүзеге асырылған шараларға жерді агротехникалық баптаудан өткізу, ылғал сақтау мəселесі, тыңайтқышты ұтымды пайдалану, егілетін тұқымдық бидайдың қалпын ескеру т.б. жатқан екен. Жəне ең тиімдісі, бүкіл науқандық жұмысқа кеткен шығынды аталмыш серіктестік толығымен қайтарып алумен бірге, мол кіріске ие болған.
Осы айтылғандардың өзінен-ақ бір ғана ЖШС жұмысындағы озық тəжірибені тек астық шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға ғана емес, агроөнеркəсіп кешенінің басқа салаларына да ғылыми тұрғыдан негіздеп, таратқан дұрыс екенін пайымдауға болады. Егер бұл шара өз мəнінде жүзеге асса, астық өндірісімен айналысатын серіктестіктер жауын-шашынға тəуелді болып қалмас еді, ең қуаңшылық болған жылдың өзінде де орташа көрсеткішке қол жеткізген болар еді. Өндірілген астық өнімін өңдеу, яғни ұн тарту, 19,5 мың т жеткен. Ұн тартуды «Ақнар» ЖШС, «Дарад» ЖШС, «Самұрық» ЖШС, «Дамир АА» ЖШС жүзеге асырған.
Агроөнеркəсіп саласын өркендету оны техникалық жағынан жарақтау болып табылады. 2011 жылы Қарағанды облысы бойынша лизингтік негізде құны 693 млн теңге болатын түрлі техникалар сатылып алынып, ауылдарға, атап айтқанда, Абай, Осакаров аудандарына берілген. Бұл аудандар астықпен ғана емес, картоп, көкөніс өсіріп, сатумен де айналысады. Бір ғана Абай ауданындағы «Астра Агро» ЖШС картоп жинауда əр гектардан — 359; «Шанс» ШҚ — 233; «Поливное» ШҚ 312 ц алу көрсеткішіне қол жеткізген. Жалпы, облыс бойынша былтырғы 2011 жылы картоп егу 809 гектарға, көкөніс 312 гектарға, майлы дақылдар 1656 гектарға ұлғайтылған. Сондай-ақ тұқым шаруашылығына облыстық бюджеттен 206 178,0 мың теңге қаржы бөлініп, ол ақша дəнді-дақылдар мен картоп жəне көп жылдық шөптің тұқымын арзандатуға бөлінген. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген 64,0 млн теңге 2277 т дəнді-дақыл элиталық тұқымын сатуға жұмсалған.
Жалпы, агроөнеркəсіп кешенінде еңбектеніп жүргендер үшін шешуі қиын проблемалар жанар- жағармай жəне минералды тыңайтқыштар. Осы мəселені жеңілдету үшін науқандық жұмыс кезінде 199 417,0 мың теңге бөлінуі атқарушы органдар тарапынан жүзеге асқан пəрменді шара деп қолдауымыз керек.
Соңғы 2 жыл жəне 2011 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы дамуының оң тенденциялары байқалды. Ауыл шаруашылығының жиынтық өнім көлемінің орташа жылдық дамуының қарқыны 110,4 % құрады, мұндағы ең жоғарғы (17 %) өсім 2009 жылға келеді. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің дамуының орташа жылдық қарқыны сəйкесінше 115,7 % жəне 103,7 % құрады. Ауыл шаруашылығының жиынтық өнімі көлемінің өсімі дəнді дақылдардың жалпы түсімінің жоғары болуы есебінен жүзеге асты. 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсімі 103,7 % болды (өсімдік шаруашылығы — 102,8 %, мал шаруашылығы — 104,9 %).
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі құрылымында өзгерістер, яғни, өсімдік шаруашылығы үлесінің 2009 жылғы 61 %-ден 2010 жылы 58,4 % құлдырауы жəне мал шаруашылығы өнімі үлесімінің сəйкесінше 39 %-дан 41,6 %-ға жоғарлауы байқалады.
Республикада негізгі ауыл шаруашылық дақылдарының егістік көлемі жыл сайын айтарлықтай кемуде. Айталық, 1993 жылы бұл көрсеткіш барлық санаттағы шаруашылықтар бойынша 35182,1 мың гектар болса, 2006 жылы — 21843,7, ал 2009 жылы 16195,3 мың гектарды құраса, 2010 жылы 16785,2 мың гектар болған, яғни 2006 жылы 1993 жылмен салыстырғанда 46 % болса, 2007 жылы бүкіл егіс көлемі 2006 жылғы көлемнің 103,6 % болып отыр.
Əлемдік экономикалық хал-ахуалына үңілген адам соңғы жылдары дүние жүзіндегі көптеген елдер тарапынан туындап отырған азық-түлікке деген өткір сұранысты байқайды. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс Қазақстанда өткір қойылып отырған жоқ. Елдің бұл орайдағы экономикалық əлеуеті аса қуатты. Алайда нарықтық заманда өмір сүріп жатқандықтан, оның негізгі ереже, заңдылығынан тыс тұра алмайтынымыз жəне мəлім. Азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауын нарық тəртібі деп бағалағанымыз орынды. Жалпы алғанда, нарықтық жүйеге көшкен елдер экономикасында орын алған бірнеше қадау-қадау мəселелер бар, тек солар ғана əлемдік тəжірибеде өміршең болып саналады.
2011 жылы дəнді-дақылдық егістік көлемі Қарағанды облысы бойынша 622,3 мың га құрады, ол жерден 503,4 мың т бидай жиналды. Орташа облыстық астық өнімділігі гектарынан 8,1 ц болды.
Алайда аудандар арасында да, ауыл шаруашылық құрылымдарының арасында да астық өнімділігінің үлкен айырмашылығы əлі де байқалады. Мысалы, Нұра ауданының ауыл шаруашылық құрылымындарында орташа астық өнімділігі 11,5 ц/га болса, «Шахтер» ӨК ол 6,3 ц/га, «Алтын дəн» ӨК — 6,5 ц/га, ал «Алатау» ӨК — 2,7 ц/га, өндірістік коперативі «Еңбекші» ӨК — 2,8 ц/га, «Қаппаров жəне К» ЖШС — 3,8 ц/га.
- Елдегі ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауына жол бермеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қалыптасқан тəсіл бар, ол — бəсекелестікке кеңінен жол ашу, яғни өнімнің зəру тауарға айналмауы үшін пəрменді шаралар қолдану. Өндірілген өнімнің мол болуымен қатар, оның сапа қасиетіне де айрықша назар аударған жөн. Бұл орайда біздің тарапымыздан жүргізілген зерттеулерге ден қойсақ, Қарағанды облысы бойынша былтырғы жылы өндірілген агроөнекəсіп кешенінің өнімдеріне деген сұраныс жоғары жəне олар жеткілікті дəрежеде өндірілген. Ал, сапасына келсек, белгілі стандартқа сай екендігін айтқан абзал. Демек, мониторинг, менеджмент жəне маркетинг ұғымдарының осы орайда басты назарда болуы шарт екенін айтқымыз келеді.
- Аграрлық секторда өндірілген өнімнің экспортқа шығарылуы. Бұл орайда а) өнім сапасы халықаралық қалыптасқан стандартқа сай болуы қажет; ə) айрықша басымдылық отандық өнім өндірушілерге берілуі керек, себебі ол арқылы, біріншіден, қазақстандық кəсіпкерлерді қолдау жүзеге асырылады, екіншіден, нарықтағы өнімнің үлес салмағына шетелдік тауарлар емес, елімізде өндірілген өнімдер көбірек ие болады, яғни импортты ығыстыру үдерісі басталады. Тұтастай алғанда, біз қарастырып отырған Қарағанды облысы өңірінде агроөнеркəсіп кешені саласына жататын тұрғыда бірталай оң істердің атқарылғанын көру қиын емес. Біз бұл жерде бүкіл сала бойынша (мал шаруашылығы, құс шаруашылығы т.б.) əңгіме қозғап отырған жоқпыз, тек астық шаруашылығына ғана қатысты мəселені қозғап отырмыз. Жоғарыда біз келтірген деректердің өзінен-ақ аталмыш саланың өсіп, өркендеу, даму үдерісін бастан кешіп отырғанын байқаймыз.
Осы тұста бірер мəселеге тоқталу керек. Біріншіден, кеңестік заманның өзінде ауыл шаруашылығы үкіметтен дотация (қаржылай жəрдем) ала отырып дамыған. Қазіргі жағдайда да атқарушы органдар тарапынан бұл салаға көмек көрсетіліп келеді. Нарықтық жағдайдың əлемдік тəжірибесіне зер салсақ, бөлінген қаржының қайтарымы болатыны мəлім. Демек, алдағы уақытта мемлекет қаржысынан гөрі, өз əлеуетіне сүйеніп қызмет істеу — аграрлық сала қызметкерлерінің басты міндеті.
Екіншіден, экономиканың басқа салалары сияқты аграрлық салаға да тығыз байланыс тетіктерін қолға алу қажет. Өңірдегі «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау», «Шұбаркөл» т.б. ірі өндіріс орындарымен келісім-шарт жасау арқылы ақша-тауар бірлігін молынан жолға қоюға болады. Яғни аграрлық сектор тікелей келісім-шарт бойынша өнеркəсіп кешені жұмысшыларын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады, ал, өндіріс орындары шартқа сəйкес техникалық жарықтандыру т.б. мəселелерді аграрлық сектор үшін ұтымды түрде шешіп бере алады. Осынау алып кəсіпорындарда ауыл шаруашылығы техникасын, қосалқы бөлшектерді жасап шығаруға арналған оңтайлы шағын цехтар ашылса, екі жаққа да тиімді оң нəтижелер өмірге келетіні анық.
Үшіншіден, бүгінгі таңдағы аграрлық секторда қол жеткізген жетістіктерді сөз етсек, олардың түп негізі саланы индустриялы-инновациялық технология тəсілімен дамыту ісімен тығыз байланысты екендігін көреміз. Индустриялы-инновациялық тұрғыдан экономиканы дамытуға жататындар: заманауи техникамен қамтамасыз ету, қаржы көздерін оңтайлы шешу; озық тəжірибені меңгеру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру.
Бұл орайда ел экономикасын үдемелі индустриялы-инновациялық даму жолымен өркендету бойынша өңірде инвестициялық жобалар əзірленгенін айту керек. Еліміздің индустрияландыру картасына Қарағанды облысынан агроөнеркəсіп кешенін дамыту үшін құны 13 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба енген. Олардың ішінен егін шаруашылығына тікелей қатысты Қарағанды қаласында орналасқан «Номад» ЖШС астықты тереңдетіп қайта өңдеуді ұйымдастыру жобасын, тағы да осы облыс орталығында «КазАвиаСпектр» ЖШС Қазақстан Республикасында мамандандырылған ауыл шаруашылығы тікұшақтарының сериялық өндірісін ұйымдастыру жобасын айрықша атау қажет. Егер аталмыш инвестициялық жобалар, негізінен, 2011–2012 жылдар аясында жүзеге асатын болса, 2020 жылға дейінгі бағдарламаға бір ғана егін шаруашылығын дамытуға ірі жобаларды енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техникалық жарақтандыру, аграрлық сектордың машина-трактор парктерін жаңарту жобалары өңірдің ғана емес, еліміздің ішкі нарығындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қандай елдің болса да, экономикалық даму көрсеткіші сол ел халқының əлеуметтік хал-жағдайы деңгейінің өсуімен тығыз байланысты болып келеді. Бұқара халықтың əлеуметтік жағынан қорғалуы, негізінен, елде жұмыссыздық, инфляция орын алған тұста жүзеге аспайды. Демек, халық əл- ауқатының өре-деңгейі неғұрлым жоғары болуы үшін жұмыссыздықпен күресу қажет. Тек сонда ғана еңбек етуші тұлға аз күнін өзі көріп, мемлекетке масыл болмайды, екіншіден, еткен еңбегінің нəтижесінде салық төлейді. Яғни, бюджет қомақтылығы жұмыс орнының үлес салмағына тікелей тəуелді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарыс, жаппай жекешелендіру науқанында жіберілген кемшіліктерден республиканың басқа аймақтары сияқты Қарағанды облысы да тек соңғы жылдары ғана арыла бастады. Егер кеңестік дəуірдегідей ауыл шаруашылығына қуатты қолдау нарық жағдайында тура сондай ауқымда болуы мүмкін еместігін ескерсек, кəсіпкерлік, шағын жəне орта бизнес құрылымдарының мықты заңдық нормаларын жасап, жүзеге асырудың маңызы зор. Ауыл шаруашылығында астық өндіруші кəсіпкерлік құрылым, біздің ойымызша, міндетті түрде өз өнімінен пайда табуы қажет, ол — нарық талабы. Яғни осы тұста кəсіпкерге тиімді болуы үшін мықты бизнестік жүйе қажет, біріншіден, отандық кəсіпкер екі түрлі ұтымды да басымдылығы мол мəселені ескергені жөн: а) өз өнімінен ішкі рынок қажеттілігін қамтамасыз етуі; ə) өнімін экспортқа шығаруы. Шаруашылыққа таза пайда келтіруі үшін кəсіпкер өз өнімін экспортқа шығарғаны əлдеқайда пайдалы. Оған бұл тарапта тиісті жəрдем тек ішкі рынок сұранысын қанағаттандырғанда ғана көрсетілгені орынды. Себебі, ауыл шаруашылығы саласында ауа райының қолайсыздығы, қуаңшылық немесе жауын-шашынның тым көп болуынан астық егу жəне жинауда болатын кедергілер т.б. жайттарда кəсіпкерлік құрылымға тек қана өз еліндегі атқарушы органдар ғана көмектесіп, қолдау көрсетеді. Олай болса, бəрінен бұрын, ішкі рынокты өнімімен қамтамасыз еткен кəсіпкер қауымы өз тауарымен экспорттық байланысқа шығуы үшін мықты тетіктер болғаны жөн: а) астықтың əлемдік рыноктағы бағасы басты назарда болуы қажет. Яғни бұрынғы бағамен өнімді сату тиімсіз болып табылады; ə) өнім өндіруші өз өнімін тиімді бағаға сатуы үшін ол өзі байланыс жасайтын шетелдік тұтынушымен тікелей келісім-шартқа отырғаны абзал. Республикада астық өнімдерін мемлекет сатып алады жəне оны экспорттайтын да мемлекеттің өзі. Əрине, бұл жағдай кəсіпкерді түрлі əбігерден құтылтатыны анық. Алайда кəсіпкер тұтынушымен тікелей өзі байланыста болса, өнімі əлемдік рыноктағы бағаға сай əлдеқайда қымбат болуы мүмкін, ал, мол ақша тапқан кəсіпкер салықты да қомақты түрде мемлекеттік құрылымдар да бұл істен тиімділікті сезінер еді.
Ауылдық жерде жағдайдың кезінде өте ауыр болғаны анық. Совхоздардың таратылуы, кəсіптің жоқтығы, сондықтан да жастардың қалаға қоныс аударуы т.б. келеңсіз жайттар, негізінен енді-енді ғана сауығып келе жатыр. Демек, ауылдық жерлерде еңбек етіп, кəсіпкерлікпен айналысатын, пайда табуға талпынатын жандар үшін мүмкіндік мол. Осы тұста кəсіпкерлікпен айналыспақшы адамдар үшін оңтайландырылған əрі бірыңғай қаржы-несие жүйесін жасап, оны үнемі ғылыми тəжірибеге сəйкес жетілдіріп отырған абзал. Атап айтқанда, кəсіпкер өз жұмысын бастауы үшін тиісті қаржы алуы керек, ол қаржыны тиімді түрде игеруі керек, белгілі бір уақытқа дейін алынған қаржыны үстемемен банкке қайтаруы қажет. Міне, осы тұста біздің қолымыздағы деректерге сүйенсек, несие алуда кəсіппен айналысатын жанның түрлі бюрократтық кедергілерге жолығып, күдер үзетін жайттары байқалады. Сонымен қатар, қандай өнім өндіруші кəсіпкер болсын, табиғат жағдайына тəуелділіктен əлі де болса құтылмағаны анық. Сондықтан да ол қуаңшылық т.б. жайттардың əсерінен мол өнімге қол жеткізе алмаған кезінде несиені өтеу мерзімін ұзарту мəселесі заңдастырылса, дұрыс болар еді. Жəне бір жайт, күні кешегі уақытта мемлекет тарапынан бөлінген қаржылық қолдаумен ғана дамыған аграрлық сала бүгінгі нарық жағдайында қайтарылуы тиіс қаржының төменгі ставкасына ие болса, бұл саланың өз уақыт ішінде-ақ өркендеп, қуатты құрылымға айналатыны анық. Аграрлық секторды заманауи талапқа сай жоғарғы қарқынмен дамытудың барысында кездесетін жəне бір қиындық бар, ол — жанар-жағар май өнімдері. Əрине, оны арзан бағамен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне сат деу қиын, себебі ол сала нарық жағдайында еңбек етуде. Нарық тек қана қаржы жүйесіне, ақша-тауар бірлігіне негізделеді. Алайда кəсіпкер өз қызметінде ішкі жəне сыртқы рынок сұраныстарын мықтап ескеретін болса, жанар-жағар май жүйесінің иелері де осы жайтты ескеруі қажет деген ойдамыз. Яғни олар да өз қызметін екі бағытта жүргізгені тиімді. Біріншісі — жанар-жағар май өнімдерімен елдің ішкі рыногындағы сұранысты қанағаттандыру, екіншісі — өнімді экспортқа шығару. Əрине, жанар-жағар май иелері үшін өнімінің экспортқа шығарылғаны пайда жағынан өте тиімді. Алайда осы тұста мемлекет тарапынан үйлестіру, реттеу жұмысы қажет. Ол жұмыс жанар-жағар май сатушылардың, ең алдымен, ішкі рынок сұранысын өтеуіне бағытталуы керек, себебі олар да отандық кəсіпкерлерге жатады. Егер бір қиындыққа ұшыраса, жəрдем беретін де мемлекет. Осыдан біраз уақыт бұрын əлемдегі экономикалық-қаржылық дағдарыс тұсында еліміздегі біраз банктердің жүйесі əлсіреп, қиындыққа кезіккені мəлім. Оларды сол тұста банкрот болудан аман алып қалған да мемлекет бюджетінің қаржысы болатын. Міне, осы мəселе де жан-жақты ойластыруды қажет етеді.
Ақиқатын айтсақ, еліміздің басқа өңірлері сияқты Қарағанды облысында да агроөнеркəсіп кешені бойынша қордаланып қалған проблемалардың бар екенін жасыруға болмайды. Олардың қатарына жататындар:
- ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндіріс орындарында жасалмауы. Егер бұл іс дұрыс шешімін тапса, əрі арзан, əрі ықшам, əрі үнемді техника түрлерін бүгінгі ТМД елдерінің біразына сатып, пайда табуға болар еді. Жəне, бəрінен бұрын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін отандық кəсіпкер, фермерлер үшін тиімді болар еді;
- қаржы-несие жүйесінде маңызды рөл атқаратын несие беруші мен кəсіпкер арасында тиімді келісім-шарт жасаудың ұтымды тетіктерін жетілдіру жолдарын қарастыру қажет;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушінің тұтынушымен тікелей байланысқа шыға алатын инфрақұрылым жүйелерін əлемдік ғылыми тəжірибеге сүйене отырып, жасаған абзал;
- шалғайда орналасқан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кəсіпкердің техника түрлерімен жарақтану мəселесін шешумен бірге, көшпелі, шағын техникалық шеберханалар жүйесін мықтап қолға алған орынды;
- егер өнеркəсіп, өндіріске қажетті шикізат, пайдалы қазбалар қоры жөнінен еліміздің əлемге танымал ірі мемлекет екенін, ресурстары мол ел екенін ескерсек, КСРО кезіндегі тек шикізат өткізуші ел болып қалғанымызды ескеріп, бүкіл экономикада өңдеуші, өндіруші кəсіпорындарды өркендетуіміз қажет.
Айталық, шикі мұнайды шетелге сатқаннан түсетін табыс сол мұнайдан жасалатын өнім түрлерін өзімізде жасап, сатқаннан əлдеқайда кем болар еді. Демек, бұл жайт ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты айтар болсақ, мал өнімдерін, атап айтқанда, етті, сүтті, жүнді қайта өңдеу əлдеқайда мол табыс əкелетіні мəлім. Біз бұл орайда елімізде, оның ішінде Қарағанды облысында ілгерілеушілік бар екенін айтуға тиіспіз, алайда бұл істің кемшіндеу екенін де жасыруға болмайды.
Бір ғана астық шаруашылығын алайық. Бидай т.б. өнімдерді қайта өңдеуден өткізсе, ол ішкі рыноктағы сұранысты да, экспорт саласындағы қажеттілікті де қанағаттандырар еді, əрі үлкен кіріс көзіне айналар еді.
Қарағанды облысы бойынша халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін осыдан екі-үш жыл бұрын көрші республикалардан өнім əкелу ісі жүзеге асырылған еді. Алайда халықтың қалтасындағы қаржыға бəлендей салмақ түсірмесе де, бұл шараның атқарушы органдар үшін бірталай қаржы жұмсауына алып келді. Демек, осы тұста нарық жағдайын қатаң ескере отырып, қаржыны қыс айында да өнім беретін көкөніс үшін жылыжайлар салуға жұмсаған орынды дегіміз келеді. Облыста ондай жылыжайлар бар, бірақ жеткіліксіз. Егер қаржы көзі қарастырылса, облыс қалалары маңында бұл істі жүзеге асыруға болар еді. Тіпті экономикалық пайда табу үшін облыс халқына қажетті өнім түрлерін өндірумен қатар, көрші облыстарға да өткізуге болар еді. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылған болар еді, өнімді мол өндіре отырып, бəсекеге қабілетті шағын жəне орта кəсіпкерлік жүйесін дамытуға алғышарттар жасауға болар еді. Бұл ойымызға республика өңірлері бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының əр қилы болып келуі дəлел бола алады. Астықты мол өсіретін облыстар үшін нан бағасын өсірмей ұстау қиын емес, ал, көкөніс бағасы оңтүстік облыстарда мүлдем арзан. Демек, тұтынушы мен өнім өндіруші арасындағы байланыстың, өндіру мен сатудың екі жаққа да тиімді тетіктерін қамтитын, жан-жақты ойластырылған, ғылыми тəжірибені ескерген кешенді бағдарлама қажет екенін айтқымыз келеді.
2011 жылдың тек тоғыз айы ішінде ғана ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі Қарағанды облысы бойынша 82 млрд теңге шамасын құраған, бұл 2010 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6 %-ға артық. Аудандар көлемінде қомақты қаржыны Бұқаржырау (12025,3 млн теңге), Шет (10532,8 млн теңге), Қарқаралы (8563,9 млн теңге), Нұра (8563,1 млн теңге) аудандары құраған. Бір қуантарлығы, Облыстық статистика басқармасының мəліметтері бойынша, аграрлық сала өнімі өндірісінің өсуі барлық аудандар мен Балқаш, Сəтбаев, Теміртау, Саран қалаларында байқалған. Бұл жайт өз кезегінде аграрлық саладағы оң өзгерістердің индустриялы-инновациялық даму технологиясына сай жұмыс істей бастағанына дəлел бола алады.
Қазақтан экономикасының даму көрсеткішіне халықтың əл-ауқатын жақсарту рейтингісінде əлемдегі елу елдің қатарынан орын алуы жатады. Сонымен қатар аса ірі жобаларға инвестиция тарту көрсеткіші де Қазақстанда жоғары болуы оң өзгерістердің кепілі болып отырғанын айғақтаса керек.
Экономиканың басқа саласы сияқты агроөнеркəсіп кешені де ірі жобаларға инвестиция тартуды қажет етеді. Ал, инвестицияға қаржы салатын компаниялар үшін қажетті мəселе — пайда табу. Шетелдік немесе отандық инвестор өз қаржысын экономикасының болашағы бар жəне саяси тұрақтылығы басым елдерге ғана жұмсайды. Бұл айтылғандардың барлығы да біздің елімізде болғандықтан, республика экономикасының қуатты саласы аграрлық сектордың дамуына ұтымды алғышарттар жасап отырғанын айтуға тиіспіз.
Əдебиеттер тізімі
- Акулов А.А., Гаврилович А.С. Адаптивные технологии производства продукции растениеводства и экономические нормативы их освоения: Монография. — Калуга,
- Буздалов И.П., Пошкус Б.И. Аргарный протекционизм: научные основы и механизмы осуществления в условиях рыночных отношений: Монография. — М.,
- Аграрный сектор и рыночная экономика: Монография / Колл. авторов. — М.,
- Биоценоз озимых зерновых культур: Монография / Колл. авторов. — СПб.,