Философия

Кез келген тірі құрылымның тіршілік ету ортасында бейімделуі  шектеулі. Жануарларда қоршаған ортада бейімделу кезінде арнайы сезім органдары түріндегі ерекше механизмдер, сонымен қатар арнайы физиологиялық механизмдер мен əрекет түрлері пайда болады. Экологтардың бақылауынша, жануарлардың əрекеті негізінен белгілі бір ортаға бейімделуге бағытталған. Өзіне бейтаныс жерге жіберілген жануар, бірінші кезекте, сол жердің шекарасын айнала иіскеп, содан соң сол жерде орналасқан барлық заттарды иіскейді. Биологтар жануардың бұл əрекетін зерттеу инстинкті деп атайды, себебі кез келген жануар өз ортасының қауіпсіз екендігіне көзі жетуі керек. Осындай қажеттілік адамға да тəн.
2009

Жабайхан Əбділдин теориялық танымның қажетті моменті ретіндегі бастаманы зерттей келе, «бастама» ұғымының мынадай сипаттамасын тұжырымдады: а) жай (элементарлық) нақтылық тұрғысындағы бастама; ə) əмбебаптық пен жекелік бірлігі тұрғысындағы бастама; б) бастаманың қайшылығы. «Оқушы қауым Ж.М.Əбділдин шығармаларындағы көптен бері ізделіп жүрген, сирек кездесетін дүние, сірə, оның ең негізгі еңбегі — «Теориялық танымдағы бастама мəселесі» (Алматы, 1967) кітабы. Сол кезде бұл ғылымның өте қиын саласындағы «осы мəселені неғұрлым толық қарастыруға атсалысқан бірінші еңбек» еді. Бұл философия мен ғылыми таным практикасы үшін бүгінге дейін өте өзекті мəселе жəне біздің қазіргі таңдағы көзқарасымыз қалай да алға кеткенімен Ж.М.Əбділдиннің еңбегі өзінде өзінің жасампаздық импульсін сақтайтындығына ешқандай күмəн жоқ», — деді Г.В.Лобастов [1].
2009

Философиялық дүниетанымды құрайтын негізгі философиялық сұрақтар болуы тиіс. Бұл сұрақтарды кейде философияның басты мəселесі деп жатамыз. Бірақ философияның басты сұрақтары шектеулі емес. Əлемде қаншама құпия сыр болса, сонша сұрақ болуы тиіс. Шəкəрімнің де өз философиясының сұрақтары бар. Шəкəрім дүниетанымының кеңістігі қандай философиялық сұрақтарды қамтиды? Бұл жайында айтпас бұрын философияның басты мəселесі деген сұраққа қысқаша тоқтала кетейік.
2009

Кең тұрғыда білім беру дегеніміз — бұл тұлғаның қалыптасуы, оның əлеуметтенуі жəне адамды қоғам өміріне дайындау. Білім қоғамның негізгі функциясы ретінде адам мен қоғамға байланысты мəдени, əлеуметтік, экономикалық, азаматтық жəне этикалық қызметтерді атқарады. Ол əрбір адам үшін, сонымен бірге əрбір қоғам үшін қажетті саланың бірі екендігін жəне де қоғамның кез келген саласы, оның ішінде экономика, əлеуметтік т.б. салалар мемлекеттің білім жүйесіне тəуелді. Білім жүйесінде ғасырлар бойы қалыптасқан нормаларды, тəжірибелерді, «ноу-хауларды»  ұрпақтан ұрпаққа бере отырып, сонымен қатар жаңа да өзгерістерді қоғам талап етеді. Білім қоғамды алға қарай итермелейтін белгілі бір потенциалды қалыптастырады. Білім халықтардың өркениетті ерекшелігін тасымалдаушы жəне тарихи тұрақтылықты қамтамасыз етуші жүйе болып табылады.
2010

Қазақстан Республикасын реформалаудың мақсаттарының бірі — мемлекеттік саясатты əлеуметтендіру арқылы əлеуметтік мемлекет құру. Қандайда мемлекет болмасын, ең бірінші қоғамның əлеуметтік жағдайын жақсартуға тырысады. Ал ол өз алдына мемлекеттің əлеуметтік саясатын бағдарлауды талап етеді. Тауар өндіретін қоғам бірінші кезекте нені, қалай жəне кім үшін өндіру керек деген проблеманы алға қояды. Мемлекеттік əлеуметтік саясаттың қызметі өндірілген тауарларды қоғам ішінде əр түрлі деңгейдегі топтар арасында бөлу жəне қайта бөлу дегенді білдіреді. Мемлекеттің əлеуметтік саясатының негізгі өмір сүру шарты қоғамдағы жағдайы нашар топтарды əлеуметтік қамтамасыз ету үшін, халықтық табыстың белгілі бір бөлігін бөле алатын нарықтық экономикалық дамудың жоғарғы деңгейі болып табылады. Сондықтан мемлекеттің əлеуметтік саясаты дегеніміз  — азаматтар арасында табыстың белгілі бір бөлігін мүмкіндігінше тең етіп бөлуге жағдай жасау, қоғамның əлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету жəне экономикалық қатынастарды реттеп отыру.
2010

Шəкəрім дүниетанымында «дін» жəне «діншілер» деген қос ұғым қатар қолданылады. Дін мен діншілерді бір деп қарау Шəкəрім дүниетанымын түсінбестік болар еді. Діншілер — бұл, Шəкəрім дүниетанымында, шығармашылығында ерекше сынға ұшырайтын ұғымдардың бірі. Ал дінді ойшылдың «діншіл» ұғымынан бөлек түсінгені аңғарылады. Шəкəрім «діншіл» ұғымымен қатар өз өлеңдерінде «пəншіл» ұғымын да қатар қолданып, бұларға сыни көзқараста болған. Мақаламыздың басты мақсаты Шəкəрімнің осы дін жəне діншілер жайындағы көзқарастарын талдау болып саналады. Шəкəрімнің пəншілдер туралы айтқан өлеңдерінің бəрінде діншілдер туралы дəл сол пəншілдерді сынағандай сыни көзқараста болғандығын аңғарамыз. Ол үшін Шəкəрім өлеңдеріндегі мына сөз тіркестеріне назар аударсақ жеткілікті: «Молдалардан дін сұрасаң, сандырақтар, сандалар», «Адасып діншіл азғанын, сынауға бұрдым бас», «Пəнші нанды бес сезімге, дінші адасты жолынан», «Пəн жамылған əлімдер, дін жамылған зəлімдер» т.б. Бірақ Шəкəрім қолданған осы бірнеше сөз тіркестеріне қарап ол дінге қарсы болған немесе дінді қабыл алмаған деген пікірге баруға болмайды. Шəкəрімнің дінді өте терең мағынасында түсінген ойшылдардың бірі екендігіне дау жоқ. Шəкəрім тек бұрыс кеткен діншілдер мен діндерді ғана сынға алады. Олар, ойшылдың ойынша, өз жолдарынан адасқан болып саналады.
2010