Абай Құнанбаев — Қазақстанның ұлттық мəдениетінің даму жолындағы данышпаны мен кемеңгері.
Мен тұрмыс жолымен жүрдім,
Мен надандармен күрестім
Міне, мен шыңға шықтым...
Ақын, ағартушы жəне философ Абайдың тағдыры маңызды да, ерекше. Абай бейнесі, оның өмірі мен шығармашылығы көптеген қазақстандық өнер қайраткерлерінің шығармаларының тақырыбына айналды. Олар оның бейнесін үлкен шабытпен кескіндеме, графика жəне мүсін өнерінде жасай білді. Бұл жолда жұмыс істеу өте қиын, өйткені бұл суреттердің өзі жоқ. Сондықтан ұлы адамның бейнесін қайта жасап жаңғырту — бұл Абайды өзіндік танымын көрсете білу.
Кескіндеме мен графикалық шығармаларды келесі ретте жүйелеуге болады: Абай Құнанбаев туралы суреттер, Абай шығармаларының мотиві бойынша суреттер, Абай өмірінің көрінісі, портреттері мен жанрлық шығармалары.
Жаңа мен ескінің қарама-қарсылығы айтарлықтай анық болған кезде, тамаша жары Əйгерім Абай бейітінің басында өзінің жоқтау жырын айтып жылаған кезде, 1904 жылы Абай мəңгілік о дүниелік болды.
Мұхтар Əуезов ол кезде жеті жаста еді, жаңа ғана өзін қоршаған ортаны танып-біліп келе жатқан кезі еді. Ең бастысы, болашақ жазушы зарығу мен қайғы ауыртпашылығының астында сөне бастаған Абайды көзі тірі кезінде көріп үлгерді. Ал жиырмадан астам жылдан кейін қиялы Абайдың жеке тұлғасы мен тағдырын жаулап алған суретші — Евгений Матвеевич Сидоркин пайда болды, ол
«Абай жолы» роман-эпопеясының суретшісі болды, ол графикалық өнер шығармасын романның мазмұны бойынша ғана емес, сонымен қатар оның көркем бейнесіне де жақын етіп көрсете білді. Романның атмосферасына, патриархалды-рулық Қазақстанның халықтық өміріне арналған бірінші кітабының ең үздік тысы жарық көрді. Оқырманның алдынан парақтың бетін жаба адамдар легі
«өтеді». Е.М.Сидоркиннің түсінігі бойынша, кітаптың тысында кітаптың негізгі мазмұны көрініс табу керек. Ол оның «рухын, көңіл-күйін» көрсете білу тиіс, сондықтан ол ешқандай нақты кейіпкерді суреттемейді. Оқырман кітаптың кейіпкерінің портреттерін танымау керек. Бұл адамдар — жазушы əңгімелейтін қазақ халқының, тарихи дəуірдің бір бөлігі.
Суретші жиырма үш бет сурет жəне үздік тыстың төрт парағын литография техникасында жасап шығарды. Талас туғызбайтын шығармашылық табыстарына «Құнанбай», «Тəкежан», «Жұт», «Əйелдер бейнесі», «Қалыңдық», Əуен», «Бейіт басында» парақтарын атауға болады. Суретшінің Абайдың өзін ғана бейнелейтін (бірінші кітабының 2-бөлігіне жасаған бірінші суреті) суреті де қызық. Абайдың ойланып, өлең шығарып отырған кезі суреттелген. Қылқалам шеберінің ақынды осылай бейнелеуі пластикалық тəсілдер арқылы мүмкін болды: көрермен отырған Абайдың кескінін түсінеді; ойшылдың қаламұш ұстап отырған қолының шамалы көтеріліп тұру ишарасының өзі тартымды. «Түн сөзсіз өтті. Тек таң атып қалған кезде ғана Абай өзінің шаршағанын сезбестен шамалы жатты. Біраздан кейін ол ашық жатқан кітаптарға толы өз үстеліне қайта оралды...».
Əрбір сурет үшін Е.Сидоркин шығарманың сюжеттік негізіне сүйене отырып, жеке композициялық шешім таба білді. Бейненің реалистігіне қарапайым, күш-қуатқа толы жəне нысанының эмоционалдық мəнерлілігінің көмегімен қол жеткізген.
Суреттер, үлкен кенептің фрагменті сияқты, оқиғаның мөлшерінің үлкендігімен, оған қатысатын адамдар санының көптігімен жалпы бейнесін ашады. Сидоркиннің автолитографиясы роман сияқты халықтық эпопея деп аталуы мүмкін; олар қазақ өнері мен əдебиетінің тарихына қосылған құнды үлес болып табылады [1].
Е.Сидоркиннің жұмыстарына үндесті деп Исатай Исабаевтың «Мұхтар Əуезов» лино- гравюрасын атауға болады. Шығарманың композициясының өзіндік ерекшелігі бар: ортасында өз халқының тағдыры туралы ойлап отырған бейнедегі, қолында кітабы бар жазушы отыр. Оның айналасында «Абай жолы» эпопеясынан алынған əр түрлі сюжеттер берілген, Абайдың жастық шағы мен үйленуі; өзінің шəкірттеріне ақыл беріп отырған Абай бейнесі.
Графикалық шығармалардың көпшілігі Абай шығармасының мотиві бойынша жасалған. Олардың ішінде — Абайдың өлеңдер жинағына жасалған Құлахмет Ходжиковтың суреттері; «Жаз» деп аталатын станокты үлгіде жасалған Əділ Рахмановтың суреті де бар. Ə.Рахмановтың шығармалары бейнелерді жалпылай көрсетуі мен қомақтылығымен ерекшеленеді. Суретші қазақ халқының жазғы жайлаудағы өмірін: қуанышты уақытын, бақытын, жаз жылылығы мен өмірге деген махаббатын көрсете білді. Бұл əлемді сезе білу қабілетін Ə.Рахманов өзінің жұмысында сомдаған, осындай көңіл-күй Абайдың «Жаз», «Жайлау» өлеңдерінде де көрініс тапқан.
Абай шығармаларының мотиві бойынша офорта жəне линогравюра техникасында орындалған И.Исабаевтың жұмыстарының бірқатарын атауға болады. «Абай» офорты өте тамаша («Абай» сериясынан парақ, 1976.). Суретші Абай бейнесін халықпен, жермен, табиғатпен байланыстыра отыра, суреттейді. Екі бөліктен тұратын композицияны біріктіріп тұратын орталығы болып екі атаны білдіретін идол саналады. Суретші ата-бабалардың данышпандығын, жер мен халықтық дəстүрлерді тани білетін Абайды суреттегісі келгендігі көрінеді.
Пластикалық аяқталғандығымен Абай Құнанбаевтың «Бүркітпен түлкі аулауға шыққанда» тақырыбындағы өлеңінің желісімен жасалған В.А.Григорьеваның суретін атауға болады. Үш негізгі бейнені: салт атты, бүркіт, түлкіні бір етіп көрсетеді. Ішкі кеңістігі энергиялық штрих құралдарымен, зигзаг тəрізді, түзу беріледі. Барлық композиция қара жəне ақ дақтардың анық ара қатынасында жəне дала кеңдігін, қозғалыс энергиясы мен нысанының динамикасының негізінде құрылады.
Қадырбек Каметовтың графика жұмысында («Абай өлеңдерінің мотивімен» сериясынан, 1986) жастық шақ, сұлулық пен бақыт көрсетілген. Ол еркін жəне тамаша түрде жасалған.
Аталған маңызды тақырыптан қарағандылық суретшілер де құр алақан емес, Абай портретін жасаған В.Н.Малькевич пен Т.А.Кеңесбаевты да атауға болады.
Кескіндемеде Абай бейнесін алғаш болып жасаған Əбілхан Қастеев болды. 1945 жылы қолында кітап ұстап тұрған жас Абайдың портретін жасайды. Портрет жасыл түспен орындалған. Портреттің бейнелі нандырарлығы өзінің маңызын қазір де жоғалтқан жоқ. Суретші оның мақсатқа тырысушылығын, руханилығын, білім алуға деген тартылысын суреттеп көрсете білді. А.Қастеевтің жанрлық шығармаларының айрықша ерекшелігіне адамның қоршаған ортамен, пейзажбен байланысын атауға болады. Осылайша «Киіз үй жанындағы Абай» суретінде Абай Құнанбаев келесі сипатта бейнеленген: туған ауылының, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының бауырында А.С.Пушкиннің — өзінің ең сенімді досының томын ұстаған Абай бейнесі. 1889 жылы Абай «Евгений Онегин» шығармасының бірнеше үзіндісін қазақ тіліне аударған. Əдебиеттанушылардың айтуынша, ол əдеби мəтінді аудару барысында болған қиындықтарды шеберлікпен жеңе білген, өзінің көркем бейнесін батылдықпен жасай алған.
Сонымен қатар Абай тақырыбына Айша Ғалымбаева да жол салған. А.Ғалымбаеваның кинематографиялық Бүкілодақтық мемлекеттік институтты аяқтау кезінде жасаған дипломдық жұмысын атауға болады. Бұл М.Əуезовтың «Абай əндері» (1949) киносценарийіне жасалған костюмдер мен раскадровкалардың эскиз-декорациялары. Кинофильмге жасалған материалдарды оқу үшін Ғалымбаева мұражайда жұмыс істеді, Абай өмір сүрген жерлерге этюдтерге барды, суреттер салды. Аяқталған декорация эскиздерінің көпшілігі станоктық шығармалар ретінде танылды. Жеке сахналардың көптеген нұсқаларында қазақ ауылының өмірінен алынған əр түрлі эпизодтар мен пейзаждар кездеседі. Бұл жерде балалық шақтың əсері — дала кеңістігі, көшпенділердің шуы мен ығы-жығы болуы, айтыстар, нəзік қыздар мен күшті жігіттердің бейнелері. Сонымен қатар болашақ фильмнің сюжеттік арқауына драмалық жағдайлар да қоса өрілді: «Жазалау» — Абайдың сүйікті оқушысы Айдар мен оның сүйіктісі Ажар шариғат заңын бұзды, сол үшін ол екеуі аяусыз жазаланды. А.Ғалымбаева Абайдың өз өмірінен де көрініс көрсетеді, олар: «Қорғанда», «Абай далада», «Абай киіз үйде» шығармалары. Суретші Абайға тəн орта мен тұрмыстың ерекшеліктерін жəне жалпы ХІХ ғасырдың соңында қазақтардың өміріне тəн жағдайды сүйіспеншілікпен, əсірелемей жеткізе білді.
Дипломдық жұмыс экранда іске аспаса да, Абай бейнесі Айша Ғалымбаеваны ұзақ уақытқа қызықтырды. Киносценарийдің жұмысын аяқтағаннан кейін, ол «Абай портреті» (1949), содан кейінгі жылдары «Жұмыс істеп отырған Абай» (1960) суреттерін салды, қазіргі уақытта олар МКАТ мұражайында сақталуда. 1966–1967 жылдары А.Ғалымбаева тағы да он үлкен станоктық парақтағы сюжеттерін «Абай əндері» кинофильмінің негізінде жасады, ол суреттер: «Билер соты», «Той кеші», «Айдардың өлімі», «Айтыс», «Кездесу» жəне т.б. Парақтар сəнділігімен, көркем компоненттердің мəнерлілігімен, берілген сезімнің эпостығымен жəне өмірді гүлдендіретін интонациясымен ерекшеленеді.
Абай шығармашылығы, оның жеке тұлғалығы Сарыарқа суретшілерін əрқашанда қызықтырған. Олардың пайымдауында осы «жұмбақ адам», «өз халқының маягын» қалай бейнелейді? Суретшілер оны бірде биіктетіп, кейде ойланып отырған ұстамды етіп, кейде терең ойланып отырған адам ретінде бейнелейді, олар оны көбінесе дала фонында суреттейді, осы арқылы олар оның туып-өскен жерімен, отанымен бірге суреттейді, себебі бұл оның өмірі мен шығармашылығының бір бөлігі болып табылатын. Абай бейнесін өз шығармашылығында сипаттаған Райымқұл Есіркеев, Сейітмахан Қалмаханов, Андрей Осипенко сияқты жасы үлкен кескіндеме шеберлерін де атап өтуге болады.
Қазақтың ағартушы жəне ақынына арналған шығармаларының бірі ретінде Райымқұл Есіркеевтің (1921–1980) кенебін айтуға болады. Есіркеевтің өнеріндегі басты жанр — композициялық портрет, онда қоршаған орта, кейіпкер суреттеліп, адам туралы əңгіме толықтырылады. Р.Есіркеев өз жерінің адамдары туралы қарапайым жəне сыпайылықпен айтады. Есіркеев Абайдың жалпыланған, асқақтатылған бейнесін көрсетеді (1968). Ол Абайды қолына кітап ұстаған, иығына бешпет жамылған күйінде жəне туған жерінің таулары мен даласының негізінде бейнелейді. Абайдың бүлікші жанын ашуға, мазасыз жəне қарқынды уақыттың атмосферасын жеткізуге тырысқан Есіркеев суретке қозғалыс сезімін — ерікті жел киімді желбірететіндігін, шашын қозғалтатындығын, бетегесін қозғалтатындығын енгізу арқылы жол салғандай. Кең, сенімді жағу арқылы, біркелкі түспен жазылған портрет Абай бейнесінің сенімділігін білдіреді.
Абай бейнесін өз бетінше өз шығармашылығында суретші «Сейітмахан Қалмаханов та портреттер сериясында пайымдады. Абайдың үш портреттік бейнесі өмір жолы кезеңдерін: жастық шағы, ер жеткен кезі жəне данышпандық кезін өз бетінше кейіптеп кескіндеген.
С.Қалмаханов Абайды жасөспірім ретінде («Ибраhим», 1994) көрсетеді; жас Абайдың өмір беттерін, оның медреседен кеткен кезін, орыстың приход мектебіне түскен жəне өзіндік білім алу үшін көп кітаптар оқумен айналысқан кездерін суреттейді. Портретте нақтылық пен символика табысты түрде үйлеседі. Ибраhим жазып отырған күйінде, жағымды жағдайда, жарыққа ұмтылып, шоғырланған күйінде суреттелген. Суретші бірнеше атрибуттарды енгізеді, бірақ олар көп сөйлейді: үстелде — кітаптар. Жазып отырған Ибраhим — болашақ ойшыл, қабырғадағы домбыра болашақ композитор туралы айтып тұрғандай.
С.Қалмахановқа Абайдың өмірінің соңғы он жылында жазылған «Абайдың қара сөздері» көп əсер етеді. «Қара сөздері» өмір заңдарын танып-білген ойшылдың өсиеттерін көрсетеді; ол ғылым, білім жəне мəдениеттің маңызы туралы жазады. Содан кейінгі «Абай» портретінде (1994) суретші оны Ұлы даланың көрнекті қайраткері, жетілген, дана жəне шешім қабылдай алатын, өз поэзиясының күшін түсінген, өз халқының өміріндегі ағартушылықтың ұлы рөлін түсінген тұлға ретінде суреттейді. Масштабының үлкейтілгендігінің арқасында кейіпкер композицияда көрерменге жақындатылған; мөлшері мен түсінің асықпай ырғақты орналасуы бейнеге сенімді тыныштықты бергендей болады. Колорит екі қосымша түстің — шие түсі мен жасыл түстің қарама-қарсы қойылуына негізделген. Бірақ та суретші осы екі түстің үндесуіне қолжеткізеді. Шие түсінің жасыл түске қатысы тіпті айқын сияқты емес, түстердің қарсыластығы халаттың алтын түсімен жұмсартылған. Жейденің ақ түсі даналықты жəне ой тазалығын көрсетеді. Осыған орай портретте қосымша бөлшектер жоқ — көрерменнің бар зейіні Абай келбетіне ауады.
Суретшінің «Абай» тақырыбындағы үшінші жұмысы да жасалды (1994). Абай жас емес, тіпті кəрі, қолында өзінің «Қара сөздері» жазылған кітабын ұстап тұр; ол өз өсиеттерін айтып жеткізіп тұрған тəрізді, білімнің маңызы туралы айтып тұрғандай, сонымен қатар бұл суретте осы жолда кездесетін қиындықтар мен тыйымдар туралы мегзелгендей əсер аласың. Суретші Абайды аспан фонында суреттеген, ол ойшыл ойының ұлылығын, оның отанмен үнемі болатын байланысын көрсетеді. Мəнерлі түстік шешім, портреттің анық композициялық шешімі бейне сипатының аяқталғандық сезіміне жағдай жасайды.
Андрей Осипенко Абайдың басқа да көркем бейнесін жасай алды. Суретшінің қайраткерлік темпераменті шығармашылықпен көрсетіледі. Суретшіге өнердегі пайымдау тəн; адамды драмалық жағдайдан тыс жерде суреттеу ол үшін құптауға лайықты емес. Кескіндемеші өмір қиындығын метафора арқылы көрсетеді; оның ең үздік шығармаларына метафоралық, қарым-қатынастың тереңдігі, ақындық мəнерлілік тəн. Маңызды құбылыс — Абайды нақты көрсететін триптих: «Ақын» — «Ағартушы» — «Ойшыл» (1995). Суреттер суретшіге тəн философиялық əлемді сезіне білу сезімдерімен өткір. Суреттердің ойы тік берілмейді, ал ассоциациялық салыстыру, ойластыру үрдісінде беріледі; суретші қабылдау үрдісін өзі болжайды. Ойды анықтау үшін триптих формасы таңдап алынған. Оның əрбір бөлігі ақын, ағартушы жəне ойшыл Абай сезімдерінің байлығын көрсетеді. Суреттегі кез келген бөлшек, олардың өзара байланысы, түстік шешімінің символдық дыбыстауға ие болады. Жұмыс экспрессивті үлгіде жазылған; қараның кең кескіндік салмағы, сары түстің интенсивтілігі, өшірілген қызыл түстің өшірілген дақтары, өзінің ырғағымен суреттің түстік пластикасын біріктіреді, осы кенеп арқылы қауырттылық көңіл-күйін енгізеді, шығармашылық стихиясын («Ақын»), белсенді ағартушылық қызметті («Ағартушы»), ой тереңдігі мен күшін («Ойшыл») береді. Түстің еркін өмірін сезіну, динамикалық, əртістік хат, нысанының ырғақтығы — осы шығарманы ерекшелендіретін сапа.
Триптихтің түстік ырғақтығы — күшті жəне қарама-қарсы, Абайдың титаникалық əдеби жəне қоғамдық қызметіндегі «алып қадамдарын» санада оятады. Ақын Абайдың ақындық шығармашылығында қазақ даласы өзінің ұлылығы мен жапа шегуі, жарық жəне түнекті бояуымен көрсетіледі. Абайды дала табиғаты (жыл мезгілдеріне қатысты өлеңдері), қарама-қайшылық пен қарсылыққа толы туған даласының адамдарының өмірі қызықтырады. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», — деп жазды Абай. Абай поэзияның «көзі ашық, көкірегі ояу» адамдарға ғана тəн екендігін, өлеңге «жүрегімен қуанатын» «сөзді бағалай білетін» адамдарға ғана тəн екендігін түсінеді.
Сөз қарны тоқ ақымақты қызықтырмайды.
Даналықты көкірегі ашық адамдар ғана көре алады.
Шығармашылық, өнегелелік жəне мəдениет —
Абай үшін ажырамас дүние.
Мақаш Əлиақпаровтың «Бақытқа жетер сатылар» тақырыбындағы күнделіктеріндегі ретроспективті жазбаларына көз жүгіртейік: «Уақыт өте берді, ал мен болсам Абайдың туылғанына 150 жылдық мерейтойының қалай жақындап қалғанын байқамай да қалдым. Барлық ел болып ұлы ақынның мерейтойына дайындалып жатқанда менің оған қатыспай қалыс қалғаным дұрыс болмас деген ой келді. Өз ерік-күшімді жинап мен іске кірістім... Міне, Қарағанды қаласында 1994 жылдың көктемінде жасалған көрменің бар құпиясы осы болды. Сол жылы өзімнің жеке қорымның негізінде
«Абай жерлерінде» тақырыбында буклет-каталог дайындадым, онда Абай дүниеге келген жерлер, қыстау мен оның жерленген жерлері туралы, сонымен қатар басқа да тарихи құндылығы бар жерлердің суреттері жиналды. Бұдан басқа, кескіндеме бойынша республикалық жəне облыстық көрмелерге қатыстым; 1995 жылдың сəуірінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Таир Мансуровтың шақыруымен Мəскеуде менің көрмем ашылды. Осы жылдың 8–9 тамызында Үкімет Үйінің отырыс залында Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған менің шығармаларымның үлкен көрмесі ұйымдастырылды. Оның ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Мəдениет министрлігі мен ҚР Суретшілер одағы. Менің суреттерімді ЮНЕСКО- ның бас директоры Федерико Майор, белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов жəне тағы басқа адамдардың жоғары бағалағандығын есту мен үшін үлкен бақыт болды.
С.Оразалиновтың «Абай жері» кітабы жəне ЮНЕСКО-ның қолдауымен шыққан «Абай. Өмір. Уақыт. Өнер»» альбомында менің Абайға арналған бірқатар суреттерім көшірмеленді. Италияда Миланда менің Абайға арналған көрмем өтті, осыған байланысты «Мақаш Əлиақпаров» кітапшасы жарыққа шықты.
1995 жылы мен өзімнің бірқатар шығармаларымды Шəкəрім бейнесіне арнадым. Бұл «Жауап алу», «Елім-ай», «Шəкəрімді қайта жерлеу», «Құлагер», «Ұмытылған», «Өрмекші», «Ұрпақтарға қалдырылған портрет» жəне тағы басқа көптеген графикалық шығармалар.
Мен өзімді бақытты сезінемін. Оған дəлел — Абай деп аталған шексіз мұхитқа түскен тəрізді болған менің жұмыстарым. Мен менің бояу жаққышыма қанат бітірген жəне шабыт берген туған жеріме жəне туған еліме үнемі шексіз риза боламын!» [2].
Қазақстанның кескіндемешілерінің шығармаларында Абай «жас жүректерді құлшынысқа шақыратын», өз халқының трагедиясы мен сенімімен өмір сүретін ақын-ойшыл, философ, гуманист- ағартушы ретінде көрсетіледі.
Жас жүректерді құлшынысқа шақырамын,
Мен адамшылықты ең басына қоямын...
Қазіргі уақытта «Абай тақырыбын» қайта жандандыру жолында жаңа ойлар туындауда, оның көп қырлы бейнесі суретшілерге оның адамзаттық тағдырының тұңғиығы мен биіктігін зерттеуге мүмкіндік береді.
Əдебиеттер тізімі
- Золотарева Л.Р. Қазақстан өнерінің тарихы. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2000. — 202-б., сур.
- Əлиақпаров М.Т. Жанасу: Альбом. — Калининград: ГИПП «Янтар.сказ» баспасы, 1997. — 52, 53-б.