Мақалада қазақтың ауызша тарихы, шежіресі туралы сөз болады. Халық арасында ауыздан ауызға тараған халық ауыз əдебиетінің бір саласы – шежіре ғылыми тұрғыда талданған. Шежіренің жанрлық ерекшеліктері сараланып, бұған дейінгі зерттелу жайы айтылған. Қазақ шежіресінің зерттелу тарихын айта келе, Х. Досмұхамедұлы, Қ. Халид, Ш. Құдайбердіұлы, М. Көпеев, С. Мұқанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. Востровтың еңбектеріне тоқталған. Қазақтың ауызша тарихының ұлт руханиятына қосар үлесі ерекше, осы тұрғыдан алғанда ғалым А. Сейдімбектің зерттеулерінің алар орны айрықша. Ол қазақ халқының əдеби шығармашылығындағы осы бағытқа баса назар аударған болатын. Мақалада А. Сейдімбектің ауызша тарихқа арналған зерттеу еңбегі жан-жақты қарастырылды.
Қазақ ертеден өз ата-тегіне, ру шежіресіне айрықша мəн берген. Өз ұрпағына ру шежіресі туралы аңыз-əңгімелерді жаттатып отырған. «Шежіре – халықтың құрамына кіретін тайпа-рулардың тегін таратып, бір-бірімен туыстық дəрежесін айыратын тізбе. Шежіре негізінен қарасөзбен, кейде өлеңмен жазылады, көлемі əрқалай болып келеді. Арғы ата-бабалардың, тайпа-рулардың басталуы, таралуын көрсететін тізбе шежіренің жəне бір мағынасы, ол – тарихи жазба ескерткіш» [1; 691, 692]. Шежіре арқылы қазақ этносының тарихын, ерекше бітімін тануға болады. Шежіреде аңыз бен шындық та, ертегі мен əпсана да бар, əдебиет пен тарихты бір-бірімен сабақтастыратын дүние де осы шежіре. Шежірелік деректерге фольклорлық мұраның бір саласы ретінде назар аударып, жинастырып, зерттеу қажет.
Х.Досмұхамедұлының «Аламан» еңбегінің қазақ халық əдебиеті туралы бөлімінде шежіреге қатысты мынадай сөздер бар: «Рулар мен жекелеген тұлғалар туралы аңыздар халық əдебиетінің шежіре (родословная) аталатын үлкен бір бөліміне кіріспе қызметін атқара алады. Əрбір қазақ өз руын, атасын 7-10 буынға дейін таратып айтып бере алады. Ақсақалдардың ішіндегі ерекше зеректері көптеген рулардың, тіптен бір жүздің немесе үш жүздің, басқа да туыстас түрік жұрттарының шежіресін тарқата алады. Дəл осындай хандар шежіресі де бар. Өлеңмен жазылған, поэма түріндегі шежірелер де ұшырасады» [2; 26]. Қ.Халидтің «Тауарих хамса» еңбегінде: «Қазақ халқы кітап көрмей, оқып, жазбай-ақ, тек ауыздан ауызға айтылып келген естіген сөздерін ұмытпай келе жатқандарына дəлелдер көп. Сол үшін бұлардың көне хабарларына қашан да құлақ асу керек. Тарихын, нəсілін білмек болғандар олардың хикаяларына, аңыз-əңгімелеріне сүйенуі керек» [3; 90], — дейді.
Қазақ тарихын барлап-бағамдауда Қадырғали Жалайырдың Шыңғыс хан, Үгетай хан, Жошы хан, Шағатай хан, Төле хан, Күйік хан, Мөңке хан, Ұрыс хан, Тоқтамыс хан, Қажы Керей, Едіге би, Ораз-Мұхаммед хан жəне тағы да басқа хандар туралы маңызды шежіре деректері берілген, XIII-XVI ғасырлардағы қазақ тарихына қатысты «Жами ат-тауарих» («Шежірелер жинағы»), Əбілғазының Шыңғыс хан, Шыңғыс ханның дүниеге келген тарихы, Шыңғыстан тараған əулеттердің қандай елдерді билегендері турасында құнды деректер берілген «Түрік шежіресі» сияқты еңбектердің маңызы зор. Сонымен қатар қазақ шежіресіне қатысты Ш.Уəлихановтың жазбаларында кездесетін деректерді, Шəкəрім Құдайбердіұлының, Мəшһүр-Жүсіп Көпеевтің, С.Мұқановтың еңбектерін айрықша атауымыз қажет.
Құрбанғали Халидтің 1910 жылы Қазан қаласында «Өрнек» баспасында шыққан «Тауарих хамса» («Бес тарих») еңбегі – араб, парсы, түркі жəне қытай жазбаларындағы деректерге сүйене отырып, ғылыми тұрғыда қазақ, татар, монғол, қытай сияқты Шығыстың бес елінің тарихы туралы шағатай тілінде жазылған еңбек. Қазақ халқының əдет-ғұрпы, салт-санасы туралы, хандары туралы, қазақ атауының шығу тарихына қатысты көптеген деректер берген.
Қазақ шежіресіне кеңінен тоқталған, қазақтың арғы тегін, ру-тайпаларын тармақтап, жүйелеп берген құнды еңбек – Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һəм хандар шежіресі» кітабы.Еңбекте қазақтың қайдан шыққаны туралы ой қозғап, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің ру-тайпалары туралы, оның ішінде Орта жүздің Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қыпшақ, Тарақты сияқты руларына қатысты деректер береді. Сонымен қатар хандар шежіресі, Шыңғысхан шежіресі туралы, осман түріктері мен сұлтандары туралы, сарт, өзбек, ноғай, башқұрт, түркімен сияқты түркі жұртына қатысты шежіре деректері мен қазақтың ру-тайпаларын тармақтап берген сызба-кесте ұсынған.
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» еңбегі ел аузынан жинаған аңыз-əңгімелер, шежіре деректері арқылы қазақтың шежіресін, өткен өмір жолын жан-жақты сипаттауға арналған. Өткеннен сыр шертетін шежіре еңбек халық арасынан жинаған руға байланысты, сол рудың батыры, балуаны, ақыны, өнерлісі, ел ағасы туралы аңыз-əңгімелерге толы.
С.Мұқановтың «Халық мұрасы» атты тарихтық-этнографиялық шолу еңбегінің бірінші бөлімі шежіреге арналған. Жалпы шежіреге қатысты, қожалар шежіресі туралы, қазақ шежіресіне қатысты, қазақ тарихы туралы деректер, мəліметтер, зерттеуші-ғалымдардың ой-пікірлері берілген. Жəне де автордың шежіре жəне тарих жайындағы ой толғаулары ортаға салынған. Жалпы осы еңбекті жазу барысында ғалым қазақтың ауыз əдебиетін кеңінен пайдаланған.
Еліміздің егемендік алып, тəуелсіз ел болуының арқасында ел тарихына қатысты еңбектерде шындықты бұрмаламай жеткізуге мүмкіндік туды. Десек те, əркім өз шежіресін түгендеп, өз руларын, ата-бабаларын мадақтап, шежіре жазу дəстүрі тым көбейіп кеткенін де айта кету қажет.
Қазақ шежіресі туралы тəуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жарық көрген Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздегі ру-тайпаларының жəне жүзге кірмейтін қазақ руларының тарихына қатысты ғылыми сипаттамалар жасалынып, ататек кестелері берілген Жарылқап Бейсенбайұлының ғылыми дəйектер мен «Ана тілі» газетіне түскен қалың шежірелік мəліметтер негізінде жасалған «Қазақ шежіресі» еңбегін, хандар мен сұлтандар туралы тарихи-шежірелік зерттеулер берілген Балқаш Бафиннің «Тарихи шежіре. Тағдырлы тіл. Хат жаздым қалам алып» кітабын, əртүрлі дереккөздерден алған құжаттар негізінде Қазақ хандығының тарихын жеткізуге тырысқан Болатбек Нəсеновтің «Қазақтардың тарихы. Хандар» еңбегін, қыпшақ руының бір атсының шежіресімен қоса қазақ тарихына қатысты біраз мəліметтер, шешендік сөздер, əңгіме-аңыздар, дінге қатысты ой-пікірлер берілген Амангелді Ертуғанұлының «Тарихтан мұрағат – ұрпаққа ұлағат» еңбегін, тағы да басқа толып жатқан еңбектерді атауымызға болады.
Ал енді шежіренің жанрлық табиғатына тоқталған М.І.Əбдуовтің «Шежіренің жанрлық сипаты» еңбегінде шежіре туралы ой-толғамдар, шежірені жүйелеудің жолдары туралы пікірлер, шежіренің түрлері, шежіренің тəрбиелік мəні туралы айтылған. Жəне де Қаракесектің ішіндегі Əлтеке руының шежіресі ұсынылады. Шежірені мазмұнына қарай тарихи шежіре, əдеби шежіре, ата-тек шежіресі деп бөлсе, сыйпатына қарай ру-тайпа шежіресі, хандар шежіресі, қожалар шежіресі деп үшке бөлген [4; 20, 21].
Халел Арғынбаев, Марат Мұқанов, Вениамин Востровтың «Қазақ шежіресі хақында» еңбегі қазақ халқының тарихын зерттеуде, ру-тайпалардың шығу тегі мен тарихта алар орнын саралауда маңызы зор еңбек болып табылады. Ұлы, Орта жəне Кіші жүздердің тарихына қатысты көлемді еңбекте шежіре деректері мол қамтылған.
Бұл еңбектерді саралай, санамалай келе, біз тоқталмақ болып отырған еңбек – Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» зерттеу еңбегі.
А.Сейдімбектің шежірелік айғақ-деректер нəтижесінде қазақ қоғамының ру-тайпалық жүйесін тұңғыш рет толық сипатымен саралап берген ең үлкен нəтижелі еңбегі – «Қазақтың ауызша тарихы». Осы көлемді еңбегінде автор халық арасында тарих туралы ауызша айтылатын аңыз, шежіре, мифтердің жинақталған мол дерегіне сүйеніп, ауызша тарихқа жан-жақты талдау берген. Ғалым еңбегінде шежірелік деректер, ең алдымен, қазақ халқының тарихи білімінің, сауаттылығының, рухани құндылығының жарқын айғағы ретінде зерделенген.
М.Кемел бұл еңбектің ерекшелігі туралы былай дейді: «Бұл – шежірені сыдыртып баяндау емес, ауызекі əңгімені классикалық дəрежеге дейін көтеріп, елге ұғынықты етіп түсіндіру» [5; 193].
Т.Омарбеков: «Бұл кітап өзінің ішкі құрылымы, жазылу стилі жəне көтерген мəселелері, сондай- ақ ғылыми бағыттары жөнінен өзінен бұрынғы этнографиялық мазмұнда жарық көрген зерттеулердің ешбіріне ұқсамайды. Кітап қазақ этнографиясына жəне этнологиясына байланысты, тікелей қатысты, кең ауқымды, өзекті мəселелерді қозғаған» [6; 360] деген пікір айтады.
Қазақ ғылымында соңғы кездерге дейін этнография мен фольклорды, фольклор мен тарих ғылымын шендестіріп зерттеуге айтарлықтай мəн берілмей келді. Ғалым осы еңбегінде қазақ аңыздарының этномəдени табиғатын саралай отырып, шежірелік аңыздардың тарихи материал,тарихи айғақ болатындығын дəлелдейді. А.Сейдімбек қазақтың шежірешілдік дəстүрін тарихи танымның негізі ретінде қарастырады. Жəне де ел ішіндегі шежірелік аңыздарда тарихи мəліметтермен қатар, этнографиялық айғақтардың молдығына назар аударған.
Тарихшылар «айтылған тарих», «ауызша айтылған тарих» деп атап жүрген, ерекше жанрлық үлгіде жазылған бұл зерттеу еңбегінде А.Сейдімбек шежірелік айғақ-деректерді кең көлемде пайдаланған, қазақ этнологиясы туралы тың пайымдаулар жасаған. Кітап үлкен-үлкен 5 тараудан, 25 тақырыптан тұрады.
Еңбекте адамзат тарихындағы көшпелі өмір-салттың көптеген үлгілері болғанын айта отырып, Дж.П.Мэрдок, С.Вильсон, Б.В.Андриянов, А.Вебер сияқты түрлі ғалымдардың талдауларын келтіреді. Қазақ даласындағы есте жоқ ескі заманда бастау алып, кешегі XX ғасырдың орта шеніне дейін созылған дəстүрлі-эпикалық көшпелі өмір-салттың ерекшеліктерін атап көрсетеді.
Ғалым профессор Немат Келімбетовтің шежірешілдік туралы пікірін келтіре отырып, қазақ ру- тайпалық жүйеден оның жай-жапсарын саралап беретін шежірешілдіктен үрікпеуі керек, шежіре- тарихын білмейтін мəңгүрттіктен қорқуы керек деген ой айтады. «Дəлірек айтқанда, қазақтың төл тарихының ең құнды айғақ-дерегі ретінде шежірелік деректерге мемлекеттік өреде мəн беретін, оған халықтың біртұтастығы мен патриотизмнің тетігі ретінде қарайтын жəне оны жас ұрпаққа берілер білімнің мазмұнына айналдыратын, сол арқылы өміршең таным-түсінік қалыптастыратын мезгіл жетті. Ондай таным-түсінік еңселі ұлттар мен іргелі мемлекеттерде əлдеқашан қалыптасқан» [6; 24], — дейді. Еңбекте қазақтың шежірешілдік дəстүріне қатысты алғаш рет «Қазақтың ауызша тарихы» (ҚАТ) ұғымы қолданылып отыр. Осыған байланысты «көшпелі» сөзін «көшпенді» деп қате қолдану туралы мысалдар келтіреді.
Талас Омарбеков: «Əрине, ауызша тарихқа тек қана қазақ шежірешілдігі ғана жатады десек, тар өрісті пікір айтар едік. Тамыры тереңнен бастау алатын, ежелгі тарихи тұлғаны бүгінгі күнге көркемдеп те айшықтап жеткізген əр түрлі аңыз-əңгімелер мен қиссалар, жыршыларымыз таңды таңғы ұрып жырлайтын тарихи дастандарымыз бен тарихи жырларымыз, мысалы, Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» ауызша тарихтың адам таңданарлықтай ғажайып үлгісі емес пе?!» [6; 360], — дейді.
Міне, осы аңыз-əңгімелер мен қиссалар, өлең-жырлар мен дастандар туралы кітаптың III-тарауы «Қазақтың қария сөздері» деп аталып, өз ішінде 6 тараушадан тұрады. Бұл тарауда ғалым «Алаш», «қазақ», «жүз» атауларының мəніне үңіліп, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзге қатысты дерек-мəліметтер мен осы жүздер, осы жүздердің құрамындағы рулар туралы, əртүрлі тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар, этнонимдер мен шежірелік атауларға ел аузында сақталған тарихи аңыз-əңгімелерді келтірген.
«Аңыз ақиқаттың жаңғырығы» тараушасы «шежірелік деректер» деген жинақтау ұғымнан бастап, бұлардың жанрлық тұрғыда көп құрамды болып келетінін көрсетеді. Мысалы: шежірелік миф, шежірелік аңыз, шежірелік əпсана, хикая, өлең, жыр, толғау, шешендік сөз, топонимдік аңыз, мақал-мəтел т.б. Осы сияқты қазақ фольклортануында шежірелік жанрлар өте көп, олар кез келген фольклорлық мұра тəрізді ауызша айтылып, халық арасында ауызша тарған. Ғалым шежірелік деректердің тарихи сипатымен қоса, фольклорлық сипатына да назар аударады.
Əрі қарай ғалым шежірелік деректерді жалпы сипаты бойынша жіктейді:
- Мифтік мазмұндағы шежірелік деректер. Бұған əлем дүниесінің жаратылуы, сонан соң тіршілік иелерінің, соның ішінде адам əулетінің пайда болуы, адам əулетінен əр түрлі ел-жұрттың таралуы, солардан ру-тайпалардың өрбуі, олардың қалай аталу себептері сияқты сюжеттер мен мотивтердің негізгі мазмұндық желіні құрайтын шежірелік деректерді жатқызады. Мысал ретінде «Тəңірдің ғұмыр-жас бөлуі» атты мифтік мазмұндағы шежірелік деректі келтірген.
- Қазақтың ру-тайпалары туралы шежірелік деректер. Ғалым осы тақырыпқа қазақ халқын жасақтаған ру-тайпалардың қалай пайда болғанын, қалай қалыптасқанын, нақты қандай тарихи тұлғалардан өрбігенін баяндайтын шежірелік деректерді жатқызған.
- Нақтылы тарихи тұлғаларға қатысты шежірелік деректер. Қазақтың шежірелік деректеріндегі ең көп мағлұмат нақтылы тарихи тұлғалар туралы болып келеді. Мысалы, Адам ата, Хауа ана, Нұх пайғамбар, Ескендір Зұлқарнайын, Қорқыт ата, Шыңғыс хан, Кетбұға, т.б. сияқты тұлғалар туралы қазақ арасындағы тарихи аңыз-əңгімелер осы топты құрайды.
- Этнотопонимдер туралы шежірелік деректер. Бұлар ру-тайпалардың жаңаша жіктелуімен, жүздік бөліктердің қалыптасуымен, осыған орай, əрбір ру-тайпаның қоныс-тұрақтарын белгілеумен тікелей байланысты болып келеді.
- Мақал-мəтел түрінде айтылатын шежірелік деректер. Қазақ ру-тайпаларының, əулет- аталарының тек-тамыры, қоныс-тұрағы, кəсіп-харекеті, тұрмыс-тіршілігі, əдет-ғұрыптары, жөн- жобалары, мінез-құлықтары сияқты алуан түрлі қасиеттері мақал-мəтел түрінде айтылады. Мұндай мақал-мəтелдерді ғалым ең бір ақпараты мол шежірелік деректер санатына жатқызады.
Көшпелілер ортасында əйел-анаға деген айрықша құрметтің ертеден қалыптасқандығы, əйел мəртебесінің ерлермен тең екендігі туралы өзінің пайымдауларын айта келе, ғалым 66 ру-тайпа атауы мен ұранына айналған аналарды санамалаған. Мысалы, «Айбике-Шаншар» атауы (Қаракесектен Шаншар, Шаншардың үш əйелінің бірі – Айбикеден өрбіген ұрпақты осылай атап кеткен) немесе Енең Тоқасы туралы. Қуандық→ Қарпық→ Көзей→ Қаратоқа→ Бесім. Бесімнің бəйбішесі – Бөтей анадан тараған ұрпақтарды «Енең тоқасы» деп атап кеткен, бұл атауды Есім хан берген. Айбикеш, Əлпеш, Бегім, Бопай, Дəулетбике, Қарқабат т.б. аналар туралы, Домалақ ана туралы аңыздар келтірілген. А.Сейдімбек əрбірінің қалай еланасы аталып, қандай қасиеттерімен ерекшеленетіндігін тарқатып айтып отырады.
Ғалым ру-тайпалар туралы мақал-мəтелдерді айтқан тараушасында паремиология – мақал- мəтелдерді зерттейтін ғылым екендігін айта келіп, оларды жіктеп-жүйелеудің бес түрін келтіреді. Ғалым бұл кітапта мақал-мəтелдерді жүйелеудің бұл үлгілерінің ешқайсысын да басшылыққа алмағандығын, мұнда тек əулет-ата, ру-тайпа жəне жүздік құрылымдар жөнінде айтылатын мақал- мəтелдерді жинақтағанын айтады. Яғни бұл мақал-мəтелдерді қазақ халқының өз ішіндегі тарихи қалыптасқан этноқұрылымдар бойынша жіктеп-жүйелеген. Атап айтқанда, қазақ туралы «Қазақтың ақылы – көзінде, қасиеті – сөзінде», Ұлы жүздің ру-тайпалары туралы «Екейде елу бақсы, сексен ақын», Орта жүздің ру-тайпалары туралы «Арғын – аға, Қыпшақ – жаға», «Арғын болсаң, Алтай бол», Кіші жүздің ру-тайпалары туралы «Əлім – аға баласы» немесе «Аспанда құдай, жер астында – мұнай, ортасында – Адай» деген сияқты толып жатқан мақал-мəтелдерді ел арасынан жинап, топ- тобымен бөліп көрсеткен. Сонымен қатар қожа, төрелер сияқты жүзге кірмейтін ру-тайпалар туралы, орыс, татар, сарт, қалмақ сияқты өзге ел-жұрттар туралы да мақал-мəтелдер бар.
Жалпы бұл кітапты парақтап отырып жазушы-ғалымның өзі туып-өскен ортасын, өз Отанын, өз ұлтын қаншалықты сүйетіндігін аңғарып отырасың. Ел аузында сақталған жойдасыз мол шежірелік деректерді жылдар бойы тырнақтап қалай жия бергеніне таңғаласың. Соларды тың, жаңаша бір көзқараспен, тəсілмен зерттеп, ретке келтіріп, бізге ұсынып отырған бұл еңбегі қазақ тарихына, ұлт руханиятына қосылған зор үлес, рухани құбылыс деп қарауымыз керек. Бұған дейін қазақ ұлтының болмысы, ішкі əлеміне, тарихына осынша терең үңіліп зерттеп, соны асқан махаббатпен бере білген, қазақ «көшпелі», «жабайы», «мəдениеті төмен» деп келген астамшыл көзқарасқа соққы берген ғалымның бұл еңбегінің əркімге де тигізер пайдасы мол екені даусыз.
А.Сейдімбектің көпшілік тарапынан зор ықыласқа бөленген бұл еңбегіне ғалымдар тарапынан сыни пікірлер де болды. Солардың ішінде Ж.Артықбаевтың мына ойларына тоқтала кетсек: «Қазақтың көңілі ояу, көкірегі ашық оқырманына жеткізсем, деген Ақаңның асыл ойларының арасынан анда-санда қарама-қайшылық та, өзге ауылдың адасып жүрген қозы-лағы да, ғылыми нақтылығы жоқ дүдəмəл пікірлер де кездеседі. Мұндай тақырыпқа барған зерттеуші кемшіліктен ада, тып-тиянақты, жұмыр жұмыс жасауы қиын. Қашан да автордың есебінде болатын жағдай, неғұрлым зерттеу тақырыбың үлкен болған сайын қателіктерің де соғұрлым көп. Оның үстіне Ақаң «ауызша тарих» ұғымына тікелей немесе жанама кіретін ондаған-жүздеген мəселелерді кітапқа артып алған» [6; 714].
Ғалым Ж.Артықбаев А.Сейдімбектің бұл еңбегін саралай келе: «Жалпы қазақ мүддесі тұрғысынан қарасақ, Ақаңның бұл еңбегі Шəкəрімнің 1911 жылы Орынборда шыққан «Түрік, қырғыз-қазақ һəм хандар шежіресін» еске түсіреді. Шəкəрім мен Ақаңның арасын ұқсастырып тұрған тағы бір қасиет – екеуінің де қазақ тарихы мен этнологиясының мəселелерін Еуропалық (Ресейлік) ғылыми тəжірибе арқылы түсінуге күш салуы. Екі кітаптың арасы тура жүз жыл, ал мақсат- міндетінде түк өзгеріс жоқ» [6; 720], деген баға береді.
Сөз орайында ғалым А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінің жанрлық сипатына байланысты айтар болсақ. Бұл мəселе төңірегінде ғалымдар арасында да бірнеше пікірлер айтылды. Осы еңбек туралы Ж.Артықбаев: «Сонымен, сөздің қорытындысы, Ақаңның этнографиялық тақырыпта жазылған көркем шығармалары, ғылыми-көпшілік кітаптары мен монографиялары арасында еш алшақтық жоқ. Бұлар бəрі де таза этнография, тек зерттеу, баяндау, оқырманға ұсыну тəсілдері ғана бір-бірінен бөлек, бірақ мақсаты бір туындылар. Егер Еуропа тілімен айтсақ, Ақаң постмодернистік дəстүрде жазатын этнограф-жазушы. Ақаң еңбектеріне ден қойған қазақ оқырманыүшін ол, ең алдымен, ағартушы, дəлірек айтсақ, этнограф-ағартушы» [6; 713], немесе: «Осы себептен Ақаңның кітабы, ең алдымен, деректану бағытына келетін жұмыс. Тіпті, этнологиялық деректану деп те осы бағытты атауға болар еді» [6; 726], — деген ойлар айтады.
М.Тəжі-Мұрат: «Кезінде Ақселеу Сейдімбековті қай жанрда жазатын жазушы деп тану жөнінде оңды пікірталас болған. Əдебиеттану білетін жанрлар мен жанрлық түзілімдерден бірде-біреуіне лайығы келмей қойғаннан кейін, Ғабаң (Ғабит Мүсірепов): «Ақселеу – əзір ешкім түстеп білмейтін, ала бөтен жанрдың қаламгері», — деп кеткен-ді. ҚАТ кітабына жазған түйін мақаласында осы мəселені Жамбыл Артықбаев та қозғаған екен. Ғалым ағылшын этнографы Э.Листің этнографиялық монографияның кейіпкерлері автор тұлғасымен қойындасып кететін тарихи романға ұқсатқан пікірін келтіріпті. Ой саларлық сөз.
Сейдімбек – басқасын былай қойғанда, өмір тəжірибесін дөңгелете суреттеп бере алатын дарынды жазушы. Бірақ тіл шеберлігі, стиль мінсіздігі, ең бастысы, дерек-дəйектердің шығарманың түпөзегіне (замысел) үйіріліп, үйірсектеп кеп, кенет шиыршық атып қоя беретін композициялық- сюжеттік ерекшелігі оның жазғандарын эссеистиканың сүт кенже жанры – дəйектеме-романға (инфороманға) жақындатады. Бұл романдарды өзгеден ала бөтен даралап тұрар нəрсе – кейде шығарманың ішіне, кейде соңына əдейі шашып жіберетін шағын əңгімелер. Кəдімгі Шығыстың ұлы əңгімелеріне тəн туындыны тиектеу (обрамление) тəсілі. «Қазақтың ауызша тарихы» іргелі зерттеуінде түйіндеме ретінде сондай 15 мөлтек əңгіме беріліпті. Автор əлденеге «Этнографиялық түйін» деп атаған олар, біздіңше, этнографиялық сипаттағы, бірақ өмірдің жалт еткен бір көрінісін дөңгелете суреттеп беретін метонимиялық принциппен жазылған кəдімгі новелла. Оларды тебіренбей, еміренбей, көзіңе жас үйірмей оқу мүмкін емес» [7; 357], — деген баға береді.
Сонымен, ойымызды түйіндер болсақ, жанрлық жағынан бұл еңбек əралуандығымен ерекшеленеді: мұнда миф те, аңыз да, əпсана, хикая, қария сөз, тарихи деректер – барлығы да бар. Сондықтан, жазылу ерекшелігіне қарап еңбекті фольклорлық-тарихи шығармаға жатқызуға болады деген ойдамыз.
А.Сейдімбектің бұл еңбегін қорытындылай келе, мынадай баға беруімізге болады:
- – қазақ халқының тарихына, этноқұрылымына қатысты шежірелік деректердің мəн-маңызы айрықша екендігін дəлелдеген;
- – ру-тайпалар тарихын зерттеп-зерделеу арқылы елдің біртұтастығына іріткі салған трайболизмге қатысты қазақ халқында жүзге бөлінушілік əкімшілік-аумақтық (территориялық) бөлініс үшін қолданылғандығын баса айтып, қазақ ұлтының біртұтас этнос екендігін дəлелдеп берген;
- – қазақтың туысқандық жүйесіне қатысты тың деректер беріліп, туысқандық атаулар жүйесінің түзілімін реттеп берген;
- – қазақ халқының үш жүзінің, жүзден тыс ру-тайпаларына қатысты, аттас ру-тайпалар мен сіңісті руларға қатысты, ру-тайпалардың лақап атаулары туралы, ру-тайпаның атауы мен ұранына айналған аналар туралы алғаш рет кең көлемде шежірелік деректер берілген;
- – қазақ ру-тайпаларына қатысты аңыз-əңгімелер мен мақал-мəтелдер кең көлемде жинақталып, жүйеленген;
- – қазақ этнотопонимдері туралы мəлімет-деректерді жинақтап, ру-тайпалардың ен-таңбалары мен ұрандары шежірелік айғақтар негізінде сараланып берілген;
- – қазақ болмысын айғақтайтын этнографиялық пайымдаулар зерделенген.
Тарихшы-этнологтың аталған еңбегінің идеялық мазмұны терең əрі көтерер жүгі ауыр. Ғалым А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегі ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі орны ерекше туынды екеніне күмəн жоқ.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақ əдебиеті: энциклопедия. — Алматы: Білім, 1999. — 750 б.
- Досмұхамедұлы Х . Аламан / Х . Досмұхамедұлы. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 176 б.
- Халид Қ. Тауарих хамса: Бес тарих / Қ.Халид. — Алматы: Қазақстан, 1992. — 304 б.
- Əбдуов М. І. Шежіренің жанрлық сипаты / М .І.Əбдуов. — Қарағанды: Арко, 1998. — 67 б.
- Кемел М. Өзіме сабақ / М. Кемел. — Астана: Нұр-Астана, 2011. — 384 б.
- Алаштың Ақселеуі. — Астана: Фолиант, 2012. — 433 б.
- Сейдімбек А. Шығармалары: алты томдық. — 4-т . / А. Сейдімбек. — Астана: Фолиант, 2010. — 738 б.