Қазақстан Республикасының тəуелсіздігімен бірге елімізге енген жаңашылдықтардың бірі — оқу үрдісінде жаңа технологияларды қолдану. Жаңа технологиялар қоғамның əр саласына енгізіліп, өзінің жемістерін беріп келеді. Сондай оң өзгерістердің бірі — білім беру мекемелеріне келген
«Интерактивті тақта» қызметі. Жалпы ақпараттық-коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, Интернетте жұмыс істеуді, компьютерлік оқыту бағдарламаларын пайдалануға негізделеді. Ақпараттық əдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологияның келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер əрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.
Бүгінгі таңда біз куə болып отырған ақпараттық қоғамның негізгі талабы — студенттерге ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу. Олай болса, ақпараттық бірліктердің білімге айналуы əлемнің жүйелік-ақпараттық бейнесін студенттердің шығармашылық қабілеттері мен құндылық бағдарларын дамыту арқылы қалыптастыруды көздейтін, адамның дүниетанымының құрамдас бөлігі болып табылатын интеллектуалды дамуды қалыптастырудың бір жолы.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияның келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер əрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы өте зор.
Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі əлемдік бəсекелестікті күшейте түсуде. Елбасы Н.Ə.Назарбаев «Қазақстанның əлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Жолдауында: «Білім беру реформасы — Қазақстанның бəсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі», — деп атап көрсетті.
ХХІ ғасыр — бұл ақпараттық қоғам дəуірі, технологиялық мəдениет дəуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кəсіби мəдениеттілігіне мұқият қарайтын дəуір.
Білім беру үрдісін ақпараттандыру — жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тəрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр — ақпараттандыру ғасыры» деп аталады. Қазақстан Республикасы да ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі — қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді.
Заманымызға сай қазіргі қоғамды ақпараттандыруда педагогтардың біліктілігін ақпараттық- коммуникациялық технологияны қолдану саласы бойынша көтеру негізгі міндеттерінің біріне айналды. Кейінгі кезде шет елдерде жəне біздің елімізде де компьютерде оқытудың жаңа бағыттары пайда болды. Ол американ ғалымы С.Пейперт ойлап тапқан «конструкциялық модельдеу». Ондағы идея — оқу процесінің өзінің «ортасы» болып, баланың компьютермен «өнер иесі» ретінде жұмыс істеуіне жағдай жасау. Компьютер арқылы кестелік жағдайларда арифметикалық амалдардың нəтижелерін табуға оқушыларды үйрету керек деген ұсыныстар жаңсақ сияқты, сондықтан олармен келісу мүмкін емес. Өйткені кестелік қосу, азайту, көбейту жəне бөлудің нəтижелерін оқушы берік есінде сақтауы керек. Ал көп таңбалы сандармен амалдар жүргізу кезінде оқытудың құралы ретінде компьютерді қолдану тиімді жəне ол компьютерлік сауаттылықтың бастамасы болмақшы. Əрине, компьютердің оқыту құралына айналуы математиканың, басқа да пəндердің оқыту мазмұнына түбегейлі өзгеріс енгізуге себепші бола алады. Демек, осы бағыттағы ізденістер білімнің əр саласын шоғырландыра түсу арқылы пəнаралық байланысты жасауға жеткізетін жол болуы тиіc.
Күнделікті өмірде қарапайым ұғымға айналған білім берудегі интерактивті технологияны қолдану барысында студенттің топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес, топ студенттері бірін бірі толықтыратын, сабақ барысында барлық студенттердің қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы.
Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқынды білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Ол — өз жұмыс орнында жəне бүкіл техникалық тізбекте технологияның үздіксіз өзгерістеріне, жаңалықтарына бейімделе алатын орындаушының тұлғасын қалыптастыру. Егеменді еліміздің болашағы білім беру жүйесіне байланысты. Заман талабына сай қазіргі мектептерде білім мазмұнын, оның құрылымдық жүйесін жаңарту — білім реформасының жүзеге асуының басты шарты. Осы талапқа сай оқушылардың белсенділігі мен танымдық іс-əрекеттері арқылы оқушылар шығармаларын дамыту, қажетті жағдайда айрықша шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны дамыту, осыған орай оқытудың жаңа технологияларын енгізе отырып, білім беру мен тəрбиелеу — мұғалімдер алдындағы басты міндет.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық жəне жалпы адамзаттық құндылықтар, жеке адамды қалыптастыруға жəне кəсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу» білім беру жүйесін одан əрі дамыту міндеттері көзделеді. Сондықтан əр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас жəне психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдай, тəжірибеде сынап қараудың маңызы зор.
Қазіргі уақыт — жаңа технология мен компьютер заманы. Осы ғасырдағы соңғы он жыл ішінде біздің өмірімізге түбегейлі өзгеріс енді. Жаңа буын оқулықтары мен электронды мəдениет əлеміне аяқ бастық. Сонымен бірге ұстаздың да рөлі өзгерді. Ол енді жоғарғы деңгейдегі жаңашыл ұстаз болуы тиіс. Оған қойылатын талап та жоғарғы деңгейде болады. Жаңа технологияның арқасында оқушылардың дамуына үлкен үлес қосылды. Заман ағымына қарай қазіргі дəстүрлі сызба мына қағиданы басшылыққа алады: «мұғалім — оқушы — оқулық». Осы уақытқа дейін біз пайдаланып жүрген кез келген практикалық материал, энциклопедиялар, диафильмдер қызықсыз дерлік болып қалды деуге де болады. Практикалық өмір дəлелдегендей, ендігі таңда инновациялық технологияларсыз дамыған мектепті жəне жоғары мектепті көз алдымызға елестету мүмкін емес. Адамдар жылдар бойына сақтап, жинаған өмірлік азығын енді кішкентай ғана компакт-дискіде сақтайтын болды. Күні кеше ғана бұл қол жетпейтін фантастикалық əлем еді. Қазіргі таңда бəріне бейім, тез қабылдайтын ізденімпаз тұлғалар оның бəрін санасында ұстап, мобильді телефондарды, əр түрлі DVD-плеерді қолдануды меңгере бастады. Алдағы 10 жыл аралығында компьютерлік білімді меңгеру деңгейі өсіп, бастауыш сынып оқушыларының да компьютерді үйренуге деген талабы артады. Компьютердегі мəтіндер, аудио-, бейнекөрсетілімдер, анимациялар балалардың білім алу деңгейін жоғарлатады. Ғалымдардың дəлелдеуінше, 20 % — естігені, 30 % — көргені, 50 % — өзі əрекет еткені есте қалады екен. Осының бəрін практикалық өмірде көрсетіп жүрген өз мамандығының майталман шеберлері инновациялық технологияларды, яғни мультимедиалық презентацияларды, еңбегінің жемісі ретінде қабылдай отырып, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын түсініп алға ұмтылады. Өз жұмысына деген қызығушылық артады. Жаңа технологияны меңгере білген ұстаз, өз өмірінің қуанышқа толы екендігін түсініп, көре біледі. Мұның қаншалықты бақыт екенін сезініп, заман ағымына қарай жаңа технология элементтеріне сүйене отырып, мультимедиалық кабинеттерде интерактивті тақтаның көмегімен слайдтар арқылы өткізу тиімді тəсілдердің бірі деп есептейді.
Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды болып табылатын мəселелердің бірі — оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Қазіргі таңда да елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру еніп, көкейкесті мəселе ретінде күн тəртібінен түспей отырғандығы мəлім.
Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Мектептің білім беру саласында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін интенсификациялау мен модернизациялаудың тиімді тəсілдерін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың тиімділігі мен нəтижелілігі бірнеше оқу-əдістемелік, психологиялық-педагогикалық мəселелердің шешімін ғылыми түрде негіздеуді талап етеді. Оларды бірнеше бағыттарға бөлуге болады:
- оқу үрдісінде ақпараттың технологияларды іске асырудың жүйелі ғылыми-əдістемелік жолын анықтау;
- оқушылардың тəжірибелік іс-əрекетінде ақпараттық технологияларды пайдаланудың əдістемесін жасау;
- мұғалімдердің ақпараттық технологияларды меңгеру жəне оқу үрдісінде пайдалану бойынша кəсіби біліктерін жетілдіру;
- оқушыларды білім, білік, дағдыны меңгеру үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға үйрету;
- мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту.
Оқу үрдісінде компьютер оқып-үйрену нысаны ретінде, сонымен бірге оқыту, тəрбиелеу, дамыту мен оқытудың мазмұнын меңгеруді диагностикалау құралы ретінде əрекет етеді. Мұның өзі ақпараттық технологияларды пайдаланудың екі бағыты бар екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Бірінші бағыт тұрғысынан алып қарасақ, ақпараттық технологиялар білім, білік, дағдыны игеру үшін қажетті ресурс болып табылып, оқушылардың саналы тəрбие, сапалы білім алуына жағдай жасайды, ал екінші бағыт тұрғысында ақпараттық технологиялар оқу-тəрбие үрдісін ұйымдастыру тиімділігін арттырудың қуатты құралы болып табылады.
Компьютердің қыр-сырын меңгерген интеллигент тұлғалар ғаламтордың да пайдасын көре бастады. Үнемі ізденісте жүріп өзіне қажетті мағлұматтарды, қол жетпес ақпараттарды ғаламтордан таба бастады. Бұл прогрестің алға жылжуы емес пе? Яғни адамзатқа бағынбайтын биік белес тауларды бағындырғанмен бір есеп. Жадымыздағы компьютер, плеер, диск, мобильді телефон деген сөздер құлағымызға сіңісті болып күнделікті қалыпты дүниеге айналуда. Болашақта біз технологияның дамуынан əлі де үлкен жаңалықтар, ғылыми ашылулар күтеміз. Себебі біз ізденуден жалықпайтын жаңашыл тұлғамыз.
Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің кəсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық жəне басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі əсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып оқу-тəрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Ал өз іс-əрекетін тиімді ұйымдастырып отырған қазіргі кездегі мұғалімнің міндеті жоғарыда айтылған мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, əр оқушыға еңбек етуде. Жаңа ғасырға жаңа бағдарламалар да енгізілуде. Жаңа бағдарламада, ең алдымен, оқушының білім алуға деген ынтасын, жауапкершілігін арттыру, берілетін оқу материалының күрделі болуы, баланың білім алуы үшін қамтылған. Жаңа оқулықтағы тапсырмалар жаңа технологияға негізделіп берілген. Қоғам педагогикалық шеберлік деңгейі жоғары, жаңашыл, инновациялық көзқарастағы ұстаздарды қалыптастыруды талап етуде.
Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі алдындағы шəкірттерін бағалауы орын алады. Сондықтан қазіргі мектеп мұғалімі қоғам талаптарын ескеріп, өзінің алдына педагогикалық міндеттерді қоя жəне шеше білетін, оқыту мен тəрбие технологияларын меңгерген, білім беру процесін басқара алатын, тəжірибеде педагогикалық ситуацияларды оқушы тұлғасының дамуына бағыттап жобалай жəне жүзеге асыра алатын бəсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға болуы қажет. Бүгінгі шəкірт — ертеңгі маман. Ендеше, қоғам талабына сəйкес мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушының білім сапасын көтеру. Ол үшін мұғалімнің алдында сабақ сапасын көтеру түрін жетілдіру, оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттыру, қабілетін дамыту міндеттері тұр. Демек, мұғалім бір ғана əдіспен шектелмей, шығармашылығын шыңдап, озық іс-тəжірибелерді пайдалана білуі шарт. Оқушы үшін пəнге қызығушылықты оятатын, ойластыратын негіз — оқытушының интеллектуалдық ізденісінде. Олай дейтініміз, қазіргі кезде сабақты ұйымдастырудың, оқытудың жаңа технологиясы дамып, оны қолдану тəжірибеге енген кезеңде одан алыс қалу кешірілмейтін жағдай. Сабақ ұйымдастырудың түрлеріне басты назар аудару керек. Біз өз сабақтарымызда оқыту мен тəрбиелеудің əр түрлі тиімді формаларын оқып-үйреніп, қолданып отыруға тырысамыз. Осы орайда сөзіміз дəлелді болу үшін жұмыс барысындағы іс-тəжірибемізден баяндайық. Жаңа педагогикалық технологиялар бір-біріне ұқсамайды, тек дұрыс пайдаланып, шəкірт жүрегіне жол таба білу қажет. Кез келген технологиямен жұмыс жүргізгенде сол технологияны мұғалім өзі жақсы меңгеруі тиіс. Технологиямен жұмыс жүргізу 4 саты арқылы іске асады, олар: оқып меңгеру; тəжірибеде қолдану; шығармашылық бағытта дамыту; нəтиже. Жоғарыда айтылған теориялық мəліметтерге сүйене отырып, күнделікті оқу үрдісінде қолданылатын инновациялық технологияларды, оның ішінде кеңінен қолданыс тапқан интерактивті тақтаны сипаттайық.
Жалпы қазіргі уақытта жаратылыстану-ғылыми білім беруде сабақ барысында интерактивті құралдарды қолдануда. Интерактивті құралдардың көмегімен мұғалімнің, оқушының шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашылып отыр. Білім берудегі интерактивті технология — мұндағы «интерактивті» сөзі — inter (бірлесу), act (əрекет жасау) ұғымын білдіреді, сабақ барысында оқушының топпен жұмыс жасауға қатыспауы мүмкін емес, бірін бірі толықтыратын, сабақ барысында барлық оқушылардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы.
Интерактивті тақта — бұл компьютердің қосымша құрылғыларының бірі жəне де дəріс берушіге ақпараттың кескіні мен қарапайым маркер тақтасын біріктіретін құрал [1]. Бүгінгі күні оның түрлері көп. Олардың ішінде білім саласында қолданып жүргендеріне қысқаша шолу жасайық.
ACTIVboard құрылғысы компьютер, мультимедиалық проектор жəне ақпараттарды енгізуге арналған активті қаламнан тұрады. Aктивті қалам — бұл меңзерді басқару құрылғысы жəне компьютер мен тақта арасындағы байланысты іске асырушы құрылғы болып табылады.
Бағдарламалық-техникалық кешеннің құрамына кіретін интерактивтік тақтаны оқытушыға сабақты қызықты жəне динамикалық түрде мультимедиалық құралдар көмегімен оқушылардың қызығушылықтарын тудыратындай оқуға мүмкіндік беретін визуалды қор деп те атауға болады. Сабақты түсіндіру барысында студент тақта алдында тұрып, бір мезетте мəтіндік, аудио-, бейнеқұжаттарды DVD, CD-ROM жəне Интернет ресурстарын қолдана алады. Бұл кезде оқытушы қосымшаны іске қосу, CD-ROM, Web-түйін мазмұнын қарастыру, ақпарат сақтау, белгі жасау тышқанды ауыстыратын арнайы қалам арқылы жазулар жазу жəне т. б. əрекеттерді жеңіл орындай алады [2].
Интерактивті құралдарды сабаққа пайдаланғанда дидактикалық бірнеше мəселелерді шешуге көмектеседі:
- пəн бойынша базалық білімді меңгеру;
- алған білімді жүйелеу;
- өзін-өзі бақылау дағдыларын қалыптастыру;
- жалпы оқуға деген ынтасын арттыру;
- оқушыларға оқу материалдарымен өздігінен жұмыс істегенде əдістемелік көмек беру.
Бұл технологияны оқу материалын хабарлау жəне оқушылардың ақпаратты меңгеруін ұйымдастыру арқылы, көзбен көру, жадын іске қосқанда арта түсетін қабылдау мүмкіндіктерімен қамтамасыз ететін əдіс деп қарауға болады. Оқушылардың көпшілігі естігенінің 5 % жəне көргенін 20 % есте сақтайтыны белгілі. Аудио- жəне бейнеақпаратты бір мезгілде қолдану есте сақтауды 40–50 % дейін арттырады. Қазіргі кезде сабаққа дайындалу барысында оқытушы сабақ мазмұны оқушылар үшін танымдылығы жағынан қызықты əрі жаңаша өтуі үшін өзінің бағалы уақытын қажетті материалды іздеу мен жүйелеуге жұмсайды. Ал жекелеген курс бойынша мəселелік-бағдарлы оқу бағдарламалары пакетінің болуы оқытушыға «оқытушы — студент» жүйесінде ақпаратты беруді, өңдеуді жəне қайталауды жаңаша ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Бірақ мұның барлығы жүзеге асуы үшін мұғалім компьютерлік оқыту технологиясы бойынша білімдер мен іскерліктерді игеруі қажет. Бұл дайындық дифференциалды болуы тиіс. Себебі əрбір пəн мұғалімдері үшін компьютерді оқыту үрдісінде пайдалану əр түрлі сипатқа ие [3].
Ғылым ғасырының мүмкіндіктерін игеріп отырған қазіргі таңда компьютер өмірдің барлық саласына кеңінен енуде. Сабақта уақытты үнемдеу, демонстрациялық материалдар даярлау мақсатында интерактивті тақтаны пайдаланған тиімді. Интерактивті тақтаның үш режимінде де жұмыс жасауға болады. Ақ тақта режимі — ең қарапайым режим. Ақ тақта режимін қолданғанда оны ақ бет қағазбен жұмыс жасағандай жəне тақырыпқа қажетті жерін белгілеулермен, негізгі ұғымдарын ерекшелеу үшін түрлі-түсті қаламды қолдануға болады. Ақ беттің артына фон ретінде мазмұнды суретті пайдалануға болады. Тақтаның бұл қасиеті, мысалы, географиядан, физика, биологиядан жəне т.б. пəндерден сабақ жүргізгенде ыңғайлы. Фон ретінде географиялық картаны, физикалық аспаптардың суреттерін алуға болады жəне сабақ барысында қажет болса картаға белгі салуға, жазуға мүмкіншілік бар.
Екінші режим — Office режимі. Бұл режим сабаққа қажетті дайындық жұмыстарын, яғни материалдар, даярлауға ыңғайлы. Сабаққа дайындық жұмыстары Word мəтіндік редакторының, Excel электрондық кестесінің құжаттары, Power Point-презентациясы болуы мүмкін. Мысалы, Microsoft Word құралдарымен төрт түрлі мəтіндік тапсырмаларды қамтитын құжат əзірлеуге болады. Осы құжатта тапсырмаларды қайталап, жауаптарының дұрыс нұсқаларын немесе амалдардың дұрыс тізбегін көрсету керек. Қайталанған тапсырмаларды сурет салу панелінің «төртбұрыш» объектілерімен жасырамыз. Сабақта қажет кезде бұл құжатты интерактивті тақтаның Office режимінде ашу қажет. Бұл режим Microsoft Office-нің барлық мүмкіншілігін ұсынады. Сондай мүмкіншіліктерінің бірі арқылы құрылған құжатқа мəтінді қосуға болады, яғни экраннан түсірілген суретпен емес, құжатпен тікелей жұмыс жасаймыз. Сонымен, оқытушы студентті тестілік тапсырмаға жазбаша жауап беруге тақтаға шығарып, оқушының жауабын дұрыс жауаптарымен салыстыра алады жəне дайындалған материалды шаблон ретінде келесі сабақтарды пайдалану үшін сақтап қоюға болады.
Үшінші режим — тақтаның интерактивті режимдегі жұмысы. Сабақтарды жүргізуде өткен материалды қайталау қажет, сондай жағдайда интерактивті тақтаның сілтеме жасауға арналған компонентін қолдануға болады. Бұл компонент арқылы Microsoft Office құралдары арқылы құрылған құжаттарға, графиктік редакторлардың немесе программалау ортасының көмегімен құрылған файлдарға, Интернет беттеріне сілтемелерді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа енгізілген, немесе инновация, адамның кəсіптік қызметінің бəріне де тəн болғандықтан, ол табиғи түрде зерттеудің, талдаудың жəне тəжірибеге енгізудің нысанасына айналды. Инновация өздігінен пайда болмайды. Ол ғылыми əдістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тəжірибесі. Бұл процесс стихиялы дамымайтындықтан, ол басқаруды қажет етеді. Педагогикалық процестің инновациялық стратегиясында жаңашылдық процестерді тікелей алға апарушылар ретінде мектеп директоры, мұғалімдер мен тəрбиешілердің рөлі арта түсуде. Оқыту процесінің көп түрлілігіне қарамастан, дидактикалық, компьютерлік, проблемалық, модульдық жəне басқа — жетекші педагогикалық қызметті іске асыру мұғалімнің еншісінде қалып отыр. Оқу-тəрбие процесіне қазіргі заманғы технологиялардың енгізілуіне байланысты мұғалім мен тəрбиеші кеңесшінің, ақылшының жəне тəрбиешінің қызметін одан əрі игеруде. Мұғалімнің кəсіптік қызметі арнаулы, пəндік білімдермен ғана шектелмей, педагогика мен психологияның, оқыту мен тəрбие технологиясы салаларының қазіргі заманғы білімдерін де қамтитын болғандықтан, мүғалімнен арнайы психологиялық-педагогикалық дайындық талап етіледі. Осы негізде педагогикалық инновацияны қабылдау, бағалау жəне іске асыруға дайындық қалыптасады. Инновация жаңалық, жаңашылдық, өзгеріс деген ұғымды білдіреді. Инновация — құрал жəне процесс ретінде əлдебір жаңалықты ендіру деген сөз. Педагогикалық процесте инновация оқыту мен тəрбиенің тəсілдері түрлері, мақсаты мен мазмұнын, мұғалім мен оқушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізуді білдіреді. Білім берудегі инновациялық процестердің мəнін педагогиканың маңызды екі проблемасы құрайды. Олар — озық педагогикалық тəжірибені зерттеу, жинақтау жəне тарату проблемасы жəне педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін практикаға енгізу проблемасы. Соған сəйкес инноватика пəні, инновациялық процестердің мазмұны мен механизмі осы кезге дейін бір-бірінен оқшау қарастырылып келген өзара тығыз байланысты екі процестің тұтастығы тұрғысынан қарастырылуы тиіс, яғни инновациялық процестің нəтижесі теория мен практиканың тоғысуында пайда болатын теориялық жəне практикалық жаңалықтарды қолдану болуға тиіс. Бұның барлығы педагогикалық жаңалықты жасау, игеру жəне пайдалануда басқару қызметінің маңыздылығына көз жеткізе түседі. Себебі мұғалім жаңа педагогикалық технологияның, теория мен концепцияның авторы, талдап жасаушысы, зерттеушісі, тұтынушысы жəне насихатшысы қызметін атқарады. Осы процесті басқару мұғалімнің өз қызметінде əріптестерінің тəжірибесі немесе ғылымындағы жаңа идеялар, əдістемелерді дұрыс тандап, бағалау жəне қолдануын қамтамасыз етеді. Ал педагогикалық қызметте инновациялық бағыттылықты қазіргі заманғы білім беру, қоғамдық жəне мəдени даму жағдайында педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығының қажеттілігі бірқатар жағдайлармен айқындалады. Біріншіден, қоғамда жүріп жатқан əлеуметтік-экономикалық қайта құрулар білім беру жүйесін, əдістемесі мен түрлі типтегі оқу орындарының оқу тəрбие процестерін ұйымдастырудың технологиясын түбірінен жаңартуды талап етуде. Педагогикалық жаңалықты жасау, игеру жəне пайдалануға негізделген мұғалім мен тəрбиеші қызметінің инновациялық бағыттылығы білім беру саясатын жаңартудың құралына айналуда. Екіншіден, білім беру мазмұнын ізгілендірудің күшеюі, пəндерінің көлемі мен құрамының үнемі өзгеріске ұшырауы, жаңа оқу пəндерінің енгізілуі жаңа ұжымдық формалар мен оқыту технологиясын үздіксіз іздестіруді талап етуде. Осы жағдайда мұғалімдер арасында педагогикалық білімнің рөлі мен беделі арта түсіп отыр.
Қазіргі уақытта «қоғамды ақпараттандыру», «білім беруді ақпараттандыру» деген сөз тіркестері біздің сөздік қорымызға еніп кетті. Олай болса, қоғамдық ақпараттандыру дегеніміз — ғылыми- техникалық прогресс жетістіктерінің күнделікті тұрмысқа ауқымды енуінің нəтижесі, яғни адам өміріне іс-əрекеттің интеллектуалды түрлерінің жан-жақты əсер етуі мен ролінің жоғарылауына байланысты объективті процесс. Қазіргі заман оқытушыдан тек өз пəнінің терең білгірі болуы емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік жəне ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тəрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана, білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады [4].
Жедел дамып отырған ғылыми-техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық үрдісінің негізіне айналады. Ақпараттық-технологиялық дамуға жəне оның қарқынына экономиканың жағдайы, адамдардың тұрмыс деңгейі, ұлттық қауіпсіздік, бүкіл дүние жүзілік қауымдастықтағы мемлекеттің ролі тəуелді болады. Тұтас дүние қалыптастыру мен қоғамдастықтар, жеке адам мен бүкіл дүние жүзілік қоғамдастықтың өмір сүруі үшін жаңа жағдайларды қамтамасыз етуде ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар маңызды роль атқарады. Сондықтан да осынау үлкен бір тұтас үрдістің бір бөлшегі ретінде интерактивті тақтаны қолдану қай қырынан алсақ та, барынша тиімді.
Студенттердің интерактивті құралдар көмегімен қалыптасатын жəне жүзеге асырылатын ойлау қабілеті бұрынғы технологиялар арқылы берілетін ойлау жүйесінен өзгеше болатындықтан, тек ойлау қабілеті түсінігі ғана емес, қабылдау, есте сақтау жоғарғы деңгейде болады. Интерактивті құралдардың келесі ерекшеліктерін атап өтуге болады:
- Бормен тақтаға жазылған кескінді интерактивті тақтадағы түрлі-түсті айқын, ұқыпты кескінмен салыстыруға болмайды.
- Тақта мен бордың көмегімен əр түрлі қосымшалары бар жұмысты түсіндіру қиын, кей жағдайда мүмкін.
- Слайдтарда, флипчартта қателер жіберілсе, тез арада түзетуге болады.
- Сабақта ACTIVote тестілеу жүйесі арқылы тест алу мүмкіндігін қолдануға болады.
- ACTIVwand указкасының көмегімен тақтаның жоғарғы бөлігіне кішкентайларға да қол жеткізуге мүмкіндік береді.
- Сабақта көрнекілікті қолдану деңгейі артады.
- Сабақтың өнімділігі артады.
- Оқушылардың білім деңгейіне оң əсер етеді.
Осылай ойлау қабілеті жоғары, тұлға ретінде жан-жақты дамып келе жатқан келешек маман тəуелсіз еліміздің барлық салаларында аса қажет екендігін бүгінгі еңбек нарығының талаптары дəлелдеп келеді.
Əдебиеттер тізімі
- Головина Н.Н. Информационные технологии как средство формирования интеллектуальных умений у студентов колледжей. — М.: Наука, 2007. — С.
- Мансуров З.А. Современнные тенденции развития информационных технологий в высшем образовании //Информационные технологии в высшем образовании. — 2010. — № 1. — С. 5–6.
- Мухлис К. Компьютерлік технологияны оқыту процесінде қолданылу ерекшеліктері // Қазақ тілі мен əдебиеті. — 2006. — № 8. — 52–56-б.
- Сарбасова Қ.А. Жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану // Бастауыш мектеп. — 2004. — № 10. — 17–18-б.