Мақалада оқыту жəне тəрбиелеу теориясындағы «Мен»-тұжырымдамасына теориялық талдау жасалған жəне оның құрылымдық компоненттерінің сипаттамасы жүйеленген. «Мен»- тұжырымдамасының құрылымдық компоненттерін қарастыра отыра, психологиялық ғылымдардағы тұлғаға берілген сипаттамалар, жалпы адам, индивид, даралық мəселелесі оқыту жəне тəрбиелеу контекстінде қозғалған. Себебі, қазіргі автоматтандырылған, техникаландырылған жəне жедел қарқынмен белсенді дамып отырған заманауи қоғамда тұлғаға қатысты сұрақтар аса көкейкесті болып отыр, оның маңыздылығы күннен-күнге арта түсуде. Бұл оқыту жəне тəрбиелеу мəселесінде «Мен»- тұжырымдамасының құрылымдық компоненттерінің теориялық негіздерін терең түсінудің жəне білудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Алыс жəне жақын шетел психологиясындағы жеке адамды зерттеп білудің əртүрлі бағыттарына қазіргі əдебиеттерде берілген мəліметтерге де қысқаша шолу берілген. «Мен»-тұжырымдамасының авторы болып саналатын ағылшын ғалымы Р.Бернстің еңбегіне талдау жасалған. Оқыту жəне тəрбиелеу тұрғысындағы «Мен»-тұжырымдамасының құрылымынан орын алатын қызығушылық, қажеттілік, дүниетаным, мұрат, сенім, көзқарас, ниет, белсенділік, талғам тағы басқа компоненттерге адамтану туралы ғылымдарда берілген анықтамалар жүйеленіп, сараланған. «Мен»-тұжырымдамасының құрылымдық компоненттерін кеңінен қарастыру мақсатында психологиялық, философиялық сөздіктердегі осы түсініктерге берілген анықтамалар сипатталып, талдау жасалған. Осылайша, мақалада «Мен»-тұжырымдамасының адамның тұлға ретінде қалыптасуындағы маңызы ашылған жəне оның көпқырлы компоненттері қарастырылған.
Кіріспе
Адам — абсолютті құндылық, жоғары субстанция, «барлық танымның өлшемі». Біздің мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы — адам, оның өмірі, құқығы жəне бостандығы. Қазіргі жағдайда адам дамуы зерттеу объектісі ретінде ғана емес, алдымен, аса маңызды мəдени үлгілер жасаушы жəне өзінің ынтасымен шығармашылыққа ұмтылушы, шығармашылық жəне таным субъектісі ретінде ұсынылады.
Жалпы адам туралы, оның өткен тарихы, бүгіні жəне келешегі туралы барлық деректерде жазылған. Дей тұрғанмен адамның өзі туралы, адамзат туралы білуге деген талпынысы ұлан-ғайыр. Гуманитарлық ғылым өкілдерінің: философтар, əлеуметтанушылар, психологтар, генетиктер, əдебиет, өнер өкілдері, педагогикалық ғылымдар өкілдерінің əлі де адамның болмысын тереңнен зерттеп ашуға, тұлғаның өмірлік қалыптасу заңдылықтарын түсінуге, оның қазіргісін, болашағын білуге деген құлшыныстары арта түсуде. Сонымен қатар, бұл сұрақтар əр қырынан қойылуда.
Бүгінгі күні де оқыту жəне тəрбиелеу тұрғысында тұлғаны əр қырынан зерттеу мəселесі көкейкесті болып табылады, өзгермелі қоғамда əлі ол күн тəртібінде тұр. Біз қарастырып отырған «Мен»-тұжырымдамасының құрылымдық компоненттерін жүйелеу жəне сипаттау, талдау, тұлғаға қатысты аса маңызды сұрақтардың бірі. Жоғарыда айтып өткендей тұлғаға қатысты сұрақтар өте ертеден-ақ зерттеліп келгенімен, əлі қарастыратын оқытуда теориялық, тəрбиелік, практикалық мəселелер бар, əсіресе қазіргі ХХІ ғасырда, тұлғаға жағымды, жағымсызы бар, сыртқы жəне ішкі ықпалдардың əсері айрықша көрініп тұрғанда аса қажет. Сол себепті мұндай зерттеулер жүргізілуі керек, онсыз қазіргі қоғамда болып жатқан көптеген келеңсіз жайттардың себеп-салдарын түсіну мүмкін емес болып отыр. Қандай болмасын құбылыстың табиғатын түсіну үшін ең əуелі оның теориялық-əдіснамалық негіздері терең қарастырылып, талдануы қажет, ол алдағы жүргізілетін зерттеуге негіз болады.
Осы жоғары да баяндалғандар аталмыш мəселенің қазіргі уақыттағы қажеттілігі мен маңыздылығын көрсетеді.
Негізгі бөлім
Тұлға — бұл саналы тіршілік иесі, өзінің өмір жолын өзі таңдайды, оның қоғамдағы рөлі қоғамдық қатынастардың ықпалында болып, соған сəйкес көрініп отырады. Демек, əр тұлғаның тұлғалық қалыптасуы оның оқыту жəне тəрбиеленуіне, өзін қоршаған адамдармен қарым- қатынасының мазмұнына, өмірде белсенділік танытуына байланысты болып келеді. Сонымен қатар, тұлға психологиясына ол мүше болған əлеуметтік топтың психологиясы да əсер етеді. Əлбетте, бұл арада адамдар арасындағы қарым-қатынас сөз болады. Қарым-қатынаста адамдар арасында өзара ықпалдасу болады, соның нəтижесінде басқаларға деген көзқарас орнығады. Яғни, адам қарым- қатынаста неғұрлым белсенді болса, соғұрлым рухани бай болады. Дегенмен, адамға басқалардың ықпалы əртүрлі болуы мүмкін, бұл оның даралық ерекшеліктеріне, тəрбиеге де байланысты көрінеді.
Қазіргі уақытта оқыту жəне тəрбиелеу теориясында жеке адамды зерттеп білудің əртүрлі бағыттары тараған: мəселен: биогенетикалық бағыт — жеке адамның дамуының негізіне организмнің жетілуінің биологиялық процестерін жатқызады; биогенетикалық бағыттың 2-ші нұсқасын немістің «конституциялық психологиясының» өкілдері ұсынды. Э.Кречмер — ол адамдардың дене типінің арасында бір байланыс болу керек деді. Бұл əсіресе З.Фрейд еңбектерінен орын алды. Оның айналасына адамның барлық қылықтары санасыз биологиялық əуестенумен байланысты ең əуелі сексуалдық əуестену. Биогенетикалыққа қарама-қарсы социогенетикалық теория болады. Ол жеке адамның ерекшеліктерін қоғамдағы жағдаймен, əлеуметтену қоршаған адамдармен өзара қатынастары арқылы түсіндіруге талпынды. Яғни, əлеуметтену теориясы бойынша адамның биологиялық тіршілік иесі болып туа отырып, жеке адам болып тек өмірдің əлеуметтік жағдайларынан қалыптасады. Осыған орай, оқыту жəне тəрбиелеу мəселесі ерекше орын алатын сөзсіз. Осындағы тағы бір бағыт «Үйрену теориясы» (Э.Торндайк, Б.Скиннер т.б.). Бұл бойынша жеке адамның өмірі, оның қатынастары — үйрену нəтижелері, білім, дағдыларының меңгерілуі. Психогенетикалық бағыт — ол биологиялық та ортаның рөлін жоққа шығармайды, бірақ олар алдыңғы орынға психологиялық процестер дамуын жатқызады. Оның өзі үш бағытта: Психодинамикалық (Э.Эриксон) — ол жеке адамның қылықтары: эмоциясы, əуестенуі жəне басқа да психиканың компоненттерімен түсіндірілді. Когнитивтік (Ж.Пиаже т.б.) — интеллектінің танымдық жақтарының дамуына мəн береді. Персоналдық (Э.Шпрангер, К.Бюлер, А.Маслоу). Орталық назарда жеке адамның дамуы тұтастай алынады. Ал кеңес одағы психологиясы — тек биологиялық жетілу нəтижесі емес, ол қоршаған ортамен белсенді өзара əрекет етуші субъект, сол арқылы ол өздерінің жеке қасиеттерін қалыптастырады (Л.С. Выготский, П.П. Блонский, С.Л. Рубинштейн т.б.) [1; 26].
Осыларға сүйенсек, тұлға — қоғамда белгілі бір жағдайға ие жəне белгілі бір қоғамдық рөл атқаратын саналы индивид. Қоғамдық рөлі дегенде оның атқаратын əлеуметтік қызметін айтсақ болады. Бірақ тұлғаның қоғамдық рөлін оның психологиясын білмей тұрып түсіну мүмкін емес, сондықтан біз ең əуелі тұлғаның психологиялық құрылымына тоқталамыз.
Оқыту жəне тəрбиелеу əдіснамалық мəселесінде тұлғаның психологиялық құрылымының негізгі компоненттерін отандық психолог-ғалым Қ.Жарықбаев өз еңбектерінде келесідей бөліп сипаттайды: оның бірінші компоненті тұлғаның бағыттылығын, жалпы болмысқа қатынасын сипаттайды. Бағыттылық əр алуан қасиеттерден, өзара байланысты қажеттіліктер мен мүдделерден, күнделікті туындайтын пиғыл-əрекеттер жүйесінен тұрады. Жеке адамның бойындағы қалыптасқан бағыттылық онымен байланысты қабылдаулар мен эмоциялар реакциялардың таңдалып алынуына əкеліп соғады. Міне, сондықтан да адам болмыстың қажеттілігіне, мүддесіне жəне бағдарына байланысты өзі көргісі келетін жайттарды ғана аңғарады.
Тұлғаның психологиялық құрылымының екінші компонентін оның мүмкіншіліктері құрайды, сонымен қатар оның іс-əрекеттерінің табысты болуын қамтамасыз ететін қабілеттілік жүйесін қамтиды. Ал үшінші компонентін мінез сипаттайды. Мінез — адамның жеке ерекшеліктерінің бірі, дегенмен ол адамды толық сипаттай алмайды, бірақ бірқатар ерекшеліктерінің күрделі жүйесін құрайды. Енді осы компоненттердің ішінде басымдылыққа ие болып тұрғаны ол «Мен» жүйесі, ол өзін-өзі реттеу қызметін атқарады, яғни іс-əрекеттерінің сипаты (белсенді немесе əлсіз болуы), өзін- өзі бақылауы жəне т.б. Сондай-ақ, оның құрамында психикалық процестер мен күйде болуы керек дейді, олар болмаса онда психикалық құрылым толық болмайды деп көрсетеді. Бұл тұжырыммен келісуге болады деп ойлаймыз. Себебі, барлық сипатталған психологиялық құрылым компоненттері тұлғаның толыққанды болмысын сипаттайды.
Теориялық психология саласындағы «Мен»-тұжырымдамасы туралы алғашқы жұмыстар Джемс, Кули, Мид, К.Роджерс еңбектерінде [2; 47–52].
Адамтану мəселесін оқыту жəне тəрбиелеу теориясы тұрғысынан түсінудегі ғылыми жұмыстардың қатарына көптеген авторлар ағылшын ғалымы Р.Бернстің «Развитие Я-концепции и воспитание» еңбегін жатқызады. Бұл еңбек адамның Мен-тұжырымдамасының құрылымын, яғни ол қалай дамиды, оның өмірінде ол қандай рөл атқарады, жастық дамудың əр кезеңінде тəрбиелеу мүмкіндіктері қандай, міне осыларды білуге мүмкіндік береді. Ол оқырманды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауаптар береді, мəселен: баладағы Мен-тұжырымдамасының дамуындағы кері байланыстар (ата-ана, педагогтардың бала дамуындағы тілектері), баланың өзін-өзі бағалауы мен оқу іс-əрекеті нəтижесінің өзара байланысы, баланың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі бағалауына оқытуды ұйымдастыру түрлерінің əсері, педагогтың Мен-тұжырымдамасы мен балалармен өзара əрекеттеріндегі өзін ұстауы арасындағы өзара байланыстар, педагогикалық процестегі балалардың өзін-өзі бағалауын жетілдіруге бағытталған педагогикалық жағдайлар мен шарттар. Себебі еңбекте тəрбиелеу-білім беру процесіндегі гуманизм сұрағының болашағы кеңінен ашылады. Р.Бернстің гуманистік бағытты ұстануы, қазіргі уақыттағы оқытудың гуманистік қадамдарын бекіте түседі. Өте ертеден-ақ ұлы ғұламалардың өз көзқарастарында гуманистік ойды ұстанғаны белгілі.
Автор балалар тəрбиесіндегі негізгі мəселе, ол білім алуға өзінің бар ерік-күшін жұмсап талпынған тұлғаның салауатты өзіндік санасының қалыптасуы деп есептейді.
Бұл еңбекте Мен-тұжырымдамасының қызметтері де қарастырылған. Осы бойынша бірінші қызметі, нақты жағдаяттарда индивид өзі қалай əрекет етеді соны анықтаса, екінші қызметі басқалардың əрекетін оның қалай көретінін анықтайды. Ал Мен-тұжырымдамасының үшінші қызметі индивидтің үмітін, алда не болатынын бағдарлауын көрсетеді. Шындығында, Мен- тұжырымдамасының қызметтері индивидтің қалыптасып дамуында да маңызды рөл атқарады, себебі адамның күнделікті сыртқы іс-əрекеттері ішкі əрекеттің бақылауымен жүргізіледі. Сондай-ақ адамның іс-əрекеті затқа ғана емес айналасындағы адамдарға да бағытталары сөзсіз. Бұл іс-əрекеттен күтілетін нəтижені ойдағысымен салыстыруға жəне алға қойған мақсатына жету үшін оны реттеп отыруына мүмкіндік береді. Демек, іс-əрекет адамның өмір жолын анықтайды. Бұл арада адамның өзіндік ұмтылысы мен талпынысының да рөлі бар. Өйткені ұмтылыс немесе талпыныс бұл адамның іс-əрекетті орындауға деген өз мүмкіндіктерін бағалай білуі.
Жеке тұлға — бұл белгілі бір іс-əрекет түрімен айналысатын, алдына қойған нақты мақсаты бар, өзіндік ой-пікірі, психологиялық ерекшеліктері бар қоғамның бір мүшесі. Тұлғаның күнделікті өміріне талдау жасау олардың неге талпынатынын, ол оған неге керек екенін, сонымен қатар оның бағыттылығын айқындауға көмектеседі: қажеттіліктері, қызығушылықтары, бейімділігі, сенімі, дүниетанымы, ұмтылысы. Біз бұл арада адамдағы бұрынғы «Мен» жəне жаңа «Мен» арасындағы күресті айтып отырмыз. Өйткені, біздің ойымызша əр адам өзіндегі ерекшеліктерді сезеді. Əр жас кезеңінде өзінің есейгенін, балалық кез кетіп, оның орнына жаңа қасиеттер пайда болғанын əркім-ақ пайымдайды.
Бұл еңбектің құндылығы, автордың тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал жасайтын барлық факторларға жіті мəн беруінде деп ойлаймыз. Сондай маңызды факторлардың біріне ол педагогикалық процестегі (отбасындағы, білім беру ұйымдарындағы) үлкендер мен балалардың Мен- тұжырымдамасының тығыз байланыста болуын жатқызады, сондықтан осы процестің қатысушылары ең əуелі өзінің Мен-тұжырымдамасын жəне оның ерекшеліктерін түсінуі керек дейді. Əсіресе, отбасындағы өзара қатынастар түріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, келесі бір маңызды фактор ретінде педагогтың іс-əрекеті мəселесіне де маңызды орын береді. Ол да бекер емес деп ойлаймыз, себебі педагогикалық іс-əрекет — педагогтың тұлғаны тəрбиелеуші жəне оған білім беруші əрекеттерін көрсетеді. Педагогтың əрбір əрекеті тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жетілдіруіне негіз бола отырып, оның интеллектісін, жеке басын жəне іс-əрекетін дамытуға бағытталады.
Педагогикалық іс-əрекеттің адам іс-əрекетінің басқа түрлері тəрізді өзіне тəн ерекшеліктері бар. Ол ең əуелі, əрине оның мақсатқа бағыттылығы болмақ. Осы жағынан алсақ, автордың бұл мəселеге баса назар аударуы қарастырып отырған сұрақтың маңыздылығын нақтылай түседі. Ғалым мұғалімнің кəсіби даярлығына ерекше мəн береді, оның алдағы болатын түрлі жағдаяттарға даяр болуы керек деп баса көрсетеді [2; 7–24].
Сонымен, қандай болмасын тұлғаның қалыптасуында «Мен» жүйесінің орны ерекше. Практика көрсетіп отырғандай, əр адам күнделікті нақты бір ортада өзін-өзі тəрбиелеу арқылы «Мен» жүйесін дамытып, жетілдіріп отырады. Тұлғаның өзі туралы ойлары, əрине сенімді болады, өзі туралы қатынастары орнығады. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей тұлғаның өзі туралы пікірі, оның өз іс-əрекетін реттеудің маңызды тірегі болады. Əр адамда Мен-бейнесін қалыптастырудың нақты амалдары əр алуан болады. Адам өзін сипаттайды. Бұл орайдағы өзіндік сипаттау — бұл өзіне мінездеме беру əдісі, əр тұлғаның қайталанбас ерекше қасиеттерін көрсетуі. Бірақ адам өзін толық сипаттай ала ма? деген сұрақ туындайды. Сондықтан адамның өзі жайлы білімі ерікті, қарама- қайшылықты болуы мүмкін емес. Бұл Мен-концепциясының екінші құрамдас бөлігін көрсетеді, яғни «айнадағы мен» (басқалар мені қалай қабылдайды),
Оқыту жəне тəрбиелеу теориясында адам тұлға ретінде өз-өзін бағалайтын болмыс. Өзін-өзі бағалау — адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сəйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі. Өзін бағалау адамның өзіне деген сенімін арттырып, рухани үйлесімділігін дамытады. Өзін-өзі бағалау адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын, өзіне сын көзбен қарауын жəне талап қоя білуін, жетістікке жəне сəтсіздікке қалай қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, өзін-өзі бағалау адамның іс-əрекетінің тиімділігіне жəне оның тұлға ретінде дамуына əсер етеді. Өзін бағалау ең алдымен, адамға басқалардың беретін бағасына қарай қалыптасады. Адам өзін айналасындағылар қалай бағалайтынына қарай өзін-өзі бағалауға бейім келеді. Өзін-өзі бағалау тұлғаның өзіне ғана тəн жеке құндылығы. Яғни өзіндік бағалау дегеніміз адамның өзін-өзі құрметтеу сезімінің дамуы, жеке құндылығын сезу жəне «Мен» сферасына қатыстының бəріне деген жағымды көзқарасы. Тұлға қалыптасуындағы өзіндік бағалаудың бірнеше себептерін көрсетуге болады: өзге адамдардың бағасы; өзгелермен өзін салыстыру; өзін жəне идеал «Менін» салыстыру; өз əрекетінің нəтижесін өлшеу. Өзін-өзі бағалау өз əрекетін бағалауда маңызды рөл атқарады, онсыз өмірде өзін анықтау мүмкін емес. Нақты бағалау адамға рухани қанағат пен адамгершілік қасиеттеріне қолдау көрсетеді.
Байқасаңыз адамның өмірлік жоспарының жүзеге асуы үшін оларда өзіндік бағалаудың сапалы болуы аса маңызды тəрізді жəне тұлғаның «Мен» жүйесінің қалыптасуы, əркімнің өзін осы ортаның бір белсенді мүшесі ретінде сезініп, өзінің орнын, мақсат, міндеттерін жете түсініп, өз бойында бұл үшін тиісті қасиеттерді қалыптастырып, қандай жағымсыз қасиеттерден арылғысы келетінін нақты анықтап, күнделікті іс-əрекетін ұйымдастыра білсе, жоғары жетістіктерге ие бола алатындай.
Өзін-өзі бағалау — өзіндік сана сезімдердің бірлігі, тұлғаның қасиеттеріне, сапасына деген қатынасы. Өзіндік бағалауға икемділік, орнықтылық, адекваттылық (жағымды, теріс) сияқты сипаттамалар тəн болады. Өмірлік тəжірибелерде қалыптасқан «Мен» бейнесі əлемді, басқа адамдарды қабылдауға, оларды бағалауға əсер етіп, соның негізінде адам өзінің мінез-құлқын өзіндік бағалайды [3; 63–71]. Индивидтің өзін-өзі бағалауы өзінің орнын, маңыздылығын көрсетуге талпынысынан көрінеді.
Р.Бернс «Мен»-тұжырымдамасының құрылымын «шынайы мен» (мен қандай адаммын: өзінің сезімдері, ойлары, қажеттері, құндылықтары жəне т.б. жүйесі), «айнадағы мен» (басқалар мені қалай қабылдайды), «идеал мен» (мен қандай болғым келеді: оның тереңде жатқан сезімдері) деп үш жақта қарастырады. Тəрбиенің негізгі мақсатының өзі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Практикада көптеген авторлар Мен-тұжырымдамасын зерттеп-білуде осы құрылымға сүйенеді. Сонымен қатар, адам үшін басқаның пікірі, əрекеттері ол үшін өзі туралы ақпараттардың көзі болып табылатыны жиі айтылады. Бұл ұсынылған құрылым бойынша «шынайы меннің» мазмұны мен «идеал меннің» мазмұнында айтарлықтай айырмашылықтар болуы əбден мүмкін. Себебі, «идеал мен» əр адамның керемет өзі туралы болашаққа бағытталған ұмтылыстары мен ұшқыр армандарынан құралады, яғни олардың шындықтан алшақ болуы да мүмкін. Бұл турасында ғалымдардың ойлары əртүрлі, тоғыса қоймайды. Отандық ғалым-психолог Қ.Б. Жарықбаевтың адам мұраты туралы ойына зер салсақ, осы «идеал менді» сипаттап тұрғандай. Оның пайымдауынша, мұрат дегеніміз — адам тап қазір басшылыққа алатын жəне оның өзін-өзі тəрбиелеу жоспарын анықтайтын образ. Бұл арадағы өзін-өзі тəрбиелеу жоспары дегені болашақты, алдағы ісін көрсетіп тұрған сияқты. Өткендегі мен бүгінгі жалпылау негізінде болашақты барлай білу адамға тəн қасиет. Барлай білудің сипаты білім деңгейіне ғана байланысты емес, ол сонымен қатар жеке адамның бағдарына, оның көзқарастарына, мүддесі мен талғамына, жалпы тəрбиесіне байланысты болады.
Ол мұратқа деген қатынастың негізгі екі типі байқалады дейді: 1) көріп-таңдану жəне 2) құштарлана əрекет ету. Бірінші жағдайда адам мұратқа таң қалу жəне өзіне-өзі көңілі толумен шектеледі. Мұратты қол жетпес арман деп түсінеді де, ол өмірде: «Осы өміріңе разы бол», «жанындағылардан асып қайда барасың» деген қағидаларды басшылыққа алады. Екінші жағдайда мұратқа таңдану адамның бойында өзін де сондай болуға талпындыратын зор күш туғызады. Мұрат өмірінің жоспары түрінде сипат алады. Ол жоспар əлгі адамның өзін-өзі жетілдіруге күш салуының нəтижесінде жүзеге асады. Мұрат дегеніміз — қашанда бағыт сілтеп отыратын жарық жұлдыз іспетті, алайда ол қашан да алыс жəне қол жетпес күйінде қалып отырады. Мұрат алға шақырады, ол өзіңмен істелетін жұмыстың программасы болып табылады. Сонымен бірге ешбір адам, белгілі бір кезеңде əбден жетілдім, толыстым деп есептей алмайды дейді [1; 78, 79].
Ал шет елдік ғалым Хорни шынайы Менмен идеал Меннің арасындағы алшақтық адамды қолы жетпейтін арманға жетелеп депрессияға əкеледі деп өзін-өзі идеал деп бағалау «Меннің» бұрмаланған бейнесін көрсетеді десе, Олпорт, Комбс, Соупер жəне т.б. көптеген авторлар идеал Мен индивидтің болашаққа бағытталған мақсатымен байланысты, адамның қоғамдық ортадағы орныққан мінез-құлық мəдениетінің нормаларын меңгеру талпынысымен байланыстырады. Бізде осы оймен жəне адам мұраты жайлы оймен келісер едік, себебі идеал Мен адамның болашаққа бағдарланған ішкі ойы, ниеті, өзінің мүмкіндіктеріне бағытталған жоспарлары тəрізді, сондықтан да ол егер адамның мақсаты айқын болса жүзеге асуы əбден мүмкін. Енді бір жағынан қарасаңыз ол адамға мотивация қызметін атқарып тұрғандай. Қазіргі психологияда мотивация түсінігі екі мағынада қолданылады:
1) адам қылықтарын анықтайтын факторлардың жүйесі ретінде (мақсаты, мотивтері, ниеті, толқуы жəне т.б.);
2) адамның қылықтарын белсендіретін жəне ынталандыратын үрдістің сипаты ретінде.
Демек, осы айтылғандарға сүйенсек, мотивация дегеніміз жеке тұлғаның оқыту жəне тəрбиелеу процесіндегі белсенділігін, қылықтарын анықтайтын факторлар жүйесі жəне мотивтердің құрылу, қалыптасу үрдісі болып табылады.
Ал адамның мотивациялық аймағының құрылымы тұлғаның əрекеттері мотивтерінің көп түрлілігімен сипатталатыны белгілі. Оларды əртүрлі белгілері бойынша топтастыруға болады. Əлеуметтік мотивтер деңгейлері: Кең əлеуметтік мотивтер — парыз жəне жауапкершілік, еңбектің əлеуметтік маңыздылығын түсіну. Тар əлеуметтік мотивтер (узкие социальные мотивы) — қоршағандармен қатынаста нақты бір орын алуға, олардың қолдауын алуға талпыну. Əлеуметтік ынтымақтастық мотивтері (мотивы социального сотрудичества) — басқа адамдармен өзара əрекеттесуге əртүрлі тəсілдер қарастыру. Осы мотивтер адам өмірінде бірнеше қызметтерді де атқарады: ынталандырушы, бағыттаушы, реттеуші. Енді бір жағынан оның жүзеге асуы осы мотивтердің қасиетіне байланысты болып келетін сияқты, яғни олардың күші мен тұрақтылығы. Сонымен қатар, мотив күшімен іс-əрекеттің нəтижелі болуында келесі жайттарда айтарлықтай рөл атқарады, олар: іс-əрекеттің мақсатын, мəнін толықтай түсіну, дербестік, белсенділік, болжаушылық, адамның жалпы көңіл-күйі.
Демек, жеке тұлғаның мотивациялық аймағына талдау жасау, оның неменеге талпынатынын, ол оған неге керек екендігін жəне оның іс-əрекетінің мақсаттылығын анықтап білуге көмектеседі. Осы жерде мынадай орынды сұрақ туындайды: Қазіргі тұлға неге талпынады? Қазіргі тұлғаның қызығушылығы қандай? Қазіргі тұлға неменеге ұмтылады? Енді осыған талдау жасасаңыз, мотивтің жүзеге асуы мақсат қою үрдісіне байланысты тəрізді, яғни тұлғаның мақсат қоя білу іскерлігі жəне оған жету. Ал мақсат — бұл мотивтерді жүзеге асыратын тұлғаның əрекетінің соңғы нəтижесі.
Осыған сəйкес, мотивациялық аймақты зерттеу мəселелері туралы айту керек: 1) мотивтердің өзара байланыстылық мəселелері; 2) мотивтердің мəні, табиғаты, құрылымы; 3) мотивациялық бағдарлаудың өзара байланыс мəселелері; 4) мотивтердің дамуы мəселесі; 6) мотив түрлерінің критерийлері мен көрсеткіштер мəселесі; 7) тұлғаның мотивациялық аймағын диагностикалау мəселелері.
Тұлғаның мотивациялық аймағының қалыптасу жолы былай деп суреттеледі: қажеттіліктер — қажеттілікті қанағаттандыру шарттары мен факторлары: объективті факторлар, субъективті факторлар: білім, іскерліктер мен дағдылар, қабілеттілік, мінез — дүниеге көзқарасы — сенімі — бағыттылығы (темперамент, мінез, қызығушылық, талғам, т.б.) — мінез-құлықтың əлеуметтік нормалары — бұл нəтижеге əкеледі [4; 5].
Біз бұл арада «шынайы мен» жəне «идеал мен» арасындағы мазмұндық байланыстар туралы айтып отырмыз. Айта кететіні, бұл өзін-өзі бағалаудың орнығуына да ықпал етеді.
Ал «шынайы мен» ол индивидтің өзін қабылдауы, өзі туралы ойлары, мүмкіндіктері, нақтырақ айтқанда оның келбеті. Бұл оның дүниетанымының, сенімінің, қызығушылығының, қажеттілігінің, мұратының сипатын да көрсетеді деп ойлаймыз. Осы компоненттердің кейбіріне қазіргі сөздіктерде, əдебиеттерде берілген анықтамаларына шолу жасасақ, олар адам жайлы көп ақпараттарды жеткізіп тұр [6]. Дүниетанымның мазмұндылығы мен ғылымилығы адамды білімінің байлығы мен тереңдігі жағынан сипаттайды; адамның табиғат, қоғамдық өмір туралы білімдерінің жүйесі; адамның қоршаған ортаға деген көзқарастарының жиынтығы, сонымен қатар осы көзқарастармен байланысты адамдардың өмірлік ұстанымдары, сенімі, іс-əрекеттегі қағидалары жəне құндылық бағалаулары (Краткий психологический словарь); адамның ортаға, табиғатқа, əлемге көзқарасы (педагогикалық сөздік).
Дүниетанымның, моральдық-саяси көзқарастардың негізінде адамның өзін-өзі тəрбиелеуінің негізгі мотиві жəне жоспары ретінде қызмет атқаратын адамгершілік мұраты қалыптасады. Адамгершілік мұратында айнадан көрінгендей, адамның сенімі, оның өмірлік позициясы бейнеленіп отырады. Жоғары адамгершілік мұраттың болуы адамның жоғары дəрежеде даму деңгейін көрсетеді, оның ниетінің түзулігін жəне іс-əрекеттегі мақсаттылығын танытады. Адамның толысқан мұраты, жан-жақты жетілген адам образының жиынтығы іспетті, ол басқаларға үлгі ретінде əсер етеді (адамгершілік тəрбие, білімділік, шеберлік, мұраты т.б.).
Адамның өз идеясын танып білуі оның бойында алуан түрлі сезім туғызады. Мұрат негізінен таңдану, толқу, сүйсіну сезімдерін туғызады, ал іскер адам сонымен қатар идеяға ұқсау үшін мейлінше күш салып бағады. Қызығу бұл: шындықтағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып-білуге бағытталған адамның біршама тұрақты жеке ерекшелігінің бір көрінісі; бұл бір нəрсеге көңіл білдіру, қарау, сонымен ол біздің ойымызды жаулайды (философский энциклопедический словарь); көңіл, ықылас білдіру (педагогикалық сөздік) [7, 8].
Сенім бұл — адамзаттың сан ғасырлық тарихында адамгершілік пен имандылықтың ұлы қозғаушы күші; адамның өмірде өзі ұстанатын принциптері мен мұраттарына терең əрі негізделген наным. Кім де кімнің идеялары өз сезімі мен еркімен тоғысып жатса, кім де кім өз принциптеріне кереғар келетін қылықтардан бойын аулақ ұстаса, сол адамның сенімі зор болып саналады.
Сенім болмысқа деген белсенді қатынас үстінде, білімге шын құмарта берілу барысында, өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қараған жағдайда қалыптасады. Сенімі зор адам дегеніміз — өзінің көз қарастарымен ісін қорғап қала алатын, өз борышын өтеу жолында құрбандыққа бас тігуге əзір, жаны жайсаң, жігерлі адам. Нақ осындай адам айналасындағы жұрттың сый құрметіне бөленеді, нақ осындай адамдар қоғамдық прогрестің қозғаушы күші болып табылады.
Сонымен, оқыту жəне тəрбиелеу процесінде жеке адамның психикалық өмірінің құрылымы күрделі, сан қырлы жəне динамикалы болады екен. Оның барлық компоненттері өзара байланысты əрі біріне-бірі тəуелді. Жеке адамның дамуына байланысты оның құрылымында да өзгерістер болып жатады. Сонымен бірге əр бір жеке адамның құрылымы біршама тұрақты да. Онда жеке адамға тəн қасиеттер жинақталған, соларға қарап өмірдің белгілі бір жағдайында адамның қандай келбет көрсететінін күні бұрын-ақ білуге болады. Сөйтіп, əр адам өзгеруші мен тұрақтының қосындысы болып табылады жəне тек осының арқасында ғана адам өзімен-өзі бола алады, жағдайға икемделе өмір сүреді.
Тұжырым
Оқыту жəне тəрбиелеу теориясында «Мен»-тұжырымдамасының құрылымына жəне оның компоненттеріне жасалған теориялық-əдіснамалық талдаулар, оны тереңірек білуге мүмкіндік жасайды. Ағылшын ғалымы Р.Бернстің «Развитие Я-концепции и воспитание» еңбегіне жасалған теориялық-əдіснамалық талдау оның мəнін, маңызын жəне индивидтің өміріндегі рөлін түсінуде əртүрлі пікірлердің, көзқарастардың болатынын көрсетті.
Сонымен, өзінің не үшін жүргенін нақты білу, болашақтағы өз бейнесінің маңызын түсіну, атқаратын ісіне қызығушылықтың болуы, үнемі талпыну, жағымды мотивациясының болуы — «Мен»-тұжырымдамасының тиімді жəне нəтижелі қалыптасуы мен дамуының басты шарты болады деп топшылаймыз.
Əдебиеттер тізімі
- Жарықбаев Қ . Б. Психология: оқулық / Қ . Б. Жарықбаев. — Алматы, 1995. — 60–80 б .
- Шульц Д. П. Қазіргі заман психологиясының тарихы: Ұлттық аударма бюросы / Д.П. Шульц, С. Э . Шульц. — Алматы, 2018.
- Бернс Р. Развитие Я-концепции и воспитание / Р . Бернс; общ ред. В. Я. Пилиповского; пер. с англ. — М.: Прогресс, 1986. — 420 с.
- Пірəлиев С. Таным жəне студент / С.Пірəлиев, Л. Керімов. — Алматы: Санат, 2007.
- Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность / А. Н. Леонтьев. — М., 1975. — С. 173–189.
- Ильин Е. П. Мотивы и мотивация / Е. П. Ильин. — М., 2000. — С. 29–45.
- Краткий психологический словарь / под общ. ред. А. В. Петровского, М.Г. Ярошевского. — М., 1985. — С. 184–185.
- Философский энциклопедический словарь. — М.: ИНФРА-М, 1999. — С. 183–271.