Мақалада Байқоңыр қаласын жалға алу жағдайында жұмыс істейтін, Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық бірлігі ретінде жəне «Байқоңыр» кешені жалға алынған кезеңде Ресей Федерациясымен қарым-қатынасында объектілерді, кəсіпорындар мен ұйымдарды қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ азаматтардың тұруы үшін айрықша тəртіпті федералдық маңызы бар қала ретінде қарастырылған. Байқоңыр қаласы мен аттас ғарыш айлағының құқықтық мəртебесі ерекше жəне əлемде теңдесі жоқ біртұтас кешен болғандықтан, онда шешімін табуды күтіп тұрған мəселелер жеткілікті. Байқоңырдың бір мезгілде екі құқықтық кеңістікте əрекет етуі оның қызметін едəуір қиындататын бірқатар құқықтық мəселелердің туындауына себеп болуда. Мақалада аталған мəселелер қазақстандық жəне ресейлік заңнамаға, халықаралық шарттарға сүйене отырып талданды. Қала мəртебесін құқықтық реттеу мəселелері арнайы ғылыми-теориялық зерттеулерді, болып жатқан өзгерістерді талдауды жəне түсінуді қажет етеді, өйткені қала мəртебесін жақсарту мен оңтайландыруға ықпал ететін нақты құқықтық ұсыныстарды, əдістер мен технологияларды əзірлеу мүмкіндігін береді. Зерттеу мақсаты Байқоңыр мəртебесіне жан-жақты талдау жасау, оның өзекті тұстарын анықтау, осы сала бойынша заңнама мен практиканы жетілдіруге байланысты ұсынымдар дайындау болып табылады.
Кіріспе
Қазақстанның кең байтақ даласында ғарыш айлағы жəне оны қамтамасыз ететін қала 1955 жылдың 12 ақпанында қабылданған КСРО Министрлер Кеңесінің «Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынауға арналған полигон құру туралы» № 292–181 Қаулысына сай құрылған № 5 полигонның негізінде пайда болды [1]. Əлемге «Байқоңыр» атауымен таныс кешеннің жəне қаланың қазіргі кезеңдегі құқықтық мəртебесі мəселелерін қозғау үшін алдымен құрылу жəне қызмет етуінің тарихи аспектілеріне көз жүгірту орынды.
Жетпіс жылдан астам қоян-қолтық өмір сүрген жəне бірлесе əрекет еткен Кеңестер Одағы бір мезетте тарих сахнасынан кетіп, оның орнына тəуелсіз мемлекеттер келгенде, күрделі шешімін табуды қажет еткен өзекті мəселелердің бірі — Байқоңыр ғарыш кешенін игеру болды.
Байқоңыр қаласының қызмет етуі мен құқықтық мəртебесінің ерекшелігі туралы мəселе КСРО тарағаннан кейін Қазақстан Республикасының меншігіне өткен «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына оның ғарыштағы мүддесін əрі қарай қамтамасыз етуді жүзеге асыру мақсатында жалға беруден туындады. Себебі, «Байқоңыр» кешені объектілерін пайдалану ендігі жерде халықаралық құқық нормалары шеңберінде жəне тəуелсіз екі мемлекет арасындағы екі жақты ынтымақтастық шарттарына сəйкес жүзеге асырылуға тиісті еді. Дегенмен, Байқоңырдың құқықтық мəртебесін анықтау ұзақ уақыт аралығын қамтыды. 1994 жылға дейін созылған аумалы-төкпелі кезеңде кешеннің ғылыми- технологиялық, əлеуметтік, əкімшілік-құқықтық тұрғыдан дұрыс қызмет етуінің заңдық базасы анықталмады. Қазақстан тарапы Байқоңырды өз меншігім деп санағанмен, кешеннің қызмет етуін Ресей тарапы қамтамасыз етті. Бұл мəселе заңдық тұрғыдан шешімін табуға тиісті еді.
Нəтижесінде, 1994 жылдың 28 наурызында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы Келісімге қол қойды [2]. Онда Қазақстан Республикасынан жалға алынып отырған «Байқоңыр» кешеніне сынақ, технологиялық, өндірістік-техникалық, ғылыми, əлеуметтік жəне қамтамасыз етуші объектілері, соның ішінде жер үсті инфрақұрылымымен бірге Байқоңыр ғарыш айлағы жəне Ленинск қаласы, олардың жылжымалы жəне жылжымайтын мүліктерімен қоса енетіндігі бекітілді. Келісім заңды күшіне енгеннен кейін үш айлық мерзім ішінде кешенді жалға алу шарты жасалынуы міндеттелді. 1995 жылдың желтоқсан айында Ленинск қаласының атауы Байқоңыр болып өзгертілді [3].
1994 жылдың 10 желтоқсанында Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Байқоңыр кешенін жалға алу Шартына қол қойылды [4]. Бастапқы нұсқада шарттың əрекет ету мерзімі 20 жыл деп көрсетілген болатын, кейінірек «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы Келісімнің ережелеріне сай, жалдау мерзімін 2050 жылға дейін ұзартты [5]. «Байқоңыр» кешенінің объектілері Ресейге ғарыш айлағын Ресей Федерациясының ғарыш қызметі мүдделері үшін одан əрі пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жалға берілді.
1995 жылдың 23 желтоқсанында Байқоңыр қаласының құқықтық мəртебесін анықтайтын құжат қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мəртебесі жəне ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тəртібі мен олардың мəртебесі туралы Келісім ережелері осы мақаланың зерттеу объектілерінің бірін құрайды [6].
Аталған екі жақты келісім-шарттар «Байқоңыр» кешенінің құқықтық базасын қалыптастыруға негіз қалады. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласының қызмет ету ерекшеліктерін айқындайтын елуден астам халықаралық шарттар, Қазақстан мен Ресейдің ондаған заңнамалық актілері бар. Халықаралық жалдау шартының жəне «Байқоңыр» кешені туралы келісімнің нормалары екі мемлекеттің ұлттық заңдарына қарағанда басымдылыққа ие жəне қатысушы мемлекеттердің атқарушы органдарының міндетті түрде орындауын талап етеді.
«Байқоңыр» кешенінің ерекше құқықтық мəртебесі — ғарыш айлағы ресурстарын бірнеше елдің бірлесіп пайдалануының ерекше көрінісі. Дегенмен, бір мезгілде екі құқықтық кеңістікте əрекет етіп отырған Байқоңыр қаласының айрықша мəртебесінен туындайтын, шешімін табуды күтіп тұрған келелі мəселелер қатары қомақты.
Əдістер мен материалдар
Мақаладағы зерттеудің əдістемелік негізін əлеуметтік-құқықтық құбылыстарды танудың диалектикалық əдісі жəне танымның тəжірибеден өткен заманауи əдістері құрайды. Зерттеу барысында анализ, синтез, жинақтау, салыстыру, модельдеу тəрізді теориялық талдаудың жалпы логикалық əдістері кеңінен қолданылды. Сонымен қатар, жұмыста формальды-логикалық, құрылымдық-функционалдық, нақты-тарихи сияқты жалпы ғылыми əдістермен қатар, объектіні күрделі, көп қырлы құбылыс ретінде қарастыруды көздейтін, элементтері арасындағы байланыс салыстырмалы тұрақты құрылымды құрайтын жəне оның тұтастығын қамтамасыз ететін жүйелік тəсіл де қарастырылды.
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін техникалық-құқықтық талдау, нақтылау, түсіндіру əдістері қолданылды. Зерттеу барысында, біріншіден, Байқоңыр қаласының құқықтық мəртебесін айқындау үшін жүйелік-құрылымдық əдіске, екіншіден, қазақстандық заңнамада шетелдік тəжірибені қолдану шегін анықтауға мүмкіндік беретін салыстырмалы-құқықтық əдіске ерекше назар аударылды.
Нəтижелер
Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі оны жалға беру жағдайында Қазақстан Республикасының заңдық құзыретін жəне Байқоңыр қаласының аумағында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын сақтауға байланысты қазақстандық-ресейлік уағдаластықтарда айқындалған мəселелер бойынша «Байқоңыр» кешенінде мемлекеттік саясаттың жүргізілуін жəне Қазақстан Республикасының орталық жəне жергілікті атқарушы органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінің келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының уəкілді лауазымды адамы болып табылады [7]. Байқоңыр қаласының мəртебесін, қала тұрғындарының Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі институтын нығайту ұсынылады. Оның жанынан азаматтардың арыз-шағымдары, ұсыныстары мен келелі мəселелер бойынша жұмыс жасайтын қоғамдық қабылдау немесе қоғамдық кеңес құрылып, тұрақты əрекет етуі жөн. Сонда Байқоңыр тұрғындарының қаладағы саяси жəне əлеуметтік-экономикалық хал-ахуал бойынша пікір- көзқарастары ҚР мемлекет басшысына да, арнаулы өкілдің Үйлестіру кеңесінің мүшесі болуына байланысты «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясына да жан- жақты талқыланып жетуші еді. Бұл өз алдына қазіргі кезеңде қалада қордаланып қалған əлеуметтік- экономикалық мəселелерді шешуге көмектеседі деген ойдамыз.
Байқоңыр қаласы, бір жағынан, жалға беру жағдайында қызмет ететін Қазақстан Республикасының заңдық құзыретіндегі қала болса, екінші жағынан, «Байқоңыр» кешенін жалға алу кезеңінде ерекше режимдегі Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қаласы мəртебесіне ие. Осындай екі жақты құқықтық режимдегі жағдайды тиімді пайдаланып, бизнес үшін арнайы экономикалық аймақ (арнайы салық режимімен) құру қызығушылық тудырып, тек Байқоңырдың ғана емес, жалпы өңірдің дамуына тиімді ықпал етері сөзсіз.
«Байқоңыр» кешеніндегі Ресейдің Ішкі істер министрлігі басқармасы əкімшілік құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты əкімшілік іс қозғап, құқық бұзушыны Ресей Федерациясының заңнамасына сəйкес əкімшілік жауапкершілікке тартуы дұрыс шешімін табуы қажет. Ол үшін халықаралық құжаттарға «Байқоңыр» кешенінің аумағында əкімшілік құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасы азаматтарының əкімшілік жауаптылығын Қазақстан Республикасының Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сəйкес анықтауды көздейтін нақты өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз.
Талқылау
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мəртебесі жəне ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тəртібі мен олардың мəртебесі туралы Келісімнің 1 бабына сəйкес, Байқоңыр қаласы жалға алу жағдайында жұмыс істейтін, Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық бірлігі. Қала аумағында Байқоңыр ғарыш айлағының объектілері, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағының жеке құрамына, олардың отбасы мүшелеріне жəне қаланың басқа тұрғындарына қажетті коммуналдық-тұрмыстық жəне əлеуметтік-мəдени жағдайлар жасайтын басқа объектілер орналасқан. Ресей Федерациясымен қарым-қатынаста Байқоңыр қаласы «Байқоңыр» кешенін жалға алу кезеңінде объектілерді, кəсіпорындар мен ұйымдарды қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ азаматтардың тұруы үшін ерекше режимі бар Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қаласына сəйкес мəртебеге ие болады. [6; 1]. Байқап отырсақ, Байқоңырдың бекітілген құқықтық мəртебесі айрықша. Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қала мəртебесін иеленсе де, Ресей Федерациясының субъектісі деген конституциялық мəртебесі жоқ. Ресейдің өзге федералдық маңызы бар қалаларына қарағанда, Байқоңырдың Жарғысы жоқ. РФ Федерация Кеңесінде оның заң шығарушы жəне атқарушы органдарының өкілдері жоқ. Қалада жергілікті өзін-өзі басқару да жоқ.
Қазіргі кезеңде қалалар мемлекеттің саяси, экономикалық, əлеуметтік-мəдени өмірінің əртүрлі қатынастағы орталығы болып табылады. Əрқайсысының өзіндік ерекшелігі, шаруашылығының мамандануы, тұрғындарының этникалық, демографиялық, сандық өзгешеліктері болады [8; 2259]. Келісімнің 5 бабында көрсетілген қалалық басқару жүйесі шектеулі. Байқоңыр қаласында өкілді билік органдары құрылмайды. Байқоңыр қаласы тұрғындарының қоғамдық өзін-өзі басқаруының жоғары органы — Қоғамдық кеңес, ол аумақтық қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының өкілдерінен жəне қалада заңды тұлға ретінде тіркелген ұйымдар мен кəсіпорындардың өкілдерінен құрылады. Қоғамдық кеңестің қызметі қала тұрғындарының конференциясында бекітілген ережемен реттеледі. Тұрғындар өзін-өзі басқару құқығын референдум, тұрғылықты жері бойынша азаматтардың жалпы жиналыстарына (конференцияларына) қатысу арқылы, сондай-ақ аумақтық қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының сайлауына қатысу арқылы жүзеге асырады. Қоғамдық кеңес қала əкімшілігі органдарына, қалалық қызметтерге тұрғын үй, құрылыс, абаттандыру, қоғамдық тəртіпті сақтау, сауда кəсіпорындарының жұмысын жақсарту, қоғамдық тамақтандыру, көлік, тұрмыстық қызмет көрсету, байланыс, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, халықтың аз қамтылған топтарына əлеуметтік қолдау мəселелерінде көмек көрсету, қаланы дамытудың перспективалық бағыттарын айқындауға, сондай-ақ Байқоңыр қаласының атқарушы билік органдарының бюджет қаражатын жұмсауына бақылау жасауға көмектесу мақсатында құрылады.
Қала əкімшілігінің басшысын Ресей Федерациясының ұсынысы бойынша екі мемлекеттің президенттері тағайындайды. Қала əкімшілігін жалдау шартының қолданылу кезеңінде Ресей Федерациясының Үкіметі осы əкімшілік басшысының ұсынысы бойынша құрады. Қала əкімінің қаланы басқару бойынша кең көлемдегі өкілеттіліктері бар. Олардың қатарына қала шаруашылығындағы салаларды, əлеуметтік саланы басқарудың, қоғамдық тəртіпті сақтау мен азаматтардың құқықтарын қорғауды ұйымдастырудың жобасын бекіту; Ресей Федерациясының Үкіметіне қала əкімшілігі құрылымының жобасын, қала əкімі орынбасарларының кандидатураларын, қалалық бюджеттің жобасын, бюджеттің орындалуы туралы есептерді ұсыну; Байқоңыр кешенінің Үйлестіру кеңесімен қаланың экономикалық жəне əлеуметтік дамуының қалалық бағдарламалардың жоспарларын, Байқоңыр кешенінің Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының деңгейінде бекітуді талап ететін мəселелері бойынша келісу; тəртіп қорғау органдарының қызметін үйлестіру; Ресей Федерациясының заңдарына сəйкес қызметінің қала халқына маңыздылығына қарай кəсіпорындарға салық жəне басқа төлемдердің қала қорына кірісіне есептелетін сомасы шегінде салықтық жəне өзге де жеңілдіктерді беру тəрізді кең көлемдегі өкілеттіліктер жатады [6; 7].
Қала тұрғындары тарапынан Байқоңыр қаласының əкімшілігі қызметіндегі кемшін тұстар ретінде бюрократиялық ұзын сонарлыққа салыну, əкімшіліктің халықпен кері байланысының əлсіздігі ескертіледі. Мысалы, резидент емес қонақтарға рұқсат қағаз алу үшін қала тұрғыны «Тұрғын үй шаруашылығы» мемлекеттік унитарлық кəсіпорнына қарыздарының жоқтығын растау үшін жеке жүгінуі керек, одан кейін Режим жəне қауіпсіздік басқармасындағы үлкен кезекті өткізіп барып қана, қажетті құжатқа қол жеткізетіндіктерін алға тартады. Тұрғын үй комиссиясы арқылы пəтер алу — көптеген құжаттарды жинауды қажет ететін өте қиын үрдіс екені айтылады. Мүмкін бұлардың бір себебі, Байқоңыр қалалық əкімшілігімен ұсынылатын электронды қызметтің болмауы шығар. Алдағы уақытта электронды қызмет көрсетуді жолға қойса, қағазбастылық мүмкін азаяр.
Қала аумағында Ресей заңнамасы қолданыста, бірақ Қазақстан азаматтарының құқықтары да сақталуы қажет. «Байқоңыр» кешенінің аумағында Ресей Федерациясының азаматтық жəне əскери қызметкерлеріне жəне олардың отбасы мүшелеріне Ресей заңнамасы қолданылады, сондай-ақ Ресейдің құзыретті органдары əрекет етеді.
Жоғарыда көрсетілген нормативті-құқықтық актілерде, өкінішке орай, ішкі қайшылықтар кездеседі, заманауи даму бағыттарын толық айқындай алмайтын сəттері де байқалады. Солардың кейбір тұстарына нақтылай тоқталуды жөн көріп отырмыз.
Байқоңыр қаласы тұрғындарының құқықтары оның мəртебесі туралы келісімге жəне арнаулы халықаралық құжаттарға сəйкес анықталады. Байқоңыр қаласы тұрғындары қатарына қала аумағында тұрғылықты тұратын жəне қала əкімшілігінде тіркеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматтары немесе Ресей Федерациясының азаматтары жатады. Байқоңыр ғарыш айлағының əскери қызметкерлері (офицерлер, прапорщиктер) жəне олардың отбасы мүшелері Байқоңыр қаласы тұрғындары қатарына жатады. Жалпы алғанда, Ресей Федерациясының немесе Қазақстан Республикасының азаматтылығын сақтай отырып, қала тұрғындары өз мемлекетінің заңнамаларына жəне халықаралық шарттарға сəйкес құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады. Тұрғындардың құқықтарын саяси сенімдеріне, ұлттық немесе нəсілдік тиістілігіне, əлеуметтік шығу тегіне, жынысына, əлеуметтік немесе мүліктік жағдайына, тіліне, дінге қатысына байланысты шектеуге жол берілмейді.
Адамдардың ерекше режимде өмір сүруі жəне жұмыс істеуі жалпы əлеуметтік көтермелеуді қажет етеді. Ол үшін мемлекет тарапынан тұрғындардың қамтамасыз етілу деңгейін көтеру, əлеуметтік қорғау шараларын, еңбек ақысы мəселелерін ретке келтіру жəне мемлекеттік сақтандыру шараларын жүзеге асыру қажеттілігі туындайды.
Жоғарыда көрсетілген келісімнің 20 бабына сəйкес, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының азаматтарын «Байқоңыр» кешенінде жұмыс істейтін мекемелерге, ұйымдар мен кəсіпорындарға, сондай-ақ ішкі істер органдарындағы келісімшартпен қызметке, жұмысқа қабылдау кəсіби біліктері негізінде осы мекемелердің, ұйымдардың жəне кəсіпорындардың мамандарды іріктеу талаптарына сəйкес жүзеге асырылады [6; 20]. Дегенмен, бұл салада да күрделі күрмеуін шешуге тиісті мəселелер баршылық. Олардың қатарын бос жұмыс орындарына қол жетімділіктің əртүрлі болуы, оған мемлекет азаматтылығының ықпалы, Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмыспен қамтудың қиындығы, муниципалды қызмет талаптарының болуына байланысты ҚР азаматтарының қала əкімшілігіне қызметке тұра алмауы, сыбайлас жемқорлық тəуекелінің болуы, қаладағы кəсіпорын, ұйымдардың лауазымды қызметінде əскери зейнеткерлердің көп болуы, нəтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздықтың орын алуы құрайды. Жақында Байқоңыр қаласын дамыту мəселесі бойынша жиында «Жұмыспен қамтудың 2020–2021 жылдарға арналған Жол картасына» сəйкес Байқоңыр қаласында, Төретам жəне Ақай елді мекендерінде электр желілерін реконструкциялау, көшелерді жөндеу жəне жарықтандыру, білім беру мекемелерін ағымдағы жөндеу бойынша жобалар жүзеге асырылғандығы, 610 жұмыс орны ашылып, оның 306-сы Байқоңыр қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы тартылғандығы хабарланды [9].
Қазіргі кезеңде өзекті мəселелер қатарын құрап отырған медициналық қамтамасыз ету мəселесіне келетін болсақ, «Байқоңыр» кешенінде тұратын жəне / немесе жұмыс істейтін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық қамтамасыз ету Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау жəне медициналық өнеркəсіп министрлігі, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі (Əскери ғарыш күштері), Ресей ғарыш агенттігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласының əкімшілігі арасындағы «Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында «Байқоңыр» кешенінің жеке құрамына жəне басқа да Ленинск тұрғындарына медициналық көмек көрсету тəртібі туралы» 1995 жылғы 20 сəуірде қол қойылған Келісімге сəйкес жүзеге асырылады. [10]. Байқоңыр қаласының аумағында денсаулық сақтау Ресей заңнамасы, сондай-ақ «Байқоңыр ғарыш айлағының жеке құрамына, Байқоңыр қаласының тұрғындарына, Төретам жəне Ақай ауылдарына Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалдау шарттары бойынша медициналық көмек көрсету тəртібі туралы» үкіметаралық келісім шеңберінде жүргізіледі. Байқоңырда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі танылған, оның аумағында міндетті медициналық сақтандыру Қоры жұмыс істейді. Дегенмен, білікті мамандардың жетіспеушілігі жəне Қазақстан Республикасы азаматтары үшін сапалы медициналық көмекке қолжетімділіктің төмен деңгейі орын алып отырғандығын айтуға болады.
Кешенді медициналық көмекпен қамтамасыз етумен ресейлік тарап айналысады. Қаладағы барлық ауруханалар азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру қорына енгізілген, демек, кез келген ММСҚ медициналық полисінің иегерлері медициналық көмек алу үшін қалалық медициналық мекемелердің кез келгеніне жүгінуге құқылы. Алайда, қаладағы жағдай басқаша: қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы басқарманың басты міндеті Роскосмос кəсіпорындарының қызметкерлеріне қызмет көрсету деп жариялады да, ең жақсы екі аурухананы тек осы мақсаттар үшін бөліп қойды, нəтижесінде кəсіпорында жұмыс істемейтін басқа адамдарды ығыстырып шығарды. Бұл кешеннің қажеттіліктеріне қызмет көрсететін тұрғындардың өз таңдауы бойынша медициналық көмек алуға жақсы мекемелерге бара алмайтындығына жəне қалған жалғыз қалалық ауруханаға баруға мəжбүр болуына əкелді.
Қалада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты «Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында 120 төсек-орынға арналған провизорлық стационар ашылып, 10 өкпені жасанды желдету аппаратымен (ӨЖЖ), 34 оттекті концентраторлармен, қажетті дəрілік заттармен жабдықталған.
Халыққа білім беру сұрақтарына тоқталатын болсақ, Байқоңыр қаласында 12 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуінде білім беру ҚР БҒМ стандарттарына сəйкес қазақ тілінде жүзеге асырылатын болса, 7-еуі РФ Ағарту министрлігінің білім стандарттарына сүйенеді. Байқоңыр қаласы əкімшілігінің қарамағындағы жəне РФ білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейтін мектептерде 3944 оқушы оқиды, оның ішінде 1439-ы (36,5 %) — Қазақстан Республикасының азаматтары. Білім беру бағдарламаларының əртүрлілігі қаладағы мектеп оқушыларының арасындағы білім сапасының əртүрлілігіне ықпал етеді.
Жоғары білім беру жүйесінде «Восход» Мəскеу авиациялық институтының филиалы жəне бірқатар ресейлік жоғары оқу орындарының өкілдіктері бар, бұл қаланың дамуына ықпал ететін жағымды тұсы ретінде ерекше атап өтуге лайықты.
Өкінішке орай, бірқатар қазақстандық қалалардағы туындап отырған мəселелердің бірі — мектепке дейінгі мекемелерде орынның тапшылығы Байқоңырда да кездеседі.
Байқоңыр қаласы тұрғындарының əлеуметтік кепілдіктері туралы айтқанда, зейнетақы құқықтарын қамтамасыз ету сұрақтарын қарастырмай кету мүмкін емес. Байқоңыр тұрғындарын (Ресей Федерациясының азаматтары, Қазақстан Республикасының азаматтары, үшінші елдер азаматтары жəне Байқоңыр қаласында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар) зейнетақымен қамсыздандыру Ресей Федерациясының заңнамасына сəйкес жүзеге асырылады (Байқап отырсаңыздар қала тұрғыны түсінігінің өзі əртүрлі халықаралық келісімдерде əртүрлі деңгейде анықталатындығына куə боламыз). Оның негізгі ережелері Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы 1996 жылғы 27 сəуірдегі «Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласының тұрғындарының зейнетақы құқықтарының кепілдіктері туралы» Келісімде көрініс тапқан. Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастыру, сақтандыру жарналарын жинау жəне жинақтау Ресей тарапымен іске асырылады. Байқоңыр қаласының тұрғындарына зейнетақы төлеуді қаржыландыруды Ресей Федерациясының Зейнетақы қоры жүзеге асырады, зейнетақы Ресей рублімен төленеді [11].
Жұмыс беруші ресейлік мекеме болатын болса, онда зейнетақы жарналары РФ Зейнетақы қорына түсетіндіктен, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қиындата түседі. Мысалға алатын болсақ, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына (мысалы, 7–20–25 бағдарламасы), жеңілдетілген автонесиелер алуға мүмкіндіктерін шектейді (БЖЗҚ арқылы төлем қабілеттілігін растау қажеттілігі туындайды). Ресей Федерациясының ұйымдарында жұмыс істеп, кейін қазақстандық кəсіпорындарға ауысқан жұмыскерлердің зейнетақы жарналарының жағдайы да түсініксіз.
Құрылыс саласындағы мəселелер. Қала əкімшілігі өзінің қарауындағы инфрақұрылым нысандарын салуға, қайта құруға жəне күрделі жөндеуге тапсырыс беруші ретінде əрекет етеді. Кешенді жалдау шарты бойынша, салынып жатқан немесе қайта жөндеуден өтетін ғимараттар Қазақстан үкіметімен келісе отырып Ресейдің меншігіне өтеді жəне кейіннен белгілі бір жағдайларда өтелуге жатады. Жалға алушының жұмсаған шығындары «Байқоңыр» кешенін жалдауды есептеу кезінде ескерілуі керек. Алайда, аталған мəселелер бойынша барлық заңдық шикіліктерді жою толық аяқталған жоқ (Келісімнің 6.3 жəне 6.4-тармақтарында кемшілік бар). Бұл «Байқоңыр» кешенінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірудегі басты назарда ұсталатын маңызды сəттердің бірі.
Кешеннің құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, Ресейдің «Байқоңыр» кешеніндегі Ішкі істер министрлігі басқармасының қызметіне ерекше назар аудару қажет. Кешеннің құқық қорғау жүйесі ресейлік жəне қазақстандық құрылымдардан құрылған. Қала аумағында қала тұрғындары қала əкімшілігінің, оның органдары мен лауазымды адамдарының шешімдеріне шағымдана алатын Ресей Федерациясының гарнизондық əскери соты, қалалық сот бар. Байқоңырда Ресей жəне Қазақстан прокуратуралары, Ресей Федерациясының тергеу комитеті, Федералдық қауіпсіздік қызметі бөлімі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдігі жəне өзге де құқық қорғау органдары бар [12]. Дегенмен, қаладағы құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету басым түрде ресейлік органдармен жүзеге асырылады. Қазақстан азаматтары жалпы тəртіп бойынша ресейлік құқық қорғау органдарының құзыретінен тыс болуға тиісті. «Байқоңыр» кешені аумағында қылмыс жасаған ҚР азаматы, ҚР аумағында тіркеуден өткен үшінші бір мемлекет азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар ҚР құқық қорғау органдарымен ҚР заңнамасына сəйкес жауапкершілікке тартылуы тиісті.
Алайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының халықаралық шарттар мен келісімдерге сəйкес келмеуіне байланысты «Байқоңыр» кешенінің аумағында əкімшілік құқық бұзушылықтар жасау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты Ресейдің құқық қорғау органдары əкімшілік іс қозғап, құқық бұзушыны Ресей Федерациясының заңнамасына сəйкес əкімшілік жауапкершілікке тартуда. Бұл да шешімін табуды қажет ететін мəселелердің бірі.
Келесі бір өзекті мəселе, кəсіпкерлікпен айналысу, салық төлеу төңірегінде өрбуде. Байқоңыр қаласының аумағында тіркелген кəсіпкерлік қызметті заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғалар жəне Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімінде «кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар жəне Ресей Федерациясының заңды тұлғалары ретінде Байқоңыр қаласының əкімшілігінде қосымша тіркеледі». Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының тиісті меншік иелерінің мүліктік құқықтары сақталады. Заңды жəне жеке тұлғалардан алынатын салықтар, алымдар, баждар жəне басқа төлемдер қала бюджетіне есептеледі. Байқоңыр қаласында тіркелген салық төлеушілер тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сату кезінде қазақстандық салық төлеушілер есепке ала алмайтын 18 % қосымша құн салығы (ҚҚС) ставкасын қолданады (Ресей заңнамасына сəйкес).
Ал, қазақстандық салық төлеушілер тауарларды, жұмыстарды жəне қызметтерді сату кезінде ҚҚС-ты 12 % мөлшерінде қолданады, оны Байқоңыр қаласында тіркелген салық төлеушілер өтей алмайды. Бұл жағдай Байқоңыр қаласында Қазақстан мен Ресей салық төлеушілері сататын жəне тұтынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуіне əкеледі. Мəселенің орынды шешімін табу, екі жақты салық салуды жою үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мəртебесі жəне ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тəртібі мен олардың мəртебесі туралы Келісімге толықтыру енгізу туралы шешім қабылданды. Онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген тəртіппен Байқоңыр қаласының аумағына жəне Байқоңыр қаласының аумағынан тауарларды əкелу мен əкетуге (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) жанама салықтарды қолдану көзделеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 21 бабының нормаларына сəйкес «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген əрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға жəне тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар» [13; 21]. Байқоңыр қаласының кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, соған байланысты жанама салықтар төлеу қажеттілігі туындайтын тұрғындары да осындай құқыққа ие. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сəйкес, «əркімнің кəсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кəсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар» [13; 26]. Бұл құқық Байқоңыр қаласының тұрғындарына, Қазақстан Республикасының барлық басқа азаматтарына тікелей қатысты, олар кəсіпкерлік қызметпен айналысу кезінде тауарларды қала аумағына əкелуге немесе одан əкетуге, Байқоңыр қаласының аумағына байланысты жұмыстарды жүзеге асыруға жəне қызметтер көрсетуге құқылы. Кез келген ел азаматына заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды жəне өзге де міндетті төлеу міндеттелген. Дегенмен, кəсіпкерлікке салық салу салықты бір реттік төлеуді қарастырады. Қосарланған салық салу туындаған жағдайда, мəселені халықаралық шарт жасасу арқылы шешу қажет [14; 97].
Байқоңырға басқа да қазақстандық қалалардан тауарлар əкелінген кезде импорттаушы мемлекеттің ставкалары бойынша, яғни Қазақстан аумағынан Қазақстан аумағына салық салынады, бірақ Ресей заңдарына сəйкес. Байқоңыр ішінде тауарларды сатқаны үшін салық Ресей Федерациясының Салық кодексіне сəйкес алынады.
Салықтарды жинаудың жаңа, қазір енді тек ресейлік процедурасы тауарларды Байқоңыр аумағынан Қазақстанның басқа аумағына əкету кезінде ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдануды жəне акциздерден босатуды көздейді. Байқоңыр қазақстандық аумақ, бірақ одан тысқары жерлер, қала шекарасынан тыс жерлер «Қазақстанның басқа бір аумағы» ретінде қарастырылады. Бұл факт қазірдің өзінде көптеген ыңғайсыз сұрақтарды тудырады.
Ресейлік салық заңнамасына көшу экспорт пен импорт процедураларын жеңілдетіп, Байқоңыр кəсіпкерлеріне айқындық əкелуі керек сияқты еді. Бірақ кəсіпкерлердің пікірінше, керісінше болып тұр: ғарыш айлағында Ресейдің салық құзыретінің орнығуы қазақстандық бизнес үшін тек жаңа қиындықтар əкелді. Қазақстанда ҚҚС мөлшері Ресеймен салыстырғанда əлдеқайда төмен, сондықтан қалаға импортталған тауарларды сатып алатындар үшін мүлдем тиімсіз болады. Нөлдік ҚҚС ставкасымен сататындар да өзіндік қиындықтарға тап болуда. Бұл өз алдына шағын кəсіпкерлікке тосқауыл болады. Себебі, көп тауар Қазақстаннан əкелінеді. Қазақстанда ҚҚС ставкасы 12 %, Ресейде 18 % құрайды. Жаңа хаттамаға сəйкес, Байқоңырға тауарларды Қазақстаннан əкелуге шешім қабылдаған адам оны 0 % ҚҚС ставкасы бойынша сатып алуы керек, сосын көліктік жүкқұжат алып, қала аумағына əкелу туралы өтініш рəсімдеп, жанама салық төлеп, барлық құжаттарды салық органына тапсыру керек. Ол аз болса, 12 % ҚҚС орнына Ресей салық заңнамасына сəйкес 18 % ҚҚС төлеу қажеттілігі тағы бар. Бұдан əрі құжаттарды қазақстандық тауар жеткізушіге беріп, оның экспорттық 12 % ҚҚС мемлекеттен қайтарып алуды рəсімдеуін күту қажет. Қарап отырсаңыз, процедураның өзі күрделене түскен.
Салық саласындағы өзгерістер Байқоңыр аумағында тұратын кəсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдік əкелмейтінін білдік, керісінше — олар үшін ҚҚС өсетіні сөзсіз. Шағын жеткізушілер үшін нөлдік салық мөлшерлемелері де көп пайда əкелмейді, тек жақсы жұмыс істейтін бизнесті іс қағаздарымен қосымша реттеуді өсіре түседі. Нəтижесінде, көптеген адамдар бизнестерін жаппау үшін, салық міндеттемелерінен мүлдем жалтаруы мүмкін.
Мемлекеттен ҚҚС қайтарумен айналысқысы келмейтін жеткізушілер бағаны ҚҚС сомасына төмендетпейді, бұл түпкілікті бағаның өсуіне əкеледі. Қалай болған күнде де, тауарлар Қазақстан мен Ресейдегі ҚҚС айырмашылығы көлемінде, яғни 6 % қымбаттайды.
Байқоңырдың Ресейдің салық заңнамасына көшуінен тауарлардың ірі жеткізушілері ғана ұтады, олар үшін нөлдік ҚҚС ставкасы нақты жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Екінші бір ұтысқа ие болатын тарап ретінде, Байқоңыр қалалық бюджетін атауға болады, егер кəсіпкерлер салықтық міндеттерінен жалтармай, адал салық төлейтін болса. Ал, нақты ұтылатын тарап — тауар тұтынушылар. Қала тұрғындары үшін азық-түлік тауарларына бағаның жоғары болуы, оған əсер етуші фактор ретінде жоғарыда қарастырылған салық жүйесіндегі қайшылықтар орын алуда.
Қорытынды
«Байқоңыр» ғарыш айлағы 2025 жылға дейін, жоспар бойынша 2050 жылға дейін Ресейдің федеративті ғарыш бағдарламалары жүзеге асырылатын негізгі космодром болып қала бермекші. Қазіргі кезде ресейлік ғарыш аппараттарының 70 % -дан астамы осы жерден ұшырылады, оның халықаралық маңызы да зор. Осындай жағдайда, «Байқоңыр» ғарыш айлағының, онымен тығыз байланысты Байқоңыр қаласының даму болашағы 2016 жылдың желтоқсанында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастық концепциясы бойынша анықталады. «Байқоңыр» ғарыш айлағының əрі қарай даму болашағы екі мемлекеттің ғарыш бағдарламаларымен, қазақстан-ресей ғарыш жобаларының, соның ішінде «Бəйтерек» жобасының іске асырылуымен тығыз байланысты. Тиісінше құқықтық нормаларды енгізу жəне жетілдіру Байқоңырды ғарыштық жобаларда тиімді пайдалануды жалғастыруға жəне Ресей мен Қазақстан арасындағы құқықтық өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етуі тиіс.
Байқоңыр қаласының мəртебесі туралы мəселелерді қарастыру барысында, екі жақты құқықтық режимді қаланың өмір сүруі мен əрекет етуіне ықпал ететін мынандай жағдаяттар тұжырымдалды:
- Байқоңыр қаласы жалға алу жағдайында жұмыс істейтін, Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық бірлігі, бұл оның құқықтық мəртебесінің бір қырын көрсетеді;
- Екінші жағынан, Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясымен қатынасында «Байқоңыр» кешені жалға алынған кезеңде объектілердің, кəсіпорындар мен ұйымдардың қауіпсіздік қызмет етуіне, сондай-ақ азаматтардың тұру жағдайында айрықша тəртіпті Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қаласына сəйкес мəртебеге ие болады;
- Екі жақты Келісімде бекітілгендей Байқоңыр қалалық басқару жүйесі шектеулі. Қала əкімшілігінің басшысын Ресей Федерациясының ұсынысы бойынша екі мемлекеттің президенттері тағайындайды. Қала тұрғындарының қоғамдық өзін-өзі басқаруының жоғарғы органы ретінде Қоғамдық кеңес танылған;
- Қала аумағында Ресей заңнамасы қолданылады, бірақ Қазақстан азаматтарының құқықтары да сақталуы қажет. «Байқоңыр» кешенінің аумағында Ресей Федерациясының азаматтық жəне əскери қызметкерлеріне жəне олардың отбасы мүшелеріне Ресей заңнамасы қолданылады, сондай-ақ Ресейдің құзыретті органдары əрекет етеді;
- Байқоңыр қаласы тұрғындарының құқықтары Байқоңырдың мəртебесі туралы Келісімге жəне арнаулы халықаралық құжаттарға сəйкес анықталады. Ресей Федерациясының немесе Қазақстан Республикасының азаматтылығын сақтай отырып, қала тұрғындары өз мемлекетінің заңнамаларына жəне халықаралық шарттарға сəйкес құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады;
- Байқоңыр қаласы тұрғындарының əлеуметтік құқықтары мемлекет тарапынан қорғалады. Дегенмен, шешімін табуды қажет ететін тұстары да баршылық. Бос жұмыс орындарына қол жетімділіктің əртүрлі болуы, Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмыспен қамтудың қиындығы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың орын алуы, еңбек ақысы тұрғысынан айырмашылықтардың болуы, Қазақстан Республикасы азаматтары үшін сапалы медициналық көмекке қол жетімділіктің төмен деңгейі, білім беру бағдарламаларының əртүрлілігі, зейнетақымен қамсыздандырудың мəселелері жаңа тұрғыдан бағаланып, шешімін табуға лайықты;
- Қалада тұрақты тұруға ықтиярхаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарының пəтерлерін жекешелендіруі туралы мəселені шешу қажет. Тұрақты тұруға ықтиярхаты бар Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстанның басқа қалаларынан пəтер ала алмайды, өйткені қазақстандықтар үшін Байқоңырдан қоныс аудару бағдарламасы қарастырылмаған.
Кешеннің құқық қорғау органдарының, атап айтқанда, Ресейдің «Байқоңыр» кешеніндегі Ішкі істер министрлігі басқармасының қызметіне ерекше назар аудару қажет. Əкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты Ресейдің құқық қорғау органдары əкімшілік іс қозғап, құқық бұзушыны Ресей Федерациясының заңнамасына сəйкес əкімшілік жауапкершілікке тартуы шешімін табуды қажет ететін мəселе.
Келелі мəселелердің бірі — заңды жəне жеке тұлғалардан алынатын салықтар, алымдар, баждар жəне басқа төлемдерге байланысты. Бұл сұрақтың соңғы жылдар ішінде талқыланып, жаңаша сипатта шешілгендігіне қарамастан, кəсіпкерлерге жəне қала тұрғындарына тиімділік деңгейі төмендігін мойындау қажет.
Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін барынша терең қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі институтын жетілдіру қажеттігі алға тартылады.
Зерттеу нəтижелерін «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның қарауына тиісінше пысықтаудан кейін ұсынуға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Москвич Е. Байконур: история первого космодрома планеты [Электронный ресурс] / Е. Москвич, Р . Азанов. — Режим доступа: https://tass.ru/kosmos/8612183.
- «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы Ресей Федерациясы жəне Қазақстан Республикасы арасындағы келісім (Мəскеу, 28 наурыз 1994 ж.) [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: http://docs.cntd.ru/document/1902968.
- Қызылорда облысы Ленинск қаласының атауын өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, 20 желтоқсан 1995 жыл, № 2695 [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: https://online.zakon.kz/Document/? doc_id=1004942.
- Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Байқоңыр кешенін жалға алу Шарты [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: https://online.zakon.kz/document/? doc_id=1011895.
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «БАЙҚОҢЫР» кешенін тиімді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы Келісім (Астана қаласы, 9 қаңтар 2004 жыл) [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: ttps://online.zakon.kz/m/Document/? doc_id=1046401.
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мəртебесі жəне ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тəртібі мен олардың мəртебесі туралы Келісім (Мəскеу қаласы, 23 желтоқсан 1995 жыл) [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: https://online.zakon.kz/document/? doc_id=1016696.
- Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Байқоңыр» кешенiндегi арнаулы өкiлi туралы ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі № 155 Жарлығымен бекітілген [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: adilet.zan.kz/kaz/docs/U060000155.
- Baizhanova, Kulzira; Kozhakhmetov, Galym; and Akhmetova, Nailya. Legal Basis of the Status of Cities in Kazakhstan // Journal of Advanced Research in Law and Economics. — 2018. — Volume IX. — Winter 7(37).– Р. 2256 — 2266.DOI: 10.14505/jarle.v9.7(37).07.
- Байқоңыр қаласын дамыту мəселесі қаралды. 07.08.2020. [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: kyzylorda- news.kz/kogam/bajqongyr-qalasyn-damytw-maeselesi-qaraldy-74959.
- Соглашение между Правительством Республики Казахстан и Правительством Российской Федерации о социальных гарантиях граждан Республики Казахстан и Российской Федерации, проживающих и/или работающих на комплексе «Байконур» (г. Алматы, 12 октября 1998 г.) [Электронный ресурс]. Режим доступа: https://online.zakon.kz/document/? doc_id=1011892#pos=0;0.
- Соглашение между Правительством Республики Казахстан и Правительством Российской Федерации о гарантиях пенсионных прав жителей города Байконыр Республики Казахстан (г.Алматы, 27 апреля 1996 г.) [Электронный ресурс]. Режим доступа: https://online.zakon.kz/Document/? doc_id=1013382#pos=0;0.
- Құқық қорғау органдары [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: http://www.baikonuradm.ru/index.php? mod=pp1.
- Қазақстан Республикасы Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: https://www.akorda.kz/kz/official_documents/constitution.
- Айдарбаева С.Ж. Договорное урегулирование применения косвенных налогов при реализации и ввозе товаров, а также при выполнении работ и оказании услуг на территории города Байконур / С.Ж. Айдарбаева, Б.А. Удербаева // Изв. Национальной академии наук Республики Казахстан. — Сер. обществ. и гуманит. наук.– 2016. — № 3. — С. 95–100.