18 ғасырдағы қазақ халқының елі мен жерін қорғауда өшпес ерліктің өнегесін қалдырып, халқы құрметтеп Қабанбай, Дарабоз, Хан батыры атандырған ірі қолбасшы, жасақтың бас сардары, тарихи тұлға Қаракерей Қабанбай батыр еді. Халқымыздың ерлік шежіресіне байланысты немесе «Ақтабан шұбырынды...» кезіндегі зұлмат пен нəубет қатар келген тұстағы тарихқа үңілген қаламгерлер мен тарихшылар назарынан Қабанбай батыр тысқары қалмаған. «Айтуларға қарағанда, Қабанбай жоңғарларға қарсы соғысқа 103 рет кірген. Бұл ұрыстардың көбінде батыр жеңіспен оралып, елдің алқауына бөленген. Ел алдындағы ерлігін еске алып, Абылай хан өзінің айтқан серті бойынша оған «Дарабоз», «Хан батыры Қабанбай» деген құрметті атақтар берген» [1; 38], — дейді Шыңжаң өлкесінің тарихшылары батырға қатысты шығарылған еңбектерінде. Академик М.Қозыбаев: «Абылай ханның даналығы мен көрегендігі осы бір дала демократиясы мен хандық диктатураны бір жүйеге сая білді. Бөгенбай батыр бастаған, Қабанбай қостаған жаужүрек батырлар Абылайдың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар мен Төле би бастаған шешендер мен көрегендер тобы Абылайдың сезімтал жүрегі болды» [2; 31], — деп жазады.
Рақымов Б.С., Дəулетбаева Ш.С.
2011